• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Желтоқсан, 2017

Ауылды көтермей, ауыл шаруашылығы көтерілмейді

703 рет
көрсетілді

Қазір ақпарат құралдарында азық-түлік түрлерінің са­пасыз­дығы туралы жиі айты­лады. Шынында да мысық ішпейтін сүттердің түрі көп екен, олардың жемейтін шұжықтары да бар болып шықты. 

Қарап отырсақ соңғы жылдары нәрестелердің ауру болып­ тууы, бұрын болмаған ауру түрлерінің көбеюі, психологиялық ауытқулар, өзін өзі өлімге қию сынды оқиға­лар­дың жиілеп кеткені осындай түрлі химикатқа толы шетелдік тамақ­тарды пайдаланудан емес пе деген ойға жетелейді. Егер шөп шықпайтын сахарада, шө­лейт өлкеде тұрсақ бір сәрі. Қазақ­стан­дай бай өлкеде тұрып, ауыл­шаруашылық өнімдерін жеткілікті өндірмеу ұят деп ойлаймын. Ас­тық өндірісін айтпағанда, 1990 жылдардың басында республикада қой саны 40 миллионға, жылқы 1 млн 300 мыңға, ірі қара 9,5 млн басқа жетті. 30-ға тарта құс фабрикасы болды. Жылына 1 миллион тонна ет өндіріліп, 650 мың тоннасы шетке шығарылатын. Сүт өнімдері сырттан әкелінбейтін. Көкөніс, жеміс-жидек өнімдері рес­публика көлемінде тұрғындарды толық қамтамасыз етуге жететін. 

Қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Дүкен сөрелеріндегі азық-түліктің біразы шетелдерден әкелінеді. Әри­не, аштан өліп, көштен қалып жат­қанымыз жоқ, шикізат саласынан түскен мол қаражат елдің экономикалық жағдайын біршама түзеді. Соның арқасында көптеген әлеу­меттік мәселелер шешілуде. Бірақ халықты алаңдататын жайттар жеткілікті. Ол – бірінші кезекте ауылдың жағдайы, ауыл шаруа­шылығының ахуалы.

Қазір алтын бесік ауылымыз­дың даму деңгейі төмен. Бұрын бірнеше мың адам болған кеңшар орталықтарында 600-700-дей адам қалған, 600-700 бала оқитын мектепке 90-100-дей бала барып жүр, ауылдан көшіп кетіп жатқандар әлі де көп. Ауылда мал бағудан бас­қа жұмыс аз. Ал ауылда шаруашылықты көтеру шешімі табылмайтындай мәселе емес. Соңғы 10-12 жылда бұл салаға бөлінген қаражатқа ауылшаруашылық өнді­рісін дамытудың жаңа жүйе­сін қалыптастыруға болатын­ еді, бірақ түбегейлі өзгеріс бай­қал­май­ды. Себебі ауыл шаруашы­лығын дамытудың айқын тұжырым­да­масы белгіленбей, уақытша жос­пар­лар­мен мол қаражат жел­ге ұшып жатыр. Оның жай-жап­сары «Егемен Қазақстан» газетін­дегі экономика ғылымының док­­то­ры Ата­мұрат Шаменовтің «Ай­қын­ аг­рарлық саясат керек» (24.11.2017 ж) деген мақаласында ай­тылды, біз оған қосыламыз. 

Экономика ғылымында «Ба­зис», «Қондырма» деген бұлжыт­пас қағи­да бар, екеуін терең, жан-жақты ойлап байланыстырмаса, нәтиже шықпайды. Қазіргі біздегі жағдай бұған қарама-қайшы. Мал жоқ жерге бордақылау алаңын салады, қой жоқ жерге қозы сою цехын салады, ешкі жоқ жерде ешкі сүтін өндірмекші боламыз. Яғни «базисі жоқ, кілең қондырма» жо­балар. Өндіріс бұлай дамымайды. Ауыл шаруашылығын да­мы­тудың ең басты бағыты ауылдан басталуы керек, адамның тікелей қатысуынсыз бұл сала өр­кендемейді. 

Тың және тыңайған жерлерді игерудің қиыншылығын да, нәти­жесін де көрген халықпыз ғой, Үкі­мет шындап қолға алса, ауылда ха­лықты тұрақтандыруға болады. 1980 жылдары «ауылды қалаға те­ңейміз» деген ұран айтылып, оны жүзеге асыруға жақындап та қал­ған едік. Қазір соны түбегейлі іске асыруға толық мүмкіндік бар. Ел­ді мекендер газдандырылып, үйлер­ге су құбырлары тартылуда, жолдар салынуда, интернет байланысы да бар. Егер ел қаланы бетке алып көше берсе, осы игі істердің нәтижесін кім көрмек?!

Басты мәселе – ауылға жас­тар­­ды көптеп тарту. Ол үшін ипо­те­калық үйлерді керек жерге көп­теп салу қажет, ынталандыру шараларын міндетті түрде ойластырған жөн. Бұл мәселені шешкеннен кейін тұрғындарға мал азығын дайындауға көмектесу керек. Кез келген ауылда 300-400 сиыр сауылса және ол сүт сол жерде қабылданса, республиканы отандық таза сүт өнімімен қамту­ға болар еді. Әрине, ша­ғын фермерлермен, жеке шаруашы­лықтармен ет пен сүт, тағы да­ бас­­қа тамақ өнімдеріне деген сұранысты түпкілікті ше­ше ал­май­мыз. Сондықтан болашақ­та ірі-ірі ұжымдық шаруа­шы­лық­тарды, кооперативтік құрылым­дарды, тағы да басқа тиімді ауылшаруашылық салаларын құр­ған дұрыс деп ойлаймын. 

Қазір қиюы кетіп тұрғанымен, ауыл шаруашылығының өткені көп­­­тің көз алдында. Оны кеңес зама­нындағыдай болмағанмен, соның үлгісінде жаңаша қалыптас­тыруға болады. Бұл өте үлкен де күрделі жұмыс, көптеген заңдар мен заңнамаларды қайта қарап, өзгертуге тура келеді. Бірақ елдің жер жағдайы жақсы, экономикалық мүм­кіндігіміз бар, интеллектуалдық капиталымыз да жеткілікті. Ендігі кезекте ел болашағы үшін маңызды мұндай жұмысты түбегейлі қалып­тастыру үшін тікелей Президентке бағынатын тәуелсіз ұлттық комиссия құрған жөн деп есептейміз. Оның құрамында ауыл шаруашылығының қыр-сырын жақсы білетін тәжірибесі мол мамандарды, ғалымдарды, фермерлерді, тағы басқаларын тарт­қан жөн болар еді.

Нұрлан ІЗТІЛЕУОВ,  ауыл шаруашылығы ардагері

Орал