• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
16 Қараша, 2011

«Ұлысымның ұйытқысы – оңтүстік» атты басқосу Тәуелсіздік тойына арналды

584 рет
көрсетілді

Қызық болды. Он бірінші жы­лы­ңыздың он бірінші айының он бірінші күнінде оңтүстігіңізге он бір ақын-жазушы келді. Астанаңыз бен Алматыдан. Ташкенттен һәм Мәс­кеуден. Он бір ірі-ірі БАҚ бас­шылары жетті. Сондай-ақ басқа да бірқатар бұқаралық ақпарат құрал­дарының Шымкентке келген өкіл­дерін есептесеңіз ше, олар-дағы оннан астам екен. Қарашаның қары елжірей еріді. Шымкенттің шат-шадыман мизам шуағы қайта оралғандай күй кешті. Қонақтар. «Ұлысымнын ұйыт­қысы – Оңтүстік» атты басқосуға болат жолдың бойымен және ұшақпен асыға жеткен меймандар. Облыс әкімінің шақыруы бойынша. Аллаға шүкір, Тәуелсіздікке тәубе дейік. Ұлан-байтақ елімізде ұлан-ғайыр тірліктер атқарылып, ұлан-асыр тойлар өтіп жатыпты. Оңтүстік Қазақстан облысында да бүкіл байтағымыздағыдай жасам­паз­дықтың жиырма жылы жеткізген жеңістер мол. Тек бірен-саран сандарды санаңызға салыңызшы. Өңірлік өнім 1991 жылғы 7 миллиард теңгеден 1,1 триллион теңгеге дейін, яғни 163 есе артты. Жан ба­сы­на шаққанда ІЖӨ 3,7 мың тең­геден 447,8 мың теңгеге дейін немесе 121 есе өсті. Инвестицияңыз 225 есе, бюджетіңіз 25 есе көбейді. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашы­лы­ғының жалпы өнімдік көрсет­кіш­тері жүздеген миллиард теңгемен өлшенеді. Индустриялық-иннова­ция­лық аймақта 31 жоба жүзе­лену­де. «Оңтүстік» арнайы эконо­ми­ка­лық аймағы мен Көксарай су реттегіші мерейіңізді тасыта түсер. Жаңа мектептер мен жаңа ау­ру­ханалардың, жаңа жолдардың, ауылдарға таза, табиғи ауыз су мен көгілдір отын апарудың ең жоғар­ғы көрсеткіштері де осы Оң­түс­ті­гіңіз­де. Жылыжайларыңыздың жет­піс па­йыздан астамы, тамшылатып су­а­ру­дың басым бөлігі осы Оң­түс­ті­гіңізде. Биыл Мақтааралдың мақ­та­шылары бастап, қалғандары қостап, «ақ ал­тыныңыздан» ең көп өнім жинады. Қазақ мақтасының сапа­сы артып, сұрыптары молая түсті. Тәуелсіздіктің жасампаз жиыр­ма жылы ішінде жаңадан 224 мә­дениет ошағы ашылды. Олардың ішінде жетпістен аса клуб, жүз отызға жуық кітапхана, оншақты саябақ, төрт театр, жеті музей, тағысын-тағылар бар. Еңселі, елдік, елеулі ескерткіштер мыңнан асты. Осыдан екі апта бұрын ғана Отырарыңызда күш атасы Қа­жы­мұ­қанның, рух сардары Өзбекәлі Жәнібековтің, ән падишасы Шәм­ші Қалдаяқовтың тұғырлы тұлға­лары бой көтерді. «Ұлысымның ұйытқысы – Оң­түстік» басқосуына қатысушы қо­нақтар шырайлы шаһарыңыз Шым­кенттегі «Даңқ» мемо­риалын, Шәм­ші аллеясын, Неке сарайын, «Жер Ана» монументін, Тәуел­сіз­дік сая­ба­ғын таңдана аралап көрді. Ин­дус­триалды аймақтармен, жаңа кәсіп­орындармен таңырқай таныс­ты. «ERNUR-пресс» корпора­ция­сы, «За­мана» баспа үйі, «Айғақ» баспа үйі, «Отырар» телеарнасы, «Оңтүс­тік Қазақстан», «Шымкент келбеті», «Рейтинг» сияқты БАҚ жұмыс­тары­на ден қойып, тәжірибе алмасты. Ең әуелі, таңертеңгі сағат онда Шымкенттегі көркемсурет гале­рея­сында өткен «Баспасөз жәр­мең­ке­сі» баршаның