• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
16 Қараша, 2011

Орнату, жасау және даму жолы

612 рет
көрсетілді

Қазақстанның сыртқы саясатына – 20 жыл Біз ұлы бабаларымыздың диплома­тия­лық табыстарын лайықты мақтан тұ­та­мыз. Олар күрделі тарихи кезеңдерде ел мүдделерін шебер қорғаған. Алайда, Қа­зақстанның жаңа тарихында тәуел­сіз­дік­ке ие болумен бірге, еліміздің сыртқы саясаты тіпті күрделі жағдайларда қайта жасалған. Біздің қазіргі заманғы сыртқы саяси қызметтің тәжірибесі және шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктеріміз бол­ған жоқ, білікті кадрлардың үлкен жетімсіздігі байқалды. Қазір диплома­тия­лық қызметтің майталмандарының, КСРО СІМ жүйесінде жұмыс істеген біз­дің кадр­лық дипломаттардың, елдің тә­жі­рибелі саясаткерлерінің белсенді қаты­су­мен жаңа егеменді мемлекеттің сыртқы саясаты құрылуының күрделі мәсе­ле­лерін жедел жағдайда шешуге мәжбүр болдық. Сонау 1992 жылы Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «саяси және экономикалық реформалар негізіндегі елдің тұрақты дамуы үшін жағымды сыртқы ортаны құрудан» тұратын сыртқы саясаттың негізгі мақсатын айқындады. Кейін әлемдік қоғамдастықтың кең тануына және қол­дауына ие болған белгілі халықаралық бастамаларды қоса алғанда, дәл Елбасы Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының авторы болып табылады. Қол жеткізілген елеулі табыстар Қазақстан Президенті іске асырып жатқан сыртқы саяси бағыттың қисындылығы мен даналығының айқын дәлеліне айналды. Шетелдерде ұлттық мүдделерді қор­ғау, бітімгерлік бастамаларды ілгерілету, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету, азаматтарымыздың құқық­тары мен мүдделерін қорғау, тікелей шетелдік инвестицияларды тарту, халық­ара­лық және екіжақты ынтымақтастықты нығайту, шетелдік әріптестерге Қазақстан жөніндегі объективті ақпаратты жеткізу Қазақстанның басты сыртқы саяси басымдықтары болады. Тарихи өлшем бойынша өте қысқа мер­зімде Қазақстан халықаралық қаты­нас­тардың жауапты субъектісі ретіндегі бе­делін бекітті. Мемлекетіміз өзекті әлем­дік мәселелерді шешу және жаңа әлем­дік тәртіпті құру ісіне белсенді қатысуда. Бүгін Қазақстан халықаралық аренада тұрақ­тылықтың, мемлекет дамуының қарқынды және өркендеген моделінің генераторы ретінде лайықты бағасын алып отыр. Қазақстан іргелес елдермен әлемдегі ең ұзақ құрлық шекараларын халық­ара­лық шарттармен бекітіп, көршілес және әлемнің жетекші елдерімен достық және өзара пайдалы ынтымақтастық қат­ы­нас­тарын құрды. Бүгін еліміз 138 мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас ор­нат­ты. Қазақстанның шетелдерде 70-тен астам дипломатиялық миссиялары, кәсі­би дипломаттарының жеткілікті саны бар. Шетелдермен белсенді ынтымақ­тас­тықтың нәтижесінде мемлекетаралық, үкі­­метаралық және ведомствоаралық дең­гейде 3 мыңнан астам әртүрлі салалардағы халықаралық шарттар жасалды. Қазақстанның өңірдегі және әлемдегі өсе түсіп отырған беделі тұтастай ал­ған­да бірқатар сыртқы саяси бастамалардың сәтті іске асырылуымен айшықталса, әлемнің жетекші елдерімен стратегиялық әріптестіктің қалыптастырылуымен, ха­лық­аралық ұйымдардағы белсенді қыз­метімен қамтамасыз етілуде және Қа­зақ­станның экономикалық қуатының қар­қын­ды өсіміне, сыртқы әлеммен сауда-экономикалық, сондай-ақ инвестициялық байланыстарды үдемелі кеңейтуге негізделуде. Осы жылдар ішінде Елбасының жүздеген жұмыс және ресми сапарлары, сондай-ақ шетелдердің мемлекеттер, үкі­меттер, халықаралық ұйымдар мен сырт­қы саясат ведомстволары басшыларының Қазақстанға сапарлары өткізілді. 