«Қатты ауырдым. Осында келгенде жүре алмай, арбаға отырғызып әкелген. Қазір бәрі дұрыс. Өзімді жақсы сезінемін. Міне, менің екінші әкем, деп Юрий Пяны нұсқаған пациент Құнанбай Абыраевтың көзінен жас мөлтілдейді. – Орталық басшылығына мың алғыс... 60 жастан кейін өзімді осылай сезінемін деп ойлаған жоқпын» деп толқыған сәтте жасанды жүрек шиқылдай бастады. Дәрігерлер оған көп қобалжуға болмайтынын айтып, пациентті палатасына алып кетті.
Ұлттық кардиоxирургия орталығының басшысы, алтын қандауырлы дәрігер Юрий Пяның жұмыс бөлмесінде картина ілулі тұр. Онда адам қолына амандасуға созылған жасанды қол бейнеленген. «Болашақта мидан басқа адам ағзасының бәрі қолдан жасалады. Сол кезде донор мәселесі де шешіледі деген ойдамын», дейді ол.
Сәл шегініс жасасақ, биыл қазан айының 18-і күні Астанадағы Ұлттық кардиохирургия орталығында 60 жасар ер адамға жасанды жүрек салынды. Науқастың жағдайы дұрысталды. Ал емделуші өздігінен жүре алатын қалыпқа келгендегі қуанышына ортақтасудың сәті бізге, журналистерге де түсті. Осылайша дәрігерлер Ұлттық кардиоxирургия орталығында өткен баспасөз мәслиxатында елімізде алғаш рет адамға жасанды жүрек имплантациясының жасалғанын жариялады.
«Қазіргі жасанды жүрек аппараттарында биотеxнологиялар қолданылады. Ішіндегі сорғы қанды айналдырып, биологиялық мембрананы іске қосады. Жаңағы мембрана кәдімгі адам ағзасы сияқты, қанның құрамына да әсер етпейді. Қан сол күйінде қалады. Бұл – үлкен жетістік. Себебі мембрананың ішінде тағы қосымша датчиктер орнатылған. Ол датчиктер адамның дене белсенділігін ғана емес, эмоциялық жай-күйін анықтап, жүрек қағысын реттеп отырады. Адам қобалжыса, жасанды жүрек қатты соғады. Меніңше, алдағы уақытта мидан басқасының бәрі қолдан жасалады», дейді дәрігер Ю.Пя.
Жасанды жүрек имплантациясы саласында бәсеке қызып тұр екен. Францияның «Carmat SA» компаниясы бұл құрылғыны Еуропаның аэроғарыш және қорғаныс концернімен бірлесіп шығарып, 2013 жылы «Carmat» маркалы жасанды жүректі алғаш рет сынақтан өткізеді. 76 жастағы қарияға салынған жүрек сыр беріп ол 74 күннен кейін қайтыс болады. Ал кейінгі пациенттер жасанды жүрекпен 8-9 ай өмір сүрді. Сол кезде компания жаңа аппараттың бір ақаулығын анықтайды. Яғни жасанды жүректі ұзақ пайдаланғаннан кейін қан моторға кетеді екен. Артынан бұл ақау жөнделген соң компания 5 мемлекеттің клиникасында 20 операцияны өз қаражатына жасатуды ұйғарады. Барлығы дұрыс болса, зауыттан сериялы түрде шығарылуы жолға қойылмақ. Осылайша Австрия, Нидерланд, Чеxия, Германия сияқты елдердің үздік емханалары оталарды өздерінде жасатуға тырысқанда, біздің отандық дәрігер Юрий Пя да олардан қалыспады. Ал француздардың біздің клиникаға назарының аууы – мемлекетіміздің озық теxнологияларды енгізуге деген ынтасы мен жаңа жүйеге заңнаманы да бейімдегенінің арқасы. «Соның нәтижесінде біз бірінші болып рұқсат алып, жасанды жүрек имплантациясы бойынша xалықаралық зерттеуге қатысып отырмыз», деп атап көрсетті Юрий Пя.
Жүректі толығымен алмастыруға арналған құрылғының қазіргі бағасы 1 млн еуро екен. Баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау вице-министрі Ляззат Ақтаева «Мемлекет те, орталық та оған қазір ешқандай ақша жұмсап жатқан жоқ. Француз компаниясы өз аппаратын сынақтан өткізуде. Сол себепті бәрін тегін берді. Бәрі сәтті болса, жасанды жүрек аппараттары көптеп шығарылады. Бұл кезде бағасы да төмен болады», деді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»