Бүгін Батыс Қазақстан облысында 20 елдімекенге таза ауыз су жетіп, Орал қаласында 180 пәтерлік жаңа үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ Теректі ауданына қарасты Подстепное ауылында жаңадан Мәдениет сарайы салынды.
«Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» салымшылары мен Орал қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған жандарға берілген 9 қабатты үй құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған. Мердігер «Болашақ-Т» ЖШС – өңірде жаңа технологияны игеріп, үй комбинаты арқылы панелді тұрғынүй құрылысын жүргізіп бастаған компания. Неміс технологиясы бойынша салынған бұл үйлер жылу үнемдегіш қасиетімен тұрғындардың көңілінен шыққан.
- Биыл біздің өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қалада 14 көпқабатты үй, аудан-ауылдарда 188 бірқабатты үй салынып жатыр. Бұл 1700 отбасы қоныс тойын тойлайды деген сөз. Жыл соңына дейін 1500 тұрғын жаңа пәтерінің кілтін қолына ұстайды. Мұның барлығы – Тәуелсіздіктің, тұрақтылықтың, бірлігіміздің арқасы. Елбасы тапсырмаларының уақытылы орындалғанының нәтижесі. Өздеріңіз білесіз, осыдан бірнеше жыл бұрын дәл осы жер – бос жатқан дала болатын. Ара-тұра ат шауып, көкпар тартатын жер еді ғой, - деді жаңа пәтерлердің кілтін табыстаған салтанатты жиында Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.
2017 жылы Орал қаласы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 10 857,195 млн теңге бөлінген екен. Өңір басшысы «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» Батыс Қазақстан облысындағы салымшылары саны 54 мыңнан асқанын айтады. «Бұл деген – әлі осынша адам жаңа пәтер алуды жоспарлап отыр деген сөз ғой. Оның үстіне құрылыс – бүкіл экономиканың локомотиві сияқты. Үй салынса, оған бетон бұйымдары керек, кірпіш керек, есік-терезе керек, пластик құбырлар қажет, жиһаз керек. Қанша адам қызмет етеді, жалақы алады. Қадірлі жерлестер, бүгінгі қуаныш, жаңа баспаналарыңыз құтты болсын! Алда Тәуелсіздік мейрамы да келе жатыр. Ол кезде де қаламызда бірқатар нысандар ашылады. Мереке құтты болсын!» деген облыс әкімі жаңа пәтер иелеріне кілт табыс етті.
Кенжегүл Қамыспаева «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінен» осыдан үш жыл бұрын есепшот ашқан екен. Өзі Шыңғырлау ауданы Ақшат елдімекеніндегі ауыл мектебінде тарих пәнінің мұғалімі.
- Конкурстан ең алдымен өтіппін. Үш жылдан бері қаржы салып, міне, бүгін бір бөлмелі пәтерге қолым жетіп отыр. Бұйырса, қалаға көшіп келемін деген жоспарым бар, - дейді Кенжегүл. Көптен күткен пәтері биік үйдің екінші қабатынан бұйырғанына дән риза.
Айта кетейік, биылғы Тұңғыш Президент мерекесі Теректі ауданының Подстепное ауылы тұрғындарының да есінде қалатын болды. Орал қаласының іргесінде тұрған, ертеректе Мінәнәй атанған елдімекенде 10 мыңнан аса адам тұрады. Осы ауылда көптен бері мəдениет ошағы салынбаған екен. Халықтың сұранысына орай «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қаржы бөлініп, мердігер «Альтаир» ЖШС екі қабатты Мәдениет үйінің құрылысын уақытынан ерте бітіріпті. Құрылысқа жергілікті бюджеттен 319 млн 628 мың теңге қаржы жұмсалып, 50 адам еңбек еткен. 300 орындық көрермен залы бар бұл мәдени ошақта бес үйірме ашылып, жергілікті балаларды әртүрлі өнерге өнерге баулитын болады.
Дәл осы күні облыстың Теректі, Бөрлі, Ақжайық аудандарында бірнеше ауыл тұрғындары таза ауыз су жүйесін қолдануға көшті. Ал Орал қаласында №4 және №6 шағынаудандар арасында жаяу жүргіншілерге арналған әдемі саябақты жол пайдалануға берілді.
«Бұл биыл қорытындыланатын жұмыстардың соңы емес. Алда келетін еліміздің ең ұлық – Тәуелсіздік күні мерекесіне орай да бірқатар жаңа нысандар іске қосылады» дейді өңір басшысы Алтай Көлгінов.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