1992 жылы ерікті түрде ядролық қа­ру­дан бас тартып және жаһандық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету саласындағы Ел­басының халықаралық бастамаларының арқасында қарусыздану үдерісінің және жаппай қырып-жою қаруын таратпаудың белсенді жақтаушысы бола отырып, Қазақстан әлемнің жетекші ядролық дер­­жаваларынан халықаралық қауіпсіздік кепілдіктерін алды. Өз кезегінде, жағым­ды сыртқы жағдайлардың құрылуы шет ел инвестицияларының кең тартылуына, Қазақстан халқы әл-ауқатының жоға­ры­лауына мүмкіндік жасады. 2010 жылғы сәуірде Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жа­һандық саммит барысында АҚШ Президенті Б.Обама Елбасын «халықаралық таратпау үдерісінің көшбасшысы» деп атады. Үстіміздегі жылдың қыркүйегінде Нью-Йоркте өткен БҰҰ БА 66-сес­сия­сындағы сөзінде Қазақстан Президенті таратпау және ядролық қызметті ба­қы­лауды қамтамасыз ету саласындағы ма­ңыз­ды бастамалардың жаңа жинағын ұсын­ды. Елбасы ядросыз әлем страте­гия­сының баламасыздығы жөнінде мәлім­де­ді, ядролық державалардың ядролық қа­ру­ды қолданудан және қолдану қаупінен бас тартуы туралы конвенцияны қабыл­дау оның маңызды кезеңі болуы тиіс екенін атап көрсетті. Жапониядағы АЭС апаты тұрғысынан Президент Н.Назарбаев атом энергетикасын қауіпсіз пайдаланудың әмбебап және міндетті қағидаларын дайындау туралы ұсыныс жасады. Қазақстанның әлеуметтік-эко­но­микалық табыстары сыртқы эко­номикалық байланыстардың не­гіздерін – экономикалық дипло­ма­тияны бекітті, елдің индустриялық-инновациялық бағдарламасын іске асыру мақсатында тікелей шетел инвестицияларын және жаңа тех­нологияларын тарту үшін жағым­ды сыртқы ортаны құру оның басымдықтары болып қалуда. Елбасының дана және көпқырлы сая­сатының арқасында тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан экономикасына 130-дан астам млрд. доллар тартылды, жан ба­сына шаққандағы табыс 9 мың доллардан асты. Қазақстан – Орталық Азияға келген барлық сыртқы инвестициялардың 80%-дан астамының қабылдаушысы. Әрбір іске асырылған инвестициялық жоба – ұлтымыздың және Қазақстанның әрбір жеке азаматының әл-ауқатының кепілі. Инвестициялар мен инновациялар жаңа мыңжылдықтағы жаңа Қазақстанның қоз­ғалт­қыш күштері болып табылады. Халқы­мыздың әл-ауқатының өсімі үшін СІМ Қазақстан экономикасына инвести­ция­лар­ды, инновацияларды және жаңа тех­ноло­гияларды тарту ісі бойынша көп еңбекті қажет ететін жұмысты жалғастыруда. Ресей Федерациясымен одақтастық қатынастарды дамыту – Қазақстан Пре­зи­дентінің сыртқы саяси бағытының сөз­сіз жетістігі. Бүгін РФ-мен өзара ын­ты­мақтастықтың басты жетістіктері өңірлік интеграцияда, сондай-ақ сауда-эконо­ми­калық әріптестікті кеңейту кеңістігінде