Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Алқалы жиынға Саяси кеңес мүшелері – Үкіметтің, Парламенттің, Президент Әкімшілігінің басшылығы, Мемлекеттік хатшы, «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Онда еліміздің саяси, экономикалық және рухани жаңғыру үдерістері аясында партияның атқарған жұмысы қорытындыланып, оның қызметін әрі қарай жетілдіру мәселелері қаралды.
«Бүгін біз «Нұр Отан» партиясын жаңғыртуға қатысты маңызды мәселені талқылаймыз. Биыл «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 18 жыл болады. Бұл адам өмірінің өлшеміндегі алғашқы кәмелет жасы болып саналатынын білесіздер. Осы уақыттың ішінде партиямыз шынығып, шыңдалып, еліміздегі ең үлкен саяси күшке айналғаны белгілі. Құрылған күннен бастап барлық елдік істердің басы-қасында болып келе жатыр», деді кеңейтілген отырыстың ашылуында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар Мемлекет басшысы халқымыздың береке-бірлігінің артуына, еліміздің саяси тұрақтылығының нығайып, экономикалық реформаларды табысты іске асыруға да «Нұр Отан» партиясы белсенді атсалысып келе жатқанын баса айтты.
«Халықпен тікелей жұмыс істеп, кезек күттірмей шешілуге тиісті мәселелерді үнемі назарда ұстап, нағыз елдік партия атанды. Оған өткен сайлаулардағы елдің зор сенімі айқын дәлел. Сол сайлауларға белсенді қатысқан біздің партия мүшелерінің атқарған жұмысы, жергілікті ұйымдардың істеген шаруасы нәтижесінде халықтың жүргізіп отырған саясатымызға сеніп, бірыңғай дауыс бергенін көріп отырмыз. Партия болашақта да елмен етене болып, халыққа қалтқысыз қызмет етуді жалғастыра береді деп сенемін», деді Президент.
Елбасы партия алдында әлі талай шаруа бар екендігін де атап өтті. «Қажетті бағдарламаның барлығы қабылданды, оны өздеріңіз де білесіздер. Дегенмен қазіргі жағдайда, дүниедегі ғылыми-техникалық дамудың жаңа саласына бүкіл әлем түсіп отырған кезде біздің алға қойған мақсаттарымыз аз емес. Сондықтан осының барлығына партия басшы болып, жергілікті жерлерде саясатты түсіндіруі қажет», деді Н.Назарбаев. Қазақстан Президенті партияның еліміздегі стратегиялық реформаларды іске асыру жолындағы жетістіктері мен атқарған жұмысына тоқталып, күрделі әрі жүйелі шешімдер қабылдау қажеттігі және оларды дәйекті іске асырудың маңыздылығы жөнінде айтты.
«Жаңғыру ешқашан оңай жүзеге аса қоймайды. Ол кедергіге де тап болуы мүмкін. Осы ретте, «Нұр Отан» партиясы, ең алдымен, жаңғыру бағытына саяси қолдау көрсету тетіктерін қалыптастыруға тиіс. Билік тармақтары арасындағы бірқатар өкілеттіктерді қайта бөлуге қатысты конституциялық реформа мәселелеріне келетін болсақ, бұл – еліміздің саяси жүйесін демократияландыру мақсатында жасалған маңызды қадам», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын «Нұр Отан» партиясының қазіргі идеологиялық жұмысының платформасы деп атады. «Партия қызметін жаңғырту жөнінде айтқан кезде, біз жаңғырудың 2017 жылы жарияланған үш бағдарламасын іске асыру барысында «Нұр Отан» партиясының рөлін айқын әрі анық түсінуіміз керек. Осы бағдарламаларды жүзеге асыруға лайықты атсалысу үшін партия өз жұмысын өзгертудің нақты жолдарын табуға тиіс», деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті партия қызметін одан әрі жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеудің маңыздылығына назар аударып, партия Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің есебін тыңдады.
