Жақында Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптары музейінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы халық әні кафедрасының құрылғанына отыз жыл толуына және атақты жырау Наурызбек Нұржаубайұлы Раманқұловтың домбырасы музей қорына тапсырылуына орай «Өтеді талай қызық тіршілікте» атты концерт өтті. Кешті халық әні кафедрасының оқытушысы, жыршы Күнқожа Қайрулла жүргізіп, домбыраның тарихын баяндады.
200 жылдық тарихы бар бұл домбыра Наурызбек жырауға нағашысы Оразбай жыраудан жеткен екен. Оның жыраудың қолына түсу тарихы да қызық. Кеште айтылған мәліметтерге қарағанда, Оразбайдың әйелі босанып, соған Наурызбектің анасы Айсұлу қалжа апарады. Төркіндеп келген қарындасынан ағасы қалауын сұрайды. Сонда Айсұлу бала Наурызбектің өтініші бойынша осы домбыраны қалап алыпты. Әу бастан нағашылардан жиендерге мұра болып келген бұл домбыраны Нәукең өмір бойы қастерлеп ұстаған. Наурызбекке жыраулық өнер де нағашылар жағынан қонған деседі.
Батыс Қазақстан және Бесқала аймақтарының музыкалық мұралары дәріптелген кеште Жетес Жәмеков, Еркінбай Бабақұлов сияқты белгілі жыршылар Базар жыраудың «Сөйле десең сөйлейін», Құдайберген Кердерінің «Ат қосам дейді бәйгеге», Алдаберген Тасқынбайұлының «Барақ батырға арнау» тәрізді терме-толғауларды орындады. Одан әрі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушылары, түлектері мен студенттері ән шырқап, күй төкті. Эльза Қарабалина Ғ.Құрманғалиевтің «Әнші даусын», Венера Қаржаубаева «Сыпыра жыраудың термесін», Әйгерім Әпенова халық әні «Шымырды», Үміт Сатарова «Ақ Айшаны», Жеңіс Елемес пен Дастан Қабылов Наурызбек жыраудың «Азамат ерді сақтасын», «Ау, жігіттер, сал құлақ» термелерін, Әйгерім Құлжарасова халық әні «Жайнай бер жастар жаңашаны», Оңдасын Қалқанов Абылдың «Абыл» күйін, Жанаргүл Сәркенова Қисаның әні «Сағындым Жайықты», Нұрпейіс Әбілхасан Дәукенің «Жас дәурен» әнін, Сүндет Аймамбетов Бесқала күйшісі Шүңке Құлтабайұлының «Зар күйін» орындады.
Домбыраны музейге тапсыру рәсімінде Наурызбек жыраудың ұлы Абай Раманқұлов: – Бұл домбыра – әкемізден қалған мұра. Оны үйіміздің төрінде сақтап қоюға да болар еді. Бірақ музейде көздің қарашығындай сақталып, кейінгі ұрпаққа да кең насихатталатын ескеріп, аманаттап отырмыз, – деді. Жыраудың ұрпағы музей директоры Ұлжан Байбосыноваға домбыраны салтанатты түрде табыстап, өзі де әкесінің «Толғау-толғау сөздер бар» термесін орындады. Кеш соңында жыраудың зайыбы Зиба Нұржаубаева қонақтарға ақ батасын берді.
Нұрбану КАМАЛ, журналист