назарын аударды. Өңір баспасөзінің қара шаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газетінен бастап, барлық аудандық және қалалық газеттердің, тәуелсіз деп, мемлекеттік емес деп, жекеменшік деп, түрлі-түрлі аталатын жүздеген басылымдардың, телеарналардың, баспахана-баспалардың, тағы бас­қа­лардың көрме-жәрмеңкесінде емін-еркін, емен-жарқын шүйір­келесу болды, өнімдер таратылды. Сол он бірінші қарашаңызда, сағат он бірден он бір минөт өт­кенде «Рейтинг» апталығының үш жылдық мерекесі және жаңа ғи­ма­ратының ашылу салтанаты ұйым­дас­тырылды. «Алаш айнасы» га­зеті­нің бас редакторы Серік Жанболат өз сөзінде әзілге орай былай деді: «Не шықса да Шымкенттен шығады деген сөз бекер айтылмас. Мына «Рейтинг» апталығының ай­тары алымды, әр нөмірі шалымды, жаңашыл газет. Тәуелсіздікке қыз­мет етпектің тың тынысын ашқан текті басылым боп келеді. Бұндай басылым облыс, өңір шеңберінде қал­мауы тиіс, бүкіл елге тарал­мағы жөн». «Қаламгер-Media» ор­та­лығының атқарушы директоры Жанарбек Әшімжан: «Үш жылдың өзінде өз үнін танытып үлгерген га­зеттің жүрер жолы, жетер же­ңістері жарқын екені даусыз», деп түйді. Түс ауа талай-талай таңға­жа­йып­тармен танысып оралған БАҚ басшылары мен қалың журналистер қауымы «Еркін сөзге 20 жыл» атты форумға жиналды. Қазақстан Журналистер одағы Оңтүстік Қа­зақ­­стан облыстық филиалының төр­­ағасы, «Оңтүстік Қазақстан» га­зетінің бас редакторы Бейсенбай Тәжібаев модераторлық еткен фо­рум­ның «дөңгелек үстелінде» ор­да­лы ойлар ортаға салынды, өт­кір-өткір пікірлер айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев ұлыстың ұйытқысы атанған өңір­дің өзгешеліктерін, Тәуелсіздік тойы қар­саңындағы толағай та­быс­тар­дың басты-бастыларын тілге тиек етті. Рухани-мәдени, БАҚ сала­ла­рын­дағы жетістіктерді мы­сал­ға келтірді. Оңтүстікте қазір 200-ге жуық БАҚ бар, оларда 2000-нан аса адам жұмыс істейді. БАҚ-тардың 90 пайызы – жекеменшік. Жекемешік баспаханалар да бар. Жекеменшік БАҚ-тардың биік-биік, сәулетті ғимараттары бой көтеруде. «Қазақ­стан Журналистер одағының Оң­түс­тік Қазақ­стан облыстық филиа­лы­ның ұйым­дастырып отырған «Еркін сөзге 20 жыл» форумының өзі біраз жайтты аңғартады. Бізде баспасөз еркіндігіне, сөз бостан­ды­ғына, қалам тәуелсіздігіне толық жол ашылған. Бұл – Тәуелсіздіктің нақты нәти­жесі», деді Әли Бектаев. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Қайрат Сақ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Есберген Алауханов, республикалық «Ай­қын» газетінің меншікті тілшісі Қуан­­дық Оразбекұлы баяндама жа­сады. Қайрат Сақ республика бо­йын­ша БАҚ әлемінде өзгеше­лік­тердің мол екенін, Оңтүстікте 177 га­зет тіркелгенін, көбі жарық кө­ріп жатқанын, 11 өзбек, 26 орыс газеті бар екенін, ауданнан, ауыл­дан шы­ғып, бүкіл республикаға тарайтын басылымдардың аз еместігін айтты. Олардың бәрі дерлік мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс­ты пайдала­на­ды. Өкінішке қарай, республика көле­міндегі қазақ және орыс тілді басылымдар