жатыр. ҚР және РФ тандемі зор Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылық пен дамудың берік факторына айналып отыр. Шығыстағы ұлы көршіміз – Қытай Халық Республикасымен барлық бағыт­ты қамтитын стратегиялық ынтымақ­тастық қатынастарды нығайту Қазақстан сыртқы саясаты сындарлылығының айға­ғы. Жаһандық ықпалы арта түсіп отырған осы елмен екіжақты сауда-экономикалық бай­ланысты тереңдету арқылы еліміз әріптес­тік әлеуетін өз мүддесіне пайдалануда. Стратегиялық әріптестік дәнекерлері Қазақстанды Америка Құрама Штат­тары­мен байланыстыруда. Бұл факт екі ел президенттерінің 2006 және 2010 жыл­дарғы Біріккен мәлімдемелерінде көрініс тапқан. Өзара қызметтестіктің қол жеткізілген деңгейі өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ядролық қа­руды таратпау режімін бекіту, халық­ара­лық терроризм мен экстремизмге қарсы тұру, энергетикалық тепе-теңдікті сақтау мәселелеріндегі өзара тиімді және тең құқылы ынтымақтастыққа негізделуде. Тәуелсіздіктің барлық жылдары ішінде Еуроодақпен белсенді саяси үнқатысу сақталуда. «Еуропаға жол» Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижесінде Қазақстан негізгі Еуропа мемлекеттерімен ынтымақтастықты әріптестіктің аса жо­ғары деңгейіне шығара алды. Еуроодақ елдері бүгін Қазақстанның әлемдегі басты сауда және инвестициялық әріптесі болып табылады. Елдің индустриялық-ин­новациялық даму стратегиясын іске асыру мақсатында ЕО елдерінен озық техниканы және технологияларды тарту Қазақстанның сөзсіз жетістігіне айналды. Қазақстан ЕО-ның берік және жауапты энергетикалық әріптесі болып қалуда. Қазақстан Еуропаға қуат көздерін жеткізуде ОПЕК-ке кірмейтін елдер ішінде Ресей мен Норвегиядан кейін үшінші орын алады. Еуропалық әріптестерге көпжақты немесе екіжақты пішінде «Қазақстан – ЕО: 2020» Энергетикалық хартиясын дайындау және қабылдау жө­нінде ұсыныс жасалды. Біздің Еуропа елдерімен көпқырлы ынтымақтастығымыз ҚР мен ЕО арасындағы жаңа арқаулық келісімде көрініс табуы қажет. Еуропалық бағытта қол жеткізілген табыстар Қазақстан сыртқы саясатының азиялық векторын күшейту туралы шешім алуына мүмкіндік берді. Мұндай ұстаным Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың биылғы Қазақстан хал­қы­на Жолдауында нақты атап көрсетілген. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақ­стан Орталық Азиядағы өз ұстаным­да­рын ны­ғайтты. Отанымыз өңірлік эко­но­миканы белсенді инвестициялау мен қа­зіргі кездегі сынақтар мен қатерлерге бірге қарсы тұруда Орталық Азия елдерінің күш-жігерін біріктіру бойынша саясат жүр­гізуде. Қауіпсіздік, су-энергетикалық ре­сурстарды тиімді пайдалану, еңбек ми­гра­циясы проблемалары мен өңір өмі­рі­нің басқа да өзекті мәселелері назары­мыздан тыс қалмақ емес. 2010 жылғы көктемде және жазда орын алған оқиғалардан кейін Қырғыз­стан­дағы әлеуметтік-экономикалық жағ­дай­ларға назар сала отырып, Қазақстан бауырлас қырғыз халқына гуманитарлық жәрдем қолын созды және көмектесудің мемлекетаралық бағдарламасын дайын­дап, қабылдау жөнінде ұсыныс жасады. Қазақстан аумағынан халықаралық терроризм, есірткі трафигі, діни экстре­мизм қатерлері шығатын