• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
17 Қараша, 2011

Қазақ вальсі

1927 рет
көрсетілді

Алматыға күз келді. Филармонияда концерт жиіледі. Дирижер Латиф Хамиди бүгін оркестрмен кезекті репетицияны жасаған жоқ. Оркестранттарға демалыс берді. Өзі жаңа жазылған партитураларды қарап шығуға енді ғана кірісе берген-ді. Іле есік қағылды. – К...к...іріңіз. Кабинетке күлімсірей жымиып, Ахмет Жұбанов кірді. Жұбанов шаршаулы ма, реңі боп-боз. Қабағы кіртиіп, ұйқысы қашқан жан секілді. Солғын. Үні де баяу. Ол сол тұрған күйі Латифтің оң иығына қолын салды. Өзімсінгені. «Латекем» деп ішке тартуы. Дәйім осылай. Латиф те осы бір әдетіне үйренген-ді, одан жанына өзгеше бір жылылық сезінеді. Жылылық. Көңілі әлденеге алаң Жұбанов стол үстінде жатқан партитураларға көзі түсіп кетті де, біреуін беттеп аша бастады. Өз партитурасы. Глинка­ның «Вальс фантазиясы». Өз қолымен кө­шірген. Көзіне оттай басылды. Партитураға үңілген күйі өзімен-өзі боп, қасындағы Латифті ұмытты. Латиф те өзінше бір ойға түсті. Бір кездерде дәл осы Алматы топырағын басып жүрем деп қаперіне келіп пе еді. Кіндік қаны тамған жері сонау Қазан губерниясы. Свяжск уезі, Құшман болысы. Оның Буалы деревнясы. Әке-шешесі сіңірі шыққан кедей. Әкесі Абдулхай «екі қолға бір күрек» деп жел айдаған қаңбақтай дедектеп, Ресейдің қала-қаласын кезіп, бармаған жері жоқ. Маңдай терінің рахатын көрмеген мүсәпір еді. Ит тірліктің тауқыметімен Кавказда да сандалды. Бір металлургия зауытында біраз бейнет шегіп, одан Донбасста көзі-басын көмір тозаңы басқан шахтер да болды. Онда да шыр бітпеді, күн көрісі оңбады. Бір күндері селбесіп жүрген ағайындарымен Өзбекстанның Қатта-қорғанынан бір-ақ шықты. Күйіп тұрған ыстық жер. Бәрі безгекпен ауырды. Суы жақпады. Іштеріне дәм тұрмады. Әйтеуір шықпаған жан. Бірте-бірте көндікті. Латиф алты жасында ағасы Халимолдадан сауат ашты. Мектепке беріп еді, екінші сыныпқа бірден қабылдады. Оның музыкаға деген қабілеті осы мектепте ашылды. Мұғалімдері – Зариф Қадыров, Ғимат Темірболатов әнші-музыканттар еді. Латифті өбектеп, музыкаға баулыды. Ол әсіресе, «Интернационал», «Марсельеза» әндерін татар тіліне аударған Ғимат ағасына ерекше бауыр басты. Осы кісіден мандолин үйренді. Бір жолы Латиф әкесіне: «Мен музыкант болам», деді. Сіркесі су көтермей, титықтап, шекесі тырысып жүрген әкесі шапалақпен шарт еткізді. «Мандолиніңді быт-шыт қылам», деп үйден айдап шықты. Шешесі булығып, іштей тынды. Араша түсуге дәрмені жоқ. Сол күннен бастап, Латиф мандолинді жасырын тартты. Бірақ, есейе келе әке-шешесінің ырқына көнді. Ташкенттің түрік-татар ағарту институтына түсіп оқыды. Бұл – 1920-1926-жылдар. Табаны күректей алты жыл. «Мұғалім боп асырайды», деп сүйінген әке-шешесінің үміті жеме-жемге келгенде ақталма­ды. Латиф музыкаға бет бұрды. Оған құлай берілді. Әкесі өз қолын өзі кесе алмады. Амалсыз тосылды. Латиф институтты бітіре сала Москваның бірінші музыка техникумының композиция сыныбына оқуға қабылданды. Оған профессор Б.