• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 01 Қаңтар, 2018

Дара тұрар даталар

732 рет
көрсетілді

Кәрі өмірдің қақ­пасын қағып, сәби жыл аттаған кезде үш жүз алпыс бес күн ғана өмір сүретінін еш ойламай, Адам Ата зәузатына әлі ешкім біле қоймаған қуанышымен қа­бағат қайғысын да жасырып, күлімдеп кіріп келеді. Әлихан Бөкейхан «Жаңа стиль» деген немесе Григориян күнтізбесі аталған уақыт есебі бойынша ғұ­мыр кешіп келе жатқанымызды да ескеріп сөйлейміз. Жыл өткенде жақсы сөз айтатын, жыл күткенде жақсылық күтетін халқымыз ит жылында егінді ерте егіп, қы­сына даярлықты ерте бастайды екен. Ырымшыл мінезіне салып, қиындықтың өзін алда келе жатқан үлкен жеңілдіктің, жақсылықтың өтеуі деп қараған. Ит жылында дүниеге сәби көп келеді деп қуанады екен. Құдайдың өзіне ғана аян сырларды ықыласты дұға­сымен сұрап алатын қазақ жүре­гінен айналасың! 

Осы жылы қазаққа еңбегі сіңген перзенттердің мерейлі жылдарынан бір пара ұсынып көрмекпіз. Қазақ тағдырына алаңдап, зар заманда тарығып ғұмыр кешкен Шортанбай ақынның туғанына 210 жыл. «Мына дүниеге біз білетін төрт мұхиттың үстіне жаңа мұхит – Күй мұхитын қосқан» Құрманғазының дүние есігін ашқанына – екі ғасыр толыпты. Ақан сері мен Ықылас Дүкенұлына – 175 жыл, Шәкәрім мен Мәшһүр Жүсіптің туғанына – 160 жыл. Кеңес дәуіріне дейін өзі туып-өскен Торғай даласында би болған, патша үкіметі «Оян, қазақ» деген кітапты тәркілеген тұста, жасырын таратқан, Бутырка түрмесінде жатып, Карелияға айдалған, кейін сонда қайтыс болып, тек 1991 жылы ғана ақталған Асқар Дулатов (Міржақыптың туған ағасы) пен Абайдың тәрбиесін көріп, тәлімін алған, ақын мұрасын жинап, тұңғыш баспаға ұсынған Кәкі­тай Ысқақұлының туғанына – 150 жыл. Қазақ әдебиетіндегі тұңғыш роман­дардың бірін жазған Спандияр Көбеев пен жыр-дастандардың айтулы жүйрігі Шораяқтың Омарына – 140 жыл. Ал Еуропаның төрінде қазақ әнін әуе­летіп, қазақ атын асқақтатқан Әміре Қашаубаевтың туғанына 130 жыл болыпты. Тума талант, қазақ театр өнерінің корифейі Қалибек Қуаныш­баевтың, жыр сұлтаны Сұлтан­махмұт Торайғыровтың, қазақ поэзиясына еуропалық әшекейді әкелген Мағжан Жұмабаевтың, қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш дәрігер Аққағаз Досжанованың туға­нына – 125 жыл. Ұстаз-әдіскер, қуғын­ға ұшыраған Шах­зада Шонанованың дүниеге келге­ніне 115 жыл болыпты.

 

Биыл талантты сыншы, көрнекті жазушы Тәкен Әлімқұловтың, Қай­некей Жармағамбетовтің, қоғам қайраткері, ғалым Нұрымбек Жан­ділдиннің, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің, шебер аудармашы Ісләм Жарылғаповтың, Кеңес Одағының Батыры Абдолла Жанзақовтың туғандарына – 100 жыл. Қазақ радиосының үні болған Әнуар Байжанбаев пен қазақ кино өнеріне үлкен үлес қосқан Сұлтан Қожықовтың дүние есігін ашқандарына 95 жыл толыпты. Күллі қазақ даласын ана туралы әнімен тербеткен Ғафу Қайырбековтің туғанына 90 жыл.

Балуан Әбілсейіт Айхановтың, жазушы Асқар Сүлейменовтің, ақын Өтежан Нұрғалиевтің туғандарына 80 жыл. Амандық болса, қазақтың желаяғы Әмин Тұяқов, қазақ балетмейстері Бо­лат Аюханов, актриса Торғын Тасы­бекова мерейлі 80 жасқа келеді.

Бұдан өзге мерейлі жастардың бәрі той үшін, дүрмек үшін емес. Өткенді мұқият зерделеу үшін айтылады, еске­ріледі, аталады. Тәуелсіз дамудың жолында рухани тұрлаулы болуымызға зор үлес қосқан арыстардың еңбегі риза­гер ұрпақтың санасынан бір сәтке өш­пек емес.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»