«Нұр Отан» партиясы 18 жыл бұрын өз жұмысын бастағанда не тұрақты жұмыс істейтін құрылымдары, не өзіне тиесілі ғимараты, не қажетті қаражаты жоқ болды. Осы жылдар ішінде Сіздің парасатты төрағалығыңызбен өркендеп, миллионнан астам мүшесі бар, 16 облыстық және Астана мен Алматы қалалық, 227 аудандық әрі территориялық, 5824 бастауыш ұйымдардан тұратын еліміздің ең үлкен саяси партиясына айналды. Сіз ұсынған Ұлттық стратегияға сай әлемдегі ең үздік партиялар жинақтаған тәжірибелерді ескере отырып, «Нұр Отан» партиясы бүгінде институттық жағынан әбден толысты деп нық сеніммен айта аламыз.
Сондықтан қазіргі кезеңде партия қатарына қабылдау талабы күшейтіліп, өзіне де, партияға да абырой әкелетін, елге сөзі өтетін, жауапкершілік жүгін сезіне білетін беделді азаматтар ғана қабылдануда», деді М. Құл-Мұхаммед Елбасына қарата айтқан сөзінде. Осы орайда ол ғасырлар жүгін арқалаған ел тәуелсіздігінің әр жылы ерекше тарихи оқиғаларға толы болғанын, үш бірдей жаңғыруға, конституциялық реформаға, экономикадағы үшінші жаңғыруға, ұлт руханиятын жаңа биікке көтерген «Рухани жаңғыруға» жарқын жол ашылғанын атап өтті.
«Осы үш жаңғыру жарияланған күннен бастап, нұротандықтар партия Төрағасының тарихи бастамаларын әр қазақстандықтың жүрегіне жеткізуге бар күш-жігерін жұмсап келеді. Партияның күнделікті жұмысында республика Үкіметімен бірлесе қабылданып, 2021 жылға дейінгі мерзімдегі Сайлауалды бағдарламасын орындау бірінші кезекте тұр. Партияның республикалық желілік кестесіне сай, жыл басынан бері 5 миллионнан астам адамды қамтыған 85 мыңға жуық іс-шараның нәтижесінде бағдарламада белгіленген межелік көрсеткіштердің 96 пайызы бүгінде орындалды», деп атап өтті Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Қазіргі күні Парламент Мәжілісіндегі партияның фракциялық қызметі жетілдірілді және партиялық тәртіп нығайтылды. Биылғы жылы депутаттар – партия фракциясының мүшелері Мәжіліске келіп түскен 148 заң жобасының 131-ін қарау жөніндегі жұмыс топтарын басқарған. 8 заң жобасына бастамашылық жасалды, олардың төртеуі қабылданды. Партияның Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын насихаттау бойынша жұмысына барлық партиялық құрылымдар – бастауыш партия ұйымдары, фракция депутаттары, консультативті-кеңестік органдар мен диалог алаңдары, орталықтағы әрі жергілікті қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмылдырылды.
Ақпараттық ілгерілету мен Жолдаудың басты басымдықтарын іске асыру партиялық жобаларды жүзеге асыру негізінде ұйымдастырылды. Жалпы алғанда, 4 млн адамды қамтыған 46,9 мың іс-шара өткізілген. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын ақпараттық ілгерілету мақсатында партия барлық ресурстар мен активтерді іске қосты, жастарды, сарапшылар мен зиялы қауымды тарта отырып, әртүрлі диалог алаңдарында жұмыс жүргізеді. Бүгінде «Нұр Отан» партиясының қатарында 190 мың (29 жасқа дейінгі) жас қазақстандық бар. «Жас Отан» қызметі 16 аймақтық және 208 қалалық әрі аудандық филиал, кәсіпорындардағы 230 бөлімше мен ЖОО-дағы 96 бөлімше арқылы жүзеге асырылады.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»
Суреттер Президенттің баспасөз
қызметінен алынды