• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Қаңтар, 2018

Тұрғын үй бағасы тұрақтанды ма?

539 рет
көрсетілді

Осыдан жеті-сегіз жыл бұрынғы Астанадағы тұрғын үйлер бағасы шарықтап тұрған кез. Үш бөлмелі қалыпты ғана пәтерлер 180-200 мың доллардың құнына сатылып жатты. Ал жаңадан салынған элиталық тұрғын үйлердегі пәтерлердің әр шаршы метрі 4000 мың долларға дейін бағаланды. Демек, мұндай бизнес-кластық 100 шаршы метрлік пәтердің құны 400 мың долларға дейін жетіп, тіпті одан да жоғары бағаға өз иелерін тауып жатты. 

Сол тұста Германияға ісса­пар­мен бара қалған бір топ қазақстандық жур­на­лист әр нәрсені қызық­тай­тын әуес­тікпен Бер­линдегі пә­тер­лердің бағасын сұрас­тырып көрген едік. Мұнда да үш бөл­мелі қалыпты пәтерлерді 170-200 мың долларға сатып алуға болатындығын есті­генімізде, «Ойпырмай, біздің жас Аста­намыздың инвес­тиция­лық тар­тымдылығы көпті көрген кәрі Берлинмен теңесіп қал­ған екен ғой» деп өзімізше дүріл­дегеніміз есімізде қа­лыпты.

Содан соң болып өткен девальвациялардан кейін Қазақ­станның ірі қалаларында тұрғын үй нарығында қалып­тасқан көбік жарылды да, баға бірте-бірте орнына келе бастады. Әйтеуір соңғы бір-екі жылдың бедерінде, әлем­дік нарықтағы мұнай ба­ғасы құлдырағаннан кейін, Қазақ­стандағы тұрғын үй ба­ғаларында бәлендей ауыт­қушылық сезілмейтін болды. Рас, долларға шаққанда баға­ның құлдырауы сезілгенімен, теңгеге шаққанда ол орында қалды. Бұған бір есептен Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі қалаларда әртүрлі бағдарламалар нәтижесінде (ЭКСПО-ның салынуы, Қыс­қы Олимпиаданың өткі­зілуі, «Нұрлы жер» бағдар­лама­сының іске қосылуы, арендалық тұр­ғын үйлердің салынуы, тағы басқалар) тұр­ғын үй құры­лысының қар­қын алуы да ықпал етіп отырған секілді.

Жаңа басталған 2018 жылы еліміздің ірі қалаларында тұр­ғын үй нарығындағы жағдай қа­лай қалыптаспақ? Баға қа­лай қарай бет алмақ? Осыны білмек болып біраз деректерді сараптан өткізіп байқадық. Жылжымайтын мүлік нары­ғындағы мамандардың пікірі­мен таныстық. Дамыған елдер­дің ірі қалаларындағы пәтерлер бағаларын да интернет арқылы шолып өттік.

Дәл қазір Берлиндегі пәтер­­лер бағасы қандай екен деген сауал қызықтырған еді. Бұл жөнін­дегі соңғы баға са­рап­тама­лары Берлиндегі жа­ңа салын­ған қалыпты пәтерлердің әр шаршы метрі орта есеппен 2700 еуроның, ал қайталама нарықтағы, яғни пайдаланылған пәтерлердегі шаршы метр құны 1700 еуро­ның айналасын­да екен­дігін көрсетті. Бұл көрсет­кіштердің қай-қайсысы болмасын Астана мен Алматы бағала­рынан екі еседей артық.

Ал Лондондағы жаңа пәтер­лердің шаршы метрінің құны 10000-12000, Парижде 6000-7000, Мәскеуде 3500-4500 еуро екен. Сонда Еуро­падағы ең тәу­бесіне қараған баға Герма­ния астанасы Бер­линде болып шықты.

Ал енді Қазақстан жағдайы­на келсек, сарапшылардың айтуы бойынша, 2017 жылы Аста­нада салынған жаңа тұр­ғын үйлердің әр шаршы метрі­нің бағасы 318 мың теңге деңгейінде тұрақтаныпты. Ал­ма­тыдағы баға 430-450 мың теңге аралығында ауытқып ба­рып, жыл соңында 438 мың теңгені құраған.

Қайталама тұрғын үй нарығындағы баға екі қала­да да 5-8 пайызға, кейбір өңір­лер­де 10-11 пайызға төмен­деген.

Қазақстан риэлторлары бір­лескен ассоциациясының президенті Елена Грива 2018 жы­лы жылжымайтын мүлік нарығында бәлендей баға өзге­рісі бола қоймайды деп есеп­тейді.

