• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
12 Қараша, 2011

Тасқын: оларда және біздерде

689 рет
көрсетілді

Телеарналар әлемде болып жатқан оқиғалардың ортасына кіргізіп жібереді. Небір сұмдық жағдайларға куә боласың. Мың­даған, миллиондаған адам­дардың қасіретін көріп, жаның түршігеді. Көрмейін десем көзім бар дегендей, көресің. Көресің де қиналасың. Алыстағы сол қа­сірет шеккендерге көмек­тесер  дәрмен жоқ. Өз қолың жетпегенмен, басқалар қолын ұсынса екен дейсің. Бұл елдің үкімет­тері қайда, мынау қарық болған халыққа неге көмекке келмейді, бар күшін неге осында төк­пейді деген ой да келеді. Бәлкім, төгіп те жатқан шығар-ау. Мүмкін шамасы жетпей жатқан шығар... Соңғы жылдарда осы су тасқындары, топан су көбейіп кеткендей көрінеді. Сірә, бұрын да аз болмаған. Топан судың қасіретін халық бұрын да аз көрмеген. Оның үлкен қасірет әкелетінін білген халық ақыр заман болғанда, жердің жүзін топан су қаптайды деген аңыз­ды да шығарған болар. Онан соң су тасқыны көбейіп кеткендей кө­рінуіне телеарналар, басқа да ақпарат құрал­дары да себеп болып отырған шығар. Көрсетеді де жатады, айтады да жатады. Соның арқасында үлкен судан алыс жатсақ та, цунами дегенді де естідік, оның алапат апатты күшін де көретін бол­дық. Соңғы жылдарда аралдарда орналасқан Индонезия сияқ­ты елдердегі, мұхит жағалай қонған жұрттардағы цунамилерден зардап шеккен халық­тың қасіретін көз алдыңа елес­тетудің өзі қорқынышты. Қан­шама ауқымды жердегі қираған үйлер, опат болған егіндік, қырылған мал, соның бәрінен айырылып, аңырап қалған адам­дарды көру қиын. Бұрын көрмегенді, биылғы жылы Жапонияда болған жер сілкінісінен кейінгі цунамиді де көрдік-ау. Қала ағып бара жат­қандай әсерде болдық. Автобустар, үйлер қуыршақ сияқты су үстінде көлкіп, жүзіп жүрді. Ал талай мыңдаған адам соның астында қалды ғой... Мұның өзі Жапониядай ал­ды-артын терең ойлап, жүз өл­шеп, бір кесетін алып елде, жапондар дейтін жасампаз халық­тың жерінде болғаны мынау табиғаттың дүлей күшінің құ­діретін тағы бір аңғартқандай еді. Бұл Жапонияда емес, басқа бір бейқамдау елде кезіксе қайтер еді? Ақыр заманды басы­нан кешер еді де... Цунами – судан келер қа­сіреттің бірі. Ол өзі сиректеу, жер сілкінісі көбірек болатын аймақта кездеседі. Ал өзен­дер­дің арнасынан асып, ұлан-ға­йыр жердің су астында қала­тыны көп елге таңсық емес, мұны да біз соңғы кезде жиірек еститін болдық. Бұл өзі жаңбыр көптеу тропикалық аймақта ғана емес, мамыражай өңірде де бола беретінге айналды. Ақпаратқа үңілсек, Оңтүстік-Шығыс Азия ғана емес, ауа райы қалыпты Еуропаңда да қалалардың көшелерінің өзен арнасына айналғанын көресің. Тасқыннан келер зиян көп. Ең жаманы ол адам өмірін де қиып жатады. Кейбір аймақта­ғы су тасқындары бүкіл әлемге де ықпал етеді екен. Былтыр