Л.Яворский дәріс берді. Өзі аңсаған музыка әлемі. Таңғажайып бес жыл. Москваның бас айналдырған қызығынан кеткісі жоқ. Мұнда жан досы, ақын Мұса Жалил бар. Жанып тұрған жалынды жігіт. Мұнда Латиф алғаш рет Александр Затаевич, Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұ­бановпен танысты. Затаевич оған қазақ музыкасы­ның сырлы сарайының есігін ашты. Әуезов оны Абай әндерімен «арбады». Ташкентте оқып жүрген­де бір жолы өнерпаздардың тобында Алматыда болғаны бар-ды. Алматы да оған Мысыр шаһарын­дай көрінетін. Алатаудың асқар шыңы көз алдынан кетпейтін-ді. Алматы парктерінде сайраған бұл­бұл­дар үні де құлағында. Зәулім теректер бой түзеген кең, түзу көшелер... сылқылдап аққан тау суы. Осы­ның бәрі таңғажайып бір түс секілді. Алматы есінен шықпай қойды, мүлде. Ахмет Жұбанов оны Алматыға шақырды. Латиф сүйетін Алматы! Ахмет Жұбанов Қазақстанда ең беделді өнер иесі. Мәдениет қайраткері. Ал, Москва... Шіркін, дүние базары болған сәулетті Москва! Иә, сол дулы өмірден Алматыға осы Ахаң алып келді ғой. Ол 1933 жыл. Қазақстанға бауыр басқалы, міне, жеті жыл. Былтыр, яғни 1939 жылы Қазақстан Композиторлар одағы құрылып, оған Брусиловский жетекшілік етті. Ал, оның көп ұйымдастыру жұмысы осы Жұбановқа жүктелді. Оның муздрам техникумдағы ғылыми жұмысы да шаш етектен еді. Бәріне қалай уақыт табады? Қалай үлгереді? Ол оркестрдегі бас дирижерлік қызметін Латифқа тапсырды. Латиф дәл осы кезде оркестр мен капеллаға қазақ әндерінің партитурасын аса біліктілікпен түсіріп жүрген-ді. Жұбанов Латифті қызғыштай қорып, жоғарыдағы басшыларға оның білімді дирижер екендігін зорға түсіндірген-ді. Бүгінде, міне, оркестрде бас дирижер! Латифтің айы оңынан туды. Ішінен: «Мыңда бір рахмет, сүйікті Аха!» дейді. Сөйтіп, жаны сүйген ісіне жан-тәнімен қызыға кіріскен-ді. ...Аздан соң партитурадан бас көтерген Жұбанов қол сағатына қарап қойып, сөз бастады: «Қазір... көп кідірмей тап қазір радиокомитетке бар. Музыка редакциясының бас редакторы Мақсұтбек Майшекинмен сөйлесесің. Сол Мақаңнан шыққан бетім. Бір радиопьесаға музыка жазуың керек. Анау-мынау емес, саяси мәні бар пьеса. Мақаң да қызық, екеуіміз­ден жаза баспайды. «Түйенің танығаны жапы­рақ». Екеумізге сенеді. Қадірлі әріптесіміз. Біз де сөзін жерге тастамайық, Латеке. Сөздің тоқетері осы. Кабинетіңде бол. Телефон соғады. Менің де уақытым тығыз», – деп асыға қоштасып, кабинеттен шыға берді. Латиф аң-таң. «Саяси мәні бар пьеса?» Жүрексінді. Қобалжыды. Кабинеттің ішін кезіп кетті. Оркестр баяғы оркестр емес, Гайдн, Моцарт, Шуберт, Глинка партитураларын еңсере бастаған-ды. Сол классикалық шығармалардан жаңа бағдарлама жасап жатқан-ды. Хор капелласы үшін оншақты халық әнінің партитурасына шүйіліп жүрген кезі. Және күнделікті репетиция. Латифтің басы қатып, шекесі