• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
16 Қараша, 2011

Аймақтар алақаны аялаған Астана

388 рет
көрсетілді

Елордада 15-16 қараша күндері Алматы қаласының және Ақмола мен Ақтөбе облыстарының күндері өтуде  

Тәуелсіздіктің бесігі болған Алматы

Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Алматы қаласының Ас­танадағы күндері аясында көрме ұй­ым­дастырылып отыр. Бұған дейін жас қалаға Жетісу же­рі­нің сыйы ретінде 25-27 қазан күндері Алматы облысы өзінің берекелі жәр­мең­кесімен келіп, астаналықтар мен қала қонақтарына сапалы да қол­же­тімді азық-түлік өнімдерін ұсынған болатын. Облыс ауылшаруашылық жәрмең­ке­сіне 177,2 миллион теңгенің, оның ішінде 90,5 тонна ет өнімдерін, 160 тонна көкөніс, 74 тонна жеміс-жидек, 100 тонна картоп пен 0,5 тонна сүт өнімдерін әкелген болатын және осы сапалы өнімнің бағасы да базар баға­сынан 15-20 пайызға арзанға түсіп, Астана жұртшылығы оңтүстіктен келген көл-көсір тағамды үлкен ықылас­пен қабыл алған-ды. Осы Бейбітшілік және келісім сарайында облыстық көр­ке­мөнерпаздар, отбасылық ансамбльдер мен республикалық түрлі бай­қау­лар мен бәйгелердің жеңімпазы атан­ған өнер ұжымдары қала жұртының кө­ңі­лін шалқытқан үлкен концерт ұй­ым­­дастырғаны да астаналықтардың кө­­ңі­лінен көше қойған жоқ. Енді міне, Елбасының өзі келіп қатысатын көрмеге әсем қала Алматы өзінің егемендік алғаннан бері қол жеткізген жетістіктерін Тәуелсіздіктің 20 жылдық ұлы мерекесі қарсаңында паш еткелі отыр. Осы ретте әйгілі апорттың отаны, жер жәннаты Жетісудың алып таула­ры­ның баурайында орналасқан әсем қала туралы аз-кем айта кетсек, артық болмас. Алматы – Еуразиялық конти­тент­тің маңызды және ыңғайлы жерінде, Ұлы Жібек жолының жүл­ге­сінде орна­ласқан. Сонымен қатар қа­ла­ның туризм саласын дамытуға үлкен мүмкін­діктері бар. Алматы ішкі жалпы өнім­нің бестен бір бөлігін өндіреді және мемлекеттің бюджеттік кірісінің ширек бөлігінен астамын береді. Бү­гінде Ал­ма­тыда қазіргі заманғы мегаполиске сәй­кес келетін инфра­құры­лы­м­­ның бар­лық негізгі элементтері орна­ласты­рыл­ған. Өңірлік ішкі өнім көр­сет­кіші бойынша Алматы Орталық Азия­ның барлық қаласын және Ресей­дің кейбір аймақтарын да едәуір басып озады. Мәселен, Алматының өңірлік ішкі өнім көрсеткіші Ташкенттен 4,5 есе, Новосібірден 1,5 есе, Омбы облы­сынан 2 есе жоғары. Қала өңірлер арасында барлық жағынан болсын өте жағымды жа­ғы­нан сипатталады. Сон­дай-ақ, қала да­муының деңгейі туралы халықаралық сарапшылардың бағалау­ын­ша, Алматы «Әлемнің ғаламдық қа­лаларының» тізіміне кірді. Атап айт­қанда, Детройт, Эдинбург, Манчестер, Санкт-Пе­тер­бург және Доха сияқты әлемдік эко­номиканың орталығы ретінде танымал болып отыр. Қаланың маңыздылығы артып келеді, сондықтан мемлекет оған үлкен мән береді. Еліміздегі ша­ғын және орта бизнес өн­дірген барлық өнім көлемінің 27 пайы­зы Алматы қаласының үлесіне тиесілі. Бұл – жақсы көрсеткіш. Қала басшы­лығы 3 бірдей маңызды бағытқа ынта қойып отыр. Олар, бірінші бағыт – эконо­ми­калық өсімнің маңызды көр­сет­кішінің бірі болуы тиіс – Алатау ауданында алаңы 490 гектар болатын индус­трия­лық аймақты дамыту. Президент Үкі­метке Алматы қаласы мен