• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
10 Қараша, 2011

Келешегі нұрлы аудан

342 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады. Төменде Маңғыстау облысындағы Мұнайлы ауданынан материалдар беріліп отыр.

КЕЛЕШЕГІ НҰРЛЫ АУДАН

Мұнайлы – Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баевтың Тәуелсіз Қазақстан тари­хын­да елімізде алғаш рет 2007 жылы 7 маусымындағы Жарлығымен құрылған аудан. Елбасы көрегендігімен шаңырақ көтерген ауданымыз содан бері күн санап өсіп, өркендеп келеді. Атажұртын аңсап келген қандас бауырларымыз негізін құрайтын елді мекендердің бүгін­гі тыныс-тіршілігі алып құрылыстар мен небір жасампаз істердің ортасына айнал­ды. Үш жылдың ішінде мың­да­ған тұр­ғын үйлер, бүгінгі күн тала­бы­на сай салын­ған ауылдар бой көтерді. Маңғыс­тау, Қызылтөбе, Баянды ауыл­дары аума­ғынан инженерлік инфра­құ­рылымы қа­рас­тырылған жаңа елді мекендер пайда болды. Үш селолық ок­руг құрылды. Бұл Тәуелсіз Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті, Ұлт көш­бас­шысы Нұрсұлтан На­зар­баевтың қандас бауырларымызға деген қамқор­лығы­ның бір белгісі. 2011 жылы еліміздің өміріндегі ерек­ше кезең. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығы тойланатын жыл. Соған орай барлық салада дерлік ілгері бас­қан­дық бай­қалады. Мысалы, аудан бойынша өнер­­кәсіп өнімдерінің көлемі өткен жыл­мен салыстырғанда, 1,3 есеге өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көле­мі 4333,9 млн. тең­ге­ні құрады. Ағымдағы жылы 8 серпінді жоба іске асырылуда. Елімізде үлкен мән беріліп, зор қолдауға ие болған шағын кәсіп­кер­лік те ой­дағыдай дамуда. Бұл бағыт­тағы жұмыс­тар, алдағы онжылдыққа арналған кәсіп­керлікті қол­дауға арнал­ған «Бизнестің жол кар­тасы – 2020» бағ­дар­ламасы бо­йын­ша жү­зеге асырылуда. Осы жылдағы соң­ғы мәліметке қараға­н­да, ауданда үш мың­ға тарта шағын кәсіп­керлік субъек­тісі тіркелген. Бұл өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда, 1,2 есеге көп деген сөз. Үдемелі индус­триялық-инно­ва­ция­лық дамудың мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында 2010 жылы «Ев­ро­строй-А» жауапкершілігі шектеулі се­ріктес­тігінің жобалық қуаты жылына 36 мың дана жабынды шығаратын темір-бетон өнім­дері зауыты іске қосыл­ды. Жал­пы, аудан бо­йынша 149 шаруа қожа­лығы бар. Оның 120-сы мал өсіру­мен, 29-ы егін шаруа­шы­лығымен айна­лысады. Қала маңын­дағы аудан үшін үлкен табыс деп айтуға боларлықтай жағдай осы жы­лы аграр­лық сектор бо­йынша жалпы өнім көле­мі 149,8 млн. теңгені құрады. Бұл өткен жыл­дың тиісті кезеңімен са­лыс­­тыр­­ған­да 3,6 есеге көп. Негізгі байлы­ғы­мыз ау­дан халқы­ның саны 2010 жыл­дың осы кезеңімен салыстырғанда 33 па­йыз­ға өсіп отыр. Ел болашағы сәби­лер өсімі де жоғары. Соған орай осы жылы Қызыл­төбе-2 және Баянды елді мекендерінен 280 және 40 орындық екі балалар бақ­ша­сы пайдалануға берілді. Қазір Бас­құдық селосында 280 орындық балалар бақ­ша­сының құрылысы жүріп жа­тыр. Аудан халқы санының қарқын­ды өсуіне қарай орта мектептер құры­лы­сы қар­қын алуда. Жаңа аудан­ның инженерлік ин­фра­құры­лы­мын да­мыту барысында үш жыл­да жал­пы сомасы 15,8 млрд. теңгені құ­рай­тын жобалар іске асты. Осы санау­лы жылдар ішінде барлық елді мекендерге электр жары­ғы мен газ құбыры то­лықтай тар­тылды. Жаңа аудандағы со­ны жаңа­лық­тың бірі 2007 жылы та­мыз айын­да Атырау темір жол бөлім­ше­сіне қа­райтын бұрынғы Маңғыстау темір жол торабы өз алдына отау тігіп, темір жол бөлім­шесі болып құрылды. Міне, бұл күн­дері аудан көлеміндегі Маң­ғыс­тау­дың темір жол қақпасынан бастау алған «Өзен Түркі­мен­­стан ше­кара­сы» темір жол желісі са­лы­­нып, жұ­мысшы поездары жүре бастады. Ауданның денсаулық сақтау, мә­де­ниет, өнер және спорт саласында да ілгері басушылық бар. Аудандық аурухана және емхана құрылыстарымен қа­тар, әр­бір тұрғын үй массивтерінен дәрі­гер­лік амбулатория құрылыстарын қолға алу жоспарлануда. Ауданымыздың келешегі кемел бола­тындығына күмән жоқ. Олай дейтініміз, жоғарыда айтқан өндірісіміз өркендеп, халық саны күн санап өсіп отыр. Соған орай өткен жылы Пір Бекет атаның 260 жылдық мерейтойы аясында Мұнайлы ауданы­ның болашақ орталығы Батыр ауылы­ның іргетасы салтанатты түрде қа­лан­ды. Жыл ба­сын­да екі пәтерлі 39 үй­дің құрылысы аяқталып 78 оралман отба­сы қоныс тойын тойлады. Қорыта айтсақ, елімізде Тәуелсіз­дік­тің ақ таңы атқанда алғаш рет ашыл­ған Мұнайлы ауданы үш-төрт жылдың ішінде дамудың даңғыл жолы арқылы биік белестерді бағындырды. Сайып келгенде, бұл Елбасының көрегендік саясаты­ның жемісі, ата-бабаларымыз сан ғасыр­лар аңсаған ел Тәуелсіздігі тарту еткен жарқын болашағымыздың бір көрінісі. Елубай ӘБІЛОВ, Мұнайлы ауданының әкімі.

