• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
10 Қараша, 2011

Кең даладағы көгілдір айдын Көксарай

500 рет
көрсетілді

ОЛ – СУ РЕТТЕГІШ ҚАНА ЕМЕС, ӨҢІР ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ КЕПІЛІ Соңғы жылдары әлемдегі су проблемаларының өршуіне бай­ла­нысты мемлекеттерді тұрақты сумен қамтамасыз ету мәселелері ұлттық қауіпсіздік проблемалары шегінде қарастырылады. Қазақ­станды сумен қамтамасыз ету проблемасының өзектілігі бар су ресурстарының шектеулілігімен, оларды аумақ бойынша әркелкі бөлумен, уақыт шегіндегі елеулі өзгеріспен, трансшекаралық өзен­дер сулары ластануының жоғары деңгейімен сипатталады. Келешекте шекаралас мемлекеттер ау­мақ­тарынан өзен ағысының қыс­қаруына, сондай-ақ климаттық тұр­ғыға орай жергілікті ағыс ресурс­тары­ның азаюына байланысты республиканы сумен қамтамасыз ету жағдайының шиеленісуі мүм­кін. Өзен ағысының ресурстары өзгеруінің мүмкін салдары Қа­зақ­станның орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына және эко­логиялық қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіреді. Елімізде эконо­ми­каны, оның ішінде су шаруа­шылығы саласын түбегейлі реформалау тұрақты сумен қамта­ма­сыз ету проблемаларын шешуге ерекше талаптар қояды. БҰҰ-ның қорытындысы бо­йын­ша, тұщы сумен қамтамасыз ету ХХІ ғасыр адамзатының ал­дында тұрған өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Бүгінгі күні әлемде су тапшылығынан 2 млрд. адам зардап шегуде. 2015 жылға қарай су тапшылығына әлем халқының тең жартысы, ал 10 жылдан кейін ғаламшар хал­қы­ның үштен екі бөлігі (5,0 млрд.) душар болады. Су қар­қын­ды түрде ең тапшы табиғи ре­сурс­тардың біріне айналуда. Ол тауарға айналып, халықаралық рынок қалыптасты. Осы жүзжыл­дық­ты «су проблемаларының ға­сыры» деп атауға болады. Болжамдарға сәйкес 2025 жыл­ға қарай әлем халқының саны 8,3 млрд., ал 2050 жылы шамамен 10-12 млрд.-қа дейін жетеді. Қалып­тас­қан тенденцияларды ескере оты­рып, алдағы 50 жылда су жетіспеушілігімен немесе су объек­ті­лерінің ластануымен байланысты проблемалар ғаламшардың әр мем­ле­ке­ті­не түрлі дәрежеде әсерін тигізеді. Бұл ретте жаһандық су пробле­ма­ларының шиеленісуі әлем­нің көп­те­ген өңірлері мен елдерінің азық- түлікпен қамтамасыз ету және экологиялық қауіпсіздік жай-күйі­не көп дәрежеде әсер етеді. БҰҰ-ның қолдауымен әзірленген ХХІ ғасырдың күн тәртібінде су – адам­зат­тың орнықты дамуының кілті болып табылатындығы көрсетілді. Трансшекаралық суларды бас­қару­дың қиындығы, ол шекаралас елдердің әртүрлі табиғи жағ­дай­лары, экономикалық дамуы, заң­намасы, саяси бағыты, сала­ара­лық мүдделері бойынша анық­талады. Су ресурстарына қолжетім­ді­лікті арттыруды қамтамасыз ету және су шаруашылығының көп­те­ген проблемаларын шешуге ық­пал ете отырып, климаттың жа­һандық және өңірлік өзгеруі жағдайында су жүйелерінің таби­ғи режімінің қайта құрылуы бір мезгілде кең аумақтардың таби­ға­ты мен шаруашылығына бірқатар ұнамсыз жанама, кей кезде жой­қын апаттық өзгерістер енгізеді. Әрине, ол қоғамдастықты алаң­дат­пай қала алмайды. Шекаралас елдермен транс­ше­каралық бассейндердегі су ресурстарын