Алматы облысының әкім­дерімен бірлесіп, қала мен іргелес аумақтың көлік жүйесін дамытудың кешенді жоспарын қарауды және қа­былдауды тапсырған болатын, сол себепті де, екінші бағыт – көлік қыз­метінің жаңа баламалы түрлерін қо­са алғанда, қаланың барлық көлік жү­йесін кешенді дамыту. Сонымен қатар, баса назар аударып отырған үш­інші бағыт – Алматы өңірінде туризмді, соның ішінде жеке меншік тау шаң­ғысын дамыту. Ағымдағы жылдағы ма­ңызды жобалардың арасында – мет­роның бірінші кезегін пайдалануға беру, Шығыс-айналма автожолының құ­ры­­лысын аяқтау, Республика сарайын қайта жөндеу, бірқатар өзге де маңыз­ды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар бар. Алматыны ірі өңірлік қаржылық орталық ретінде одан әрі дамыту өз­екті мәселе екендігі анық. Мамыр айы­­­ның басында келген кезде Елбасы Тәуел­сіз­дігіміздің 20 жылдық мерей тойына Алматы қаласының белсенді қатысуын және тарихи ұлы датаны айырықша атап өтуге шақырған бола­тын. Бұл көрме Президенттің сол сө­зі­нің үдесінен шығуға жасалып отыр­ған қадам. Ақмоланың ақ пейілі Жетпіс жылдық тарихы бар Ақмола өңірі 1939 жылдың 14 қазанында ірге­тасын қалады. Облыс орталығы сол­түс­­тіктің сұлу мекені Көкшетау қала­сында орналасып, осы әсем қаладан басқа­ры­лады. Облыстың жер ауқымы 146,2 мың шақырым аумақты қамтып жатыр. Тек сұлулығымен ғана емес, табиғи бай қазыналы өлкеде Көкшетау мен Степногор қалалары, 17 аудан, ау­дан­­дарға қарасты 8 кішігірім қала мен 244 ауылдық округ бар. Облыстың ха­лық саны 733 мың адамды құраумен қатар бұл облыс көп ұлтты өңір екендігімен де белгілі. Пайдалы қазба бай­лығы жөнінен ауыз толтырып айтар­лықтай бай өлкеде техникалық алмаз­дың, уран­­­ның 25 пайызы, алтынның 12 пайызы және құрылыс материалдарын жасауға пайдаланатын кварц құмы, доломит, каолин секілді мол қазына қоры бар. Ақмола – астықпен аты шыққан құт­ты мекен. Мұнда жылына жиналған жоғары сапалы астық бүкіл елімізді қамтамасыз етіп отыр десек те болады. Сонымен қатар, ет пен сүт өнімін өндіруде де Ақмола облысының көр­сет­кіші жоғары. Ақмола облысының Астанадағы күн­деріне арнап Еңбекшілдер ауданы жәрмеңкеге 22 тонна сиыр етін, 7 тонна жылқы етін, 3 тонна қой еті мен нан өнімдерін, сүт, бал әкеліп халыққа қолжетімді бағамен ұсынып отыр. 11 ауылдық округ, «Еңбек» ЖШС, «Хлебороб» ЖШС, «Бақытжан» шаруа қо­жалығы секілді 22 жекелеген өнім өндіруші серіктестіктер сапалы өнімін жәрмеңкеге шығарды. Мал және астық өндіруді кәсіп еткен аудан биыл 124 мың гектар жерге егін егіп, оның әр гектарынан 15 центнерден астық жинап алған. Өткен жолы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы барып тамашалаған «СК-Фуд» ЖШС жуырда мал бордақылайтын ферма ашып, Америкадан, Австралиядан 942 бас асыл тұқымды қой алып, бола­шақ­та ет дайындау ісін бүгінгі деңгейден де жоғарылатамыз деп отыр. Еңбекшілдер ауданынан келген Құттыбек Шарипов басқаратын «Шариповтар» шаруа қожалығы 2 тонна сиыр етін әкеліп, елдің қалтасы көте­ре­тін бағамен саудаға шығарды. Алу­шы­лар дән риза. Шаруашылықтың 600 бас ірі қарасы бар, 2 мың гектар жердің мың гектарына бидай егіп, қалған мың гектарына малдың азығы үшін жем-шөп дайындауға арналған құнарлы да­қылдар