Ауғанстанның тұрақты және орнықты дамуына мүдделі. Елімізде ауған жастарын оқыту үшін 50 млн. доллар бөлу жөніндегі бастаманы қоса алғанда, Қазақстанның ИРА-ға гуманитарлық көмек көрсету туралы шешімі де әлемдік қоғамдастық тарапынан қанағатпен атап өтілді. Сыртқы саясат және дипломатия әрқашанда елдің әлеуеті мен қуатының көрсеткіші ретінде қала береді. Біз қарқынды дамып келе жатқан көпұлтты еліміздің мүдделеріне халықаралық аренада табысты өкілдік етудеміз. Еліміздің жаһандық және өңірлік деңгейлердегі көпжақты құрылымдар жұ­мы­сына белсенді қатысуы халықаралық беделіміздің күшеюіне мүмкіндік беруде. Бұл ретте Қазақстан қызметі БҰҰ жар­ғысының мақсаттары мен қағидаларына сәйкес келетін халықаралық ұйымдарда ғана көрініп отыр. БҰҰ мүшесі ретінде, өткен жылдар ішінде Қазақстан осы беделді көпжақты ұйымда көрнекті орынға ие бола алды. Қазақстандық бастамалардың бірқатарын әлемдік қоғамдастық қолдады, бұл елі­міздің жағымды халықаралық беделінің қалыптасуына жәрдемдесті. Кейбіреулері ілгерілету кезеңінде тұр. Сөйтіп, Қазақ­стан БҰҰ Бітімгерлік күш-жігер қорын құруды, Жаһандық энергетикалық-эколо­гиялық стратегияны қабылдауды ұсынды, «Жасыл көпір» кең ауқымды эколо­гиялық бастаманы және бірқатар басқа идеяларды алға шығарды. Мемлекетіміз 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өз кандидатурасын ұсынып отыр. Қазақстанның білім, ғылым, мәдениет және коммуникациялар сияқты адамзат­тың дамуы үшін маңызды салалардағы үнқатысу үшін жаһандық тұғырнама болып табылатын ЮНЕСКО-мен ынты­мақ­тастығы үдемелі түрде дамуда. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасы тізімінде қазақстандық объектілердің бо­луын кеңейту бойынша жұмыс жалғас­тырылуда. Қазіргі уақытта оған Қазақ­станның мәдени және табиғи мұрасының үш үлгісі – «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі», «Тамғалы археологиялық ландшафы­ның петрогифтері» және «Сарыарқа – Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдері» енгізілген. ЮНЕСКО Бас кон­фе­ренциясының таяудағы сессиясында 2013 жылдан бастап 2022 жылға дейін Қазақстанның Мәдениеттерді жақын­дас­тыру туралы халықаралық декадасын жариялау жөніндегі ұсынысы қабылданған. Қазақстан АӨСШК-ні беделді форум ретінде бекіту бойынша жұмысты дәйек­ті жүргізуде. Қазіргі кезде әлемдік қоғам­дастық еліміз бастамасын Азиядағы қауіпсіздік проблемалары бойынша үн­қатысу мен консультациялар өткізу, пәтуа негізінде шешімдер алу және шараларды іске асыру үшін бірегей мемлекетаралық алаң ретінде қабылдауда. ЕҚЫҰ-дағы төрағалық және 2010 жылы Астанада осы ұйымның Саммитін өткізу қазақстандық дипломатияның ең ірі жетістіктерінің бірі болды. ЕҚЫҰ-дағы төрағалық Отанымыздың жылнама­сына жарқын тармақ болып мәңгілікке енді, ал Астана саммиті XXI ғасырдың бі­рінші онжылдығындағы ең ірі халық­аралық оқиғалардың біріне айналды. Қазақстаның 2010-2011 жылдардағы Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығы табысты болды. 2011 жылғы 15 маусымда Астанада өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің мерейтойлық отырысы елімізді шырқау биікке көтерді. Саммит қорытындылары сыртқы саясаттың жаһандық және өңір­лік мәселелерін шешудегі Қазақстаның рөлі мен орнын одан әрі жоғарылата түсті. 