Астанада «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына қолдау білдіру мақсатында Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысын өткізді.
Жиынды ашқан М.Құл-Мұхаммед жаңа Жолдаудың Қазақстанның жүйелі жаңғырудағы 10 басым бағытын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін бірегей бағдарламалық құжат екенін айтты. Өйткені қазақстандық индустрия мен агроөнеркәсіптік кешенді және көліктік-логистикалық инфрақұрылымды цифрландыру, тұрғын үй құрылысы мен коммуналдық секторға жаңа технологияларды енгізу Елбасы ұсынған елді дамытудың негізгі векторы болып табылады.
Отырысқа жетекшілік еткен М.Құл-Мұхаммедтің айтуынша, мұның барлығы Қазақстанның жаңа әлемдегі жетекші елдердің қатарына қосылуы үшін қажет. Сонымен қатар Президент дәстүрге сай биыл да әлеуметтік даму мәселелеріне зор көңіл бөліп, адами капиталды қазақстандық жаңғырудың жүйелі үштағанының негізі ретінде белгілеген. «Елбасымыздың Жолдауында елімізді саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғыртудың 10 басым бағыты айқын белгіленген. Біздің ендігі міндетіміз – әрбір қазақстандықтың өмірі, денсаулығы мен тұрмысына деген Елбасы қамқорлығынан тұратын Жолдаудың мазмұнын барша халыққа жеткізу», деді М.Құл-Мұхаммед.
Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының отырысына елдегі жетекші партиялардың басшылары, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, кәсіби және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Ал отырыс барысында коалиция мүшелері Мемлекет басшысының жаңа Жолдауына байланысты өз ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті. Мәселен, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым Төртінші өнеркәсіптік революцияның жаңа мүмкіндіктері кімдерге тиесілі екенін де баяндады. «Жаңа мүмкіндіктер ең алдымен ғылымға, білімге жақын еңбекқор азаматтарға беріледі деп санаймын. Өйткені осы мақсатта кәсіподақ алдында үлкен міндеттер тұр. Біз осы бағыттағы жұмыстарымызды орындау үшін жақын арада арнайы жол картасын жасап, бүкіл Қазақстан бойынша үгіт-насихат жүргіземіз», деді ол.
«Нұр Отан» партиясының бастамасымен құрылған Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті кеңесіне қатысушылар Жолдауда адам капиталын жақсартуға арналған Президент бастамаларын жедел жүзеге асыру қажеттігіне кеңінен тоқталды.
«Ақ жол» демократиялық партиясы бизнес партиясы ретінде Жолдауда бизнеске арналған бағыттарды ерекше бағалайды. Бұл жолы Елбасымыз индустрияға ғана емес, ең алдымен инновациялық бағытқа баса назар аударып отыр. Егер біз инновацияны басты мақсат ретінде, басты көрсеткіш ретінде алсақ, кез келген кәсіпорынды емес, кез келген өндірушіні емес, тек заманауи жаңа технологияларды пайдаланатын, жаңа технологиялар алып келетін компанияларды қолдауымыз керек», деді Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев.
Содан кейін сөз алған Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының мүшесі, партияның Астана филиалының бірінші хатшысы Марат Әубәкіров Мемлекет басшысының бұл жолғы Жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығы саласына айрықша көңіл бөлінгендігіне тоқталды. «Расында да Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру әлеуеті өте жоғары және ең бастысы, ол таза табиғи өнімдер болып табылады. Әсіресе астық өндірісінде әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің санатындамыз. Ендеше біз атадан балаға мирас болып келе жатқан осындай игілікті істерімізді заманауи талапқа сай етіп дамытуымыз керек», деді М.Әубәкіров.
Сол сияқты ауыл мәселесіне айрықша көңіл бөлген «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Толымбек Ғабділәшімов өзінің сөзінде еңбек өнімділігін арттыру қажеттігіне баса назар аударды. «Оған қоса, еңбек өнімділігінің артуынан пайда болған өнімдердің экспортын еселеуге де күш салғанымыз лазым. Елбасымыз айтқандай, тауарды әлемдік нарыққа шикізат күйінде емес, өңделген әрі халықаралық талапқа сай, тұтынуға дайын өнім ретінде ұсынуды қолға алғанымыз жөн. Бұл ретте біз жаңа технологияларды трансферттеумен және оны қазақстандық жағдайға бейімдей отырып, әлеуетімізді арттырғанымыз абзал», деді Т.Ғабділәшімов.
Жиында ел кәсіпкерлері Жолдауда атап көрсетілген бағыттар бойынша жұмыстар қазірдің өзінде қызу қолға алынып жатқанын алға тартты. «Атамекен» ҰКП төрағасы Абылай Мырзахметов Елбасы Жолдауында өзін-өзі қамтитын ауылдағы азаматтарды кәсіпкерлікке тарту, рухани жаңғыру, прагматизм мақсаты алға қойылғанын атап көрсетті. «Атамекен» өткен жылы «Бизнес Бастау» жобасын қолға алғаны белгілі. Сол кезде еліміз бойынша 15 мың адамды оқыттық, оның ішінде 8 мыңы бизнес жоспарын қорғап шықты және 3 мың адам өз ісін ашты. Биыл 160 ауданда 30 мыңға тарта адамды оқытамыз. Бір қуантатыны, осы мәселені Елбасы өзінің халыққа Жолдауында атап өтті және оны «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы іске асыруда», деді А.Мырзахметов.
Айта кетейік, алқалы жиында «Бірлік» саяси партиясы төрағасының орынбасары Бөрібек Қадырбекұлы, «Жаңару» жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ президенті Оралбай Әбдікәрімов, Парламент Сенатының депутаты және «Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясы» РҚБ президенті Бақытжан Жұмағұлов, «Қазақстанның азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Тәңірберген Бердіоңғаров сынды қоғам белсенділері сөз сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды. Ал жиын соңында қатысушылар Жолдауға қолдау білдіріп, еліміздің барша азаматтарын жылдың басты құжатын талқылау және түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырған Үндеу қабылдады.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»