• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
11 Қараша, 2011

Сыздық БАЙМҰҚАНОВ: Біздің мақсатымыз - отандық тұтынушыларды әрі сапалы, әрі арзан дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету

377 рет
көрсетілді

«СҚ-Фармация» ЖШС 2009 жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасындағы фармацевтикалық саланың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, дәрілік заттарды мемлекеттік сатып алуды бір жерге шоғырландыру жолымен фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту мақсатында құрылды. ЖШС негізінен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің аясында дәрілік заттарды сатып алу мен жабдықтаушыларды қамтамасыз ету бағытында бірыңғай дистрибьютордың қызметін атқарады. Сондай-ақ, ол «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның құрылымына кіреді. Біздің сұхбаттасымыз – «СҚ-Фармация» ЖШС-нің басқарма төрағасы Сыздық БАЙМҰҚАНОВ компанияның құрылған күнінен бастап бүгінге дейінгі жеткен жетістіктері, алға қойған мақсат-міндеттері жөнінде әңгімелейді.

– Сыздық Асылбекұлы, сіз бас­шылық ететін компанияның құрылғанына біршама уақыт өт­ті. Яғни, «СҚ-Фармация» ЖШС өзін бірыңғай дистрибьютор ретінде танытқан кезеңде жеткен жетістіктер мен қордаланған мә­селелер төңірегінде әңгіме қоз­ғайық. Алғашқы сәтте жұмысты неден бастадыңыздар? Жылт еткен жаңалықты қатардағы ше­неу­ніктер мен стационарлық ме­ке­мелердің басшылары қалай қабылдады? – Әңгімемізді әріден басталық. Қазақстанда бірыңғай дистрибьютор пайда болғанға дейін, дәрі-дәрмектермен, медициналық бағыт­тағы бұйымдармен (ДД және МББ) және медициналық техникамен қамтамасыз ету жүйесі кепілдендірілген тегін дәрігерлік көмек көр­сету көлемі шеңберінде жеке жүр­гізілді. Яғни, бюджеттің қаражаты орталық, аймақтық және жеке меншік клиникалар арасында бөліске түсті. Оның үстіне диабет, онколо­гиялық ауытқулар, құрт сияқты әлеуметтік маңызы бар ауруларға қатысты препараттық жабдықтау­лардың 20 пайызы ғана республи­калық деңгейде сатып алынды. Сонымен бірге, вакцина сатып алу да орталықтандырылған желіде жүргізілді. Дәрі-дәрмектердің негізгі бөлігін, яғни, 60 пайызын – ай­мақтық әкімдіктер, ал 20 пайызын – денсаулық сақтау мекемелері сатып алды. Жасыратыны жоқ, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуде осындай орталықтандырылған жүйе­нің тұрғындарға медициналық көмек көрсетуде істің нәтижесі мен сапасын төмендеткен осал тұстары да болды. Біріншіден, аймақтар бойын­ша бағаның тұрақсыздығы байқалды. Тіпті, бір облыстың ме­дициналық мекемесіндегі сандар бір-біріне өзара сәйкес келмеген кез­дері де бар. Бұл мәселеге дәрі-дәр­мек өндірушілер, денсаулық сақ­­тау басқармалары және стационарлар арасындағы делдалдар санының көптігі әсерін тигізді. Арадағы осын­дай делдалдардың араласуы­мен аймақтардағы дәрі-дәрмектер мен медициналық құрал-жабдық­тар­дың сатылу бағасының айырма­шылығы 100 немесе одан да жоға­ры пайызды құрауы мүмкін еді. Мәселен, республика бойынша орташа есеппен