• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 11 Қаңтар, 2018

Ерен еңбектің жемісі

399 рет
көрсетілді

Біріккен Ұлттар Ұйымының ең іргелі құрылымы Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болу және оған төрағалық ету әлемдегі елдердің кез келгеніне бұйыра бермейді. Оған халықаралық қоғамдастықта ұстамды сая­сатымен өзін мойындата білген мемлекеттер ғана қол жеткізе алады. Еліміздің осындай деңгейде мойындалуы, төрткүл дүниенің қауіпсіздігі үшін төрелік айтатын төрге отыруы Елбасының ерен еңбегінің жемісі екені ақиқат.

Біздің еліміз БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне қазіргі заманның барынша өзекті халықаралық проблемалары бойынша белсенді позиция ұстанатын мемлекет ретінде мүше болды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстанның сыртқы саясаты туралы айта келіп, екі маңызды мәселені ұсынған еді. Оның біріншісі – барлық елдер үкіметтерінің ізгі ниет білдіру тәртібімен Ұйымның бітімгерлік күш-жігерінің қорын құруды бастау. Онда әрбір мемлекет осы қорға өздерінің қорғаныс бюджетінің бір пайызын бөліп, оны жыл сайын ұлғайтып отыру көзделген. Екінші ұсынысы – Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыру. Мемлекет басшысының осы бастамалары көпшілік елдер тарапынан, сондай-ақ БҰҰ тарапынан қолдау тапты және еліміздің сыртқы саясатын айқындауда ерекше рөл атқарды. 

БҰҰ мен Қазақстан арасында осылай басталған ынтымақтастық БҰҰ жарғысына сәйкес дамып, бүгінде жоғары сатыға көтерілді. Бұл жерде Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың әлемде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, жаппай қырып-жоятын ядролық қаруды өндіруді тоқтатуға, ядролық сынақтарды өткізуге тыйым салуға, адам өліміне соқтыратын қарулы қақтығыстар мен жанжалдарды бейбіт жолмен реттеуге, терроризм мен заңсыз есірткі құралдарының айналымына қарсы күресуге шақырған бастамаларының, ұсыныстарының орны бөлек екенін айтуымыз керек. Қазіргі кезде дәл осы мәселелер өзінің өзектілігімен әлемдік қоғамдастықтың назарын аударып келеді әрі алаңдатып отыр. 

Еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігінің бір жылын артта қал­дырды. Танымал саясаткерлер мен сарап­шылар жыл ішінде атқарылған жұ­мыстар мен өткізілген іс-шараларға жо­ғары баға берді. Елбасымыздың халық­аралық деңгейдегі беделі мен саясат­керлігін де ерекше атап өтті. Өйт­кені еліміз Ұйымның Қауіпсіздік Ке­ңе­­сіне мүшелікке сайланған күнінен бас­­тап, оған қатысты мәселе­лер Мем­ле­кет басшысының тікелей ба­қы­лау­ын­да болды және бақылауында болып келеді. 

«Еліміздің оған сайлануы – Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен еңбегінің мойындалуы деген сөз, – деген еді Президент еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануына байланысты үндеуінде. – Біздің еліміз бейбітшілікті, қауіп­сіз­дікті және орнықты дамуды жақ­тайтын тәуелсіздік жылдарының бар­лы­ғында өзінің нақты істерімен дәлел­деп келеді. Бізге әлемдік қоғам­дас­тық­тың мұндай сенім көрсетуі мемле­кетіміздің қарқынды дамуына және береке-бірлігімізге де байланысты». 

Қазақстанның Ұйымның Қауіп­сіздік Кеңесі мүшелігіне сайлануы, оның бір жылын табысты аяқтауы, Ел­басымыз атап өткендей, біздің елі­міздің ғана емес, бұған дейін халық­аралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке жауап беретін беделді органда ешқа­шан өкілеттілік етпеген бүкіл Орта­лық Азия елдерінің де табысы. Себебі бұған дейін Орталық Азия­дағы мемлекеттердің ешқайсысы Қауіп­сіздік Кеңесіне мүшелікке сайлан­баған. Қазақстан бұл жауапты әрі мәр­те­белі орган мүшелігін халықаралық қа­ты­нас­тардың күрделі кезеңінде, жанжал­дар мен қауіп-қатердің асқын­ған кезінде атқарып отыр. Еліміз осы қа­тер­лерден тартынып отырған жоқ. Қай­та осынау жаһандық проблемалар­ды шешудің жолдарын іздестіруге сү­бе­лі үлес қосу үшін жұмыс істеп келеді.