себіледі. Өз ісіне ұқыпты қо­жалық биылғы астықты уақытылы жинап алумен қатар Азық-түлік келісім-шарт корпорациясына мың тонна бидай өткізген. Бүгінгі жәрмеңкеге Еңбекшілдер ау­даны 6 тонна сиыр етін, 600 кило жылқы етін, 800 кило қой етін және 1 тонна шошқа етін әкелген. Одан өзге 10 тонна картоп пен 50 мың дана жұ­мыртқа да бар. Жәрмеңкеге ауданнан 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен 3 шаруа қожалығы қатысып отыр. Ауданның биылғы көрсеткіші көңіл қуантарлық. Биыл «ҚазАгроның» несиелік қолдауымен мал тұқымын асыл­дандырумен айналысатын серіктестік ашып Солтүстік Дакотадан әкелген асыл тұқымды мал басын көбейту қол­ға алынды. Қазақстандағы ең ірі құс фабрикасының бірі болып есептелетін «Қазгерқұс» дейтін құс фабрикасында 650 мың бас тауық бар. Еңбекшілдер ауданы әкімінің орынбасары Қабибол­ла Шаяхметов егемендіктің 20 жыл­ды­ғы тұсында Астана халқына сый ретінде Ақмола облысының тағам өнімдері мен мерекелік көрме, түрлі шаралар дайындап келгендігін айтты. Қорғалжын ауданы 15 шаруа қо­жа­лығы мен 8 ауылдық округтың ауыл­ша­руашылық өнімдерін ұсынды. Оның ішінде 2 тонна сиыр еті, бір жарым тон­на жылқы еті, ондаған тонна қой еті мен 2 тонна балық, шұжықтың жүзге тарта түрін ұсынып отыр. Азық-тү­лік­тен өзге қорғалжындықтар Астана жұртшылығы мен қонақтарына арнап жергілікті «Дударай» халықтық-фальк­лорлық ансамблінің дайындаған мерекелік концерті жәрмеңкеге келген жұрттың еңсесін көтеріп тастады.   Арайланған Ақтөбе Тәуелсіздіктің 20 жылдығын мерекелеу аясында елордалықтарға өз сый­ла­рын алып жеткен ақтөбеліктер «Me­гa Ас­тана» ойын-сауық және сауда ор­т­а­лығына жапсарлас аумаққа «орын теуіп», онда Ақтөбе облысының әлеумет­тік-экономикалық дамуы туралы көр­ме­сін, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәр­­­­меңкесі мен өнер шеберлерінің концертін өткізді. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» демекші, өңірлердің соңын ала жеткен облыс шараға мұқият дайын­далыпты. Ақтөбе өңірі еліміздегі ірі аумақты алып жатқан облыстардың санатына жатады. Табиғи қазба байлыққа бай, адами, өндірістік және көліктік әлеует бойынша Қазақстанның қарқынды да­мушы аймағы болып саналады. Облыс­­­тың өңірлік жалпы өнімі өткен жылы 1993 жылмен салыстырғанда 822 есеге өсіп, 1,4 млрд. теңгені құраған. Биыл өңірлік жалпы өнімді 1 трлн.300 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Өнеркәсіп өндірісі бойынша да ал­дың­ғы бестікке кіретін Ақтөбе облысында соңғы жеті жыл ішінде 400-ге жуық инвести­ция­лық жобалар жүзеге асыры­лыпты. Бұл 25 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік берген. Осы орайда бас­ты жетістік, Ресейден келетін электр энергиясы импортына тәуел­ді­лік­тен құтылу болып отыр. 90-жыл­дары облыстағы электр қуатының 85%-ы Ресейден алынса, бұл көрсеткіш бүгін­де тек 3 %-ды ғана құрайды. Ауыл шаруашылығы саласы да оң өзгерістерге толы. Қазір облыс өз тұр­ғындарын облыста шығарылатын өз тауарларымен 80%-ға қамтамасыз етіп отырған көрінеді. Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас­тығы Мұхтар Жұмағазиев елордада өткізілген жәрмеңкеге 300 тонна ет пен 100 тонна көлемінде көкөніс өнімдерін алып келгендігі туралы мәлімет бере кетті. «Ақтөбе облысынан келген өнім­дер­дің ішінде шұжықтың 50 түрі, 300 тонна ет, 100 тонна көкөніс өнімдері бар. Жәрмеңкеде сиырдың еті 1 килосы 850 теңгеден, ал қой етінің әр килосы 750 теңгеден, түйе еті 900-ден, жылқы етінің килосы 950 теңгеден саудалан­ды, деді ол. Ал бұл баға елордалық­тар­ға базар бағасынан әжептәуір арзанға түспек. «Мега Астана» ойын-сауық және сау­да орталығы айналасында облыс ау­дандары мен Ақтөбе қаласы атынан 12 қанатты бір және сегіз қанатты 6 ақ­шаңқан киіз үйлер тігіліп, этноқала­шық жұмыс істеді. Бұл ауылдар ерен ең­бегімен және әскери ерлігімен ел тарихында есімдері қалған адамдардың аттарымен аталыпты. Мысалы, Әбіл­хай­ыр хан, Қобыланды батыр, Нұрпей­іс Байғанин, Шығанақ Берсиев, Әйтеке би және тағы басқа ауылдарда дастархан жайылып, қонақтарға дәстүрімен бас тартылды. Бұл киіз үйлер халық шеберлерінің қолынан шыққан бұй­ым­дармен жабдықталыпты. Сондай-ақ мұнда Кіші жүздің ханы Әбілхайырдың атаулы жүзігі, атақты композитор Ахмет Жұбановтың концерттік костюмі секілді көптеген тарихи маңызға ие экспонаттар бар. Халықтық мерекенің басты тартуы – ақтөбеліктер ұйымдас­тырған «Бауырсақ күні» мерекесі бол­ды. Мерекеге қатысушы Астана тұр­ғын­дарына 220 мыңнан астам бауыр­сақ­тар тегін таратылды. Бұл облыс әкі­мі Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, Ақтөбе облысына 80 жыл, ал Ақтөбе қаласына 142 жыл толуына орай ұйым­дастырылған сый болып шықты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өн­ді­рушілер төменгі бағамен сатылатын өнімдердің көптеген түрін ала келіпті. Оның ішінде ет, балық, сүт, шұжық, көкөністер, күнбағыс майы, ұн, бал және басқалар бар.   Шалғай ауданнан тарту Тәуелсіздіктің 20 жылдығына тарту ретінде елордада өткізілген жәрмең­кеге Ырғыз ауданы қандай тартумен келді дегенде, ауыз толтырып айтардай көрсеткіштер бар. 15 мың тұрғыны бар Ырғыз ауданы­нан 10 тонна балық пен 3 тонна ет ал­ып келдік. Балықтың түр-түрінен, атап айт­­­сақ, 6 түрі әкелінді. Оның орташа баға­сы 250-300 теңге. Аудан ауыл ша­руа­шылығымен, оның ішінде мал ша­руа­шы­лығы және балық шаруа­шы­лы­ғымен айналысады. Осы екі бағытта аудан кө­лемінде өндірілген өз өнім­де­рімізді са­туға әкелдік. Қазақтың салт-дәстүрінің қаймағы бұзылмаған Ырғыз ауданы об­лыс орталығынан шалғай ор­наласқан. Дегенмен, бұл аудан өмірінің өрлеуіне кедергі болып отырған жоқ. Тәуелсіздік алғалы бері көп жетістікке қол жеткіздік. Мысалы, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолының 215 шақы­рымы аудан территориясымен өтеді. Енді Астана ба­ғытындағы жол құры­лы­сы басталмақ. Жуырда Ырғыз-Тор­ғай резерваты пай­да­лануға берілді. Мұның барлығы тұр­ғын­дардың әлеу­мет­тік жағдайын арт­ты­руға септігін тигізіп отырған үлкен шаралар. Бұған қоса, жуырда тәуелсіз­дік­тің 20 жыл­ды­ғына орай ауданда облыс орталығына аптасына екі рет ұшақпен қатынау жолға қойылды. Енді аудан тұр­ғын­да­ры жалпы құны 15 мың тең­ге­нің үстін­дегі билетті облыстық бюджет есебінен 3 950 теңгеден ала алады. Мирхан ДУАНБЕКОВ, Ырғыз ауданының әкімі. Бетті дайындағандар Қанат ЕСКЕНДІР, Венера ТҮГЕЛБАЙ. Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ,