• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 13 Желтоқсан, 2017

Ақмола облысындағы киелі орындар

1538 рет
көрсетілді

Ақмола облысында киелі орындар көптеп саналады. Дей тұрғанмен, зерттеу жұмыстары селқос жүргізіліп келді. Тек соңғы жылдары бұл мәселеге ерекше көңіл бөліне бастаған сыңайлы. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланғаннан кейін ғана сең қозғалды. Осы күндері нендей шаралар атқарылып жатқанын өз көзімізбен көру үшін баспасөз турымен киелі жерлерге жол тарттық. 

 

Бұл өңірде жиырмаға тарта киелі жер бар. Соның бір бөлігі республика­лық киелі жерлер картасына енгізіліп, қалғаны облыстық тізімнен орын алып отыр.

Сауапты сапарды біз бертінге дейін жұрт назарынан тыс қалып келген Зеренді ауданының «Қазақстан» ауылынан 2-3 шақырымдай жерде орналасқан Уәли хан мазарынан бастадық. Мазар 2008 жылы Уәли ханның 270 жылдық мерейтойына орай арнайы тұрғызылған екен. Содан бері бұл жерге келушілер қатары арта түскен көрінеді. Ақкөл ауылдық округінің әкімі Бақыт Ысқақов былай дейді: «Бүгінгі күнге дейін Уәли ханның мазарына Германия мен Ресейден адамдар келді. Жалпы, бұл жер ауыл ғана емес, республикалық деңгейдегі қасиетті орын саналады. Мұның бәрі Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүргізілуде». 

Алматы қаласынан келіп, осында өз шаруашылығын жүргізіп жатқан «Азия АгроХим» ЖШС-нің директоры Борис Козлов мазарды айнала қоршап келген кісілер тынығу үшін орындықтар орнатыпты. «Бұл жерде әлі көп жұмыс­тар жүргізіледі. Көшеттер отыр­ғы­зып, жолды жөндейміз және шырақ­шы қоюды жоспарлап отырмыз. Мазар­дағы жұмыстардың барлығы да Уәли хан ұрпақтарымен келісіліп жүзеге асырылады», деді Б. Козлов. 

Сөз реті келгенде айта кету керек, Уәли хан қазақтың бетке ұстар ұлы тұлғалары сияқты Түркістан қала­сында емес, өзі кезінде хандық құр­ған жері, яғни осы қорымда жерленген. Хан мазарының біраз уақытқа дейін көпшілік назарынан тыс қалып келгені де сондықтан болса керек. Аға ұрпақ «Хан сүйегі жатқан жер» немесе «Хантөбе» деп қастерлеп, қолдарынан келгенше төбедегі төмпешіктерді ағаш қоршаулармен қоршап, ешкімге бастырмай келіпті. Тек 2008 жылы қабырғаларының биіктігі 8 метрді құрайтын кесене тұрғызылған. Мазар Уәли ханға тиесілі екендігін араб әріптерімен шағатай тілінде жазылған тас тақтайша білдіріп тұр. Бір кездері осы тас тақтайша «Қазақстан» ауылы­ның маңайына апарылып тас­талған көрінеді. Оны ауылдың қарт кісілері байқап, қайта әкеліп өз орнына қойыпты. Оның Уәли ханға тиесілі екендігін тек 2007 жылы Алматыдағы Шығыстану институтының ғалымдары анықтап берген. 

Кесененің артқы жағында Уәли ханның анасы Сайманханым және бәйбішесі жерленген. Егер тарихқа зер салсақ, Орта жүз ханы Уәли 1738-1821 жылдары өмір сүріпті. Ол 38 жылдай хандық құрғаны тағы мәлім. Әкесі Абылай хан қайтыс болғаннан кейін елді басқарған Уәли патшалы Ресей әкімшілігі тарапынан қолдау тапқан қазақтың соңғы ханы саналады. Орта жүздің ханы ретінде Уәли ханмен патша өкіметі санасып, қазақ даласындағы кейбір мәселелер бо­йынша кеңесіп отырғанға ұқсайды. Осылайша Қазақстан тарихында Уәли ханның мемлекет қайраткері ретіндегі рөлі мен сол дәуірдегі дипломатиялық қызметінің өзіндік орны бар. 

