• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
15 Қараша, 2011

Ильиннің лағыл көз жасы

419 рет
көрсетілді

Үш дүркін әлем чемпионы өзінің жеңісін ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнады Илья Ильин – Қызыл­ор­да­ның көзі оттай жайнаған сайыпқыраны – сын сағат­тар­да да темірдей жүйкесі сыр бермейтін оғланның хал­қын ұлы жеңістерге өзі үй­ре­тіп қойғалы қашан. Бірақ жұлқа көтеруде есе жіберіп алатыны бар. Есесіне серпе көтеруде оған шендесетін ауыр атлетші аз. Бір қор­қы­тып алады да, сосын қатты қуантады. Бейжің Олим­пиа­дасында да сөйткен... Олимпиада чемпионы атанған соң, батыр жігіт елге еркелесін. Тү­рі өзге болғанмен, жаны, жүрегі қазақ қой. Той-томалақты көбейтіп жіберді. Сөйтіп жүріп пышаққа да түсті. Жаттығу жайына қалды. Ел ішіндегі жарыстарға да қатыспады. Әсілінде, елге дабыра қылмай өз қазанында қайнатып, іштей бекітетін мәселелер болады. Әрі-сәрі болып жүрген ерке жігіт ұшақта кездескен депутатқа сырын ашуы мұң екең, бапкермен арадағы кикілжің республикаға жайылды да кетті. Атын жер өртеп те шығара алмай жүргендерге Олимпиада же­ңім­пазының тағдыры жан ашудан гөрі, дақпыртын шығаруға керек-ақ екен. Ильиннен әлі де күдер үзбей жүрген бапкерлер кеңесі шам­дан­ды. “Сені алмастыратын адам бар, кетсең жолың ашық” дегенді аң­ғарт­қан. Әй, біздің жаны ашыған­сып, қаны шығып тұрған жараға бір уыс тұз себе салатын ағайын-ай. Екі жақты дабырасыз келістірудің орнына арасына ептеп сына қағып қойды. Илья сынбады. Жеке бап­кер алып жеке жаттықты. Көш­­пелі халықтың ұрпағымын дегенді айтып, республика облыс­тарын аралады. Әлем чемпиона­тына бара алмаған. Есесіне Қа­зақстан халқы Спартакиадасында айды аспаға шығарды. Жұлқа көтеруде 186 келі, серпе көтеруде 230 келі көтеріп, өз салмағынан дәмелі болғандарды қозы көш артқа тастап кетті. Сол кезде тағы да айтқан: “Парижде алтын ала­мын”, деп. Бейжіңнен кейін армансыз де­малған бұла жігіттің осындай мә­лім­демесін қабылдамағандар да болды. Бағасын арттыру үшін айтты деп. “Парижге Ильин келді, төрден орын берейік”, дегендер болды десек, қатты қателессек керек. Былтырғы әлем чемпионы ресейлік Александр Иванов көтер­ме­ге Андрей Демановты ертіп келіпті. Былтыр күміс медаль алған украин жігіті Артем Иванов онысын ал­тынға айырбастасам деген дәмесі бар. Иран, корей, тіпті өзбектің өрімдей жігіті Руслан Нуридинов те алтынды көпсін­бейтіндей. Жұлқа көтеруде Илья жүректі тағы да дір еткізіп бесінші орында қалып кетті. 181 келіден соң 184 келіні көтерген, әлемдегі үздіктер қатарындағы қазақтарға тісін ба­сып жүрген қазылардың екеуі тех­ника­сынан мін тауып, есепке алма­ды. Қос Иванов – Ресей мен Украина жігіттері Ильядан 5 ұпай­ға шыған­дады. Әлемнің ал­тын, күмі­сін тең бөлісіп алған қос жігіт серпе көтеруде есе береді дегенге сену қиын еді. Ауыр атлетикада күшіне онша­лықты сене қоймайтындар алды­мен шығады. Титықтап барып тоқ­тай­ды. Ильинге ес болады деген Алмас Өтешов те солардың ішінде кетті. Үш кезегін де пайдалана алмаған. Егес басталды. Александр Иванов 215 келіге тапсырыс берді. Украин Артем Иванов 216 келіге шықты. Ал Илья Ильин 220 келіге тап­сырыс беріп, жаттығу залын қыды­рыстап жүр. Әдеттегідей тышқан мен мы­сық ойынын Энвер Туркелери мен бас бапкер Алексей Ни бастаған. Александр Ивановты зілтемірге алды­мен шығару үшін Ильяға 221 келі белгіледі. Әлем чемпионы 120 келіні көтере алмай, қабағынан қар жауып кетті. Сол кезде ғана Илья төбе көрсеткен. Зілтемірмен егескен жоқ. Әлем чемпионатында емес, Қызыл­ордада жаттығу за­лын­­да жүргендей жедел басып келді де бір толғап кеудесіне қондырып төбеге атты. Басқыштан төмен түсіп келе жатып: “Мен чемпион­мын”, дегенді айтып үлгерді. Құдай ақы, ешкім өйтпейді. Біз­дің жігіттің аузы батыр. Аллаға сиынып отырмыз. Александр Ива­нов шықты. 221 келіні көтере алма­ды. Бітті. Былтырғы әлем чем­пионы жүлдеден тыс қалған. Артем Иванов шықты. Қиналып барып 221 келіні көтеріп кетті. Сөйтті де Ильинмен егесті. 230 келіге тап­сырыс берді. Илья шық­ты, 226 келіні бағындырды. Бас­қыш­­тан түсіп бара жатып: “Енді тұ­ғырға шық­паймын. Балтырым­ды ауыртып алдым”, деді сам­бырлап. Алтын аламын деген адам олай айтпауы керек еді. Іш­тей сенген жоқпыз. Бұла ұлдың мінезін білеміз. Артем 230 келі көтеріп кетсе, аяғы сынып қалса да тәуекелге баратыны анық. Артем 227 келіні игере алмады. Біздің жігіттің сал­ма­ғы Артемнан 12 грамға кем. Екеуі­нің де қос­сайыстан жинағаны 407 келі болғанымен, алтын Ильянікі. Өз Отанын жанындай жақсы көретін, патриоттық сезімін сырт көзге анық көрсетіп жүретін Илья кеудешесіндегі жазуды көрсетіп: “Мен бұл жеңісімді Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына ар­най­мын”, деді жаһанға жар са­лды. Чемпион жігіт қуанғанынан жат­тығу залында зыр жүгіріп, құт­тық­тағанның да, құттықтама­ған­ның да қолын алып шықты. Әттең-ай, Алексей Нидің өкпесі тарқамапты, Ильин жеңіске жеткенде бас бапкер әдеттегідей айқай салып аспан­ға қарғымады. Бізге де ауыр тиді. Ильиннің алтыны Қазақ­стан­ды Қытай, Иран, Ресей мемлекеттерінен кейінгі төртінші орынға шы­ғарды. Алтын алуға Майя Мане­заның да, Светлана Подо­бедо­ва­ның да мүмкіндігі болған. Так­тикалық дайындықта қате жібергендері бар, төрешілер де қырыс қарады. Әлем чемпионаты үлкен жа­рыс болғанымен, Олимпиаданың бода­уы­на жүрмейді. Ол – шын­дық. Біздің сайыпқырандарға Лондонда табыс тілейік. Бақтияр ТАЙЖАН.