• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 11 Қаңтар, 2018

Жасампаздық дәуірі

1296 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қаламынан 50-ден астам кітап шыққан. Соның ішінде 2017 жылдың аяғында жарық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» атты еңбегінің алатын орны ерекше. 

 

Республикамыздың қоғамдық-саяси, мәдени және ғылыми өмі­ріндегі елеулі оқиғалардың біріне айналған бұл кітап – ғасыр­лар­ға бергісіз Ұлы дәуірден қалып­та­с­қан тәуелсіз Қазақстан мем­лекеті­нің шежіресі іспеттес. Өйткені оны осы тәуелсіз елдің шығу «те­гін», қалыптасу кезеңдерін, даму бағыттарын жақсы білетін адам жазды. Кітаптың мазмұн­дық желісі жан-жақты ойластырыл­ған, ғы­лыми тұрғыда дәйектел­ген, дә­лел­ді және нақты фактілер­ге негіз­д­е­­ліп түсінікті тілмен қыс­қа да нұс­қа жазылған. Оның ерек­шелігі – Н.Ә.Назарбаевтың әр істің басында болып, оларды идея­лық жағынан қамтамасыз етіп, өзі көріп, өз қолымен атқар­ған жұмыстарын осы кітабында ой елегінен өткізуінде жатыр. Президенттің ел тағдыры үшін маңызы бар іс-шаралардың жос­пар­лану кезеңінен бастап, олар­дың орындалу барысы мен нә­ти­желеріне дейін тікелей өзі­нің бақылауында ұстап отыруы, барлығынан хабардар болып, мәселені терең меңгеруі оқыр­ман­дар тарапынан Мемлекет бас­шысы Н.Назарбаевқа деген қызы­ғушылықты арттырып, оның жеке пікірін білуге деген ұмтылыс тудыратыны түсінікті нәрсе.

Елбасы өзі салған «қазақстан­дық жолды» араға ширек ғасыр уақыт салып қайта жүріп өткен­дей. Оны саралап, сол кездері қа­был­данған шешімдер негізінде ескі қағидаларды қалай қиратып, батыл реформалар жүргізіп, инновацияларды өмірге енгізгенді­гін дәлелді көрсеткен. Кітапта жаңа саяси жүйе құрудың өзін­дік, тек Қазақстанға ғана тән ерек­­ше­ліктері айқындалған, нарық­­тық экономи­каның негізі мен құқық­тық мем­ле­кеттің іргетасын қалау­­дың ерек­ше­ліктері көрі­ніс тап­­қан. «Алдымен экономика,  со­дан кейін саясат» қағи­да­ты­ның шешуші рөл атқар­ған­ды­ғы­на көңіл аударылған. Осы нәт­и­же­лердің негізінде жинақ­тал­ған жеке тәжірибесі мен сая­си ұстанымдарын Елбасы та­ғы да бір ой елегінен өткізіп, ел­дің, халықтың болашағына бағ­дар­ланған жаңа стратегиялық жос­пар­ларды рет-ретімен ұсы­нып, оларды жүйелі түрде іске асы­рудың тетіктері мен алғы­шарт­тарына тоқталған.  Дағдарыстарды еңсеріп, жаң­ғыру процестерін ілгерілету бары­­сында көптеген жаңашыл эко­но­ми­калық, саяси механизмдер мен қағидаттар пайдаланылды. Солар­дың ішінде Елбасы дағда­рыс­тарды серпіліс үшін тиімді пайдаланып, қалыпты жағдайлардан ғана емес, сондай-ақ дағдарыстан да ұпайын жоғалтпай, пайдамен шығып отырды. Олар өз кезегінде елдің экономикасы мен мемлекеттік басқару жүйесін үнемі жетілдіріп, дамытып оты­руға септігін тигізді. 