Пәкстанда алапат су тасқыны болып, көп жердегі егіс алқап­тары су астында қалды. Ал сол алқаптарда мақта егіледі екен. Енді соның салдарынан біраз мақта кем өндіріліп, оның әлемдік бағасы күрт өсіп кетті. Сол Пәкстандағы су тасқы­нын телеарналар талай көрсет­ті. Шо­лушылардың, сарапшы­лар­дың ой-толғамдарын да естідік. Та­биғат­тың тосын құбылы­сымен қатар, ұлттық ауқымда біраз шаралардың атқарылмай жататы­нын айтқан. Қалай дегенде де, бұл өзі әр кез қайта­ланатын құбылыстар, оның қаупін болжау­ға болады. Соған мән беріп, түрлі шаралар жүзе­ге асырылып, жұрт қамданып отырса, шығын да аз. Ұлы өзен Инд әлемдегі ең биік тау­лар Гималай, Гиндукуштан бастау ала­ды. Жылда тасиды. Кей жылы қаттырақ. Сол тасқын­дарды ескеріп, күні бұрын қам­данса, ұлы өзен тым қатты буырқанбас еді дейді. Әрине, айтуға жеңіл. Сөйтсе де сол табиғат құбылыстары бұл өмірге тән. Әлемдегі ең биік таудың басына бұлт үйіріледі. Ол жерге ылғал болып түсетіні белгілі. Бұл аймаққа су тасқыны сырттан келмейді. Қытайда да жылда тасқын. Ел оған тастүйін дайын отырады. Шамасы келгенше сол суды бұрып алып, игілікке жаратқысы келеді. Шамасы келмегенге амал жоқ, сол тасқын бұл елге де біраз шығын арқалатады. Дайын болмаса, әрине шығын бұдан да әлдеқайда көп болар еді. Биылғы жыл Тайландқа аса үлкен сын болып отыр. Шілденің басында басталған тасқын толастар емес, қайта күшейе түскен­дей. Елдің солтүстігінде пайда болған Нок-тен деп аталатын тропикалық дауыл Таиландтың 79 провин­циясының 63-ін шар­пып, талай нәрсені бүл­дірді. Мил­лиондай адам зардап шегіп, дәрігерге қаралуға мәжбүр бол­ды. Ширек миллион адам жай-кү­йінен айы­рылды. Егіндік, жайы­лымдық жерді былай қойғанда, 15 мың кәсіпорын су астында қалған. 2536 мектеп жабылыпты. Дүние дүние ғой, осынау тас­қыннан адам құрбандығы айтар­лықтай болып отыр. Бүгінге дейін 527 адам қаза тапса, сол тасқыннан ауру тауып, денсаулы­ғынан айырыл­ғандар саны тіпті көп. Әсіресе балалар мен қарт­тарға қиын. Елдің астанасы Банкгоктағы жағдай тіпті күрделі. Ол елдің оңтүстігінде, Чаупкхраи өзенінің толысып ағып, теңізге құяр тұ­сында болғандықтан да, көп ауда­ны судың астында қалып отыр. Қала, ел басшылары астана тұр­ғындарын ол аймақтан мүм­кін­дігін­ше тез кетуге шақырып, ап­тасына бес күндік демалыс берді. Су тасқыны елдің саяси өмі­ріне де ықпал ететін түрі бар. Талай жылдан бері күресіп, биылғы тамыз айындағы сайлауда жеңіс­ке жетіп, үкімет басшысы болған Йинглак Чинават ханым атына қатты сын айтылып жатыр. Жағ­дайға алғашқы күннен мән бермеді дейді. Кейінірек кеш болған. Мұндайда қиындыққа абыр­жушылық, үрей қосылады. Ертең не болар екен деген халық дүкендердегі азық-түлік өнім­дерін таласып алып жатқан кө­рінеді. Көлік күтіп сапыры­лысқан жұрт көп. Бұл елге де тасқын тосын жағдай