Қазақстан Республикасы Президентінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды.
Бұл ретте академия ұжымы Елбасы белгілеген 10 міндеттің ішінен «Тиімді мемлекеттік басқару» міндетіне аса назар аударады. Мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру бойынша міндеттер спектрінің арасында Елбасы мемлекеттік органдар нақты уақыт және жедел жауап беру режімінде азаматтардың ескертпелері мен ұсыныстарын есепке алу үшін заманауи цифрлы технологияларды қолдануға тиіс екенін атап өтті. Бұл мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық құзыреттерін дамытуға тікелей қатысты. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың және мемлекеттік қызметшілердің IT әлеуетін, оның ішінде күнделікті жұмыста IT құралдарын қолдана білуді күшейту де айрықша орынға ие.
Осы бағытта қазақстандық мемлекеттік қызметшілердің өзгерістерге дайын болуы да аса маңызды болып табылады. Болып жатқан үдерістердің жылдамдығын ескеріп, тек мемлекеттік органдар қызметіне өзгерістер енгізіп қана қоймай, ең жаңа үрдістердің алдында болуымыз қажет.
Президенттің алға қойған міндеттерінің маңыздылығын түсіне отырып, Мемлекеттік басқару академиясы мемлекеттік қызметшілерді стратегиялық менеджментке, көшбасшылыққа, жобалық менеджментке, үлкен деректерді талдауға, фактілерге негізделген шешімдерді қабылдауға оқыту арқылы олардың кәсіби дамуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ қызметті тұтынушыға бағдарлауға, тұтынушыны ақпараттандыруға, түрлі қиыншылықтарға төзімділік сынды құзыреттерді дамытуға ерекше назар аударылады.
Жалпы, Жолдауды іске асыру мақсатында академия алдағы уақытта төмендегі бағыттарда жұмыс жасайтын болады:
Бірінші. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Цифрлы Академия» жобасы жүзеге асырылады. Бұл академияға мемлекеттік қызметшілердің ІТ құзыреттерін күшейту үшін орталық болуға мүмкіндік береді және Жолдауда маңыздылығы атап өтілген, мемлекеттік органдардағы үдерістерді цифрландыруға жағдай жасайды.
Екінші. Әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістерге бейімделу үшін бірінші кезекте мемлекеттік басқару саласына заманауи технологияларды енгізу қажет. Солардың бірі – бағдарламалық және жобалық басқару. Академия осы бағытта біраз жұмыстарды қолға алып, тек қана оқытумен шектелмей, әдістемелік қолдау көрсету мен мамандарды кәсіби сертификаттау жүйесін енгізуде. Бұл жұмыстарды атқару мақсатында академияға тәжірибелі, отандық заңнаманы білетін, нақты жобаларды жоспарлау, іске асыру, мониторинг жүргізуге қатысқан мамандар тартылады.
Академияның негізінде құрылған Мемлекеттік басқарудың жобалық менеджментін дамыту орталығы 2018 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілерді 2 стандарт бойынша сертификаттайтын болады.
Елбасы Жолдауында әр міндетке қатысты нақты мақсат қойып отыр. Мысалы, индустрияландырудың үшінші бес жылдығын әзірлеу. Ол жаңа бағдарлама мен бірнеше жаңа жоба пайда болады деген сөз. Агроөнеркәсіп кешені бойынша 5 жылда еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру, көлік-логистика инфрақұрылымы бойынша 2020 жылы транзиттен түсетін табысты 5 млрд долларға жеткізу, құрылыс саласы бойынша 2030 жылы баспанамен қамту көрсеткішін бір тұрғынға шаққанда 30 шаршы метрге жеткізу – нақты бағдарламалар мен жобалардың мақсаттары. Осы жобаларды тиімді басқара алатын жаңа технологияларды меңгерген басшылар – жобалық менеджерлер қажет.
Үшінші. Президент өңірлердегі мемлекеттік қызметтің тиімділік әлеуетін олардың экономикалық дербестігі мен жауапкершілігін арттыру арқылы мейлінше толық ашу керектігі туралы айтты. Осыған байланысты «Көркейген өңірлер – мықты Қазақстан» формуласы жаңа импульске ие болуда және Қазақстанның жүйелі дамуына қызмет ететін болады.
Өңірлік мемлекеттік қызмет әлеуетін күшейту белгілі бір шамада мемлекеттік қызметшілерді бірыңғай оқыту жүйесін құруға ықпал ететінін атап өткен жөн, онда академия мен оның барлық облыс орталықтарындағы және Алматы қаласындағы филиалы орталық орын болып табылады.
Академияның филиалдық желісін құру Президент Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды және ол 2017 жылдың желтоқсан айында аяқталды. 2018 жылы толыққанды жұмыс жасауға өту мемлекеттік қызметшілерді бірыңғай оқыту стандарттарына көшіруге және өңірлерді дамытудың ағымдағы және перспективалы қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік береді.
Жалпы айтқанда, Жолдаудың «Тиімді мемлекеттік басқару» міндеті – мемлекеттік қызмет әлеуетінің дамуына халықтың сенімі артатын болады, сонымен қатар ол Қазақстанның дамуына үлесін қосады деген сенімдеміз.
Фатима ЖАҚЫПОВА, Мемлекеттік басқару академиясының ректоры