Бір шаңырақтың астында ұрпағын ғана әлдилеп қоймай, қазақтың қара өлеңін де құндақтап отырған қос ақын Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметованың шығармашылық биігі бәрімізге таныс. Ал оларды табыстырған махаббат хикаясы туралы біреу білсе, біреу білмес. Осы орайда отасқандарына 40 жылдан асқан жұлдызды жұптың өнерден тыс отбасы құндылықтары туралы білмек болған едік.
– Отбасыларыңызды 43 жыл бойы қуаттап келе жатқан махаббат хикаясы қалай басталған еді?
Қайырбек аға: 1960 жылы мектебімізге Алматыдан «Білім және еңбек» журналының бас редакторы Камал Смайловтың келуіне байланысты әдеби кеш өткізілген еді. Бұл кездесуге ауданның ақын-жазушылары қатысып, әдебиет, мәдениет туралы көптеген әңгімелер қозғалды. Мен 8-сыныпта оқитынмын. Осы кездесу әсер етті ме, әйтеуір әдебиетке деген құштарлығым оянғанын сезіндім. Сөйтіп аудандық, облыстық, республикалық газеттерге өлең, мақала жібере бастадым. Көп кешікпей нәтижесі де көрініп, қуанышқа бөледі. 1964 жылы мектеп бітіріп, Алматыға барып, ҚазМУ-дің журналистика факультетіне тапсырып, бағымды сынап едім, жолым болмады. Әскери борышымды өтеп келген соң, 1967 жылы тағы да қалаған оқуыма түсе алмадым. Сөйтіп туған ауылым Тереңөзекке көңілсіз қайттым. Күләш апайың екеумізді тағдыр қосты деп есептеймін. Себебі мен сол жылдары оқуға түсіп кетсем, оны кездестіре алмайтын едім ғой. «Ер кезегі үшке дейін» дегендей мен үшін сәттілік 1968 жылы болды. Осы жылы армандаған мамандығыма түсіп, өмірлік жарымды кездестірдім.
Күләш апай: Мен 1963 жылы 9-сыныптан соң Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы медучилищеге түстім. Онда 3 жыл оқып, Үшарал ауылында фельдшер болып бір жыл жұмыс істедім. Әдебиетке жақындығыма байланысты тағы бір жыл Талас аудандық «Ленин жолы» газетінде тілші болдым. 1968 жылы Алматыға жасымнан армандаған өлең өлкесіне жақындау үшін, ҚазМУ-дің журналистер даярлайтын факультетіне құжат тапсырдым. Қазақ тілі мен әдебиетінен ойдағыдай бағамен өткен соң, келесі емтиханға – тарих сабағына дайындалып жүргенде, университеттің алдында Қайырбекті кезіктірдім. Бірнеше талапкер тұрғанбыз. Бұйра шашты, көрікті жігіт өзінің ақжарқын мінезімен баурап алды.
Оқуға түсіп жатқандардың көбісі сол жылғы мектеп түлектері еді. Ішіндегі ересегі біз болған соң ба, Қайырбек екеуміз әңгімемізді бір-бірімізге айтып тұрдық. Тарихты жақсы тапсырдық. Неміс тілінен де өттік. Түскендердің тізімінен өзімді таптым, «Қайырбек түсті ме екен?!» деген ой басымда тұрды. Сөйтсем ол да түсіп, менің фамилиямды іздеп тауып, маған қарай асыққан екен. Біз осылай таныстық.
Қайырбек аға: Бізді сабақ басталмас бұрын ауыл шаруашылығы жұмысына алып барды. Еңбекшіқазақ ауданының «Қазақстан» совхозында жүзім жинайтын болдық. Жүзімдік жүйек-жүйекке бөлінеді екен. Әрқайсысына екі студент түседі. Бір таңғаларлығы, Күләш екеуміз бір қатарға түстік. Бірте-бірте ол мені өзінің нәзік те әдемі болмысымен, ақылымен, қарапайым қазақ қызына тән иба-инабатымен баурай бастады. Менің ой-қиялымдағы арман қыз осы Күләш деп ұқтым. Артынша достығымыз шынайы махаббатқа ұласты. Екінші курстың қысқы сессиясын бітірген соң, әке-шешемнің рұқсатымен Қызылордадан Жамбылға аттандық. Жанымда ағам және досым бар. Сүйген қызыма қазақы жолмен құда түсіп бардық. Ол ауылдағы ағайын-туыстарына аса қадірлі жанның бірі екен, жақындары Күләшті бізбен бірге зорға ілестіріп жіберді. Күләш Сыр еліне келген соң да менің туған-туыстарыма қатты ұнады.
