• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
16 Қараша, 2011

Ел әлеуетін көтерер фармацевтикаға өріс кең

983 рет
көрсетілді

Қарағандыдағы «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» – тәуелсіздік перзенті

Қастерлі парыз, мерейлі міндет Қазір құрамында химия, фармакология, биология және фар­мацевтика салаларына бағытталған 13 ғылыми-зерттеу бөлім­дері бар біздің холдинг Елбасының жеке қолдауымен құрылған болатын. Отандық бірегей фитопрепараттарды кешенді түрде биологиялық белсенді заттардан іздестіруден бастап, дәрілік шикізатты өсіру, оларды өңдеп, жаңа фито­пре­па­рат­тардың дайын дәрілік түрлерінің тәжірибелік-өнеркәсіп­тік мөлшерін шығаруға дейін жеткізу жұмыстарын 159 ғылыми қызметкер, соның ішінде 1 академик, 17 ғылым докторы мен 38 кандидаты жүргізеді. Аталған бағыттағы іргелі зерттеулерді іске асыру ба­ры­сында Қазақстан өсімдіктерінің 494 түрі зерттелді. Бұлардан 2 мыңнан астам табиғи қосылыстар бөлініп, теңдестірілді. 1 мыңға жуық жаңа туындылар синтезделді. Холдинг базасында республикалық биологиялық белсенді қосылыстардың және дәрілік заттардың стандарты үлгі­лерінің банкі жұмыс істейді. Ол шетелдік компаниялардың инвестиция­ларын тартуға ықпал етіп келеді. Бүгінде 43 фитопрепарат шығарылады, атап айтқанда қатерлі ісікке қарсы қолданылатын «Арглабин», «Салсоколлин», «Саусалин» тәрізді дәрілер алысқа аян. Бірқатары шет елдерде тіркеуден өтті. «Арглабиннің» шипалық қасиеті Германиядағы «Леонардис Клиник», АҚШ-тың Хьюстон штатындағы «Нью Онколоджи Лабз», Мәскеудегі Н.Н.Блохин атындағы Ресей онкологиялық ғылыми орталық­тарында дәлелденді. Бүгінге дейін оның көмегімен 2500-ден астам адам емделіп, клиникалық қолданыста 76 пайызда оң тиімділік берді. Қазір тықыр жусан өсімдігінен алынған сесквитерпенді лактон субстанциясы негізінде тамыр жүйесі арқылы жіберуге арналған лиофилденген түрі де шығарылуда. Холдингтің басты ғылыми даму бағыттары табиғи өсім­дік шикізатын зерттеу, олардың негізінде жаңа дәрілік материалдар мен препараттар алу, халықаралық GMP стандарт­тарының талаптарына сай дәрілік препараттар өндірісі үшін ғылыми технологиялар мен техника жасау бойынша тә­жірибелік-конструкторлық және ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын жүргізу, өндіріске енгізу, республиканың химия, фармацевтика, медицина салаларына жоғары білікті мамандар даярлау болып табылады. Мемлекет басшысының жеке тапсырмасымен бәсекеге қабілетті бірегей фитопрепараттар өндіретін кешеннің бірінші кезегі бұдан алты жыл бұрын іске қосылса, одан кейін екінші кезегі де жұмыс істей бастады. Мұнда ампула жасау, сублима­ция­лық кептіру цехы, дәрі-дәрмек сапасын бақылау зертханасы құрылды. Сонымен бірге, экстракциялау және дәрілік заттар субстанцияларын синтездеу өндірісі қатарға қосылды. Сөйтіп, бүгінде сыртқы рынокта да өтімді дәрілік түрлерінің жылына 2 миллион ампуласы, 150 миллион таблеткасы, капсулалары, 2 миллион жұмсақ түйіршіктері шығарылады. Қарағандының жанындағы 1500 гектар жерге дәрілік шикізаттар егіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне қа­рағанда, әр елдің дәрілік қауіпсіздік стратегиясын қамта­ма­сыз ету үшін ішкі нарықта отандық фармацевтикалық өнім­нің кө­лемі кем дегенде 20 пайыз болу керек. Бізде жергілікті өндірушілер үлесі әзірге 10 пайызды құрап отырғандығы белгілі. Елбасының 2014 жылға дейін дәрілік препараттар­дың 50 пайызын отандық өндіріс негізінде пайдалана алуға қол жеткізу тапсырмасын орындау жолында көшбасшылық орынды сақтап, нығайтуға барынша күш салып келеміз. Бұл ретте Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың облысқа жұмыс сапарының бірінде атқарып жатқан жұмыстары­мыз­бен таны­сып, фармацевтикалық