• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
16 Қараша, 2011

Береке мен молшылықтың ауылы

424 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері

Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады. Төменде Ақтөбе  облысының Қарғалы ауданындағы Степное ауылынан фоторепортаж беріліп отыр. Қарғалы ауданындағы Степное ауылының атақ-даңқы облыстан тысқары жерлерге де белгілі. Түтіні түзу көтерілген елді мекеннің тұрмысы бақуатты болуына осындағы «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үлесі зор. Мұнда ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріле­ді және өңделеді, құрама жем өндіріп өткізеді, құрылыс-құрастыру, ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, автомашина­лар­ды жөндейді және техникалық қамту жұ­мыс­тарын атқарады. Экспорттық-импорттық операцияларды, сауда-саттық қызметін жасай­ды. Ең бастысы, асыл тұқымды  мал өсіріп, өткізеді. Міне, ауыл шаруашылығының сан-салалы жұмыстарын қатар жүргізіп отырған серіктестік ауылдықтарға жұмыс тауып беріп, табыс көзін молықтырып қана отырған жоқ, осы ауылдың барлық тұрмыс-тіршілігінің бойы­на қан жүгіртіп  отыр. Егемендіктің елең-алаңында осындағы мәдени-әлеуметтік нысан­дар­дың жекешеленіп кетпеуіне бас-көз болған серіктестік директоры Аманқос Төлеуовті ауыл­дың тұрғындары туғанындай сыйлап, құр­мет­­тейтіні де сондықтан. Осы жерде еңбек жолын бастаған  басшыны ауылдың еңбектеген жасы­нан еңкейген қартына дейін таниды. Әркім қолға іліккенін иелене бастаған сонау жаппай жекешелендіру кезінде бір бүлдіргіні де алмаған жас басшы не көрсе де ауылдас­тары­мен ортақ болуды қалады. Жай ғана қалап қойған жоқ күрделі кезеңнен оларды әдемі алып өтті. Бұл ауыл жоқшылықты, қиындықты бастан кешпеді десе де болады. Ауыл үшін күрделі кезеңде де барлық әлеуметтік нысандар жұмыс істеп, ішіп-жемнен кенде болған жоқ. Степ­ное­лықтар аз қамтылған дегенге арланады, ондай­ларды бұл ауылдан кездестірмейсіз де.    Міне, жыл өткен сайын ауылдықтардың тұрмысы түзеліп, ауыл­дың келбеті көріктеніп келеді. Соның бәрі «мың қосшыдан бір басшы» дегендей, білікті басшы Аманқос Төлеуовтің арқасы екенін ауылдықтар жоққа шығармайды. Басқа­сын былай қойғанда, осы шаруашылықты бас­қарғанына да отыз жылдан асқан екен. Осы жылдарда ол эконо­мика ғылымдарының канди­даттығын қорғап, «Құрмет белгісі», «Құр­мет» ордендері  мен «Қазақстан Республи­ка­сының 10 жылдығы» медалінің иегері, Қазақ­станға еңбек сіңірген қайраткер атанды. 2001 жылы «Қазақ­станның онжылдығының үздік кәсіпкері», 2003 жылы «Облыстың үздік кәсіп­кері»  атағына ие болды. Отыз мың гектардан астам алқапқа егін өсірген шаруашылық биыл әр гектардан   орташа 7 центнерден өнім алды. Құт қамбаға құйылған алтын астықтан серіктестік ұжымы 1 және 2 сортты ұн тартады, 6 түрлі макарон бұйымдарын өндіреді. Серіктестікте 25 түрлі нан-бөлке, 6 түрлі жарма шығарады.  7 түрлі құрамажем өндіреді. Шаруашылықта 4 мыңға жуық ірі қара, 370 жылқы,  3 мың қой және түйе өсіріледі. Бұдан басқа, шұжық жасауға пайдаланатын шошқа еті үшін 3 мыңнан астам талпақ танау тағы бар. Мұның бәрін бағатын адам, үйлестіретін маман керек. Осы шаруалардың басы-қасында жүргендер түгелдей осы Степное ауылының адамдары. Ауылдықтар береке-бірліктің арқасында өндірістегі еңбекті жеңілдетуге қол жеткізуде. Мұнда 432 әр түрлі техника бар. Серіктестіктегі өнімділігі жоғары төрт  америкалық «Джон-Дир», германиялық он бір  «Медион-310» және  төрт «Тукано-320» астық комбайндарын ауылдың жастары ұршықша үйіреді. Канада­ның үш  «FLEXICOILSTX-425»,  бір «JohnDeere-1830»  өнімділігі жоғары егіс кешендері де науқандық жұмыстарды сапалы әрі тез атқаруға мүмкіндік беруде. Серіктестікте ауылдың 250 адамы жұмыс істейді, табысы өзге ауылдарға қарағанда анағұрлым жоғары. Содан да болар бұл ауылда басқа жаққа көшу деген атымен жоқ. Қайта алыс аудандардан, тіпті облыс орталығынан да осында аттай қалап, қоныс аударушылар бар. Су құбырмен үйді-үйге барып тұр. Қалаға аптасына екі рет тікелей автобус қатынайды. Степное ауылындағы  береке мен молшылық, татулық пен бірлік өзге ауылдарға үлгі боларлықтай. Арнайы бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі Сатыбалды СӘУІРБАЙ.