дистрибьютор компа­ниялардың бірінші маржасы шамамен 20-30 пайызды құрады. Дәрі­ханалардың дәрі-дәрмектерді қым­баттатуы да – соншалықты. Осы­ның нәтижесінде соңғы тұтынушы дәрі-дәрмектерді және медицина­лық бағыттағы бұйымдарды шамамен 60 пайызға дейін қымбат ба­ғамен сатып алды. Сонымен қатар, ақпараттық-логистикалық жүйеде нәтижеліліктің болмауынан да жағ­дай қиындай берді. Әрине, дәрі­герлік мекемелерді дәрі-дәрмектер­мен және құрал-жабдықтармен дер уақытында қамтамасыз ету үшін ақпараттық-логистикалық жүйенің атқаратын рөлі зор. Екінші қиын­дық – дәрі қоймалары мен меди­циналық ұйымдарда дәрілік пре­параттардың сақталуы мен пайдалану тәртібіне қатысты тиісті бақы­лау жасалмады. Соның салдарынан дәрі-дәрмектер өздерінің фармако­ло­гиялық қасиеттерін жоғалтты. Өкінішке қарай, осы тұста отандық дәрі-дәрмек өндірушілерге сенімсіздікпен қарау сияқты пост­кеңес­тік кезеңнің кейбір мәселелері туын­дады. Сөйте келе, «импорттың барлығы сөзсіз керемет» деген пікір қалыптасты. Дәрі-дәрмектер мен медициналық бағыттағы бұйым­дарды мемлекеттік сатып алудағы қазақстандық мазмұнның көр­сет­кіші төмен болғандықтан, денсау­лық сақ­тау саласындағы бюджеттік бағдар­ламалардың әкімшілері отан­дық дәрі өндірушілерді ынталан­дыра алмады. Сонымен қоса, халық­аралық дең­гей­де өнім өндіретін компаниялар үшін халық аз шоғырлан­ған және медициналық ұйымдар бір жерге топтастырылмаған қазақстан­дық фармакологиялық нарық тиімсіз болып саналды. Сондықтан да, ара­дағы делдалдармен ғана жұмыс істеген халықаралық компаниялар аз көлемдегі партияларды біздің на­рық­қа жеткізуге қызығушылық та­ныт­қан да жоқ. Ал Қазақстан Үкі­меті бірыңғай дистрибьюторлық жүйе құру туралы шешім қабылда­ған кезде кепілдендірілген тегін дәрігерлік көмек көлемі шеңберінде барша қазақстандықтарды әрі сапа­лы, әрі қолжетімді дәрі-дәрмектер­мен қамтамасыз етуді негізгі мақсат етті. Дегенмен, жылт еткен жаңа­лыққа жұрттың қай кезде де сенімсіздікпен қарайтыны белгілі емес пе? Бірыңғай дистрибьюторлық жүйе құрылғанда да алғашында осын­дай жағдай туындады. Алайда, бастапқы кезде Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен және белсенді жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде біз бұл сенімсіздікті жеңдік. Сөйтіп, аз ғана уақыттың ішінде осынау күрделі жобаны жүзеге асырдық. Яғни, Қазақстанда дәрі-дәрмектермен халықты қамта­ма­сыз етудің жаңа, неғұрлым ұйым­дасқан және өркениетті жүйесін іске қосуға болатынын дәлелдеп бердік. Арада біраз уақыт өткенде отандық медициналық ұйымдар да бірыңғай дистрибьюторлық жүйенің барлық тиімді, үздік қырларын мойындап, жоғары бағалады. – «СҚ-Фармация» ЖШС-нің отандық фармакологиялық на­рық­қа тұрақтылық пен бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсаты­мен келгені мәлім. Яғни, әділ бәсеке болған жерде жеңіл жолмен табыс тауып келген делдал ком­паниялардың жолы кесілетіні белгілі. Сіздер ондай делдал компа­ния­лармен қалай күресіп, қалай келісімге келдіңіздер? – Біздің компания 