2011 жылғы 28-30 маусымда Астанада өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйы­мы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші отырысы әлемдік бұқаралық ақпа­рат құралдарының назарын аударған ма­ңызды оқиға ретінде тіркелді. Астана кездесуі мұсылман қоғамдастығы үшін ағымдағы жылдағы ең ірі саяси оқиға қа­тарында есте қалды. Төрағалық бары­сын­да ислам әлемі мен Батыс арасын­дағы үнқатысуды кеңейтуді қоса алғанда, бірқатар идеяларды бастама ретінде көтеру жоспарланған. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақ­стан көпжақты интеграциялық ынтымақ­тас­тық шеңберіндегі байланыстарды қоса алғанда, ТМД елдерімен қатынастарды дамытуға маңызды орын беріп келеді. «Тәуелсіз елдер арасындағы болашақ қа­тынастардың негізінде ұлттардың бабаларымыздың бірнеше ұрпағы тәрбиелеген рухани бірлігі жататын бо­лады», деп ерекше атап көрсеткен бо­латын Қазақстан Президенті Н.Назарбаев сонау 1991 жылдың өзінде-ақ. Қазақ­стан­дық тараптың бастамасы бойынша, ТМД-ны одан әрі дамытудың тұжырымдамасы және оны іске асыру бойынша Негізгі іс-шаралар жоспары мақұлданған. Осы құжаттар ынтымақтастықтың ұзақ мерзімге арналған бағыттарын айқындайды және ынтымақтастықтың қызметін «жан­дандыруға» арналған. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберіндегі ынтымақтастық Қа­зақстан Республикасының сыртқы саяси басымдықтарының бірі болып табылады. Біздің еліміз өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақса­тын­да ҰҚШҰ шеңберіндегі өзара қызмет­тес­тікті дамыту, оның әлеуетін жоғарылату бойынша күш-жігерді одан әрі қолдануға ниетті. Еуразиялық экономикалық қоғам­дас­тық шеңберіндегі Қазақстанның ынты­мақ­тастығы ірі жетістіктермен сипатталуда. Негізгі күш-жігер Қазақстан Респуб­ликасының, Беларусь Республикасының және Ресей Федерациясының Кеден ода­ғын құруды аяқтауға шоғырланған. 2010 жылы ҚР-дың ЕурАзЭҚ-тағы төрағалы­ғы жылында Бірыңғай кедендік тариф қолданысқа енгізілді, Кеден одағының Кеден кодексі күшіне енді. Қазіргі уақытта 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап интеграцияның келесі кезеңін – Бірыңғай экономикалық кеңістікті іске қосу үшін қажетті іс-шаралар өткізілуде. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақ­стан Солтүстікатлантикалық шарты ұйы­мының Орталық Азиядағы маңызды әріптесіне айналды. Қазіргі уақытта ҚР қауіпсіздікті нығайту мақсатында Альянс­пен ынтымақтастық тетіктерін белсенді пайдалануда. Төтенше азаматтық жоспарлау, ғылым және жария дипломатия саласында НАТО-мен ынтымақтастық нәтижелі дамуда. Жоғары халықаралық беделі мен еуро­палық демократия саласындағы көш­бас­шылық рөлін ескере отырып, Қазақ­стан Еуропа кеңесімен өзара тиімді әріп­тестік қатынастарды нығайтуға мүдделі. Еліміз конституциялық құқық бойынша консультативтік орган – Еуропа кеңесінің Құқық арқылы демократия үшін еуро­па­лық комиссиясының (Венеция комис­сия­сы) жұмысына белсенді қатысуда. 