«Соңғы бірнеше жылдан бері бағаның маусымдық ауыт­қуы болған жоқ. Баға құбы­лысы, әдетте, сұраныстағы эко­­но­микалық факторларға тәуелді болып келеді. Егер осын­дай факторлардың қазіргі ағымдарына талдау жасайтын болсақ, 2018 жылы да бағада сондай бір өзгерістер бола қой­майтындығын байқаймыз. Мәселен, Алматы қаласында біздің болжамымыз бойынша баға былтырғы деңгейде қалады немесе аздаған өсу ағымы байқалатын болады. Себебі қалада сатып алу­шылардың белгілі бір мөлшердегі пулы қалыптасып отыр. Оны был­тырғы жылы пәтер сатып алу­ды сақтану мақсатында кейінге шегерген адамдар құрап отыр. Міне, осы пулдың қалып­тасуы нәтижесінде биыл да мега­полисте сату-сатып алу келі­сім­дерін жасаушылар саны аз болмайды. Ал елорда жағ­дайына келетін болсақ, мұнда «Астана» халықаралық қаржы орталығының іске кі­рісуі қала­дағы жылжымай­тын мүлік нары­ғының қозға­лысына оң сипат беретін болады», дейді Елена Грива.

Қазақстан риэлторлары бірлескен ассоциациясының вице-президенті Нина Лукья­­ненконың пікірі бойынша да жылжымайтын мүлік на­ры­ғындағы баға был­тыр­ғы дең­гейден көп ауыт­қи қой­май­ды. Оған осы нарық­­та жа­ңа мемле­кеттік бағдар­лама­лар­дың іске қосылуы ықпал ететін болады.

«Қазақстанда 2017 жыл­дың қаңтар-қараша айла­рындағы тұрғын үй нарығында жасалған келісімдер оның алдындағы жылдың осы мерзімімен салыс­тырғанда 28,6 пайызға өсе түсті. Мұ­ның өзі халықтың сатып алу қабілетінің артқан­ды­ғын білдіре ме? Менің ойым­ша, олай емес. Келісімдер санының өсуінің бірінші себебі – өзінің тұрғын жағдайын жақсартқысы келетіндер көңі­лінің мазасыздықтан арылып, сенімге қайта ие болуы. Өйткені осы уақытқа дейін көптеген адамдар валюта бағамындағы өзгерістерді іштей бақылап, пәтер мен үйге қаражат салудан іркілісте болды. Енді олар баға тұрақ­тылығын байқап, іске неғұр­лым белсендірек кірісе бастады», дейді ол.

Нина Лукьяненконың пікі­рінше, жылжымайтын мүлік нарығындағы сұраныс жоғары деңгейде болады. Бірақ бұл сұраныстағы төлем қабілетінің жоғары болуы неғұрлым ма­ңыздырақ. Жылжымайтын мүлік нарығында елеулі қоз­ғалыстың шынайы түрде қай­та күшейгендігіне сонда ғана көз жеткізуге болады екен.

«Жалпы, ел бойынша тұр­­ғын үй нарығына талдау жасай­тын болсақ, ондағы жаса­лынған келісімдердің 70 пайызы пәтерлер үлесіне тиеді. Алматы мен Астанада бұл көрсеткіш едәуір жоғары. Аста­нада келісімдердің 95 пайызы, Алматыда 85 пайызы пәтерлердің үлесінде, қал­ғаны жеке тұрғын үйлерге тиесілі. Ал Қызылорда мен Солтүстік Қазақстан облыс­тарында керісінше. Бұларда жасалған келісімдердің 30-40 пайызын пәтерлер саудасы, қалған басым бөлігін жеке тұр­ғын үйлер құрайды», дейді Нина Лукьяненко.

Сарапшы тұрғын үй нары­ғында баға өзгерісінің бола қоймайтындығына сенімді. Оның айтуынша, мұнайдың әсерімен шарықтаған баға қазір қалпына келіп үлгірді. Дегенмен бұрынғы бағаны көксеп, өз пәтерлерін тым қым­батқа бағалап отырғандар әлі де бар. Міне, сондай адам­дарға баға құлдырап бара жатқандай көрінуі мүмкін.

«Негізінде 2017 жылғы баға мөлшері 2018 жылы да сақ­талатын болады. Бұл нарыққа біраз қозғалыс әкеле­ді. Пәтер мен үй сатып алушылар көбейе түседі. Бірақ баға енді осыдан бірнеше жыл бұрынғыдай шарық­тап көтеріле алмайды. Өйткені халықты тұрғын үй­мен қам­ту бағытында іске қо­сыл­ған түрлі мемлекеттік бағ­дар­ламалар нәтижесінде тұр­ғын үй нарығындағы ұсы­ныс сұранысқа жауап бере ала­­тын болады», дейді сарапшы­лар.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»