• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
17 Қараша, 2011

Геологиялық барлау саласы және «Инженерлік орталық»

514 рет
көрсетілді

Ұлттық экономиканың дамуына шешуші ықпал ететін маңызды сала ауыр өнеркәсіп екені белгілі. Оның өндіруші және өңдеуші кәсіпорындардан құралатынын ескерсек, Қазақстанда ең алдымен мұнай, газ өндіретін құрылымдарды атауға бо­ла­ды. Елімізде ауыр өнеркәсіптің дамуына жер асты байлық­та­ры кең мүмкіндік береді. Биыл ел Тәуелсіздігіне жиырма жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында ауыр индустрия саласы айтарлықтай жетістікке жетті. Жүзеге асырыла бастаған 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инно­ва­ция­лық даму бағдарламасы келешек бағыты­мызды айқындай­тын басты экономикалық құжат. Геологиялық барлау саласында инвестиция мен инновацияның қайнар көзі ретінде жұмыс істеп келе жатқан «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-қа қарасты Инженерлік орталықты айтуға негіз бар. Орталық өндірістік активтер қызметінің тиімділігін арттыру мақса­тын­да бүгінде ерекше бағдарламаларды басшылыққа алған. Қазіргі кезде «Инженерлік орталық» ұжымы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-қа қарасты кен орындарын игеру тиімділігін арттыратын өндірістік міндет­тердің сапалы шешімін табу мақсатында ғылыми-зерттеу, талдау және тәжірибе жүзінде тексеру жұмыстарын жүргізуде. Филиал бірнеше бағытта жұмыс істейді. Мәселен, кен орындарының геология­лық және гидродинамикалық үлгілерін түзіп, тиянақтайды. Ұңғыларды геофи­зи­калық-гидродинамикалық тұрғыдан зерттеудің ауқымын белгілеп, сапасын бақылайды. Кен орындарын әзірлеу жа­­йы­на талдау жасап, олардың қорын ес­епке алады. Бұған қоса, жер қабат­та­ры­ның өнімділік қарымын арттырып, мұ­най шығару қарқынын еселеу жөніндегі геологиялық-техникалық шаралар мен жаңа технологияларды енгізуге қатысты ұсынбалар беріледі. Сондай-ақ, инженерлік орталық қызметкерлері геология­лық-кәсіпшілік және геофизикалық ақ­па­раттарды жинап, аумақтық деректер банкінің бірегей жүйесіне реттеп енгізумен, оларды ұдайы толықтырып отыру­мен айналысады. Ұңғыларды салу және күрделі жөндеу сапасына жедел геоло­гиялық-технологиялық бақылау (супервайзерлік) жасап, қызметкерлердің қа­жет­ті санын негізді түрде анықтап, жұ­мыс өнімділігін арттыру үшін еңбек жағдайының ғылыми сараланған нормативтерін әзірлейді. «Инженерлік орталық» филиалы өн­дірістік бөлімдерінің қатысуымен «Ем­бімұнайгаз» ӨФ-на қарасты Забурын, Досмұхамбетов, Кенбай, Ботақан мен Уаз кеніштерінің, «Қазгермұнай» БК» ЖШС-ге қарасты Ақшабұлақ пен Нұ­ралы кеніштерінің геологиялық-гидро­ди­намикалық үлгілемелері жасалып, тиісті кәсіпшілік шаралар есебінен жалпы жұмыстың тиімділігін арттыратын ар­нау­лы ұсыныстар түзілді. Осындағы үл­гілік үдерістердің өзі «Шлюмберже» компаниясының заманауи «Petrel» және «Eclipse» бағдарламалары негізінде жү­зеге асырылады. Сонымен қатар, 2010 жылы «Инженерлік орталық» филиалының жоба­сы­мен Өзен және Қарамандыбас кеніштерінде 3 бағалау ұңғымасы