шыңылдады. Өстіп абдырап тұрғанда телефон шылдырлады. Трубканы көтерді: – Ә, Мақа, Ахаң бәрін айтты. Иә, кешікпеймін – деді елпектеп. Латиф әбіржіген күйі қағаздарын жинастырып, іле-шала радиокомитетке келді. Мақсұтбек Майшекин Латифпен қуана қол алысты. Латиф отыра бере: – Мақа, шет жағасын Ахаңнан естідім. Жұмысым бастан асады, – деді дегбірсізденіп. – Иә, сіңбіруге уақыт жоқ. Көрмейсіз бе, алдымда қобыраған қағаздар, папкілер, хаттар. Өзіңіз білесіз, биылғы жыл – Қазақстан үшін мерекелі жыл. Жиырма жылдық тойымыз! Орталық комитеттің қаулысы бойынша қыруар шараларды қолға алдық. Соның бірі, біз арнайы тапсырмамен Сәбит Мұқановқа бір актілі «Екі той» деген музыкалы пьеса жаздырдық. Ол кісі ойымызды түсініп, тез бітірді. Міне, мына бір жұқа папкіде, – деп Майшекин оны аша бастады – ішінде бір-екі ән, дуэт... бәлкім, хор мен би болуға тиіс. Әзірше жобасы осылай. Біз Ахаңның және өзіміздің әдетімізбен басшыларға «Латекең бар ғой» деп, бөгде ешкімге елеңдемей, өзіңізге тірелдік. Радиоға қоятын режиссер – өзіңіздің Қаллекиіңіз. Қалибек Қуанышбаев! Көршіңіз. Осылайша әңгімені иіп әкелген Майшекин алдындағы қағазға үңіліп: – «Екі той». Бір актілі радиопьеса. Авторы – Сәбит Мұқанов. Режиссері – Қалибек Қуанышбаев. Композиторы – Латиф Хамиди. Редакторы – Мақсұтбек Майшекин» – деп бәрі-бәрін тәптіштеп, Латифке ойлана қарады. Латиф не дерін білмеді. Іштей толқыды. Әлден соң ойланған қалпы: – Пьесаны көрейік, Мақа, – деді. – Пьесада Жоламан деген жігіт әскер қатарына шақырылады. Ол жиырмаға енді ғана толған жігіт. Социалды Қазақстанмен түйдей құрдас. Әскер қатарына алыну, әлбетте, ол үшін той! Жалындап тұрған жас жігіт Отан алдындағы азаматтық борышын орындауы тиіс. Патриот. – Иә. – Мұны бір той деп қой, Латеке. Қазақстан да жиырма жаста! Бұл – екінші той! Үлкен той! Сондықтан, Сәбит пьесасын «Екі той» деп атады. Жоламан өз тойында құрбы-құрдастары, туыстары, ауылдастары алдында бір ән айтады. Ән. Оны сүй­ген Сайран қыздың да әні бар. Оған Жоламан және оның жолдастары қосыла кетеді. Тойдың соңы, бәлкім, осындай хормен, бимен бітсе дейміз. – Өлеңі пьесада бар шығар. – Әлбетте. – Қашан бітіру керек, Мақа? – Қазан айының соңғы күн­дері, нақтырақ айтсам жетінші қарашаның алдында радиодан беріледі. Сол күні сары күздің салқын кешінде Латиф радиокомитеттен кеш қайтты. Сол түні Латифтің үйінің шамы сөнген жоқ... Латиф үшін ойда жоқта бір беймаза күндер басталып кетті. Үйде де, жұмыста да қолынан «Екі той» пьесасы түспейді. Халық әндерін пайдалан­ғы­сы келді. Рояль клавишына ағылып кеп құйылған ән­дер пьесадағы өлеңдерге онша жуыспай, зым-зия жоғалады. Біреуі ұстатпайды. Біреуіне тұрақтай алар емес. Бірі ұлан-ғайыр кең дала боп көсіледі. Екін­шісі шарықтатып, асқақтатып әкетеді. Көз ал­дыңда таулар тұрады көк тіреп. Ал, біреулері жүре­гін кеудесіне сыйғызбай тепсінеді. Жібектей сы­зы­лып елжірететіні де