• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
10 Қараша, 2011

Қазақ қызы

814 рет
көрсетілді

«Шөп те шыққан жеріне шы­ғады» дейді дана халқымыз. Қа­сиетті Торғай топырағы талай тар­ланбоздарды өмір­ге әкелген. Киелі өнерді ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп, жалғастырып келе жатқандар қаншама. Солардың бірі – Сей­дәзімовтер әулеті. Осы бір түтіні түзу шыққан берекелі отбасымен танысу сәті 1971 жылы туып еді. Көне Торғайдың Жан­гелдин ауданында шалғайда жатқан «Шилі» деген ауыл бар. Қайнекей Жармаған­бетов, Серікбай Оспанов, Бидалбек Қарағұлов, Закария Әбдірахманов­тар­ды ту­дыр­ған өлке кезінде мыңғыр­ған малдың, кейіннен толқыған астық­тың Отаны атанды. Соған жолым түсіп, мектепте мұғалім болып істейтін Ғауез деген ағамның үйінде отырғанмын. Әңгіме арасында Ғауез аға: – Мен сені, құдай қаласа, бір керемет адамдармен таныстыра­мын, – деп, жұмбақ жымиып қойды. Кейін білдім, айтып отырғаны Сейдәзімовтердің отбасы екен. Қара шаңырақ иесі Төлеухан аға­мыз сөзге шешен, әзілге ұста, әнші-күйші, белгілі өнерпаз екен. Өмірлік серігі Күләнда апамыз сөйлесе сөздің майын тамызатын, ән салса аспандағы аққуға үн қосатын, көңілі зерек, кеудесі ал­тын сандық, буырқанса бө­ріктінің орнына жүретін ер мінезді, нәзік жанды кісі екен. Әңгімені бір бастап кетсе, сөйлеген сайын шешіле түседі. Ондайда Төлеухан аға: – Енді Күлекеңді тоқтату оңай болмас, ағасы Ахметхан ғой, – деп, рахаттана күлді. Мен елең ете қалдым. Өйткені Абайдың жырларын оқығаннан кейін «Біздікі ауыл арасының тақ­пағы екен ғой», – деп өлең жазбай кеткен атақты Әбіқай ақынның өзіне тартқан Ахметхан деген ұлы бар екен» деген әңгіме құлағыма жеткен. Күләнда апамның арқасында аяқтыға жол бермейтін, ауыздыға сөз бермейтін алтын жақ шешен, жез көмей жыршы, біртуар әнші атақты Әбіқайдың Ахметханымен таң атқанша таңдайлас болу ба­қытына ие болып едім. Алдында ғана ол кісі: – Мен сені баласынбайын, бірақ мен 5-6 сағаттық отырысқа ауыз былғайтын қазақ емеспін, менімен мәжілістес болғың келсе, бір таңыңды қиясың, – деп шарт қойған. Мен қуана-қуана келістім. Текті әкеден тәрбие алған, ибасы мен иманын қасиетті ана­ның ақ сүтімен бойға дарытқан балалары да шеттерінен өнерпаз, көргенді ұл-қыздар болып ержетіпті. Сәтімен қосылған екі жақсыға тағдыр құндыздай төрт қыз сыйлаған екен. Үлкендері Ақ­сымбат, одан кейін Алма, Алуа, Анар. Кейін қазақтың алып ақы­нына айналған Кеңшілік Мыр­за­­беков кезінде оларға арнап «Тө­­леутайдың төрт қызы» атты поэма баллада жазған екен. «Төлеухан аға «қолыма алғаш қалам ұстат­қан» ұстазым еді, атын тіке атауға бата алмай, Төлеутай деп алдым», – дейді екен ақиық ақын. Әр сөзі бір қаралық қайран Күләнда апам: – Айналайын, тіл мен көз дегеннен жаман ештеңе жоқ, өзің терезеден көшеде өтіп бара жатқан­дарға тесіліп қарашы, назар салған адамың екі қабатты шыныны бө­гет көрмей бұзып өткен көзіңнің сұғын сезініп, жалт бұрылады, – деді сөз арасында. Сол айтқандай, ел болып, жұрт болып тілеп алған, төрт қыздан кейін туған алтын асықтай Дидар деген ұлдары бар екен. Кейіннен Дидар атына заты сай, мінезі жібектей, келбеті келісті, ақылды, парасатты азамат болып ержетті. Әттең, апамның өзі айтқандай тіл мен көз қойсын ба, қыршын жас кезінде қаза болды. Біздің тілге тиек еткелі отыр­ғанымыз осы ағамыздың төртінші қызы – Анар. Күләнда апам екеуміз Ахметхан ағамен мәжіліс құ­рып отырғанда қаршадай Анар­дың ұзақты түнге кірпік ілмей, алақанына иегін сүйеп, атасының әңгімесін ықылас қоя тыңда­ғанына таң қалып: «Тіл-ауызым тасқа!» – деп аттанып едім. Сол тәтті қылығымен есімде қалып қойған аяулы қарын­да­сыммен көп жыл өткен соң ойда жоқта Арқалық қаласында жолы­ғудың сәті түсті. Облыстық «Торғай таңы» газетінде редактордың орынбасары болып істеп жүрген болатынмын. Бір күні газетке Айжан Қалиева деген белгісіз автордың керемет мақаласы шықты. Өнер та­қырыбына жазылған мақала өзінің мазмұндылығымен, ой терең­дігі­мен, ізденісімен, бәрінен бұ­рын тілінің шұрай­лы­лығымен сүйсіндірді. Мен жігіттерге: – Маған Айжан Қалиеваны тез тауып беріңдер, күні ертең жұ­мысқа аламыз! – деп тапсырма бердім. Сөйтсек, жиені Айжанның атынан мақаланы жазып жүрген Анар екен. Бірер жыл