Президенттің мінсіз логикаға негізделген басым бағыттарды дұрыс айқындауының арқасында эконо­мика саласындағы табыс­тары­мыз сайып келгенде саяси реформаларға ұласты. Халық­тың әл-ауқаты өсті, елде тұрақты­лық орнады, азаматтардың этнос­тық сипатына қарамастан заң алдын­дағы теңдігіне, яғни ұлтара­лық бейбітшілік пен келісімге қол жеткізгендігіміз аталмыш кітап­тың арқауына айналған. Елба­сы еңбегінде сыртқы саясат­тың ай­қын және мызғымас басым­дық­­­тарына да егжей-тегжейлі тоқ­таған. Көпвекторлық қағида­тына негізделген сыртқы саясаты­мыз Қазақстанның әлемдік деңгей­дегі беделін көтергендігі, оны халықаралық сахнада танымал еткендігі де нақты көрініс тап­қан. Осының барлығын талдай келе, Н.Ә.Назарбаев «мемлекеттік құ­рылыс пен дамудың айрық­ша қазақ­стандық үлгісі қалып­тас­ты деуге толық негіз бар», деп қорытады. Еңбектің құндылығы – бола­шаққа жол салған жетістіктердің аталуында. Елбасы олардың қата­рына жаңа мемлекеттің құры­луын, тәуелсіздіктің тәжі – Аста­на­ның салынуын, Қазақстан хал­қын біртұтас ұлт ретінде қалып­тас­тырудың басталғандығын және қазақстандық даму моделінің жасал­ғандығын жатқызады. Тари­хи тұрғыдан алып қарағанда Пре­зи­денттің жасампаздық дәуірі – тәуел­сіздік кезеңдерін негіздеп, тұжы­рымдауын орасан зор маңызы бар оқиға деп қарастырған жөн.

Бір сөйлеген сөзінде Елбасы ХХІ ға­сырдағы Қазақстан табы­сының кілті ретінде жаңғыру ұғымын бірінші орынға қойып, «Жаңғыру – менің мемлекеттік саясатымның басты өзегі», деген болатын. Ең­бектің тағы бір ерекше тұсы да осында болса керек. Өйткені бұл жұмыс Қазақстанды жаңғыртудың үш толқынын жүйелі түрде зерделеу негізінде жазылған. 

Бұл ғылыми және саяси тұр­ғы­дан алғанда мүлдем жаңа көз­қарас, ал методологиялық жағынан келгенде де орынды ұстаным. Себебі тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ Н.Ә.Назарбаев ел дамуы­ның басты бағыттарын, болашағын айқындау мәселесіне көп көңіл бөлді. Посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер арасында алғаш болып стратегиялық бағдарламалар қалыптастырып, оны кезеңдерге бөліп, аралық қысқа және орта мерзімді жоспарлар жасауды қол­ға алды. Жасампаздық дәуірінің екінші кезеңімен тұспа-тұс келген Қазақстан Республикасының Конс­титуциясының қабылданып, прези­денттік иснтитуттың ныға­юы дағдарысты еңсеруге, ұзақ мер­­зімдік «Қазақстан-2030» стра­тегия­сы негізінде мемлекеттің жүйелі дамуына жағдай жасады.

Бетбұрыстық сипат алған осындай әлеуметтік-экономикалық, сая­си және қоғамдық даму үрді­сі Ел­ба­сының жыл сайынғы Қазақ­стан халқына Жолдаулары арқы­лы мемлекеттік саясаттың басым­дықтарын анықтап, оларды тиісті жоспарлар негізінде іске асыруға мүмкіндік тудырып отырды. Осылайша, сонау 90-жылдар­дың бас кезінен бастау алған жаң­ғыру процесі өзіндік логика­сы бар, жүйелі сипатқа ие болып, бүгінгі рухани жаңғыру кезе­ңімен өз жалғасын тауып отыр. Оның диалектикалық бастауын­да да, оның қайнаған ор­тасы мен кіндігінде де, даму про­­ц­е­сін­де де, қазіргі жаhандану за­ма­­нында халқымыздың рухани мәйегін нығайтып, оны әрі қа­рай жалғастыру жолында да Ел­басы тұрды. Ендеше жаңғыру сая­са­тының үш толқынының басын қосып сараптау, зерделеу, сол жаңғырулардың контекстінде бола­шаққа бағытталған тағдыр­шешті қорытындылар жасап, страте­гиялық жоспарлар құру Н.Ә.Назарбаевтың еншісіне тигені де заңды нәрсе.

Бұл кітаптың маңыздылығы қазақ­стандық даму үлгісінің таби­ға­ты мен эволюциясын жан-жақ­ты және терең зерттеуге ар­нал­­­ған­ды­ғында. Осы жағдайдың өзі біз қа­растырып отырған еңбек­ке тек та­рихи публицисти­ка жанры тұр­ғы­­сынан ғана қарау­ды аздық ете­тін сияқ­ты. Оны толық­қанды ғылы­ми ба­сы­лым, бай және құнды дерек­көз ре­тінде қарастырған орынды шығар.