пайдалану жөнін­дегі ұзақ мерзімді мемлекет­ара­лық келісімдердің болмауы суды пайдаланудың ұлттық бағдарла­ма­ларын негіздеу кезінде түсі­нік­сіз жағдайлар туындатады. Са­рап­тамалық бағалау бойынша, трансшекаралық ағысты төмен­де­ту есебінен республикада су ре­сурс­тарының жылына 100,5 текше метр көлемінен 2020 жыл­ға қарай жылына 75 текше метрге дейін төмендеуі мүмкін. Бұдан өзге трансшекаралық ағыс шекаралас елдердің шаруашылық қыз­меті нәтижесінде республикаға айтарлықтай ластанып және та­би­ғи режімі бұзыла отырып келеді. Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің 2006 жылғы 14 қа­ра­шадағы Жарлығымен мақұл­дан­ған Қазақстан Республикасының 2007-2024 жылдарға арналған орнықты дамуға көшу тұжырым­дамасында тіршілік етудің бар­лық салаларында орнықтылыққа қол жеткізудің қағидаттары, мақ­сат­тары, міндеттері және негізгі тетіктері айқындалған. Бұл ретте Қазақстанның жағдайларында та­би­ғи ресурстардың және эко­жү­йе­­лердің трансөңірлік сипатын ескеретін басқарудың экожүйелік (бассейндік) қағидатын ендіру ұсы­ныл­ған. Бассейндік қағидат бо­йын­ша ұйымдастырылған ор­нық­ты экожүйелік дамудың 8 ай­ма­ғы анықталған. Олар: Арал-Сыр­да­рия, Балқаш-Алакөл, Ертіс, Есіл, Жайық-Каспий, Нұра-Сарысу, То­был-Торғай, Шу-Та­лас. Басқару­дың бұл құрылымы Қазақстанның орнықты дамуына қол жеткізуде су ресурстарының жүйе құрушы маңызды рөлін көрсетеді. Сырдария су шаруашылығы жүйесі қуаң аумақтардың ағын­сыз бассейндеріне тән схема бо­йынша дамып жатыр. Суларының елеулі құламалылығымен сипат­та­латын өзен бассейнінің бас жақтары гид­ро­энергетикалы ба­сым­дықты да­мы­ту аймағы болып табылады. Негізгі ирригациялық жер қоры шо­ғырланған бассейн­нің орта және төменгі учаскелері суармалы жер өңдеудің қар­қын­ды дамуының ай­мағы болып есептеледі. Шектес теңіз аква­то­рия­сы бар өзен аты­рауы балық шаруашылығы мен мал шаруашылығын жүргізудің ай­мағы ретінде саналады. Бассейнде су ресурстарын қол­дануда кейбір типтік сала­ара­лық қайшылықтар да бар. Біріншіден, өзен ағысы режімі энер­ге­тика мен ирригация талаптарына қайшылығымен сипатталады. Ир­ри­гация ауылшаруашылық дақыл­дарын суару үшін вегетациялық кезеңде судың аса шығындалуын қажет етеді, энергетика – жыл­дың суық мезгілінде ең үлкен электр жүктемесі кезінде ГЭС-тегі электр энергиясын молынан өңдеу үшін қажет. Орталық Азия мемлекеттері іс-қимылдарының үйлестіріл­меуі­нен 1992 жылдан бері На­рын-Сырдария каскады – Токтогул су торабы басты элементінің жұмыс режімі ирригациялықтан артық энергетика өндіруге бағытталды, ол су торабы Қырғызстан аума­ғын­да орналасқандықтан осы ел мүдделеріне тиімді болды. Екіншіден, бас жағындағы жә­не сағадағы тұтынушы пай­да­ла­на­тын өзен суы сапасының әртүр­лі­лігімен сипатталады. Бұл ретте сағадағы су тұтынушы мен бас жақ­тағы су тұтынушы өзен ағы­сы­ның ластануын болдыр­мауға ба­рын­ша мүдделі, ал соң­ғы­сы табиғи су ағынын комму­нал­дық-өнер­кә­сіп­тік ағыстар коллекторы және суармалы далалардан қайтатын су ретінде пайдалануға ниетті. Сырдария өзені өз бастауын Нарын және Қарадария өзендері­нің түйісуінен Ферғана алқабы­нан алады және