* * *

АТАНЫҢ АСА ТАЯҒЫ ЕЛГЕ ОРАЛДЫ

Мен Пір Бекет ата ұрпағымын. Ата-бабамның кіндік қаны тамған киелі топырағына бас иіп, бала-шағаммен бірге еліміздің гүлденуіне өз үлестері­мізді қосуға деген ниетпен елге оралдық. Бала-шағам, бауырларым түгелдей келіп болды. Бүгінде зейнеткермін. Атаның екінші ұлы Байтелінің Құлмәмбет деген баласынан тараймыз. Құлмәмбеттің баласы Жортуыл, Жортуылдың баласы Сәли, Сәлидің баласы Аяпберген, Аяпбергеннің баласы мен боламын. Сол кездегі заманның қаталдығынан қаймығып, отбасының амандығын ойлаған аталарымыз, Бекет Атаның асасын шиге орап жасырып, Түркі­мен­станның Мары облысындағы ата ұрпақтары сақтап қалған.  Қасиетті асаның талас-тартыс кезде көрмеген қорлығы болмаған екен. Сынған жері де бар, алтыннан құйылған, арабша жазылған белгілері де жоғалған. Бірақ та осындай қиыншылықтарға қарамастан, атамыздың киелі көк асасын көздің қара­шығындай сақтадық. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты мен облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен сексен жылдан кейін Бекет Атаның асасы жарыққа шығып, туған топырағына қайта оралуы, жақсылықтың белгісі деп білемін. Бұл біздің рухани байлығымыз, бағасы жоқ  құндылығымыз. 1991 жылы әкем дүниеден өтті. Атамыздың асасы менің қолымда қалды.  Әкем ақ батасын беріп, жолдарын түсіндірген болатын. Соған орай үйде тұрған қасиетті асаны кез келгеннің қолына бермедік. Өзіміз де себепсіз ұстамадық. Сөйтіп, қасиетті тәбәрік елге оралды. Өткен жылы Бекет атаның 260 жылдығын еліміз түгелдей тойлады. Маң­ғыс­тауда ме­рейлі шаралар өтті. Осы жылдың қаңтар айында облыс басшысы Қырымбек Кө­шербаев жаңа ауданның болашақ орталығы Батыр ауылында «Нұрлы көш» бағ­дар­ламасы бойынша салынған ауылдан кең де сайлы пәтердің кілтін тапсырды. Қуа­ныш­қа бөледі. Осындайда ел басшыларын Ата әруағы қолдап, қорғап жүрсін дегім келеді. Тұрып жатқан үйіміздің іші кең, барлық жағдайы жасалған. Аудан орталығына жақын. Уақытында автобус та  келіп тұрады. Жақында жаңа мектептің іргетасы қаланды. Алдағы уақытта мешіттің және алғашқы медици­на­лық көмек көрсету орталығының құрылысы басталады деп жоспарлануда. Осының бәрі ел-жұртына көшіп келіп жатқан мен сияқтылар үшін атқарылған игілікті істер болып табылады. Бұл әрине, тек үлкен істің басы ғана. Жаңа ауданның, әулиелі маңғаз Маңғыстаудың жұртына бейбіт өмір тілеймін. Ел рухын көтеруге бағышталған қасиетті Пір Бекет атаның аса таяғы туған өлкемізде мәңгілік мекенін тапсын. Бердібек СӘНДІБЕКОВ, Пір Бекет атаның ұрпағы. _______________________ Дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі Жоламан БОШАЛАҚ.