• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
16 Қараша, 2011

Ауғанстан мәселесіне арналған отырыс

425 рет
көрсетілді

Кеше Астананың «Риксос» қонақүйінде Ауғанстан жөнін­дегі халықаралық байланыс тобының (АХБТ) 12-ші отыр­ы­сы болып өтті. Отырыстың со­ңы­нан баспасөз мәслихаты ұй­ым­дастырылды. АХБТ 2009 жылы АҚШ-тың Ауғанстан және Пәкстан бой­ын­ша арнаулы өкілі Ричард Холбруктың ұсынысы бойынша құрылған еді. Оның құрамына 50 мемлекет пен халықаралық ұйымдар өкілдері енеді. Соның ішінде мұсылман тұр­ғындары басым болып сана­ла­тын 15 мемлекет бар. Осыған дейін байланыс тобының 11 оты­ры­сы Мюнхен, Токио, Ыстамбұл, Триесте, Париж, Нью-Йорк, Абу-Даби, Мадрид, Рим, Жидда секілді әлемдік қалалар мен Ауғанстан астанасы Кабулда өткен еді. Кеше ол ТМД елдері арасынан бірінші болып Астанада өткізілді. Отырысты Қазақстан Респуб­ликасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов ашып, сөз сөйледі. Ол сыйлы қонақтарды Қа­зақстан астанасында қарсы алу­ға қуанышты екенін білдіре оты­рып, бүгін жұмыстарының өнімді болмағына сенім білдірді. Соны­мен бірге, Ауғанстан Ислам Рес­пу­бликасының Сыртқы істер министрі, доктор Залмай Расул мен Бай­ланыс тобының төрағасы Елші Михаэл Штайнерге айрықша назар аударып, отырысқа олардың қатысып отырғанына ризашылы­ғын айтты. Біз Ауғанстандағы тұ­рақтылықтың беки түсіп, эконо­ми­касының өркендеуіне өзіміздің үлесімізді қосармыз деген үміт­те­міз, деді қазақстандық министр. Одан әрі Е.Қазыханов бүгінгі күні әлемдік қоғамдастық Ауған­ста­ндағы тұрақтылық пен қауіп­сіздікті қамтамасыз етуге мүм­кіндік беретін өзара іс-қимыл жа­сау­дың аса маңызды шешімдерін қабылдаудың қарсаңында тұрға­нын айтты. Біз халықаралық жобалардан Ауғанстанның айналасы және Ауғанстанның қатысуымен іс­ке асырылуға тиісті ынтымақ­тас­тықтың пішіндерін іздестіру үстіндеміз. Жуырда Ыстамбұл қа­ласында болған аймақтық конференцияда халықаралық қоғам­дас­тық БҰҰ-ның ықпалымен Ауған­станды аймақтың саяси және эко­номикалық өмірдегі толыққұқылы және жауапты әріптесі ретінде тануға дайын екендіктерін білдірді. Бұл үшін тек осы елде болып жатқан үдерістерді түсінуге және Ыстамбұл декларациясының қағ­и­дат­тарын сақтауға деген ұмтылыс болуы керек, деді Е.Қазыханов. Одан әрі қазақстандық министр Астанадағы отырыста қа­рау­ға ұсы­нылған мәселелерге назар аударды. Ауғанстаннан қауіп­сіз­дікті сақтауға ықпал етуші Ха­лықаралық қарулы күштердің шы­ғарыла бастауын есеп­ке ала келіп және тұрақ­ты­лықтың сақталуына жауапкершілікті 2014 жылдан бастап толығымен Ауғанстан үкіме­ті­нің мойнына жүктей отырып біз халықаралық көмектің әлсіре­ме­у­ін естен шығар­мауымыз керек. Гу­манитарлық және экономикалық көмектерді жалғастыра отырып, елдің ішіндегі саяси үнқатысу­лар­дың дамуына да ықпал етуіміз керек, деді ол. Өзінің сөзінде Е.Қазыханов Қа­зақстанның ауған халқына жасап отырған жәрдемі жөнінде де айтып өтті. Бұл қатарда Қазақ­стан­нан гуманитарлық көмек ретінде тұрақты түрде азық-түлік жеткізіліп тұрғанын және еліміз­дің жоо-ларында бейбіт кәсіптерді меңгеруге тегін оқып жатқан ауған студенттеріне стипендия төленіп отырғанын жеткізді. Біздің еліміз ЕҚЫҰ Төрағасы болып тұрған кезінде Ауғанстан мәселесін шешуге әлем назарын аударуға үлкен себепкер болды. Қазір Байланыс тобының төрағасы ретінде де осы үдерісті жалғастырып, ЕҚЫҰ-дағы азиялық әріптестерімізбен бірге Ұйымның бұл проблемаға белсенді араласуына ықпал етудеміз. Ал Ислам Ынтымақтастық Ұйы­мының Іс басындағы төр­аға­сы ретінде біз Кабулда ұйы­мы­мыз­дың Тұрақты миссиясын ашу­ға қол жеткіздік. Осының нәти­жесінде, ұйымның қаржылық қоры есебінен көмек беру ісі жақсара түсті, деді қазақстандық министр. Сөзінің соңында Е.Қазыханов Ауғанстан жөнінде Боннда бола­тын конференция алдында осы елді қалпына келтіру жөніндегі халықаралық қоғамдастықтың 10 жылғы іс-әрекетінің нәтижесін қорытындылау керек екенін және бүгінгі отырыста сол конферен­цияның жемісті боларына негіз қаланарынан үмітті екенін айтты. 12-ші отырысқа қатысушылар атынан ертесіне (яғни, бүгін) ашылатын Ауғанстанның бейбітшілік жөніндегі жоғарғы кеңесі – Лои Жырғаның жұмысына табыс тілейтінін жеткізді. Отырыс барысында халықара­лық сарапшылар тобы Ауғанстан­дағы өтпелі кезеңдегі азаматтық аспектілер, елді қалпына келтіру барысындағы халықаралық қоғам­дас­тықтың міндеті секілді өзекті мәселелерді талқылап, бірізді әдіс­тер әзірлеуге ұмтылыс танытты. Бірақ нақты шешім қабылдауға сарапшы­лардың құзыры жоқ екені белгілі. Сарапшылар отырысы аяқтал­ған соң баспасөз мәслихаты бо­лып, қатысушылар журналистер­дің көп­теген сұрақтарына жауап берді. Жақсыбай САМРАТ.