Қырғызстан, Өз­бекстан, Тәжікстан және Қазақ­станның аумақтары арқылы ағып өтеді. Өзеннің түйісу орнынан құ­йылысына дейінгі жалпы ұзын­дығы 2212 км., су жинау бас­сейнінің ауданы – 219,0 мың шаршы км. Қазақстан аумағы бойынша өзеннің ұзындығы – 1680 км., бұл оның жалпы ұзындығының 78%-ын құрайды. Қазақстан шегінде өзен бас жағында 3 ағынды қабылдайды (Келес, Құрықкелес, Арыс өзен­дері). Бұдан әрі өзен құйылы­сын­да кең ауқымды атырауды құрып, ағыны жоқ аймақ бойынша ағады, кейін Арал теңізіне құйы­ла­ды. Сырдария бассейнінің ағы­сы 93%-ға өзендердегі және ағын­­дардағы бес ірі және оншақ­ты ұсақ су қоймаларымен реттелген. Арал теңізінің бассейнінде Қа­зақстан ауданы 343 мың шар­шы км. 2,6 млн. халқы бар Оң­түс­тік Қазақстан мен Қызылорда облыс­тары шегіндегі Сырдария саға­сы­ның аумағын иемденіп жатыр. Өңірдің жалпы ұлттық ішкі өнді­ріс­тегі үлес салмағы 15%-ды құ­рай­ды және бұрынғы жалпы одақ­тық шаруашылық кешеніне қыз­мет көрсететін аграр­лық-шикі­зат­тық бағдарға бағыт­талған. Оңтүстік Қазақстан облысы ау­мағындағы Сырдария өзені бассейнінде ықтималды су басу айма­ғы­на 18 елді мекен және Қызылорда об­лысына 51 елді мекен қарайды, он­дағы халықтың жалпы саны 401,1 мың адам, оның ішінде 199,2 мың адам эвакуациялануға жатады. Шардарадан төмен қарай Сыр­дария жағалауларында соңғы 35 жыл ішінде су тасқынынан қор­ға­ну үшін 526 км. бөгеттер салынды, оның ішінде, Қызыл­ор­да облы­сы­ның аумағында – 519,4 км., Оң­түс­тік Қазақстан облы­сын­да – 6,6 км. Оңтүстік Қазақстан және Қы­зылорда облыстарының аумақ­та­рын­да жыл сайын қаңтар-наурыз айлары аралығында тасқындарды жіберу бойынша ең ауқымды іс-шаралар және жедел әрі жоспарлы сипаттағы басқа да жұмыстар жүр­гізіледі. Тек 2008 жылдың өзінде ғана осы жұмыстарға ТЖМ құт­қарушылары мен мамандарынан, әскерилендірілмеген құралымдар­дан тұратын 4000-ға жуық адам қатысты, құрылыс және арнайы техниканың жүздеген бірліктері жұмылдырылды. Өңірлердегі су тасқыны ахуа­лын дер кезінде бағалау үшін ау­мақтарды аэрошолу ұшулары жүр­­гізіледі. Шардара су қойма­сы­нан Сырдарияның төменгі саға­сына дейінгі учаскелерде «Қазселден­қорғау» ММ-нің 15 уақытша және жылжымалы гидробекеттері ұйым­дастырылды, жарылыс жұмыс­та­рын жүргізу және Сырдария өзені­нің арнасын мұздан тазарту бо­йын­ша ұсы­ным­дар берілді. Сырдария өзені арнасының жіберу қабілетінің шектеулілігінен 1991 жылдан бастап артық су­лар Арнасай сағасына үнемі жі­беріліп тұрды. Ол 2004 жылы толып кетті. Өзбекстан су төгін­ді­лерін реттеу мақсатында 2004 жылы Арнасайда екі қоршау құ­рылыстарын (бөгеттерін) сал­ды. Сол уақыттан бері Шардара су қоймасынан Арнасай көлдері жү­йесіне суды төгу көлемі су қой­масын пайдалану қағидаларымен бекітілген секундына 2160 текше метрден секундына 600-700 текше метрге дейін шектелді. Сондықтан қажеттілігіне қа­рай және қолданыстағы қағида­ларға қарамастан Шардара су қой­ма­сынан Сырдария өзенінің арнасы бойынша қыста суды жіберу кө­лемі ұлғайтылды. Бұл тиісті ма­те­риалдық залалдар тудыр­ған бір­қа­тар апатты су тасқын­дары­на, ирри­гациялық жүйелерді және Оңтүс­тік Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы