«Шынына келсек, көктемде Кремний жазықтығына аттанатын қазақстандықтардың біреуі – корей баласы. Ал қазақ балаларының ақпараттық технологияларға ерекше бейімділігі бұрыннан да айтылып жүрсе, ол негізсіз емес. Қаңтар айының басында елімізде «АҚШ-тың ІТ-стартаптарында өтіл жинау» байқауы қорытындыланды.
Биыл бұл жарыста ақпараттық технологиялар саласында қызмет етіп жүрген Олжас Айтбек, Ислам Мәдениет, Дәурен Малаев, Арай Сабыржан мен Сергей Тянның жолы болды. Енді олар жарты жылға Кремний жазықтығына тәжірибе жинақтау үшін жолға шығады.
Бұл байқауға қатысуға 43 адамнан өтінім келіп түскен. Оның ішінде 19 автор келесі турға өтті. Екінші турға өткендер екі тараптың, яғни қазақстандықтар мен осы іске мүдделілік танытып отырған америкалықтардың бірлесуімен өткен әңгімелесуге қатысты. Нәтижесінде, жоғарыда аты аталған бес адам іріктеліп, білім гранттарына ие болды. Бұл грант тәжірибе жинақтаушылардың барлық шығындарын өтейді.
Айтқандай, бұл байқау биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Оның жеңімпаздарының бағдарламалау, мәліметтер базасын жоспарлау машықтары өте жоғары.
Отандастарымыздың әрбіреуіне екі америкалық стартаптан таласып отыр десек те болады. Олардың ішінде Amplifylive, Hexa, Vimchat, 11sight, Powr сынды алпауыттар да бар.
– Жеңімпаздардың кейбірімен жұмыс істеп үлгердік. Біз стартаптарды таңдап біткен соң виза мәселесін шешумен айналысамыз. Біз үшін олардың тәжірибесін өз елінде пайдаланып, америкалықтармен де әріптестікті үзбей, Қазақстанға қайтып оралғаны аса маңызды, – дейді осы байқауды ұйымдастырған академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми-білім беру қорының бағдарламалар менеджері Ильзира Алдағарова. Өз кезегінде алғашқы байқаудағы жеңімпаздардың жоғары біліктілігіне көздері жеткен америкалық тарап та жақсы пікір білдіріп отыр.
– Біз Қазақстанмен 2016 жылдан бастап жұмыс істей бастадық. Сол кезде жеңімпаздар арасынан Абай Нүсіпбековті таңдап, ол бізбен бірнеше ай жұмыс істеді. Оның кәсіби деңгейі өскені соншалықты, нәтижесінде Абайды толық жұмыс күніне қызметке жалдадық. Ол қазір Қазақстанда отырып, біздің инженерлік бөлімді басқарады. Биыл екінші рет аталмыш Қормен әріптестік аясында жеңімпаздардың айрықша қабілетіне қайран қалып отырмыз. Мүмкіндік болса, бәрін де қызметке шақырар едік. Іс жүзінде әрқайсысы кез келген компанияда жұмыс істей алады, – дейді AmplifyLive негізін қалаушылардың бірі әрі бас директоры Брайан Кэнти.
Қазіргі таңда алғашқы байқаудың үш жеңімпазы Қазақстаннан жырақтағы стартаптарда жұмыстарын жалғастыруда. Ал Айгүл Имадилдаева тікелей Жазықтықтың өзінде қызмет етуде.
Осы арада америкалықтардың келесі байқауды өткізуге Айгүлдің тікелей ықпал еткенін айта кеткен жөн. Сан-Францискодан бір-ақ шыққан жерлесіміз өзінің командада мықты бағдарлама әзірлеуші екенін дәлелдеген. Осындай табысты әріптестіктен кейін POWr стартапының HR маманы МакКензи Ринг Қазақстанмен жұмыс жасауды жалғастыруға шешім қабылдағандарын айтады.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