өткен соң редакцияда істейтін ақын Әбжан Әбілтаев қоймастан қолқалап жү­ріп, талантты қарындасын облыс­тық газеттің ортан қолдай тілшісі атандырды. Жалпы қазақ «Әкесі ерекше жақсы көрген, әкесіне тартқан қыз бала бақытты болады» деп ырым­дап жатады. Анарды да әкесі ерекше еркелетіп, «Бүркіт көзім» деп атайды екен. – Мен бала кезімнен өткір, өжет болып өсіппін, өзіме ұнамаған жай­ларды кім болса да көзіне айтып салады екенмін. Әкемнің ондай ат қоюына сол мінезім негіз болса керек, – дейді Анар өз әңгімесінде. «Қанға сіңген қасиет сүйекпен кетеді» деген сөз рас болуы керек, бұл мінез оның айнымас серігіне айналды. – Әкем мені тізесіне отыр­ғы­зып, көп әңгімелер айтатын, – деп еске алады ол, – «Балам, өзіңе ұна­маған қылығы үшін ешкімді де жек көруші болма, қанша өкпелесең де жүрегіңде бір жақсылыққа орын қалдыр» дегенді жиі айтатын. Осындай тәрбие көрген ұрпақтың имандылық, мейірімділік, жақсы­лық деген ұлы сезімдерді ту қылып өтуі заңды да. Ал Күләнда апай туралы әңгіме өз алдына бір төбе. Ол кісі көп­шіліктің жадында ұмыт бол­ған ескі әңгі­мелерді, көне ән-күйлерді көп білетін. Күләнда апайдың әкесі Мәлік Бөкішов деген кісі кезінде «халық жауы» атанып, атылып кеткен. «Тор­ғай­дың топжарғаны» атанған айтыс­тың ақтаңгері, халық ақыны Нұрхан Ахметбековпен дос болған. Ол кісі қылышынан қан тамған «қы­зыл империя» кезінде 1932 жылғы аштық туралы поэма жазып, оны Күләнда апайдың құрметіне «Кү­лән­дам» деп атаған екен. Мәлік ағаның адамгершілігі, кісілігі тура­лы ауылдастары әлі күнге дейін ауыздарының суы құрып әңгімелейді. 1991 жылы Торғайда тұңғыш рет телеарна ашылып, елдің мәдени өміріндегі айрықша құбылысқа ай­налды. Осы саланың басына келісімен алғашқылардың қатарында Анарды жұмысқа шақырдым. Ол да жаңа бастамаға құлшына кірісті. Оның ең алғашқы хабары респуб­ликалық арналар арасында жоғары бағаланғаны әлі есімде. Маған оның лездемелердегі талқылау кезінде жұмыс барысында кездесетін кемшіліктерді ашық бетке айтатын мінезі айрықша ұнайтын. Кейбір әріптестері қарсы шыққанда оған қолымнан келгенше қамқорлық жасап жүрдім. Кейіннен Астанаға ауысып, елордада да жемісті жұ­мысын жалғастырып жүр. Әрине, адал еңбек, таза маңдай тердің еленбей қалған кезі бар ма? Анар да қатарынан оза шауып, бірнеше байқауларда бас бәйгені иеленді. Астана қаласының тарихы жайлы «Тарихтан – тәбәрік» кон­кур­сының жеңімпазы атанса, 2010 жылы журналистерге арналған «Нұрсұңқар» сыйлығын жеңіп ал­ды. Ал ел басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде атқарып жат­қан ауқымды істері, көпшілік көңілінен шықан мазмұнды мақа­лалары өз алдына бір төбе. Мен өз мақаламда қаламдас қарындасымның жұрттың көз ал­дын­дағы журналистік еңбектерін тізбелегеннен гөрі көпшілік біле бермейтін қырларын – ұшқан ұясын, өмірдің жарығын сыйлаған ата-анасы жайлы баяндағанды жөн көрдім. – Менің өзім негізгі маман­дығым бойынша биологпын, – дейді Анар, – Өткенде гендік өзгеріске ұшыраған өнімдер тура­лы талдама мақала жаздым. Сөйт­сек, адам ғана емес, кез келген дене өзінің геніндегі қасиеттерді алға апарушы бо­лып табылады екен. Оған келтіретін қызықты мысал­дар да жеткілікті. Анардың не жазса да зерттеп, зерделеп жазатынын білетін мен іштей құптадым. Сонымен қатар, халқымызға Анардай қыз сый­лаған, өмірден озған ардақты ата-аналарын еске алдым. Өзімнің оған деген құрметімді, ақ тілегімді ақтарыла айттым. – Аға, көңіліңізге рахмет, бірақ мен не қопарып тастаппын, қазақ­тың барлық қызы да мендей ғой, – деп күлді. Қазақ қызы. Шындығында да адал сүт емген аяулы қарын­дастарымыз үшін «Қазақ қызы» дегеннен артық марапат, одан артық құрмет бар ма? Күләнда апамның бір қасиеті біреудің отбасында торқалы той, топырақты өлім кездесе қалса: – Танымасаңдар да кіріп, көңіл жақындығын білдіріп шығыңдар. Адамдар бір-біріне, әсіресе, сондай кезде қажет, – деп қайталаудан шар­шамайтын. Әрине, өзі бақилық болған соң ондай ақыл айтып, кеңес беретін жанды жиі іздейтініміз жасырын емес. Алдымдағы телефоным шыр ете қалды. – Елдің бір азаматы қиын жағдайға душар болып қалыпты, кіріп шықтыңыз ба? Селк ете қалдым, сөйтсем Күләнда апам емес, Анардың да­уысы екен... Қонысбай ӘБІЛ, Қазақстанның халық ақыны.