2009 жылы ел Үкіметінің қаулысымен және 100 пайыздық үлесімен «Самұрық-Қазы­на» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның бір құрылымы ретінде пайда болды. Бірыңғай дистрибьютордың негізгі міндеттерінің бірі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде бюджет қаражатын үнем­дей отырып, барлық дәрігерлік ме­кемелерге арналған дәрі-дәрмек­терге бірдей баға саясатын ұстану жолымен ел тұрғындарын дер уа­қытында әрі нәтижелі, әрі сапалы дәрі-дәрмектермен және медици­налық мақсаттағы бұйымдармен қам­тамасыз ету болып табылады. Сонымен бірге, біздің тағы бір міндетіміз – шынайы бәсекеге қабілетті отандық дәрі-дәрмек өндірушілерді қолдау және ынталандыру. Белгілі бір қиыншылақтарға қарамастан, біз 2010 жылы бірыңғай баға саясатын қалыптастырып, стационарлық мекемелерге дәрі-дәрмектерді белгіленген мерзімде және тиісті сапамен жеткізіп беруге мүмкіндік алдық. Отандық дәрі-дәрмек өндірушілерге қатысты айтсақ, бүгінгі таңда жалпы сомасы 30 млрд. теңгеден асатын 10 инвестициялық жоба жүзеге асыры­луда. Ал, өнімдерді сатып алу бары­сындағы бюджет қаражаттарының шығыны 30 пайызды құрады. Әрине, алғашқы кезде компанияның қалып­тасып, екі аяғын тең басуы үшін бірқатар қиындықтардың болғаны рас. Мысалға, дженерик дәрі-дәр­мек­терді сатып алу барысында олар­дың сапасы бастапқы дәрілердің сапасымен сәйкес келмейді деген айыптаулар болды. Осыған орай, біз дженерик сатып алсақ, оның шын мәніндегі әуелгі дәрі-дәрмектің кө­шірмесі екенін және одан ешқандай айырмашылығы болмайтынын бірнеше мәрте түсіндірдік. Сонымен бірге, бұл жерде бірыңғай дистрибьюторлар сатып алған барлық дәрі-дәрмектер Қазақстанда пайдалануға рұқсат беретін тіркеуден өтіп, Ұлттық сараптама орталығында тексерілетінін естен шығармаған абзал. Бүгінгі таңда біздің жүйелі жұмысы­мыздың нақты нәтижесі көрер көзге анық байқалып тұр. Өйткені, дәрі-дәрмек нарығындағы үдерістерге қатысушылар бірыңғай дистрибью­торлық жүйенің артықшылық­тары­на, соның ішінде ең бастысы ашық, шынайы бәсекелестік ортаны қа­лыптастыратынына, дәрі-дәрмек са­тып алудың тиімді іс-шараларын жүргізетініне көз жеткізді. Өнімдер­ді сатып алу тәртібін қайтадан қарастырған кезде Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының (ДДҰ - Ә.Ә) озық тәжірибесі есепке алынды. Яғни, ол тәжірибе бойын­ша, бастапқыда препараттар сапасы бойынша, содан соң бағасы бойын­ша таңдап алынады. Сатып алудың екі кезеңінде біз де жоғарыдағы үздік тәжірибені қолданып отырмыз. Бірінші кезеңде өнімнің жоғары са­пасы мен әлеуетті дәрі-дәрмек жет­кізушілердің біліктілік талаптарына сәйкестігі тексерілсе, ал екінші ке­зеңде бағаны төмендетуге арналған аукцион өтеді. Ескертулер туындай қалған жағдайда, компаниялар қо­сымша түсіндірмелер бере алады. Сөзімді түйіндей келе айтарым, дәрі-дәрмек сатып алуға тапсырыс беретін компаниялардың 95 пайызы бі­рың­ғай дистрибьютордың аукцио­нына қатысатын мүмкіндік алды. Яғни, «СҚ-Фармация» ЖШС отан­дық дәрі-дәрмектер нарығына енуі арқылы кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында көпте­ген делдалдарды ығыстырып, ха­лыққа қолайлы жағдай туғызды. – Өткен екі жылдың ішінде сіз басқаратын компания қандай ай­тулы табыстарға қол жеткізді? – Екі жылдың ішінде ең негізгі мәселе – дәрі-дәрмектер мен ме­дици­налық бағыттағы бұйымдарды халыққа жеткізудің нәтижелі логис­тикалық жүйесін қалыптастырдық. Қазіргі кезде компанияның қойма­ларында дәрі-дәрмектер қоры жеткілікті. «СҚ-Фармация» ЖШС-нің са­тып алу процесін күні бұрын жа­сайтыны жылдың басында стацио­нарлық мекемелерді толық көлемде дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, біздің компания отандық дәрі-дәрмек өндірісін дамытудың сала­лық бағдарламасын жүзеге асыруға да белсенді қатысуда. Аталған бағдарламаға сәйкес, 2014 жылдың соңына қарай ішкі нарығымыздағы отандық дәрі-дәрмектердің үлесі 30-дан 50 пайызға дейін көтерілуі тиіс. Алайда, мұндай жоғары көрсеткішке қол жеткізу үшін, бірыңғай дис­трибьютордың көмегімен ұзақ мерзімдік келісім-шарттар жасалып, мемлекеттік сатып алу барысында отандық өндірушілерге жеңілдік берілуі керек. Яғни, отандық компа­нияларға жеңілдік жасау арқылы кепілдендірілген тегін көмек көлемін қамтамасыз етуіміз қажет. Бүгінге дейін бірыңғай дистрибьюторлар қа­зақстандық компаниялармен жалпы сомасы 30 млрд. теңгені құрайтын 10 ұзақ мерзімдік келісім-шарттар жасады. Сондай-ақ, «СҚ-Фармация» ЖШС-нің отандық өнімдерді сатып алудағы үлесі қазірдің өзінде 50 пайыздан асып отыр. Бұл айтулы жетістік емей немене?!. Атап айтар­лығы, еліміздің аймақтарына дәрі-дәрмектердің соңғы бағасының әр­түрлі болып келетіні түп-тамырымен жойылды. Соның нәтижесінде мемлекеттің бұл салаға жұмсайтын шығындары да азайды. Бұлардың барлығын дәрі-дәрмектер мен ме­дициналық бағыттағы бұйымдардың бірыңғай дистрибьюциясын құру­дағы үлкен жетістіктердің бірі деп айтуға болады. Жалпы алғанда, біз қолданысқа енгізген жаңа жүйе дәрі-дәрмектерді халыққа дер кезінде жеткізуге, аймақтардағы сұ­раныс­тың тез өсуін жедел анық­­тауға және өзге аймақтағы артық қорды тиімді пайдалануға мүм­кін­дік беретіндігімен ерекшеленеді. – Бірыңғай дистрибьютор – «СҚ-Фармация» ЖШС-нің бү­­гінгі таңда алға қойған мақсат-мін­­деттері қандай? Сіз бас­қа­ратын ұжым қандай биіктерді бағын­дыруды көздеп отыр? – Біз жоғарыда ұзақ мерзімге жасалған келісім-шарттар жөнінде айттық қой. Отандық өнім өндіру­шілермен арадағы ынтымақтастық қарым-қатынастың нәтижесінде дә­рі-дәрмек өндірісін жаңғырту ба­ғытында инвестициялық жобалар жүзеге асырыла бастады. Соның ішінде, отандық компаниялар алда­ғы 7 жылдың ішінде жаңа өндіріс орындарының құрылысын аяқтауға және тиісті өндірістік тәжірибе стандарттарына сәйкес жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жетілдіруге міндеттеме алды. Жаңа өндіріс орындарын пайдалануға бергеннен кейін бірыңғай дистрибьютор қа­зақстандық зауыттардан тек қана қазіргі заманға сай, халықаралық стандарттарға жауап беретін дәрі-дәрмектерді сатып алуды көздеп отыр. 2011 