Ежелгі Аспендос қаласының көне қабырғалары қалған тау бөктеріндегі кең шатқалда қызылкүрең шатырлары көзге жылыұшырап көрінетін Балқыз ауылы бар. Ол ауылдың бау-бақшасы мен тал-шарбағы кәдімгі қазақ ауылдарының тіршілігін еске салады. Көшедегі автобустарға қарап, ыржиып күлетін қарадомалақ балалары да біздің елдегі бауырларымыздан аумайды.
Көгілдір мұнарға оранған Таурус тауларының етегіндегі осы бір елді мекеннің ежелгі аңыздармен тікелей байланысы бар екенін естігенде, ескілікті заттар мен көне бұйымдарды жинап, сақтап отыратын ескі сандықты көргендей қызығып қаласыз. Ендеше, сол аңыздарды бүгін еске алып, азды-көпті әңгіме шертудің реті келіп-ақ тұрған секілді. ...Ерте, ерте, ертеде Аспендос королінің ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу қызы болған деседі. Оған алыс-жақындағы жұрттың назары ауып, апыр-ай, қай ханзаданың бағы жанып, мерейі үстем болар екен десіп, әңгіме ете бастайды. Сөйтіп жүргенде сұлу қыздың әкесі жалпақ елге жар салып, кімде-кімнің өнері асып, елді таңғалдырса, қызымды соған беремін дейді. Сол сол-ақ екен, әркім өз кәсібімен ерекшеленіп, көзге түсуге тырысып бағады. Әне, сол кезде қаладағы екі сәулетші жігіт басқалардан өнерін асырып, ел кәдесіне жарайтын таң-тамаша екі құрылыс салады. Оның бірі – тас тұғырларға орнатылған суағар (акведук) болса, екіншісі – тастан қаланған зәулім театр ғимараты екен. Бұл екі құрылыс та елге қатты ұнапты. Бірінен бірінің артықшылығы да, кемшілігі де жоқ болғанға ұқсайды. Бірақ, өкінішке қарай, корольдің қызы біреу-ақ қой. Міне, осыны әрі ойлап, бері ойлап басы қатқан король әлгі екеуін сарайға шақырып алып: «Айналайын, сендер екеу болғанмен, қызым жалғыз. Сондықтан, өзара келісіп, бөліп алыңдар», дейді. Сол кезде таудан қалаға су алып келетін тамаша құрылысты ойлап тапқан сәулетші жігіт бірден келісіп, «жарайды» деген екен. Ал театрды салған сәулетші жігіт: «Қалай десеңіз де, мен сіздің қызыңызды өлімге қия алмаймын. Бақытты болсын», деп бас тартыпты. Әне, сонда король да өзінің түбегейлі шешімін шығарып: «Менің қызымды шын сүйетін жігіт осы!» деп, театрды салған жігітке береді қызын. Әрине бұл аңыздың сіз үшін де, біз үшін де айтарлықтай жаңалық емес екені айдан анық, қымбатты оқырман. Себебі, төл аңызымызда да бір балаға таласып, төбе бидің алдына келген екі анаға осы тәрізді билік айтылып: «Баланы екеуің қақ ортасынан бөліп алыңдар,» дегенде, өгей шеше келісе кетіп, өз шешесі: «Қайда жүрсең де аман бол, құлыным!», деп зарламаушы ма еді. Содан да болар, ел аңыздары бір-біріне ұқсай береді екен-ау деген ойдан арыға бара алмағанымыз рас. Алайда, Аспендос театрының алдында кездейсоқ кездесіп қалған бейтаныс кісі айтқан аңыз бұдан өзгешелеу болды. Енді соған зейін салайық.
* * * ...Ерте, ерте, ертеде Аспендос аймағының ханы өзінің ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу қызына арнап бір зәулім театр салдырыпты. Және де оның жобасын сызып, құрылысын жүргізген бөтен емес, бөгде емес, сол замандағы әйгілі сәулетші Зенонның өзі болған деседі. Сөйтіп, театр салынып біткен кезде ханның үріп ауызға салғандай сұлу қызы да бойжетіпті. Оның дидарын көрген ер жігіттер есінен танып, ғашық бола бастайды. Бірде хан түн ортасында аулаға шығып, зәулім театр ғимаратына көз салып тұрса, оның ішінен күміс қоңыраудай сыңғырлаған бір құпия дауыстар естіліп жатқанын аңдайды. Япыр-ау, бұл не жұмбақ? Қала жұртшылығы тегіс ұйқыда жатыр емес пе. Театрда тірі жан жоқ қой. Хан тағы да құлағын тігіп, тың тыңдайды. Мына дауыстар не деп жатыр, құдай-ау? «Ол сіздің қызыңызға лайық! Лайық жігіт! Көрмейсіз бе өнерін? Естімейсіз бе әуенін...» деп қайта-қайта қайталай беретіні несі?!. Енді ханның көңілінде күдік пен үміт тайталасады. Алғашқысы: «Әй, мен оған театр салуды тапсырдым емес пе. Ал оның ойы қалай-қалай қиыс тартқан?», дейді. Кейінгісі: «Ол тамаша өнер ордасын салды. Бұл енді мәңгілік ғимарат болады. Сол арқылы оның сіздің қызыңызға деген сезімі де мәңгілік аңызға айналады!», дейді. Содан соң хан ашуын ақылға жеңгізіп, өзінің қызын сәулетші жігіт Зенонға қосыпты деседі. Міне, мәңгілік махаббат хикаясы дегеніміз де осы.
* * * Ал енді, қымбатты оқырман, бұл аңыздың тау бөктеріндегі Балқыз ауылына қандай қатысы бар деріңіз хақ. Оның себебі, түрік қауымы әлгі аты аңызға айналған ханның қызын бағзы заманда бал қыз, балдай тәтті қыз деп еркелеткен екен. Міне, сондықтан да, мына ауылдың ежелгі Балқыз атауы сол бір тамаша аңызбен байланысып жатқанға ұқсайды. Аспендос театры туралы екінші аңызды естігенде менің қиялымда: «Бәлкім, бұл да бірінші аңызбен сабақтас болар-ау», деген бір ой туды. Себебі алғашқы аңызда театр сәулетшісіне таудан қалаға қарай су тартқызған сәулетші бәсекелес болмаушы ма еді. Ендеше, Аспендос театрындағы түнгі жұмбақ дауыстар әлгі суағармен ағып келген судың дыбысынан пайда болуы да мүмкін ғой. Аспендос театрының алдында кездескен бейтаныс кісі менің бұл ойымды зейін қоя тыңдап алған соң: «Кім білсін, аңыздың бір нұсқасы солай болуы да мүмкін, – деді ойланып. – Ең бастысы, бұл өнердің ғажап екендігін білдіреді емес пе...» «Әрине, – дедім мен. – Өнер арқылы тіл қату... керемет...» «Әр адамның жүрегінде сылдырап ағып жататын бір жылға бар екені анық, – деді ол енді күлімсіреп. – Тек оның не деп үн қататынын тыңдап, түсіне білуіміз керек». Біз қол алысып, жылы қоштастық.
* * * Түркиядағы көне ескерткіш – Аспендос театры Анталия қаласынан небары қырық шақырымдай жердегі тау бөктерінде. Жол түсіп, сол өлкеге бара қалсаңыздар, ол туралы тағы да бір тамаша аңыздар естіп қайтуларыңыз әбден мүмкін.
Нұрғали Ораз, «Егемен Қазақстан»