Бүгін біз қоғамымыздағы сыбайлас жемқорлық әрекеттерге қатысты халықтың жалпылама көзқарасын аз-кем сөз етпекпіз. Сондықтан, аталған мәселеге байланысты статистикалық мәліметтерге жүгінбей, сандарды тізбелемей, тек өзіміз аралас-құралас жүрген ортаның, таныс-біліс кісілердің пікірлерін алға тарта отырып, өз пайымымызды білдірсек дедік.
Сонымен… мемлекет сеніп тапсырған қызметін өзінің жеке «патшалығындай» көріп, оны заңсыз көлденең табыс көзіне айналдырып жүргендер қатарының аз еместігін ішіміз сезеді. Бұл сезігіміздің туындауына еліміздегі лауазымды тұлғалардың, әртүрлі деңгейдегі, ірілі-ұсақты шенеуніктердің жемқорлықпен айыпталып, тергеуге алынуының тым жиілеп кетуі түрткі болып отыр. Демек, бұл жағымсыз жағдаяттардан елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің барынша күшейтіле түскенін, аталған мәселеде мемлекеттік саясат «тура биде туған жоқ…» ұстанымына шынайы бет бұрғанын, атқарушы билік жүйесінің өз қатарындағы ниеті бұзық, пиғылы бүкір, сыбайлас жемқорлыққа шатылған азаматтардан арылуға деген ұмтылысын анық аңғаруға болады.
Бұл үрдіс халықтың билік жүйесіне деген сенімін нығайта түсетіні сөзсіз. Халық өзінің қазынасына заңсыз қол сұққан немесе сеніп тапсырылған қызметтік өкілеттігін көлденең табыс көзіне айналдырған азаматтарға мемлекет тиісті жазасын беріп жатса, қалайша «бәрекелді!» демейді. Бұл – жұртшылықтың атқарушы билікке қатысты көзқарасын жақсартатын үрдіс.
Қазіргі таңда жемқорлық пен парақорлыққа байланысты «пәленше» тергеуге алыныпты, «түгенше» ұсталыпты дегендей мазмұндағы хабар тараса, халық еліне деген құрметі аз, ортақ қазынаға орынсыз қол салатын пенделердің бір адамға азайғанына қуанып қалатындай… Бұл сөзімізді аталған жайтқа байланысты әлеуметтік желілерде жазылып жүрген пікірлерге қарап айтып отырмыз. Мәселен, соңғы уақытта жемқорлықпен ұсталған кейбір тұлғалар жөнінде әлеуметтік желілерде көптеген пікірлер жарияланды. Олардың басым бөлігі халық дүниесіне заңсыз қол салғандардың ұсталғанын қос қолын көтере қолдайтын, айыпкерлердің әділ жазасын алғанын жөн санаған пікірлер.
Жалпы, жұртшылық жегіқұртқа балайтын сыбайлас жемқорлықтың келешекте өрісі мен тынысы тарыла түсетінін ұқтыратын жағдаяттар қоғамымызда анық көріне бастағандай. Бұл – қуанарлық жайт. Енді бұл қандай жағдаяттар екеніне тоқталайық.
Бүгінде баласының лауазымды қызметке жайғасқанын тілейтін, бұл қалауының астарында перзентінің әлгі билігі арқылы бауырлары мен ағайын-туыстарына «көке» болса, жалақысынан бөлек өйтіп-бүйтіп ақша тапса деген ойы бұқпантайлаған ата-аналардың пиғылына мүлде кереғар пікірдегі отбасылар пайда болуда. Мұндай ата-аналар баласының қандай да бір лауазым- ға тағайындалса, еліне адал қызмет еткенін ғана қалайды.
Бір танысымның ұлы талаптанып жүріп, өзінің қабілетімен әжептәуір қызметке орналасты. Әлгі кісі бірде маған ұлына жалақысынан өзге ешқандай ақшаны қалтасына салмауын, қызметін пайдаланып, өзінің бауырлары мен ағайын-туыстарына қандай да бір артықшылықтар бермеуін қатаң ескертіп отыратынын айтқан. Өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік жауапты қызмет ешкімнің қолжаулығына айналмауы тиіс деп ойлайтын танысым бұл мәселеде ағайынның өкпе-назы туындап жатса, оларға мәселенің жай-жапсарын тереңірек түсіндірерміз дейді.
Бүгінде Ислам дінінен хабары мол, оның тыйымдарын жақсы білетін, ненің адал, ненің харам екенін ажырата алатын, ақыретін ойлайтын ұрпақтың тұтастай бір буыны жетіліп келеді. Бұлардың өкілдері дініміздің жемқорлықты харам санайтынын ұққандықтан, осындай лас іске бара қоймайды. Мұның өзі елімізде таяу жылдарда сыбайлас жемқорлықтың едәуір бәсеңдейтінін меңзейді.
Бүгінде діннен хабары мол буынның көптеген өкілі ақшамен заңсыз алыс-беріс жасауға мәжбүр етуі мүмкін мемлекеттік мекемелерге барып қызмет етуден өздерін аулақ ұстап жүргені – өмірдің шындығы. Бұған көптеген мысалдар келтіруге болады. Жақында бір ағайынның баласы құзырлы заң орындарының бірінде істеп жүрген қызметінен саналы түрде бас тартып, басқа шаруамен шұғылданып кетті. Себебін сұрағанға, ол «былыққа батып тоқ жүргенше, арымды адал ұстап аш жүргенім артық» деп жауап берген.
Қорыта айтқанда, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларына қарапайым халық өкілдері, әсіресе, жастар ізгілікті жолмен үлес қоса бастады. Бұл өз кезегінде Қазақстанның болашақтағы дамуына, беделіне оң ықпал ететіні анық.
Жолдыбай
Базар,
«Егемен Қазақстан»