жылы халықаралық стандарттарды қолданысқа енгізген алғашқы өндіруші – «Алматы Нобель дәрі-дәрмектер фабрикасы» АҚ. Екіншіден, бірыңғай дистрибьютор мен отандық өнім өндіру­шілердің ұзақ мерзімдік ынтымақ­тастығы экспорттық әлеуеті зор жоғары технологиялық кәсіпорын­дар құруға жол ашады. Ал, бүгін жүзеге асырылған іс-шаралардың нәтижесінде 2014 жылға қарай елімізде сатылатын дәрі-дәрмектердің 50 пайызын отандық өндірушілер қамтамасыз ететіні сөзсіз. Импорт­тық дәрі-дәрмектерді тасымалдау және төтенше жағдайлар туындаған кезде еліміздің дәрі-дәрмек қауіпсіз­дігін қамтамасыз етуде мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Сонымен қатар, ұлттық экономикамыз үшін базалық артықшылық болып табы­латын қосымша кәсіби жұмыс орындарын құру және отандық өндірістегі экспортты бағдарлау да аса маңызды. Айта кетейін, жергілікті атқарушы органдар өздері сатып алатын амбулаторлық дәрі-дәрмектермен жабдықтау мәселесі ерекше назар аударуды талап етуде. Өйткені, жекелеген және сатып алу­дың бұлыңғыр жүйесіндегі тапсы­рыстардың нәтижесінде аймақтық деңгейдегі бағалар бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алынған бағалардан әлдеқайда қымбат. Со­нымен бірге, қаражатты қайтару­дағы бақылаудың бұлыңғыр жүйесі амбулаторлық сектордағы дәрі-дәр­мектермен қамтамасыз ету про­цесінің тежелуіне әкеліп соғады. Ал, дәріханалардағы дәрілердің жетіспеушілігі науқастарға қолай­сыздық туғызатыны анық. Халық­аралық тәжірибе көрсеткендей, индустриалдық елдерде науқас­тарды емдеу әдетте амбулаторлық деңгейде жүргізіледі. Осыған орай, стационарларды қажетті дәрі-дәр­мектермен қамтамасыз етуге бө­лінген қаражаттың небары 30 пайызы ғана жұмсалады. Қалған 70 пайызы емханаларға жөнелтіледі. Қазіргі кезде біздің елімізде барлы­ғы керісінше: дәрі-дәрмектердің 71 пайызы стационарларға жіберіледі, амбулаторлық деңгейде қалатыны – 29 пайыз. Осыған орай, «СҚ-Фар­­­мация» ЖШС емханалық бөлімді дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету­ді жақсарту бағытында бірнеше ұтымды ұсыныстар жасаған бо­латын. Мәселен, жергілікті бюд­жет­­тің есебінен сатып алынатын на­рықта аз кездесетін, бағасы өте қымбат және ауыр емделетін нау­қастарды емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді бірыңғай дистрибьютор республикалық бюджет шең­берінде сатып алатын дәрі-дәр­мектермен алмастыруды ұсындық. Мұндай қадам амбулаторлық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етудегі қаржыландыру үлесін арттыруға, сондай-ақ бірыңғай дистрибьютор арқылы қымбат бағалы дәрі-дәр­мектерді ағымдағы мақсатты транс­ферттермен сатып алуға мүмкіндік береді. Ал, жергілікті деңгейдегі жұмсалмаған қаражат өзге дәрі-дәрмектердің қажетті көлемін жа­буға мүмкіндік туғызады. Түптеп келгенде, бағаны тұрақтандыру және аймақтарда науқас адам­дар­ды емдеуге аз шығын жұмсау бар­лық қазақстандықтарды әрі са­па­лы, әрі арзан дәрі-дәрмектермен қамтуға жол ашады.

– Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен Әмірлан ӘЛІМЖАН.