2004 жылғы Ынтымақтастық туралы келісімнің негізінде Қазақстан Парламенті мен Еуропа кеңесінің Парламенттік ассамблеясы арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамуда. Өзінің ішкі тәжірибесін – ұлтаралық келісімді сақтаудың және нығайтудың моделін пайдаланып, Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы әмбебап көпір рөлін атқаруға талпынуда. 2007 жылғы желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы 62-ші сессиясының қарарында көрініс тап­қан 2010 жылды Мәдениеттерді жақын­дас­тырудың халықаралық жылы деп жариялау туралы бастамасы әлем мәдениеті мен діндер арасындағы үнқатысуды да­мытуға Қазақстанның қосқан маңызды үлесі болды. Елбасының Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайын шақыру туралы бастамасы халықаралық қақтығыстарды шешу және қазіргі кездегі қатерлерге қарсы тұру үшін әлемдік діндердің рухани және адамгершілік әлеуетін біріктірудегі Қазақстанның нақ­ты үлесіне айналды. Елімізде осыған дейін Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шыларының үш құрылтайы болып өтті. Қазіргі уақытта 2012 жылғы мамыр­да төртінші құрылтайды өткізуге дайын­дық бойынша ұйымдастырушылық жұ­мыс­тар жүргізілуде. Қазақстанның сыртқы саясатында түркі әлемі халықтарының рухани мұра­сын біріктіру және қайта құру мәселесіне елеулі мән берілуде. 2009 жылы қазанда Нахчыван қаласында (Әзербайжан) қол қойылған Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін (ТМЫК) құру туралы бастама көтерушілердің бірі де Қазақстан болды. Түркі академиясын құру сол мақсатқа қызмет етуде, оның ресми ашылуы 2010 жылы мамырда Астанада өтті. Үстіміздегі жылдың қаза­нында Алматыда ТМЫК-ның алғашқы саммиті ұйымдастырылды. Оның жұмы­сы­ның қорытындылары бойынша қаты­сушылар түркітілдес елдер арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағыт­тал­ған Алматы декларациясын қабылдады. Өткен жылдар ішінде Қазақстан гума­нитарлық құқық және адам құқығы са­ласындағы 49 көпжақты әмбебап конвен­циялардың қатысушысы болды. Мемлекетіміз адам құқықтары саласындағы халықаралық-құқықтық құрылымдармен тұрақты ынтымақтастық орнатты және ұлттық заңнама мен құқық қолдану тәжірибесін халықаралық стандарттарға одан әрі сәйкес келтіру бойынша олармен белсенді өзара іс-әрекет танытты. 2010 жылдың ақпанында Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің шеңберінде өзінің бірінші Әмбебап мерзімді шолуынан сәтті өтті, ол адам құқықтарын қорғау саласындағы елімізде қол жеткізілген оң үдерістерді бейнеледі. 2011 жылдың шілдесінде Азаматтық және саяси құқықтар туралы халық­аралық пактіні орындау бойынша Қазақ­станның ұлттық баяндамасының бірінші қорғалуы өтті, ол адам құқықтарын қорғау ұлттық жүйесін одан әрі жақсарту бойынша мақсатты жұмыстың бөлігі болып табылды. Аумағында Арал теңізі және бұрынғы Семей ядролық сынақ алаңы сияқты қатерлі аймақтары бар Қазақстан қор­шаған ортаны қорғау және жаһандық кли­матты сақтау мәселелерін шешу үшін сыртқы саяси тетіктер қолдануда. Арал­ды құтқару халықаралық қорына төраға бола отырып, Қазақстан қорды ұйым­дас­тырушы елдермен бірге 2011-2015 жыл­дарға арналған Арал теңізі бассейні мемлекеттеріне көмек көрсету бойынша іс-қимылдар бағдарламасын дайындауға белсенді