Оған негіз де бар. Автор кі­тап­­ты жазу барысында өзінің түп­­­нұс­қалық жазбаларын, мұ­ра­­ғат­тық құжаттарды, статис­тикалық мәлі­меттерді кеңі­нен пайдаланған. Оның үстіне Мемлекет басшысы талдап отыр­ған стратегиялық құжаттар, жал­пыұлттық бағдарламалар мен ресми шешімдердің барлығы кезінде Елбасының жеке баста­масымен, ұсынысымен ғылы­ми тұрғыда негізделіп, оның тікелей басшылығымен өткен мәжілістерде жан-жақты талқы­лаудан өткен дүниелер. Мәсе­лен, кітапта арнайы қарас­тырыл­ған Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жол­даулары айтқандарымыздың дәлелі бола алады. Оларға Прези­денттің қай­та­дан оралып, тарихи кезең­дер­мен, жаңару саясатымен байланыстыра жүйелеуі осы кітаптың тағы бір ұтымды қыры деп есептеймін.

Біз бір ақиқатты естен шығар­мауы­мыз керек сияқты. Кеңес дәуі­­рінде тарихымызды жазудан қасақана шеттетіліп өз тарихымызды басқалардың жазғанынан оқуға мәжбүр болдық. Сондықтан біздің тарихымызда ашылмаған «ақтаңдақтар» жетіп артылады. Ендігі жерде, тәуелсіздік ал­ған кезімізде, тарихымызды бұр­ма­лауға, жұлмалауға, «жаңа ақтаң­дақ­тар» тудыруға жол берудің еш­бір қисыны жоқ. Өйткені ол біздің болашағымызбен тікелей байланысты нәрсе. Ендігі қателігіміз ол өз тамырымызға өзіміз балта шапқанмен тең болады. 

Сондықтанда болар, Мемлекет басшысы бұл еңбегінде «Біздің азаматтарымыз, әсіресе, жастарымыз бағдарымыздың не үшін және қалай айқындалғанын, тәуелсіз Қазақстанның қандай жағдайда өмірге келіп, құрылғанын, оны қалыптастыруда қандай адамдар­дың маңызды рөл атқарғандығын, сол кезде қандай оқиғалар болға­нын білу­ге тиіс», дегенді айтады. Осы­ның барлығын ой таразысынан өткізу барлығымызға қажет екен­дігін ескертеді.

Ендеше бүгінгі таңдағы тарихи, қоғамдық-саяси процес­тердің бел ортасы емес, бастауында тұрған Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегі негі­зін­де тәуелсіз Қазақ­­станның канон­дық тарихын жазып, со­ған сүйене отырып оқу­лықтар мәсе­ле­сіндегі олқылық­тар­ды жөн­ге келтіруді қолға алу қоғам­­дық ғылым (әсіресе тарихшы­лар) өкілдерінің алдында тұрған бас­ты міндеттерінің бірі болуға тиіс сияқты. 

Өйткені бұл кітап – тәуелсіз Қазақстанның даңқты тарихын білуге және түсінуге, елімізді мақ­тан етіп, халқымыздың пат­риот­тық сезімін күшейтетін ең­бек. Оның үстіне ол – деректер­ді талдау, оқиғаларға объективті баға беру, тарихи үдерістерді болашақ тұр­ғы­сынан терең түсіну, өткенге қазіргі кезең тұрғысынан көз салу және болашақты ойлай отырып, өткенді ұмытпау сияқты азаматтық, ғылыми ұстаным негізінде жазыл­ған қолданбалы сипаты бар жұмыс.

Н.Ә.Назарбаев кітабында тарихтан өзімізге және еліміздің одан әрі дамуына қажетті тағылым ала білу қажеттігін айта келе: «Тәуел­сіз Қазақстан тарихының басты тағылымы мынада: кез келген тығы­рықтан жол тауып, кедергіні – мүм­кіндікке, тәуекелді табысқа айнал­дырып, ең асқақ арманға қол жеткізу әркімнің өз қолында... Ұлы тарих Кемел келешекке жете­лейді», дейді. Айта кету керек, Елбасы тарихты қоғамды ұйыс­тырудың қуатты факторы ретінде қарастыруға үлкен мән берген.

Олай болса, жоғарыдағы сөз­дер­ді Президент бекерден-бекер айтып отырған жоқ. Себебі айналамызды қантөгісті азамат соғысының өрті шарпып жат­қанда біз сол қайғы-қасіретті бол­­­дыр­­мадық: «Өйткені 1991 жылы әр­қайсымыз жүрек қалауы­мызды білдіре отырып, тілекке тілек, білекке білек қосып, ор­тақ шаңырақ астына бірігіп, бе­ре­ке-бірліктің, ынтымақ пен дос­тықтың үлгісін көрсет­тік. Бұл – біздің үкілі үмітіміз, бәрі­мізді бақытқа жетелеген баян­ды таң­дауымыз болды», дей­ді Пре­зи­дент. Сондықтан ол кіта­бын жа­сампаз, бірлік пен тұрақ­ты­лық­ты ту етіп ұстаған хал­қы­на арнауының өзінде үлкен мән бар. Расында да, Елбасы атап өт­кен­де­й, адам тағ­дыры Отаны­мен та­ғдырлас. Ұлт­аралық жетіс­тігіміз – қоғамдық өмір мен оның жаңа тарихының барысын анық­тайтын ұлы құндылық дейтініміз де сондықтан. Елбасы айтқандай «Бәріміз бірге – біртұтас халық­пыз, біздің әрқайсымыз – оның бір-бір бөлшегіміз».

Кітапта тәуелсіз Қазақстанның дүниеге келуі, оған төнген сын-қатерлер, ұлы бетбұрыс кезеңнің қыр-сыры, қияға құлаш сермеу кезеңіміз, ұлттық мәдениетіміздің ерекшеліктері, мемлекеттік тіл, дінаралық келісім мен диалог­тың маңыздылығы, қалыптас­қан мем­ле­ке­тіміздің құрылуы те­рең зерттелген. Бірегейлік пен тұрақ­тылықты нығайту, жаңа қазақстандық патриотизм мәселе­леріне жаңа көзқарас қажеттігі сөз болған. 

Жаңа экономикаға бет бұру, институттық реформаларды жүзеге асыру, халықтың әл-ауқа­тын және адами капиталды арттыру, жастардың орны, қоғам даму­ының басқа да мәселелеріне ерекше көңіл аудару, Ұлт жоспарын жүйелі орындаудың маңыз­дылығы да Президенттің назарынан тыс қалмаған.

Автор мемлекеттің ішкі сая­саты, оның барлық сала­лары­ның дамуын қамтып, тарихи тұрғыда сараптап, елдің қарқынды да тиімді дамуы стратегиялық мем­лекеттік жоспар­лаусыз мүм­кін еместігіне көз жеткі­зеді. Ол «Қазақстан-2030» Стра­тегия­сының мерзімінен бұрын орындалуын айғақтармен дәлел­деп, оның 25 басты нәтиже­лерін айқын көрсеткен. Сонымен бірге 1991-2017 жылдардағы тәуелсіз Қазақ­стан­ның 33 басты нәтижелері ірік­теліп, ғылыми түрде негізделген нақты қорытындылар жасалған. 

Президент жаңа жаhандық ахуал­ға сәйкес жаңа бағдарды ай­қын­дап, қалыптасқан мемлекеттің «Қазақстан - 2050» Стратегиясына сүйене отырып, 2017 жылдың басынан бастап мемлекет пен қоғам­ды жаңғыртудың үш бағытын іске қосты. Негізгі міндеттері өзара то­ғыспайтын осы үш жаңғыру тұта­са келгенде мазмұны мен алго­­ритмі біртұтас жаңғыру және да­му процесін түзеді. Саясат, эко­номика және сана үштағаны Қазақ­станда үшінші жаңғырудың бас­тал­ғанын көрсетеді. Ол еліміздің бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, оны әлемдегі ең дамыған отыз мем­лек­еттің қатарына қосылуға жағ­дай жасамақ. Мемлекет басшысы саяси және экономикалық реформа­лар­­дың өзегі ретінде қоғамдық сана­ның жаңғыруына, елдің рухани тү­­леуіне басымдық беру арқылы Қазақ­­с­тан халқы үшін ХХІ ғасыр­да­ғы ең басты міндетті анықтап берді. 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы Ұйымдастырушылық  жұмыс қызметінің басшысы, саяси ғылымдардың докторы