Күләш апай: Ауылда жүргенімде сөз салып, хат жазып, ұсыныс білдірген жігіттерге: «Жоқ. Мен Алматыға оқуға түсуім керек. Менің арманым – ақын болу» дейтінмін. Сөйтсем маңдайыма ақын болу да, ақын жігітке тұрмысқа шығу да жазылып қойған екен. Қайырбек екеумізді кездестірген Жаратушы иеміз ғой. Ал достығымызды жалғастырған поэзия еді.
– «Ақын боп өмір кешу оңай деймісің, қарағым, Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның» деген Т.Айбергенов туындысынан-ақ ақын адамзаттың ауыр жүгін арқалаушы екенін аңғару қиын емес. Ал ерлі-зайыпты екеуіңіздің де осы жолды таңдап, мойындарыңызға артылған жауапкершіліктің екі еселенуі отбасылық өмірлеріңізге қандай әсерін тигізді?
Күләш апай: Сол Төлегеннің:
Жаныңа қап ем жақын боп,
Жанымда бүгін сыздау көп.
Мен болсам кеттім ақын боп,
Азырақ бақытсыздау боп, дейтіні де бар ғой. Шындығы сол, өнер жолы – ауыр жол.
Қайырбек аға: Ақындық деген мамандық жоқ. Ол Алланың адамға берген ерекше сыйы. Сондықтан оны қастерлеп алып жүру үлкен сын. Ал ерлі-зайыптылардың екеуінің де ақын болуы, жиі болмаса да, кездесетін жағдай. Менімен құрдас Жұматай Жақыпбаевтың жары Заида Елғондинова – тамаша ақын. Біз ол отбасымен жақсы араластық. Екеуінің бір-бірін аялап отыратынының куәсіміз. Өз басым Күләштің өлең шығаруына, кітап жазуына қолымнан келгенше жағдай жасадым. «Ақынға неге шықтым?» деп Күләштің өкінгенін естіген жоқпын.
Күләш апай: Қайрекең екеуіміздің де ақын болуымыздың пайдасы зор. Өмірге көзқарасың, өнерің ортақ болған соң әңгіме тақырыбы да алшақ емес. Жақсы өлең жазсақ, бір-бірімізге оқып береміз. Пікірімізді айтамыз. Жақсы өлеңге қуанамыз. Менің жазғандарымды көбінесе газет-журналдарға Қайырбек апарып беретін. Ол маған да қолайлы. Аз да болса уақытымды үй шаруасына бөлемін. Қосылғаннан бастап жұрт бізді «бір үйдегі қос ақын» деп атайды. Ол да үлкен мәртебе. Ептеген қиындығы да бар. Әрбір адамның өзінің патша көңілі болады десек, ақынның көңілі одан да жоғары. Әр ақын өзінше тұлға. Оның өз шығармашылық әлемі бар. Тәуекел етіп, өнер бәйгесіне қосылған соң, оған уақыт бөлуің керек. Бірақ әйел табиғаты көнбістігімен ұтады деп ойлаймын. Рас, тұрмыстың күйбеңі әйел адамды жеп қояды. Қалам ұстауға уақыты бола бермейді. Қазан қамы, баланың бағымы, ағайынның бабы бар. Құдайға шүкір, бұл жағы маған қиынға соққан жоқ. Бізде түсініспеушіліктен гөрі ұғынысу, сыйласу жоғары тұрды. Тағдырыма ризамын. Қайырбек маған өмір бойы көмектесіп келеді. Мен де одан өз қамқорлығымды аяған емеспін. Отбасының берекесі мен бақыты мен үшін қашанда қымбат.
– Алда бірге жеткілеріңіз келетін қандай белес бар?
Күләш апай: Дана қазақтың жұбайларға арналған ең жақсы батасы – «Қосағыңмен қоса ағар!». Бір шаңырақтың астында өмірдің ащысын да, тұщысын да көрдік. Қуанғанда да, мұңайғанда да бірге болдық. Өмірдің артқан жүгін екеу болып көтерген оңай емес пе?! Жақсылықтарыңа қуанатын адамыңның жаныңда болғаны, сүйгеніңмен қол ұстасып бір жүргенің – өмірдің ұлы қуанышы. Біздің армандарымыз өзіміздің жасымыз бен мүмкіндігімізге сәйкес. Балалардың, немере-шөберелердің қызығын көру, ел тәуелсіздігінің арайлы таңдарына куә болу, жаңа кітаптар шығару.
Қайырбек аға: Бұл күндері Күләш екеуміз де жетпіс жастан асып барамыз. Әрбір таңды аман-есен көргеніміз үшін Аллаға шүкір айтамыз. Өмір күле қарағанға күн ғой. Күнді күн сайын көріп, жүре тұрғымыз келеді. Алайда, қазына боп қартаю бар да, қазымыр боп қартаю бар. Бүгінде біз үшін ең үлкен белес – ұрпаққа ұлағат сыйлар қазыналы қария болып қартаю.
Әңгімелескен
Айжамал КӨПЕЕВА