Қазақстан Президенті еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі қыз­метіне кірісуіне байланыс­ты «Қауіпсіз, әділ және өр­­кендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті ны­ғай­туға қазақстандық тұжы­рым­­дамалық көзқарас» атты сая­си жолдау арнағанын халықаралық қоғамдастық жақсы біледі. Бұл саяси жолдау өткен жылдың қаң­тарында БҰҰ-да көпшілікке таныстырылды да. Іс-ша­раға БҰҰ Бас хатшысы Ан­тониу Гутерриш те қа­тыс­ты. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында «Қа­зақ­­стан Қауіпсіздік Ке­ңе­сінде бейбітшілік пен қауіп­сіз­дікті сақтау мен нығай­ту­дың бірінші кезектегі маңыздылығын негізге ала отырып, оның бүкіл күн тәртібі бойынша әділ және шынайы жұмыс істейтін болды», деп атап өтеді.

Осыған байланысты төр­ағалықтың алғашқы отырысында Қазақстан тарапы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерімен бірлесе отырып, қаңтар айындағы қызмет­і­нің бағдарламасын бекітті, жұмыс жоспарын нақтылады. Қатысушы шетелдік дипломаттар бағдарламаның сапалы дайындалғанына назар аударды. Мысалы, БҰҰ-дағы Ресейдің тұрақты өкі­лі Василий Небензя қазақ­стандық делегацияның Ке­ңес төрағалығының жұмы­сын сәтті атқаратынына се­нім білдірді. Ал Ұйым­дағы АҚШ-тың тұрақты өкілі Ники Хейли мен өзге де елші-дипломаттар Қазақ­стан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» деген тақырыптағы іс-шараның аса өзекті екенін атап өтті.

Бейбітшілік пен қауіп­сіздікті қамтамасыз ету мәсе­лелерінде Елба­сы­мыз­бен терезесі тең келетін­дей әлем­дік деңгейдегі сая­саткер өте сирек, тіпті жоқ десе де болады. Сондық­тан да Қазақстан басшысы Н.Ә.Назарбаевтың көтерген бастамалары мен айтқан ұсыныстары жо­ғары бағаланып, халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдау тауып жатады. Сондай-ақ беделді халық­аралық ұйымдардың жетек­шілері, әлемге танымал саясаткерлер онымен кездесуге ынта танытып отырады. Мысалы, БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшылары Кофи Аннан және Пан Ги Мунмен бір­неше рет кездесті. Олар елімізге ресми сапармен келіп те қайтты.

Ал БҰҰ-ның қазіргі Бас хатшысы Антониу Гутер­ришпен өткен жылы екі мәрте кездесті. Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі­не арнайы келген А.Гутер­риш пен Н.Ә.Назарбаевтың кездесуіндегі екеуара әңгі­меде баршаға ортақ мәсе­ле­лер талқыланғанын көрер едік. «ШЫҰ тарихын­да БҰҰ Бас хатшысы оның жұмысына бірінші рет қатысуда. Сіздің осы шараға келуіңіз ұйым үшін тарихи сәт – ШЫҰ-ға Үндістан мен Пәкістанның қабылдануымен тұспа-тұс келіп отыр. Сол арқылы бұл ұйым аймақтық деңгеймен шектелмей, елеулі саяси күшке айналуда», деп атап өткен еді Елбасымыз. 

Қазақстан Президенті, сондай-ақ Қазақстан БҰҰ қызметінің қағидаттары мен оның барлық бастама­ларын әрдайым қолдап кел­геніне назар аударды. «Өзіңіз білетіндей, Қазақстан антиядролық қозғалыс көш­бас­шысы саналады және БҰҰ тарапынан 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні болып жарияланды», деді Елбасы. Ал БҰҰ Бас хатшысы А.Гутерриш ШЫҰ-ға Үнді­стан мен Пәкістанның мүше болғанына тоқтала келіп: «Мен осы саммитке ШЫҰ-ның бірте-бірте бүкіл әлемдегі ықпалдастық орта­лығына айнала бастағанын жете сезініп келдім. Бұл ұйым бүгінгі әлемдік құрылымның маңызды тірегі болып саналады. Үндістан мен Пәкістан осы басқосуда сындарлы диалог жүргізу үшін жаңа мүмкіндіктерге ие болады деп ойлаймын», деді. 

Жыл өткен сайын әлеуеті арту арқылы ірі халықара­лық ұйымға айналған Шан­хай ынтымақтастық ұйы­­­мы Қазақстан Президенті­­нің бастамасы бойынша құрыл­ған болатын. Ал еліміз­­дің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі­не төрағалығы бастал­ға­ны­на екі аптаға жуықтады. Бұл Қазақстан диплома­тия­сы үшін үлкен сын және сынақ болмақ. Еліміз­дің осы сынақтан да сүрінбей өтетініне сенім мол.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»