арасында айтарлықтай алшақтықтар орын алуда. Бір-бірі­нің көтерген күрделі мәселелеріне қолдау көрсетпейді. Тығыз ынты­мақтастық, нығыз ық­палдастық жетіспейді. Сөз бос­тан­дығындағы шек­тен шығушылыққа тосқауыл қо­йыл­мағы жөн. Сөз бос­тандығы шексіз емес. Журналистік ар-ождан жауапкершілігі естен шығып кететін кездер жиі орын алады. Есберген Алауханов ұлттық ұлы мұраттарға жету жолында жур­налистика мен журналистердің үлкен рөл атқаратынын, кейбір елдер тарапынан жасалатын ақпа­рат­тық экспансияға, тыныштықты бұ­зып, халық ынтымағын ыдыратуды көздейтін іріткі әрекеттерге қарсы жұмыстың жеткіліксіздігін әңгі­ме­леді. ҚазҰМУ-дің журналист кадр­ларын дайындау ерекшеліктеріне тоқталды. «ОҚО-да БАҚ көп. Бұл жақсы. Алайда кім болса сол, қа­лай болса солай газет шығаратын, не болса соны жазатын, БАҚ деген атты былғайтын жағдайларға ет үйренгені жақсы емес», деді декан. Қуандық Оразбекұлы болса, жиырма жылда тәуелсіз сана қа­лып­таса бастағанына назар аудар­ды. Мемлекеттік БАҚ пен тәуелсіз БАҚ арасындағы алшақтық пен айырмашылық азайды. Өкінішке қарай, базбір басылымдар байып­ты бәсекелестік орнына бетпақ бет­ жыртысуға бара беретін болды. Форумның жарыссөзінде «Шәм­­ші» журналының бас редакторы Қал­дыбек Құрманәлі мемтап­сы­рыс­тың миллиондап бөлінетін қар­жысын кейбір басылымдар ақ­та­майтынын, мемлекет мақсатына қар­сы жұмыс істейтінін ашынып айтты. «Замана» баспа үйі редакторлар кеңесінің төрағасы Иса Омар осындай пайдалы бас­қосу­лар мен талқылауларды дәстүрге ай­нал­ды­ру­ды ұсынды. «Біз бүгін «Еркін сөзге 20 жыл» деп жатыр­мыз, бірақ бір­қатар газет тарату, баспасөзге жа­зы­лу­­ды ұйымдас­ты­ру мекемелері ер­­кін таңдау мүм­кін­дігін шектейді. Тен­дер өткізуде бұ­ра тарту тіпті ас­қынды. Мемлекеттік емес газеттер арасында өз­ге­лер­дің идеялары мен жаңаша жоба­ларын, тың тақы­рып­тарын ұр­лай­тын, ұят-аятсыз пай­далана беретін ауру белең алып ба­рады», деді Омар. «Қазақстан-Шым­кент» теле­ар­насының басшы­сы Ға­лым Омарханов: «Мемлекеттік тап­сы­­рыс­тың миллиондары жол­бике газеттер мен теле­ар­на­ларға, жолбике журналистерге ба­сымырақ бөлі­не­­ті­ні рас. Айт­паса, сөздің ата­сы өле­ді. Әріп­­тес­тер дұ­рыс қозғап жатыр. Той­дың ғана телевидениесі боп жүрген телеар­на­лар­ды, жал­ғыз адам шыға­ра­тын кез­дей­соқ газеттерді әдейі қол­дай­тын­дар, солардан қорқатын­дар билік буын­дарында отыр. Осын­дай көз­қарас, осындай әрекет – өте-мөте қауіп­ті», деді. Жур­на­лист-жазу­шы­лар Өтеш Қырғыз­баев пен Бағдат Қа­лау­бай да келелі ойлар айтты. Осылайша «Еркін сөзге 20 жыл» жиыны бірқанша мәселе­лер­ді қызу қозғап барып, байыпты пікірлер түйіндеп, байсалды аяқталды. Екінді әлетінде Жұмат Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында «Ұлысымның ұйыт­қы­сы – Оңтүстік» басқосуының қо­ры­тынды кеші Түркештің «Көңіл­ашар» күйімен басталған. Сүгір атындағы ұлт аспаптар оркестрі күмбірлеткен күйден соң «Нұрын шашқан Оңтүстік» әні әуелеген. Қазақтың көрнекті жазушы­лары, дара драматургтері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Әкім