• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Парламент 15 Желтоқсан, 2017

Конституциялық заң қабылданды

424 рет
көрсетілді

Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы өтіп, онда Қазақстан мен Грузия арасындағы Қазақстан Үкіметінің Грузия Үкіметіне берген мемлекеттік кредиттері бойынша Грузия Үкіметінің берешегін қайтадан қайта құрылымдау туралы үкіметаралық келісім ратификацияланды. 

2017 жылғы 13 маусымда қол қойылған Келісім Париж клубына несие беруші мемлекеттер өкілдерінің 2001 және 2004 жылдары Грузия үкіметімен келісіліп қол қойылған хаттамалардың шарттары бойынша, сондай-ақ Қазақстан мен Грузияның қолданыстағы келісімдері есепке алынған Грузия Үкіметінің мемлекеттік несиелері бойынша Грузияның берешегін қайтадан қайта құрылымдауды көздейді. Ал Келісімге сәйкес 2017-2025 жылдар аралығындағы кезеңде Грузия тарапының төлемі 37 997 815 АҚШ долларын құрайды. 

Сонымен қатар осы күні сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір конс­титуциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конс­ти­туциялық заңын да қабылдады. Заңда сот жүйесі, мемлекеттік рәміздерді орналастыру, Конституциялық Кеңес, «Астана» халықаралық қаржы орталығы мәселелері бойынша конституциялық заңдардың жекелеген ережелері айқындалған.

Сондай-ақ заң жобасында «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Конституциялық заңға Конс­ти­туциялық Кеңес төрағасы мен мүшелерінің ант беру тәртібін Президент айқындайтыны туралы түзету енгізіліп, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңда Тұңғыш Президенттің мәртебесі нақ­тыланды. Осыған орай, «Қазақстан Респуб­ликасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң­ға сот төрелігін қамтамасыз етуді ұйым­дастыруға тікелей байланысты лауазымдарды алмастыру тәртібін белгі­леуге бағытталған өзгерістер мен толық­тырулар енгізілді.

Конституциядан «Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдар» ұғымының алынып тасталуына байланысты «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңға мемлекеттік рәміздерді орналастыру тәртібін белгілеу жөніндегі түзету­лер ұсынылды. Сақтандыру және банк қызметінің дамуына, қаржы техноло­гиясының, электрондық коммерция мен инновациялық жобалардың жетілдірілуіне байланысты «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңда Орталықтың міндеті ұлғаятын болды.

Осы күні сенаторлар «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да қарады. Заң жобасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманы одан әрі жетілдіруге, әкімшілік-құқық бұзушылық заңнамасын ізгілендіруге, бизнеске қы­сымды азайтуға, жекелеген процестік ережелерді жүйелеуге, сондай-ақ құқықтық олқылықтар мен қайшылықтарды алып тастауға бағытталған. Яғни Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске әкім­шілік құқық бұзушылықтың жекелеген құрамдары бойынша әкімшілік айып­пұлдар мөлшерін төмендетуді, ескерту инс­титутын қолдануды ұлғайтуды, жеке тұл­ғаға салынатын айыппұлдардың ең жо­ғары шегін бес жүз айлық есептік көрсет­кіштен екі жүзге дейін азайтуды, қысқар­тылған іс жүргізуді қолдану аясын ұл­ғай­туды, қызметтің жекелеген түрлерін тоқтатуға негіз болған тәртіп бұзушылық жөнделген кезде берілген рұқсаттың (немесе оның жекелеген қосым­ша­ларының) күшін мерзімінен бұрын қайта жаңғыртуды, жекелеген қызметті немесе әрекетті жүзеге асыруға берілген рұқсат беру құжаттарының күшін жоюды немесе тоқтатуды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Сонымен қатар, кішігірім, мардымсыз тәртіп бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершіліктен босату тетіктері де назардан тыс қалмаған. Одан басқа, әкімшілік тәртіп бұзған адамды әкімшілік жазасының бірі ретінде жиырма төрт сағатқа дейін қамауға алу жөніндегі әкімшілік ұстау мерзімін белгілейтін толықтыру енгізіледі.

Аталған заң жобасын екінші оқы­лым­да қаралып, Конституциялық заңна­ма, сот жүйесі және құқық қорғау орган­дары комитетінің ескертпелері мен ұсыныс­тары басымдыққа алынып, Мәжілісте мақұлданған заң жобасына негізгі бағыттар бойынша мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болды.

Заң жобасы «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасының Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзге­ріс­тер  мен толықтырулар енгізу туралы» 2017 жылғы 11 шілдедегі заңның ереже­лері­мен сәйкестендірілді. Әкімшілік құқық бұ­зушылықтар туралы істерді қарау жө­ніндегі сот пен өкілетті орган (олар­дың лауазымды адамдары) арасын­дағы құзыреттердің аражігі ажыратыл­ды. Барлық рұқсаттама құжаттың емес, тек оның этил спирті мен алкоголь өнімдерінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнаманы, өндіруші мен импорттаушының алкоголь өнімдерін маркалау (қайта маркалау) қағидаларын бұзғаны үшін жекелеген кіші түрлерінің қолданысынан айыру немесе тоқтата тұру туралы және Кодекстің құрылымдық бөліктерінде сілтемелер келтірілді. Осылайша, заң жобасының ішкі қайшылықтары жойылып, сенаторлардың түзетулерімен Мәжіліске жіберілді.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»