кірісті. Климат өзгерісі бой­ын­ша Копенгаген келісімін орындай бас­тады және парникті газдарды шығаруды төмендету бойынша өзіне елеулі сандық міндеттемелер алды. Каспий жағалауы мемлекеті ретінде Қазақстан Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтауға зор назар аударуда. Мемлекетіміз аталған мәселе бойынша өзінің ұстанымына беріктік танытуда және Каспий жағалауы елдері арасында халықаралық құқықтың жалпы қабыл­данған қағидалары мен нормаларына негізделген тұрақты және достық қаты­нас­тар орнату бойынша жұмыс жүргізуде. Каспий теңізіндегі тұрақтылық пактісін жасасу идеясының бастамашысы да Қазақстан болып табылады. Есірткі қатеріне қарсы тұруда БҰҰ-ға белсенді жәрдемдесуге адалдығын растай отырып, Қазақстан өз аумағында Есірт­кі­нің заңсыз айналымына қарсы күрес жө­нін­дегі орталықазиялық өңірлік ақпарат­тық және үйлестіру орталығын құру үшін барлық қажетті жағдайларды жасады. Қазақстан терроризмге қарсы күрес жөніндегі барлық он үш халықаралық әмбебап конвенцияларға қосылды. Мемлекетіміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдерін бұлжытпай орындауда және жыл сайын БҰҰ Контртеррористік комитетіне жасалған жұмыс туралы Ұлттық баяндаманы ұсынуда. Қазіргі кездегі қазақстандық дипломатия мемлекет және оның азаматтары өмірінің барлық дерлік салаларымен іргелес. Бүгін саясатты, экономиканы, көлік­ті, медицинаны, мәдениетті, спортты, ғы­лым­ды, білімді және өмірдің басқа са­ла­ларын дипломатияның қатысуынсыз немесе жәрдемдесуінсіз елестету қиынға тү­седі. Осының барлығы бізден жоғары бі­ліктілікті, терең білімді, тәжірибені, ең­бек­сүйгіштікті және патриоттықты талап етеді. Мысалы, шетелдердегі азматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау ҚР СІМ консулдық қызметінің негізгі қыз­меттерінің бірі болып табылады. ҚР ҰҚК Шекара қызметінің мәліметі бойынша, жыл сайын Қазақстан азаматтарының шетелдерге 4 млн.-нан астам сапарлары іске асырылады. Көп жағдайда консулдар адвокат ретінде қызмет етуге, сондай-ақ төтенше жағдайлар – табиғи апаттар, техногенді апаттар немесе «ыстық нүктелердегі» әскери іс-қимылдар кезінде отандастары­мызға көмек көрсетуге әркез дайын. Күн сайын шетелдердегі қазақстан­дық консулдар жүздеген азаматтары­мыз­ға көмек көрсетуде. Дипломаттары­мыз­дың біліктілігі арқасында белгілі саяси қақтығыстар кезінде Қазақстан азамат­та­рын Египеттен және Ливиядан шығын­сыз шығаруға; Исландия жанартауының салдарына байланысты ЕО әуежайла­рын­да қалып қойған жолаушыларымызға кө­мек көрсетуге; ағымдағы жылдың науры­зында болған Жапониядағы Фукусима АЭС-інен сәуле тарауы кезінде қазақ­стан­дықтарға қолдау көрсетуге мүм­кіндік туды. Қазіргі уақытта 15 елмен Қазақ­стан­ның ұлттық төлқұжатын ұстаушыларды визалық талаптардан босату туралы келісімдерге қол қойылды. ЕО-ның кон­сул­дық қызметтерімен визалық режімді жеңілдету бойынша консультациялар тұрақты негізде жүргізілуде. 20 жыл ішіндегі дипломатиялық қызметті қорытындылай келе, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың басшы­лығымен жүргізіліп жатқан сыртқы саяси бағыт өте нәтижелі және сәтті болды деп айтуға толық негіз бар.