бұрғыланып, кен үлгілері зерттелді. Соның нәти­жесінде жер қабаттарының геология­лық-геофизикалық сипаттары туралы ақпараттар қоры толықтырылып, олар кен орындарын игеру барысында кәдеге жаратылды. «Ембімұнайгаз» ӨФ-ке қа­расты кеніштерді де зерттеп, геология­лық-геофизикалық жай-күйіне орай жа­ңа технологияларды енгізу жұмыстары қолға алынды. Мәселен, Крылов атын­дағы Мұнай ғылыми-зерттеу институ­ты­­мен бірлесе отырып, юралық дәуірі көл­беулеріне дүркін-дүркін су айдап, Шы­ғыс Молдабек кенішіндегі М1 және М2 ны­сандарының жер қабатынан мұнай шы­­ға­ру қарқынын арттырудың әралуан тәсіл­дерін қолдану мүмкіндігін қарас­тыруда. Филиал қызметінің инновациялық ба­ғыттарының бірі – аумақтық-бөлініс­тік деректер банкінің жобасын қолдап, тиянақтап отыру. Ол, негізінен, геоло­гиялық-геофизикалық ақпараттардың бі­регей өрісін қалыптастырып, оларды ұзақ мерзімге, ұқыпты сақтауды, жи­нақ­талған деректерді уақтылы беру арқылы шешімдер қабылдау барысын шапшаң­датуды, сол арқылы кен орындарын бас­қару ісін оңтайландыруды мақсат етеді. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-тың құрамынан бұрғылау компания­ла­рының активтері шығарып тасталуына байланысты мердігер ұйымдардың жұ­мысына акционерлік қоғам тарапынан геологиялық-технологиялық бақылау ор­нату қажеттігі пісіп-жетілді. Сол себеппен филиал ұңғы құрылысы мен күр­делі жөндеу жұмыстарын көз жазбай қадағалауға көшті. Соның арқасында жа­ңа ұңғылар құрылысының мерзімі қыс­қарып, оларды бекіту сапасы жақ­сарды, ұңғыларды бұрғылау мен күрделі жөндеудің сапасы жақсарды. Енді бұр­ғылау станоктары мен арнаулы техни­каны жаңарту көзделіп отыр. Кенішті бұрғылау мен игеру барысында «Smith bit», «Hughes Christensen» компания­ла­ры­ның жонышты және алмасты қай­ласы (PDC), «Baker Hughes», «БурИНТЕХ» компанияларының ұңғып қазу қозғалтқыштары пайдаланылуда. Әсі­ресе, бұрғылау ерітінділері саласына по­лимерлі заттарды қолдану, тампо­наж­ды материалдарға әр алуан қоспаларды үстеу арқылы заманауи технологиялар өндіріске кеңінен енгізіле бастады. «Инженерлік орталық» филиалы өз жұмысын жан-жақты жетілдіре отырып, акционерлік қоғамның стратегиялық мақ­саттарына сай даму жолын көздейді. Бұл компанияның сатып алған жаңа активтеріне байыпты бақылау орнатып, орнықты басқару талабынан туындап отыр. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-тың барлық кеніштерінде геология­лық-гидродинамикалық үлгілер жасап, толық көлемде пайдалануға біртіндеп көшу арқылы жүзеге аспақ. Іргелі ғылы­ми-зерттеу ұйымдарымен, озық техно­логияларды иеленуші компаниялармен байланысты өрістете отырып, өз кадр­ларын оқытып, даярлау, акционерлік қо­ғамның ғылыми-талдамалық базасын ны­ғайту ісі жалғаса береді. Алдағы уа­қытта өндіріс қаупі мен дүдәмалдығын азайту мақсатында кен орындарының жағдайын лабораториялық зерттеу ау­қы­­мын кеңейту, іздеу және барлау гео­логиясының, мұнай өндіру техникасы мен технологиясы, мұнай тасымалдау, экологиялық қауіпсіздік мәселелерін қам­титын бағыттарды дамыту жос­пар­ла­нып отыр. Венера ТҮГЕЛБАЙ.