жекелеген елді мекендерді су басуға әкеп соқты. Қазіргі уақытта Қызылорда қа­ласынан төмен Қараөзек ағы­сы­ның бас жағында қосымша су жинау құрылысы салынды, ол 2006 жылдың күзінен бастап, ағыс­қа судың артық шығын­дары­ның бө­лі­гін төгуге және Әйтеке бөге­ті­нен төмен учаскедегі өзен­нің негізгі арнасын жарым-жар­ты­лай босатуға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы ең өзекті мәсе­ле­лердің бірі Сырдария өзені бас­сейнінің сағасындағы өзен ағы­сын реттеу болып табылады, оның шешілуі осы транс­шек­ара­лық өзен ресурстарын пайдалануда Қазақстанның тәуелсіздігін қамтамасыз етеді. Осы жағдайларда Қазақстан үшін «Сырдария өзенінде Көк­са­рай су реттегіші құрылысы» жо­ба­сын әзірлеу қажеттілігі туын­дады. Сырдария өзенінде Көксарай су реттегіші құрылысын салуға қатысты созылып кеткен дауда соңғы әрі шешуші нүктені Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қой­ды. Елдің оңтүстік өңірі тұрғын­дарының қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету проблемасының маңыз­ды­лығы жайлы ойлай отырып: «Осындай үлкен шығындарға барып, жаңа су қоймасын салу деген оңай шешім емес. Бірақ бізде амал жоқ, сондықтан мәсе­ле­ні түп­кілікті шешеміз: Көк­сарай салы­на­ды. Бұл, мысалы, Қазақстанның батысынан оңтүс­тігіне өткізілген газ құбыры сияқ­ты әлеуметтік объект; ол табыс әкелмесе де көп­теген пробле­ма­ларды шешуге көмек­теседі», деп атап көрсетті. Сонымен, 2008 жылдың көк­темінде Мемлекет басшысы Қа­зақ­стан Үкіметіне 2008 жылы Сырдария өзенінде тасқынға қар­сы Көксарай су реттегішін салу­ды бастау туралы тапсырмалар берді, ал Үкімет қаулысымен Тө­тенше жағдайлар министрлігі оны орындау бойынша бағдар­ла­ма әкімшісі болып анықталды. Үкімет Төтенше жағдайлар министрлігіне резервтен техника­лық жобаны, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді, «Сыр­да­рия өзенінде тасқынға қарсы Көк­сарай су реттегішінің» құры­лысын бастауды қаржылан­дыру­ды қамтамасыз ету үшін кезек күттірмейтін шығындарға қара­жат бөлді. Инженерлік-қорғаныс, гидро­тех­никалық құрылыстарды және «Медеу», Үлкен Алматы, Қарға­лы, Сарқант, Ыстық, Қаскелең, Бартоғай су қоймасының биік тау­лы бөгетімен Д.А.Қонаев атын­дағы Үлкен Алматы арнасы, «Талғар» бөгеті, Төменгі Көлсай­дағы су жинаушы құрылыс сияқ­ты кешендерді салудағы және эксплуатациялаудағы, сонымен қа­тар, «Астана қаласын Есіл өзенінің су тасқынынан инженерлік қорғау» объектісін салудағы үлкен жұмыс тәжірибесін ескере отырып, Төтенше жағдайлар министрі бұйрығымен «Қазселден­қорғау» ММ осы стратегиялық нысанның құрылысын орындау­шы болып белгіленді. Құрылыстың атқарушы жоба­лау­шысы етіп республика бойын­ша су объектілерін жобалау бо­йынша мамандандырылған «Казгипроводхоз институты» ӨК жобалау институты белгіленді. Құ­ры­лыстың техникалық идеясы не­гізделді және су реттегішті са­лу­дың ықтимал орны толығымен зерделенді, инженерлік-ізденіс жұ­мыстарының нәтижесінде Сыр­дария өзенінің жағасында 3-4 млрд. текше метр су шоғыр­лан­ды­ратын Көксарай ойпатынан басқа ойпат жоқ екені анықталды. «Казгипроводхоз институты» ӨК орындаған техникалық – эко­номикалық негіздемеге (ТЭН) келесі гидротехникалық құрылғы­лар кірді: - су жіберетін мүмкіндігі бар негізгі гидротүйін – 2 300,0 м3/с. - су жіберетін мүмкіндігі бар бұру арнасы – 500,0 м3/с, ұзындығы 16,0 ш. - су жіберетін мүмкіндігі бар жинақтаушы құрылыс – 500 м3/с. - Көксарай су реттегіші қоймасының кешенін құрайтын ұзындығы 44,7 ш бөгет. - су жіберетін мүмкіндігі бар су жібергіш құрылыс – 500 м3/с. - су жіберетін мүмкіндігі бар жеткізуші арна – 500 м3/с, ұзындығы – 10,0 ш. - бұру арнасындағы «Шөгір­лі» көпірі. - «Арыс – Шәуілдір» жолы бойынша жүруді қамтамасыз ететін жеткізуші арнадағы көпір. «Сырдария өзеніндегі Көк­сарай тасқынға қарсы су ретте­гі­ші­нің» құрылысы: - Сырдария өзенінің бассейнінде ықтимал су басу аймағына кіретін Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары аумағын­дағы елді мекендердің қауіпсіз­дігін қамтамасыз етуге; - су реттегіште жиналған таза 3 млрд. м3 қысқы су ағыны есебінен республиканың су балансын реттеуге; - Кіші Арал теңізіндегі су деңгейін ұлғайтуға; - Арнасайға бөлу арқылы су ресурстары шығынын болдырт­пауға мүмкіндік береді, яғни 1995 жылдан 2008 жылға дейін Арна­сайға 35 млрд. текше м. тас­талған, оны Аралды толтыру жә­не Оңтүс­тік Қазақстан мен Қы­зылорда об­лыстарының өсімін жақсарту үшін пайдалануға болатын еді; - Шардара ГЭС-нің қысқы электроэнергиясын өндіруді 20 - 25 % - ға ұлғайтуға; - Сырдария өзенінің алқабы мен атырауында экологиялық жағ­дайды жақсартуға мүмкіндік береді; - су реттегішінің алабы істен шыққаннан кейін су басқан аймақтың 90%-дан астамы жем-шөп дайындауға арналған Лиман алқабы және мал жайылымы ретінде пайдаланылатын болады. Объектінің стратегиялық ма­ңыз­дылығын ескере келе, 2008 жылғы 15 сәуірден бастап Төтен­ше жағдайлар министрлігінің «Қаз­селденқорғау» ММ «Сыр­дария өзеніндегі тасқын суға қар­сы «Көксарай» су реттегі­ші­нің» құрылысын бастады. Көксарай су реттегішінің құры­лысына бірінші болып ТЖМ «Селденқорғау құрылыс» РМҚК бас мердігерінің арнайы техни­ка­лары келді. Сонымен қатар, рес­публиканың әрбір бұрышы­нан, мыңжылдық құрылысына қаты­су­ға келісім білдірген «Базис» корпорациясы, «АҚСУ» АҚ, «Спецзащита» ЖШС, «Стройинвест» ЖШС, «МО-1» ЖШС сияқты көптеген құрылыс ұйым­дары жұмылдырылды. 2008-2009 жылдары Көксарай су реттегішінің құрылысына 150-ден астам құрылыс ұйымы тартылды. Жұмысшылар саны 7 500 адамнан асты, ал арнайы техника саны 3000 бірліктен астам және 900 бірліктен астам қосал­қы техникалар мен жабдықтар, оның ішінде бір ауысымда өн­ді­ріс қуаттылығы 4920 текше метр­ді құрайтын 3 бетон түйіндері болды. Құрылыс жұмысшы­лары­ның көбі жергілікті халықтан бол­ды, ал бұл өз кезегінде дағда­рыс кезінде өңірдегі эконо­ми­ка­лық оң ахуалды ұстап тұрды және халық арасындағы жұмыс­сыз­дық саласындағы көптеген әлеуметтік проблемаларды шешті. Әлемдік дағдарыс жағ­да­йын­­да халықты жұмыспен қамту мәсе­ле­сі және барлық өндірістік мүм­кін­діктерді пайдалану тиімділігі бірінші орында тұрды. Құры­лыс­қа бөлінген қаражатты үнем­деу және оны мақсатты жұмсау бар­лық кеңестерде бақыланды және талқыланып отырды. Жергілікті өндіріс материалдарын ба­сым