Орал қаласында «Жомарт жүрек-2017» атты меценаттар форумы өтті. Форум аясында бірнеше шара өтіп, оған өнер мен білім, саясат пен экономика саласында жүрген оралдықтар шақырылды.
Әуелі «Туған өлкем – тірегім» атты жастар форумы TEDTalks форматында өтті. Назарбаев зияткерлік мектебіндегі кездесуде Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова, саясаттанушы Саясат Нұрбек, «Қазақстан-2050» қозғалысының жетекшісі, кәсіпкер Мұxтар Манкеев спикер санатында сөз алды. Көпшілік жастар Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің кітап оқудың пайдасы туралы әңгімесіне ықыласпен құлақ түріп, қол соқты.
Форумның мақсаты – туған өлкеге деген сүйіспеншілік арқылы Елбасының «Руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында белгіленген негізгі мақсаттарды жүзеге асыруға жаңа серпіліс беру, ғылым-білім, өнер, денсаулық сақтау, спорт және азаматтық бастамаларды күшейтуге ықпал жасау, дейді шараны ұйымдастырушылар.
Бұл күнгі шараларға әлемге әйгілі альпинист, дүние жүзіндегі барлық «сегізмыңдық» шыңды оттегі балонынсыз бағындырған Мақсұт Жұмаев, әлемге әйгілі скрипкашы Марат Бисенғалиев, сенатор Нариман Төреғалиев, танымал өнер қайраткері, «Әзіл әлемі» әзіл-сықақ театрының директоры Тұрсынбек Қабатов, «Азаматтық бастамалар зерттеу орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Нұрлан Өтешев арнайы шақырылған. Меймандар «Руxани жаңғыру» бағдарламасының 4 негізгі кіші бағдарламалары – «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Руxани қазына» және «Ақпарат толқыны» бойынша семинар-тренингтер өткізді. Бұл шараларға «100 жаңа тұлға» жобасына есімдері енген батысқазақстандық пианист Саида Қалықова, ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы Ақсерік Әйтімов, Зеленов аудандық ауруханасының медбикесі Елена Шушлебина да қатысты.
Шартараптан жиналған жерлестер басқосуының қорытындысы – «Жомарт жүрек-2017» меценаттар форумы болды. Форум алдында Орал қаласы мен аудан әкімдері Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы ауқымында 2018 жылға жоспарланған жобаларды таныстырды. Батыс Қазақстан облысында бүгінде 1230-ға жуық меценат бар екен. Олар биыл 851 қайырымдылық шарасына қолдау көрсеткен.
– «Туған жер» бағдарламасы аясында 600-ден астам жоба ұсынылды. Көрмеге соның 260-тан астамын іріктедік. Жыл соңына дейін ұсынылатын жобалар саны көбейеді деп отырмыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Жомарт жүрек-2017» меценттар форумы Орал қаласында бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Туған жерін абаттандыруға кез келген азамат үлес қоса алады. Олардың қаражаты «Ақжайық» қорына жиналады, – деді көрме кезінде облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Салтанат Тұманбаева.
– Әрбір Қазақстан азаматы үшін туған жерінің көсегесін көгертуге атсалысу – парыз. Халқымызда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Осы игі істі асыруда бүгін батысқазақстандықтар да шет қалмады, – деді өз сөзінде өңір басшысы Алтай Көлгінов.
Облыс әкімі 178 млн теңге қаржыға өз ауылына дене шынықтыру-спорт кешенін салып берген Александр Аитовты, өзі туған Сарықұдық ауылына фельдшерлік-акушерлік пункт салып, бүкіл құрал-жабдығымен қамтамасыз еткен қазталовтық Нұрлыбай Жолдыбаевты, жақын күндері Орал қаласында ашылатын «Рухани жаңғыру» музейін жөндеуге көмектескен кәсіпкер Мұратбек Мұхамбедиевті үлгі етіп айтып өтті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынғалы Батыс Қазақстан облысында 62 жоба жүзеге асыпты. Оның 7-уі – білім саласында, 1 жоба – денсаулық сақтау саласында, 10-ы – инфрақұрылымды жақсарту, 9-ы – спорт саласында атқарылған. Осы бағдарлама аясында 2 мәдениет үйі жөнделіп, 16 ескерткіш орнатылған.
Батыс Қазақстан облысының әкімі А.Көлгінов алдағы жылы атқарылатын шаралар туралы да айтып өтті.
– Біз үш үлкен жобаны қолға алғалы отырмыз. Оның бірі – Қазақстанның 100 киелі нысаны қатарына енген ортағасырлық Жайық қаласының орнында ашық аспан астындағы музей ашу. Екіншісі – Астанадағы «Атамекен» этно-мемориалды кешенінің үлгісімен Орал қаласында Қазақстанның 100 киелі нысанының шағын бейнесінен «қасиетті Қазақстан» картасын жасау. Ал үшінші жоба – сал ауруына шалдыққан балалардың күндіз уақыт өткізіп, емделуіне арналған әлеуметтік үй ашу. Бұл жобалардың барлығы да бюджет қаржысын пайдаланбай, демеушілердің қолдауымен атқарылады. Жалпы, 2018 жылы біздің облыста меценаттардың көмегімен 1 млрд 500 млн теңгенің жұмысы атқарылады деп отырмыз, – деді Алтай Көлгінов.
Форумда бір топ меценат «Жомарт жүрек-2017» аталымымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың арасында ірі кәсіпорындар мен құрылыс комбинаттарының басшылары, жеке кәсіпкерлер мен жергілікті мәслихат депутаттары бар.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
ОРАЛ