Бұдан кейін жолымыз Уәли хан­ның тұсында өмір сүрген Қарауыл Қосағалы батыр мазарына түсті. Оның зираты Зеренді ауданындағы Азат тауында жатыр. Тау басында да­мылдап жатқан батырдың басына мазар көтеру жұмыстары әлі де жүр­гізілуде. Батырдың жатқан жері Ақмола облысының қорғалатын тарихи-мә­де­ни ескерткіштер тізіміне енгізілген­дігін айта кеткен ләзім. Қосағалы Төлекұлының сегізінші ұрпақтары саналатын Марат Оспанов пен Сағынтай Шәймерденов бабалары туралы біраз жайтты әңгімелеп берді. Олардың айтуларына қарағанда, батырдың бойы 276 см болғанға ұқсайды. Алып та ауыр денені кез келген ат көтере алмапты. Сондықтан да өзіне сай тұлпар мінген көрінеді. Кезінде батыр бабамыз Ресейге елшілікке барғанында Екатерина ІІ патшайым алтынмен апталған шапан жауып, «князь» атағын берген көрінеді. Бүгінгі таңға дейін батырдың атымен аталатын жер-су атаулары да кездеседі. Сондай-ақ сапар аясында Айдарлы ауылындағы Алабас-бүркіт мүсінің тамашалауға да мүмкіндік туды. 

Бұл жәй бүркіттерге арналып орна­тылған ескерткіш емес, ол ел басына қиындық туған кезде аң мен құс аулап елді асыраған қыран құсқа орнатылған мүсін. Оның иесі Дүйсеннің анасы – Қаздауысты Қазыбек бидің қарындасы. Бала Дүйсен 16 жасқа дейін нағашысының қасында өсіп, оның бойындағы бар дарынын өзіне сіңіре білген жан көрінеді. Шешендігімен таныла білген ер жігіт аңға шығып, саятшылық құрған. Сонымен қатар домбырамен ән де айтса керек. Ел басына қиындық туған сәтте ол өзінің Алабас бүркітімен аң мен құс аулап, көмек қолын созған деседі. Бізге белгілісі, шешендігімен әрі әділдігімен ел арасында би атанған Дүйсеннен тоғыз ұрпақ тараған көрінеді. Кенже ұлының ұрпағы саналатын Күләш Рақымжанованың айтуынша, жалпы Зеренді ауданында тұратындардың басым көпшілігі сол Дүйсенбай бабасынан тараған. Би ұрпақтары 2012 жылы 30-ға тарта киіз үй тігіп, ас беріпті. Алабас бүркітке ескерткішті сол кезде орнатқан көрінеді. Бұл жерде Дүйсен би Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленгендігін айта кеткен орынды. Ұрпақтары алдағы уақытта ауыл мектебін сол кісінің атымен атап, ескерткіш те орнату ойларында барлығымен бөлісті. 

Баспасөз туры аясында Бөгенбай би ауылына соқпай кету мүмкін емес еді. Жалпы, Бөгенбай Құттықадамұлы – 1761 жылы Зеренді ауданы қазіргі Лосевка жерінде өмірге келген. Абылай ханды көзі көрген, Кенесары хан тұсында талай ұрыс-тартыстарда ерлік көрсеткен. Ел арасындағы шешілуі қиын түйіндерді шеше білген би әрі жау­жүрек батыр. Одан тараған ұрпақтар бүгін­­де Айдабол, Бөгенбай және Сандық­тау жерлерін қоныстанған белді де бедел­ді азаматтар. 2003 жылы жергілікті тұрғындар Лосевка ауылына тарихи атауын беруді өтініп, мәслихат сессия­сында қаралғаннан кейін 2007 жылы толықтай Бөгенбай би ауылы болып өзгертілген. Бөгенбай бидің шөбересі 86 жастағы Сабырбек Хамзаұлы мазарды көкшетаулық Төлеген мен Бекзат есімді азаматтардың тұрғызғандығын алға тартты. Осылайша біз өңіріміздегі тарихты тағы бір қырынан көрсетуге тырыстық. 

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы