• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
12 Қараша, 2011

Домбыраны менсінбейтіндер енді қайтер екен?

285 рет
көрсетілді

Осыдан бірнеше жыл бұрын, тәуелсіздіктің елең-алаңында сол­түстік облыстардың бірінде болған сорақы қылық еске түсіп отыр. Республика күнін салтанатпен атау кешіндегі концертке сол кездері атқа мініп жүрген бір орыстілді, шолақ белсенді қазақ әйелі домбырамен ән айту нөмірін енгізбей тастапты. Бізде еуропалық өрнекпен романс айта алатын адамдар толып жатыр, «зачем домбра нужна» дейтін көрінеді. Сол әйелді халық қанша жек көрсе де, сынаса да құқылық тұрғыдан жауапқа тарта алмады. Өйткені, ешкімнің ар-намысына тимей, домбыраға қарсы сөз айтқанға құқылық жауапкершілік болмайды екен. Сөйтсек, мәдениеті жоғары елдерде мұндай сорақылықтар халықаралық деңгейде жауапқа тартылады екен ғой. Мәжілістің соңғы жалпы оты­рысында «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау тура­лы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы қаралып, мақұлданды. ЮНЕСКО шеңберінде, 2003 жылы Париж қаласында қабылданған бұл конвенция нені көздейді дейсіз ғой. Ол өз қатарына енген мемлекеттер ұсынған материалдық емес мәдени мұраларды тізімге алып, оларды халықаралық деңгейде құқылық жолмен қорғайды. Егер, жоғарыда аталғандай, біреулер алда-жалда тізімге енгізілген мұ­раға тіл тигізсе немесе оны жоққа шығарып, менсінгісі келмесе жа­на­шыр жандар бірден ЮНЕСКО-ға шығып, әлгінің халықаралық деңгейде құқылық жолмен қуда­лануын талап ете алады. Бұл кон­венцияның, міне, осындай зор пайдасы бар. Заң жобасы туралы баяндама жасаған Мәдениет министрі Мұх­тар Құл-Мұхаммед конвенция­ның барлық қырларын ашып, көрсетіп берді. Жалпы, конвенция мате­риал­дық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген құндылықтар туралы ақпараттар жинау, зерттеу, қорғау жөніндегі шара қолдану жұмыс­тарын халықаралық дең­гейде қар­жыландырып, ұйымдас­тыру істерін жүргізеді екен. Бүгінгі күні оның құрамына 132 мемлекет енген. Ал енді осы қасиетті тізімге ену бойынша кейбір шалалықтар, дұрысы кереғарлықтар да болмай қалмайтын көрінеді. Мысалы, қырғыздың атақты «Манасы» тізімге Қытай елінің атынан өтіпті. Мұның құқылық тұрғыдан қате­лігі де жоқ. Өйткені, Қытайда біршама қырғыздар тұратыны белгілі, осыны пайдаланып Қытай өкі­меті баға жетпес рухани қазы­наны өз атынан тіркете қойған. Енді «Манас» туралы жаңа зерттеулер мен ғылыми еңбектерді ЮНЕСКО тарапынан қаржылан­дыру Қытай елінің өкіліне ғана тиесілі. Дегенмен, министрдің айтуына қарағанда, тізімге ену бойынша қатып қалған қағида да жоқ екен. Мәселен, «Наурызды» ұлттық мереке ретінде Иран, Әзербайжан, Өзбекстан және т.б. елдер тіркеткен. Сол қатарға кон­венцияны ратификациялаған соң Қазақстанның да енуіне болатын көрінеді. Конвенцияны ратификация­ласақ тізімге қазақ халқының дәс­түр-салттарын, домбыра және қобызбен ән айту мен күй тарту өнерін, салт-жораларды, халық­тық мейрамдарды, табиғат пен дүниеге қатысты білімдер мен әдеттерді, дәстүрлі кәсіптерді тіркете аламыз, деді министр. ТМД аумағындағы барлық көр­ші­леріміз бізден бұрын қимыл­дап, өздерінің осындай дүние­лерін баяғыда-ақ тіркетіп қой­ған. Мәселен, қазір Әзербай­жанның кілем тоқу өнері осы тізімге енгізіліп, ол ЮНЕСКО тара­пынан қорғауға алынып, жаңа зерттеулерге қаражат бөлі­неді екен. Біздің ұсынарымыз тіпті мол болады. Жоғарыда айтқандардан басқа батырлар жыры, айтыс өнері үлгілерін, бүркітпен аң аулау сияқты ха­лық­тық кәсіп және т.б. осы тізімге қосу ниетіміз бар, деді М. Құл-Мұхаммед. Конвенцияға ену үшін мүше­лік жарна ретінде екі млн. АҚШ доллары шамасында қаражат аудару қажет екен. Бірақ ұлан-асыр пайдасына қарағанда бұл шығынның түк емес екені көрі­ніп тұр. Талқылауға қатысқан барлық депутаттар да осыны айтты және олардың бәрі де конвенцияны осы уақытқа дейін ратификацияла­мағанымызға өкі­ніш білдірді. Палата Төрағасы Орал Мұхамед­жановтың өзі бұл құжатты бая­ғыдан-ақ ратификациялау қа­жет­тігін депутаттар айтқан да еді, деді. Оны ұзаққа созып жіберу ?мәдениет министрлігі тарапынан болған қателік екенін М.Құл-Мұхаммед те мойындады. Жақсыбай САМРАТ.