емес, әр кез болып жата­ды, жұрттың көзі үйренген. Рас, биыл­ғысы ерекшелеу. Он жыл бұрын осылай болған екен. Ел басшылығы соны да ескеріп, ертерек қам­данғанда, кім біледі, дәл бүгінгі қиындықтың біразы­ның алдын алуға да болар ма еді дейді жұрт. Тропикалық елдер үшін тас­қынның топан суға айналуы үй­реншікті жағдай болса, Еуропа елдері оны кездейсоқ, тосын нәр­се секілді көреді. Сөйтеді де қам­сыз кезігіп, қапы қалып жатады. Соңғы күндерде Францияның оңтүстігінде нөсер жаңбырдан өзендер арна­сынан асып, тасқын болды, жол бұзылды, ағаштар қирады, үйлерді су алды. Ең жаманы – адамдардың қаза болғаны бар. Осыдан біраз бұрын Италия­ның солтүстік батысында да нө­сер жаңбырдан атақты порт-қала Генуя су астында қалып, жеті адам қаза табуы елді аяғынан тік тұрғызғандай болған. Биылғы тасқыннан судағы қала есептелетін Венецияның өзі зардап шеккен, тұрғын үйлер мен офистер­дің төменгі қабаттарын су ба­сыпты. Соңғы мәліметтерге қара­ғанда, бүкіл Италияда 20 адам сол тасқынның құрбаны болып­ты. Сабақ болар жәйт. Нөсер жаңбыр Испанияға жетіп, содан тасқын болып, жол жабылып, пойыздардың жүрісі де бұзылыпты. Көрші елдердегі жағдай қай­таланбас үшін үкімет біраз шара­ларды қолға алған көрінеді. Әрине, мұны жөн-ақ дерсің. Басқа елдердегі жағдайды айтқанда, өз еліңдегі жағдай үне­мі көңілде тұрады. Өртті тілсіз жау десек, су тасқыны да соған ағайын. Оның да кездейсоқ кезігетіні де бар. Осыдан біраз бұрын Сарыағаш ауданындағы жағдай соған куә. Таситындай өзені көп емес өңір. Қары да қалың болмайды. Әдетте, сол қар ерігенде, тіпті жылға болып ақпай, негізінен жерге сіңіп кетеді. Сол жылы жердің тоңы жібімей жатып, күн бірден жылып, азын-аулақ қар жерге сіңбей, алдымен жылғаларға айналып, солардың басы қосылуынан құралған тас­қын су жолындағы біраз нәрсені қиратқаны бар. Үйлер зақым­данып, мал шығынына жол берілді. Дәл кезінде болмаса да, жергілікті органдар іле-шала зардап шеккендерге көмек көрсетті. Осы мысалдың өзі ешқашан да қамсыз болмауды талап етеді. Қам жасау дегеннен шы­ғады, осыдан біраз бұрынғы Шығыс Қазақстан облысын­дағы жағдай әрқашан көңілге оралады. Қалың түскен қардың еруін бүкіл ел болып күтті. Ауылдар көшірілді, өзендердің арналары тазаланды. Дәл со­ның арқасында адамдар аман. Сондай дайындық болма­сын­шы, буырқанған асау өзендер малмен бірге адамдарды да алып кетер еді ғой. Табиғаттың қатыгездігінің кейде қапы қалдыратыны бар. Сондай жағдай Алматы облы­сындағы Қызылағаш ауылында болды. Ауылдың біраз аймағын тасқын су опырып кетті. Өкі­ніш­ке қарай, адам шығынына да жол берілді. Бірақ жергілікті орындар жәбір шеккендерге жедел қол-ұшын ұсынды. Апатқа ұшыраған ауылда жаңа, еңселі ғимараттар бой көтеріп, тұрғындардың барлығы да үйлі болды. Сырдария өзенінің көктемгі тасуы жыл сайын талай