• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
09 Қараша, 2011

Рапс осында өңделеді

656 рет
көрсетілді

Алматы қала­сын­дағы «Масло-Дел» ком­­паниясының бір бөлімшесі  Новоишим кентінде 2005 жыл­дан бері жұмыс істеп келеді. Алғаш­қы­да май зауыты ретінде құ­рылып, 3,7 миллион еуроның шет­елдік қон­дырғы­ла­ры мен құрал-жабдықтарын орнатумен Германияның «Тиссен  Крупп», «Шмидт-Зигер», Түркияның «Алтун-Таш» компаниялары айналысты. Облыста өсірілетін астықтың 18-20 пай­ы­зы осы ауданның үлесіне тиетіндіктен кә­сіп­орынды салмас бұрын өндірістік қажет­ті­лігі, майлы дақылдарды өсіру, өңдеу, жеткізу, тұтыну көздері жан-жақты ойлас­ты­рыл­ған. Тағамдық рапс майының 65-70 пайызы ғана елімізде шығарылатынын ескерсек, экономикалық тұрғыдан өте тиімді және қайтарымы мол сала екені айтпаса да тү­сі­нікті. Алғашқы жылы 10 мың тонна рапс дайындалып, әр тоннасы 160 доллардан са­тылған. 150-ге тарта адам тұрақты жұмысқа тартылып, өсімдік майын сығымдап өң­деу­дің озық әдісін игеріп шыққан. Кәсіпорын орналасқан жерде Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының жол торабы қиылысатындықтан, тасымал мәсе­лесінде ешқандай бөгесін жоқ. Темір жол тұйығы қажетті көлік түрлерін қалауынша пайдалануға мүмкіндік береді. Былтыр бір­қа­тар цехтар қайта жаңғыртылып, екі сы­ғымдау, қуатты тасымалдау қондырғыларын неміс мамандары орнатып берді. Бу қа­зан­дығы Барнаулдан жеткізілді. Бұл мақ­сат­тарға 16 миллион еуро жұмсалды. – Бұған дейін күніне 180 тонна рапс өңделіп келсе, қайта жаңғыртудан кейін қуаттылық 370 тоннаға дейін өсті. Енді жы­лы­на 150-180 мың тоннаға дейін майлы да­қылдар өңдей аламыз. Тәулік бойы жұмыс іс­тейтін болғандықтан, жұмсалатын шығын көп. Мәселен, айына суға 1,5 миллион, жарыққа 7 миллион теңге шығындаймыз. За­лалдың орнын толтыру үшін жұмысты төрт ауысымда ұйымдастырып отырмыз,– дейді кәсіпорын директоры Жиенбек Нұр­ғазинов. Гидратациялау цехы осында және Алма­ты­дағы зауытта ғана бар көрінеді. Онда жаңа­дан қойылған шетелдік қондырғы өсім­дік майын басы артық судан айырып, жо­ға­ры сапаны қамтамасыз етеді. Рапс – өте ба­ға­лы әрі жоғары сұранымға ие дақыл. Әсі­ресе, протеинге бай. Шикізат осында ал­ғаш­қы өңдеуден өткеннен кейін Алматыдағы май және маргарин зауытына жөнелтіледі. Одан әрі сапалы май, маргарин, майонез, кетчуп, өсімдік майы, сары май секілді ха­лық­аралық стандарттарға жауап беретін тағам өнімдері шығарылады. Кәсіпорын бұ­рын­дары ондаған мың алқапқа майлы дақылдар өсіріп келсе, енді бірыңғай өңдеу ісіне көшкен. Өндірісті шикізатпен тиісті агроқұрылымдар қамтамасыз етеді. Бұл екі жаққа да тиімді. Бірі өнімдерін тоқтаусыз өткізсе, екіншісі шикізаттан тапшылық көр­мейді. Күнбағыстың дәнін аршып, оны сы­ғымдап өңдейтін цех та жаңартылған. Құ­рама­жем цехында күнжара өңделіп, кәдеге асады. Оның құрамы түрлі дәрумендерге бай болғандықтан, құс фабрикалары таласа-тармаса сатып алатын көрінеді. Былтыр 15 мың тонна күнжара Иранға шығарылса, биыл бұдан кем болмайтын түрі бар. Әр тоннасы 28-30 мың теңгеге бағаланған. Рапс өсіру оңай емес. Дәнді дақылдарға қараған­да өзіндік қиындықтары мен ерекшеліктері көп. Бірақ баптап, күте білсе, өте берекелі. Бір тонна рапс тұқымы 150-200 мың теңге тұрады. Бір гектар алқапқа 6-8 кило сіңірсе жетіп жатыр. – Шығыс Қазақстан облысында рапс өсірумен айналысатын бір жолдасым түсімділікті 24 центнерден айналдырып, әр тоннасын 500-600 долларға сата білді. Шетелдерде өнімділік 30-35 центнерге дейін жетеді. Біз де аз шығын жұмсап, мол өнім алудың тиімді жолдарын тынбай қарастыру­дамыз, – дейді сөз арасында зауыт директоры. Биыл да рапс, соя, зығыр, күнбағыс секілді майлы дақылдарды көптеп сатып алып, өңдеу ісіне жұмыла кіріскен. Кәсіпорынның өз дүкені бар. Онда «Масло-Дел» ЖШС-нің өнімдері қолжетімді бағаға ұсынылады. Петропавл қаласындағы филиал сүт өнім­де­рі­нің ондаған түрін шығарумен айналысады. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы, Ғ. Мүсірепов ауданы.