пайдалану және жеткізудің оң­тай­лы көліктік сызба нұсқа­лары­мен объектінің өзіндік құ­нын төмендетудің барлық мүм­кіндік­тері құрылыс сметасының құны­ның төмендеуіне ықпал етті. Құрылысты жоспарлау, техно­логиялық карталарды әзірлеу, ин­женерлік-геологиялық ізденістер мен геодезиялық есептеулер деректерін өңдеу жөніндегі инженерлік қызмет құрылыс штабын­да орналасты. Құрылыс зертхана­сы мен технологиялық сүйемел­деу тобы дәл құрылыс алаң­дарын­да орналасты. Технология­лық үрдіс бойынша түзетулер де тәулік бойы енгізіліп отырды. Барлық жобалау мен құрылыс мәселелері жедел тәртіпте «Қаз­сел­денқорғау» ММ кезекті жина­лыстарында қаралып отырды. Оң­түстік Қазақстан облысының әкімі аппараты мен өзге де бас­қару ор­ган­дарының тығыз өзара іс-қи­мыл­дары барысында жер учас­ке­лерін құрылысқа беру, инертті материалдар карьерлерін ашу, электр тасымалдау, телекоммуникация желілері, байланыс және т.б. мәселелер шұғыл шешіліп отырды. Көксарай су реттегішінің құ­ры­лысындағы алғашқы кеңесті 2008 жылғы қараша айында Қа­зақ­стан Президенті Н.Ә. Назар­баев өткізді. Алдымен Мемлекет­ басшысы құ­ры­лыс аумағын тік­ұшақпен айна­лып өтті және құрылыстың алғаш­қы саты­сын­дағы жұмыс­тармен егжей-тегжейлі таныс­ты. Содан соң құрылыс шта­бын­да Президент Н.Ә.Назар­баевтың төраға­лы­ғы­мен кеңес өтті. Дағдарыс кезеңіндегі бұл құрылыстың өңір үшін қанша­лықты қажет­тілігі талқыланды. Мемлекет бас­шысы құрылыс барысында туындаған барлық пробле­ма­лық мәселелер мен қиын­дық­тарға назар аударды. Министр В.Божко жалпы құры­лыстың ұйым­дас­тырылуы, ресурстармен қам­тамасыз етілу мәселе­лері және гидротех­ника­лық құ­рылыстар ерекшеліктері жай­лы баяндады. 2010 жылғы 18 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен Көксарай су реттегіші құрылысының кешені стратегиялық маңызды объект ретінде іске қосылды. Бұл уа­қытта Көксарай белсенді тол­ты­ру фазасында болды және біз Сырдария өзенінің саға­сын­дағы ағынның жағдайын реттей алдық. Салтанатты рә­сімде Мемлекет басшысы бар­лық құрылысшыларға жеделдіктері мен олардың орасан зор еңбектері үшін алғысын білдірді. 3 млрд. текше метр қысқы ағынды су реттегіштің су қоймасына шоғырландыру үшін 2010 жылдың соңына дейін аталған объектіні дайын­дауды міндеттеді. 2011 жылдың басына қарай Көксарай су реттегіші барын­ша жобалық қуатымен – 3,0 млрд. текше метр судың су қой­масы көлемімен тасқынға қарсы режімде жоспарға сәй­кес уақы­тында іске қосылды, бұл Сыр­дария өзені жағасын­дағы елді мекендердің қауіп­сіз­дігін то­лы­ғымен қамтама­сыз етті. 2010-2011 жылдардағы су тас­қыны кезеңіндегі су қой­ма­сындағы шоғырлан­дырылған ағын­­ның көлемі 2,2 млрд. текше метрді құрады. Вегетация­лық кезеңнің басталуымен су реттегішті эксплуатациялау ере­жесі­не сәйкес Көксарай су қойма­сы­нан Сырдария өзені­нің арна­сы­на құю үшін және Кіші Аралды толтыру үшін су жіберу басталды. Сырдария өзенінің бассейніне келіп түйіскен екі облыс­тың орасан зор аумағы Елба­сы­ның батыл шешімінің ар­қа­сында көп жылдарға ты­ныш өмірмен және сумен қам­та­ма­сыз етілді. Тоқтарбек БАЙМОЛДАЕВ, «ҚР ТЖМ Қазсел­ден-­­қорғау» ММ бастығы.