жұртты әбігерге салатын. Бір облыстың халқы біраз уақыт шала ұйқы өмір кешер еді. Қыруар қаржы жұмсалып, тасқынмен күресіп жататын. Қамданудың, қамқор­лық­тың арқасында ел сол әбігерден құтылды. Көксарай су реттегіші салынып, қазір бұл аймақ су тасқынынан ғана құтылып қойған жоқ, егіншілікті дамытуға да жаңа мүм­кіндіктер туды. Иә, бір нәрсенің басы анық: ол табиғат апатының айтып келмейтіні, жер, ел, адам, ұлт талғамайтыны, келтірер зардап­тарының қатерлігі. Ал бізде жағдай қалай, ахуал нешік?  Төтеннен келген табиғат апат­тарын ауыздықтауға мүдделі ведомостволар мен жергілікті билік орындары тас-түйін да­йын ба? Адамдарды психоло­гиялық жа­ғынан әзірлей алдық па? Аяқ­асты қауіп-қатер төне қалған жағ­дайда қаншалықты шы­ғын­сыз шығу мүмкіндіктері бар?  Осы тұрғы­дан алғанда, Қазақ­станда  оң тәжірибелердің қа­лып­тасып, оқыс оқиғалардың алдын алу­дағы, жоюдағы кешенді шаралар өз жемісін беріп келе жатқанын айта кеткен орынды. Дүние-жаһанда болып жатқан қатерлі де қайғылы апаттарды егжей-тегжейлі талдап, себеп-сал­дарла­рына терең үңілудің арқа­сында зор эконо­ми­калық шы­ғындарды былай қойғанда  адам үшін зардабы өте ауыр жайт­тарды тізгіндеуге мүмкіндік ту­ды. Соңғы жыл­дары  Қазақ­стан­ды бірнеше топан су тас­қыны шарпыды. Соның  бірі Алматы облысына қарасты Қызылағаш ауылын шайып кеткен  апатты ауыз­дық­тауға бүкіл ел болып жұмылды. Қазақ­стандықтар ұйым­­шыл­дық­тың, бауыр­мал­дық­тың үлгі­сін көр­сетіп, көмек керуендері еліміздің әр қиы­рынан толас­сыз ағылып жатты.  Елбасының тікелей қа­дағалауы арқасында Үкімет зор мате­риалдық көмек берді. Ауыл қайта жаңғырып, танымас­тай өзгерді. Міне, өзге­лер үлгі ала­тын тұс бұл!  Қы­зылорда об­лысында жайшы­лықта  жы­лам­­сырап ағатын Сыр­дария өзені тосын мінез көрсеткенде де жергілікті билік орындары бас бо­лып тосын оқиғаны тез-ақ  қал­пына келтіруге жұмыла кірісті.  Көк­сарай су реттегішін салу үшін мемлекет тара­пынан қо­мақты қаражат жұм­салды. Сөй­тіп, елді мекен тұр­ғын­дарының алаңсыз өмір сү­руіне барынша жағдай жа­салды. Сақтандыру жұмыстары ал­дын ала жүргізіл­мегенде  Шы­ғыс Қазақстан об­лысындағы әдет­тегіден бөлек табиғат мінезі ауыр зардаптарға соқты­рары анық еді. Үкімет тарапы­нан шұ­ғыл шешімдер қабыл­данып,  жа­салған нақты іс-әре­кеттер нәти­жесінде Жантекей ауылындағы адамдар қытымыр қыс қыс­па­ғынан қысыл­­май шықты.  Қи­раған үй­лер қалпына келтіріліп, тегін әлеуметтік көмектер берілді. Батыс Қазақ­стан облы­сын­дағы  тасқын су­дың алдын алу­дағы және жоюдағы тынды­рымды істер айтып келмейтін апаттың сал­мағын әжептәуір жеңілдетті. Әйт­песе, зәрені алатын, үрейді ұшыратын тосын оқиғаның шы­ғыны еселене түсері анық еді. Табиғаттың тосын апат­тарын кім болжапты?! Әйтеуір, беті аулақ болсын дейік. Мамадияр ЖАҚЫП.