Тарази мен Дулат Исабеков сахна төріне шақырылған. Қос суреткер толғаныстарынан Шанин шаңырағындағы той мен ойдың тоғысуы анық та қанық таныл­ған­дайтұғын. Әкім ағамыз әлем жү­зін­дегі жүздеген ұлттар ішінде қазақтың ғана адами затыңызды адам деп атайтын айрықша­лы­ғы­нан бастап, Оңтүстіктің өзге­ше­лі­гіне дейінгі аралыққа талдама жа­са­ды. Дүкең жақында ғана еврейлер елінен, Израильден оралған­дық­тан, қазақтарды, Қазақстанды, ұлттық мәдениет пен әдебиетті, драматургияны, театрды таныту, шетжұрттықтарға насихаттау жа­йы­н­да әңгіме әдіптеді. Сахна өнерінің саңлақ сын­шы­сы, мәдениеттанушы Әшірбек Сы­ғай мен өзбекстандық шайыр, «Жаһан әдебиеті» журналының бас редакторы Мирполат Мирзо жұрт алдында жараса, жарыса сыр шертті. «Оңтүстік тек Қазақстанға ғана емес, дүние жүзіне өзіндік өнеге­сі­мен таныла түссе игі» деген Әшір­бек қасиетті, киелі өңір­дің тарихи тамырларына шолу жасаса, Мирполат қазақтың елу ақы­нын аудар­ға­нын, олардың ішінде Оңтүстік өрендері бар екенін сүйіншіледі. «Жұлдыз» журналының бас ре­дак­торы, ақиық ақын Ұлықбек Ес­дәулет: «Мен оңтүстікшіл боп ал­дым, жылы жаққа жиі-жиі келемін, аңсап, сағынып жүремін» деп, тыңдарманды жырмен тербеді. Астанадан жеткен Қазақстанның ха­лық ақыны, қалжыңы да қалың Қо­нысбай Әбіл әзілге ораған ой­ларына Оңтүстікті арқау етіп, шым­кентшілдігін мағлұмдап, өлең­дері­мен өрнектеді. Мәскеуден келген мі­нәйі мінез иесі, қазақтардың қа­лаулы, сахалардың сүйікті ақыны Тұрсынай Оразбайқызы Тәуел­сіз­дік тойымен құттықтап, әуезді үнімен жыр жолдарын тартулады. Мұстафа Шоқай ізімен ізгілік сапар жасаған, екі томдық кітап шығарған шайыр, түркі халықтары халықаралық поэзия фестивалінің лауреаты Қасымхан Бегманов, «Да­рын» мемлекеттік жастар сый­лы­ғының иегерлері Маралтай Ра­йым­бекұлы мен Ақберен Елгезек сын­ды ақындарға театр толы тың­дар­мандар ыстық ықылас білдірген. Ақын-жазушылар екі-екіден, үш-үштен шыққан сайын жұрт­шы­лық ду-ду қол шапалақтап, сергек серпіліске түскен. Талантты әнші­лер Мамадияр Таукеев, Әбдіхан Нұр­мағамбетов, Дінмұхаммед Бай­қожа, Досжан Дәрібаев, айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов, облыстық опера және балет театрының ар­найы тобы жиналған жұрттың құ­лақ құрышын қандырған. «Шаншар» театрының тарланы Уәлибек Әбдірайымовтың әзілі қыран-то­пан күлкіге кенелткен. Ертеңіне қонақтар мен жергілікті жазбагерлер топ-топтарға бірігіп, облыстың түкпір-түкпіріне жол тартқан. «Ақ алтынды» аймақ Мақтааралда, сағыныш сағымына оранған Сарыағашта, тоғыз жол­дың торабы Арыста, Алатау мен Қа­ратаудың түйіскен төрі Түлкі­бас­та өткен керемет кездесулер мен жайдарман жүздесулердің ал­тын арқауы Тәуелсіздіктің 20 жыл­дығы мен ұлысыңыздың ұйыт­қы­сы Оңтүстік қой, әрине. «Тәуелсіздік ұзағынан сүйін­дір­гей, қазақтың, оның ішінде Оң­түс­тіктің тойы тарқамағай!» деген тілекпен аттанды қонақтар. По­йыз­дар­ға, ұшақтарға шығып бара жа­тып. Қимай да қимай қарасып. Мархабат БАЙҒҰТ, Суреттерді түсірген Қайсар Шерім.