өндірісті одан әрі дамыту үшін Үкі­метке Қарағандыда 30-дан астам кәсіпорын мен ғылым ошақ­тарын біріктіретін республикалық серпінді клас­терді құруды, экспортқа бағытталған фитопрепараттар өндірісін жасау және ұйымдастырудың ғылыми-техникалық бағдарламасын қалып­тас­тыруды тапсыруы ізденісімізге жаңа серпін берді десем, бүгінде дәрілердің қазіргі заманғы түрлері, атап айтқанда, нано­бөлшектер, капсулалар, жақпа майлар және суппози­тер­лер­дің соны технологиясы жасалуда. Қазіргі кезде Қазақстанда онкологиялық аурудың әр түрлі этилогиясымен науқастанған 250 мыңнан астам сырқат бар. Сондықтан «Арглабинге» сұраныс жылына 5 миллион ампу­ла­ны құрайды. Бұл дәрі әлемнің 11 елінде патенттелген. Халық­ара­лық GMP cтандарттары бойынша бірегей фитопрепараттар өндірісін ұйымдастыру инновация­лық жобасы іске асырылуда. Соған сәйкес бәсекеге қабілетті дәрілік өнімдер өндірісі ассортиментін және көлемін ұлғайту жүргізілуде. Ғылыми ізденістер ауқымы кеңейіп келеді. Бір топ ғалым­дарымыз «Қазақстанда табиғи сесквитерпенді лактондар химиясы бойынша зерттеулерді дамыту, оларға ізденіс негізінде жаңа дәрілік заттарды жасау» ғы­лыми жұмысы үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреттары атан­ды. Бүгінде «Саусалин», «Атеролид» препараттары клиникалық сынақтан өтуде. Қорытып айтқанда, холдинг ұжымы заман талабына орай кластерлі кешен ретінде іргелі ізденістен бастап, қолданбалы зерттеулер нәтижесінде отандық дәрі-дәрмектерді өндіруде елеулі табыстарға қол жеткізуде. Ең ізгілікті іс – адамдар денсаулығын қорғап, сақтауға біліміміз бен тәжірибемізді барынша жұмылдыра бермекпіз. Серғазы ӘДЕКЕНОВ, ҚР ҰҒА академигі, «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ басқармасының төрағасы. Дәрі өндірісі өркені Мұның алдында бірінші және екінші кезектері іске қосылған кәсіп­ор­нымызда енді 3-ші кезегінің құрылысы басталып, жүргізіліп жатыр. Онда тоңазытқыштық кептіру, субстанцияларды түйіршектеу атқарылады, пре­параттардың қатты дәрілік түрлері  шығарылады. Бұл заттардың стандартты үлгілері банкі жұмысы үшін 6 зертханаға орналастырылады. Экспортқа бағытталған отандық  дәрілердің 72 түрі көп көлемде өндіріле  бастайды. Жалпы алғанда, фармацевтикалық өнімдер шығару жылына  750 миллион теңгеге жеткізілмек. Соның арқасында ішкі фармацевтикалық нарықта импорт алмасу көлемі  20 пайыздан асса, жаңадан 110 жұмыс орны ашылып, жас мамандардың өз қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік туады. Бүгінде кешен өндірісі  халықаралық  GMP стандарттарына сәйкес және Гер­­мания, Франция, Австрия, Жапония  елдерінің ірі  медициналық  ком­па­ния­ларының озық қондырғыларымен толықтай жабдықталған. Соңғы уақыт­та бізбен бірлесе жұмыс істеуге ынта танытушылар аз болмай отыр. Ай­талық,  әлемге  әйгілі « RD Medial Serwicts  ltd» фирмасы солардың бірі. Олар ішкі тамырлық сұйықтарды өндіретін біріккен өндіріс құруға ынталы. Пайдасы ортақ, ең бастысы науқастар мүдделі мұндай буынды қалып­тастыруға біз де құштармыз. Аталған  саланы  дамыту, халықаралық  талаптарға  сәйкестендіру білікті мамандарсыз, яғни, инженер-технологтарсыз  жүзеге асуы мүмкін емес. Сон­дық­тан  фармацевтика өндірісіне қажетті осы мамандарды даярлауда мемлекеттік қолдау керек дер едік. Елімізде  80-ге жуық  фармацевтика  өнімін өндірушілер жұмыс істейді. «ФармМедИндустрия» қауымдастығының мәліметтеріне сүйенсек, былтыр олар 19,65 млрд. теңгеге дәрілік заттар шығарған. Былайша айтқанда, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 60 пайызға өскен. Демек, даму жолы тәуір. Ел Үкіметінің фармацевтика өнеркәсібінде  2014 жылға  дейін мемлекет қажеттігін қанағаттандыра алатын дәрілік препараттардың үлесін 50 пайыздық деңгейге жеткізу бағдарламасын орындаушылардың бірі ретінде өз мүмкіндігімізге  сенімдіміз. Отандық фармацевтика саласы жылдан-жылға күш ала түсуде. Күні кеше ғана қолдан келместей көрінген іс еді. Енді оны да еңсеріп келеміз. Еліміз әлеуеті өсуінің жарқын нышанына осыдан артық не айғақ керек. Жергілікті өсімдіктерден жасалатын қазақстандық  дәрілер атағы алысқа жаңғыра берері даусыз. Евгений ТОЛОКОННИКОВ, Қарағанды фармацевтикалық зауытының директоры.   «Арглабиннің» шипасы тиді Мен ұзақ  уақыт  бойы қылтамақ ауруымен сырқаттанып,  қиналып жүрдім. Астаналық емдеуші дәрігерлердің кеңесі бойынша Қарағандыдағы онкологиялық орталықта жатып, қаралдым. Осындағы  мамандар «Арглабин» дәрісін қолданып көруге келісім сұрады. Олар айтқандай, қатерлі ісік оншалықты асқына қоймаған екен. Қауіпті   дерттің  дендемей  тұрған кезінде оның емдік қасиеті өте күштілігі ескертілді. Шынында солай болып шықты. Ауыр сырқаттан айығуыма шипасы тиді. Аман-есен отбасыма оралдым. Арнайы сұрастырып көрсем, оны Серғазы Әдекенов жетекшілік еткен ғалымдар даланың кәдімгі тықыр жусанынан жасапты. Екінші өмір сыйлаған азаматтарға алғысым шексіз. Осындай дәрілерді көптеп  дайындап,  жұртты қуанта беріңдер бауырлар. Бақытжан МҰҚАЕВ, Астана қаласының тұрғыны.       «Салсоколлин»  арқылы  жазылдым Қарағанды фармацевтикалық кешенінің ұжымына  алғысымды арнай­мын. Өт, бауыр ауруына байланысты жергілікті дәрігерлерге жиі қаралып тұруға тура келді.  Ақыры олар «Салсоколлин» дәрісін емге пайдаланып көруге ұсыныс жасады. Алғашқы кезде әсері байқала қоймағандай еді, дегенмен қолдануды үзбедім. Біраз уақыттан соң сырқатымның беті  қайта бастады. Қазір денсаулығым жақсарды. Өз елімізде жасалған, қолжетімді препарат арқылы жазылғанымды  қуаныш әрі мақтаныш тұтамын. Еңбектеріңізге зор ризалық білдіремін. Ольга ЗОЛОТАРЕВА,  Шымкент қаласының тұрғыны.   Ауыр  дерттің бетін  қайтарды Осыдан  екі-үш жыл бұрын менің немере әпкеме  сүт безі рагі деген  өте қатерлі  диагноз қойылды. Дегенмен, дәрігерлер емделуден үміт үздірмеді. «Арглабин» дәрісін қолдануға кеңес берді. Бұл дәрі  сәулелік терапияны төзімділікпен қабылдауға да әсерін тигізді. Осындай бірнеше сеанстардан кейін ісік қайтты. Мен сол кісінің атынан сіздерге ризалық сезімін жеткізіп отырмын. Адамдардың  денсаулығын қорғау жолындағы ізгі  ізденістеріңізге табыс тілеймін. Светлана  ПЛОТНИКОВА, Қарағанды қаласының тұрғыны.    Әріптестерім  зерттеуі  қызғылықты Қатерлі  ісікке  қарсы қолданылатын  дәрілерді  жасауда қарағандылық ғалымдардың  зерттеулері өзгелерден елеулірек, озықтау деуге  болатындай-ақ. Адамзатты алаңдатқан дертті ауыздықтауға таудай талпыныс, батыл ұмтылыс сүйсінтерлік жай. Осы бағыттағы іс-қызметтің бел ортасындағы жанның бірі ретінде маған «Арглабиннің»  шипалық ерекшеліктері көңілге үміт туғызады. Бауырдың, өкпе, сүт безі ісіктері  ауруларының  регрессиясына  оның ой әсер ететіндігі мәлім. Мәселен, оны қолдану нәтижесінде бауыр ісігіне шалдыққандардың бауыр көлемі кішірейеді, биохимиялық, қанның жалпы анализінің көрсеткіштері, иммундық статусы жақсарады. Артериалдық қан қысымы мен жүрек-тамыр жүйесінің басқа да функцияларына, бауыр мен бүйректің қызметтеріне залалды  әсер етпейтін, гемопоэлді төмендетпейтін қасиеттері бар.  Химиотерапияны көтеруді жеңілдетеді. Байқалатындай, қазақстандық фармацевтика өндірісі келешегі кемелді. Бауырлас әріптестеріміз бұл ретте бізден көш ілгері. Қызған­баймыз, шын ниетпен қызығамыз. Солай  бола беруіне тілеуқормыз. А.ЗУРДИНОВ,  медицина ғылымдарының докторы,  Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Айқарма бет материалдарын дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі Айқын НЕСІПБАЙ.