Ақмола облысы хандар қосын тіккен, сал-серілері сауық құрған, батырлары ерлік көрсеткен қасиетті мекен саналады. Алайда кеңестік жүйенің ықпалымен өңірде жергілікті тұрғындар арасына сына қағылып, ана тілдерін ұмыттыруға үлкен күш салынғаны белгілі. Соның салдары бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Тек соңғы жылдары ғана, онда да облысымызда қандас бауырларымыз санының арта бастауымен қазақ тіліне деген көзқарас біртіндеп жақсара түскендігін көріп отырмыз. Соның бір дәлелі – Ақмола облыстық сотының төрағасы Д.Әміровтің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тілдің сот төрелігі саласындағы кеңістіктері мен кедергілері» тақырыбында өткізген дөңгелек үстелі.
Аталған шараны өткізудегі басты мақсат – ана тіліміздің қолданылу аясын кеңейтіп, қоғамның әрі қарайғы дамуына негіз қалау. Тіпті ол үшін белгілі тіл жанашыры, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Оразкүл Асанғазыны арнайы шақыртыпты. Сондай-ақ шараға Ақмола облысы әкімдігінің, құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелер мен адвокаттар алқасының өкілдері қатысты. Алдымен сөз алған Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров бірқатар жайттардың басын ашып берді. Төраға бұл ретте Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 738-бабына сүйене отырып, іс жүргізу мемлекеттік, ал қажет болған жағдайда орыс немесе өзге тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылатындығын тілге тиек ете кетті. Алайда әлі күнге дейін құжаттар орыс тілінде әзірленіп, қажет деп тапқан жағдайда ғана қазақ тіліне аударылады екен.
Келтірілген деректерге сүйенсек, 2017 жылдың 11 айында 15424 әкімшілік іс келіп түссе, соның тек 943-і ғана қазақ тілінде. Онда да соттың уәжді қаулысымен істердің 98-і қазақ тіліне ауыстырылыпты. Өлшемдік көрсеткіш бойынша небәрі 6,7 пайызды құрайтын бұл жайт арыздардың орыс тілінде түсуімен түсіндіріледі. Д. Әміров реті келгенде арызды орыс тілінде берген азаматтың өзі сот процесі барысында аудармашы талап етіп тұратындығын көлденең тартты. Өйткені арызданушы заңгерге жүгінеді, ал олар арызды орыс тілінде жазып беретін көрінеді. Қалай дегенмен де өңірде мемлекеттік тілдің қолданылу аясы әлі де кеңеймей тұр. Оған мысал, 2017 жылдың 11 айы ішінде Ақмола облысының соттарына түскен 2213 қылмыстық істің тек 64-і немесе 2,9 пайызы ғана мемлекеттік тілде екен. Ескерте кетер бір жайт, соның 873-інде қылмысқа тартылғандар қазақ ұлтынан.
Жалпы, облыс бойынша 92865 іс пен материалдардың 2652-і немесе 2,9 пайызы ғана қазақ тілінде қаралыпты. 2016 жылы бұл көрсеткіш тіпті, 1,4 пайызға жетер-жетпес деңгейде еді. Сондықтан да мемлекеттік тілді қарым-қатынас құралы ретінде ғана емес, нақты істің тілі етуге, соның ішінде құқық саласында кеңінен қолданылатын жағдайға жеткізуге күш салу көзделініп отыр. Алайда әлі күнге өзі қазақ ұлтынан бола тұра осы тілде істі жүргізе алмайтын судьялар да баршылық екені айтылмай қалмады. Орайы келгенде 2018 жылы судьялар мен мемлекеттік қызметшілер «Қазтест» арқылы тест тапсыратындығын қаперге сала кеткен орынды. Судья лауазымына кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау қажет екендігін уақыттың өзі көрсетіп берді. Қазірдің өзінде еліміз соттарында судьялардың 75 пайы- зы мемлекеттік тілді еркін меңгерген және сот төрелігін осы тілде сапалы жүзеге асыра алатын тұлғалар екен. Өкінішке қарай, тиісті талап болмаған соң Ақмола облысындағы мемлекеттік мекемелер тарапынан тілге деген селқостық әлі де байқалып отыр. Тек үстіміздегі жылдың 11 айындағы көрсеткішті алар болсақ, мемлекеттік мекемелерден 9734 талап-арыз түссе, солардың бар болғаны 671-і немесе 6,9 пайызы ғана мемлекеттік тілде жазылыпты. Облыстық сот қабырғасында дөңгелек үстелдің өткізілуінің бір ұшы да осыған келіп тіреледі.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»