бар. Еділдей керіліп «Толқыма» арбайды. Аппақ нұрдай тұнып «Япу­рай» мөлді­рей­ді. Көкірек қаға күркіреп, «Ал­ты­басар» шығады. Осылардың бір-екеуі пьесадағы Жоламанның, Сай­ранның әндері болса ше? Әлде дуэті... Ойлап, ойлап кеп бірде-біріне жүрегі дауа­ла­ма­ды. Оның бәрі тек музыкалы иллюстрация екен. Бірде толассыз шаруаларды бітіріп, кабинетінде жалғыз қалғанда жүрегін тәтті әуез елжіреткендей бір сүйінішті хал кешті. Сол шуақты сезіммен стол үстінде жатқан сарғыш папкідегі «Екі той» пьесасына тағы бір үңілді. Беттерді асыға парақтап: «Май туса, гүлдер шешек атса жазда», – деп басталатын екі шумақ өлеңге тоқтады. Іздегені осы өлең-пьесаны шарықтата жайнататын осы тұс. «Неа­политан әндері секілді өлең шіркін дәл осылай дауысты дыбысқа бітсе ғой!» деп ол өз сөзін өзі қоштады. Заты әсершіл адам көбелектей елпілдеп, өзін қоярға жер таппады. Қолы жыбырлап, стол үстінде әр нәрсені бір ұстады. Не істеп, не қойғанын білмеді. Ту сыртынан біреу тағы да «Вальс! Вальс!» деді ме, құдай-ау? «Иә, Вальс! Вальс!» дей берді. Өлеңнен көзін алмаған күйі тап сол беттің сол жағынан қиғаштап, нотаның бес сызығын тартты. Асықты ол. Папкісінің ішінде нота қағазы да бар еді. Ол мүлде есінде жоқ. Іштей күбірлеп, алдында жатқан ұзын көк қарындашты ала салды да, «Солфеджировать!» деп өзіне-өзі әмір бергендей, жаңағы бір байланып қалған бірінші жолды алты тактыға бөліп, оң қолымен дирижерлік етіп, ыңылдай баста­ды. Өлеңнің екінші жолы да әлгі әуезді дәлме-дәл қайталады. Вальс! Осы кезде Латиф жас балаша қуа­нып, екі алақанын сарт-сарт соқты да оң қолы нота сызығының бетінде сумаң қақты. Нотаның астына: Май туса, гүлдер шешек атса жазда, Тоғайда – бұлбұл, көлде – аққу, қаз да, – деген екі жолды ойдақтата тез-тез жазды. Сөйтті де ұшып тұрып, бөлме ішінде әрлі-берлі жүріп алды. Жүрегі өрекпи соқты. Көзіне сахнаның оң жағында тұрған қара рояльдің ақ клавиштері жарқырап тұрып көрінді. Сол сәтте...о, тоба, оның жіңішке саусақта­ры клавиш бойында зыр жүгіріп ойнақ салды. Жалт бұрылып, өлеңге қайта шүйіліп еді, бар болғаны екі-ақ шумақ. «Ал, менде қайырма бар. Сәбеңде қайыр­ма жоқ» деп екі санын шапақтап, шегі қата күлді. Латиф орысша араластыра сөйлейтін дағдысымен «Запев...припев...» деген сөзді қайталай берді. Бұл – «ән тұп-тұтас шықты» деген сөз. Тап қазір қайыр­маны да төгілдіріп, нотаға жаза салуға болар еді, Латиф өйтпеді. Бұрынғы әдетінше көкейге сақтады. Бүлдіріп алатындай қолы бармады. Сағатына қарады, оннан асқан. Терезеге келіп, пердесін сыр­ғыт­ты. Алматы түні. Көшеде жан көрінбейді. Ол портфелін алды да, сыртқа шықты. Үйіне жетіп, есік алдына келгенде терекке сүйеніп тұрған әйелін көрді. – Бүгін де ерте келдің... Латиф тіксініп қалды. Күндегі кекетуі. – Вальс келді дүниеге! – деді Латиф басқа не дерін білмей. Жібісін дегені. – Вальс...билей бер өзің. Сенде әйел де жоқ, бала да жоқ, үй де жоқ! Оркестр де сенікі! Капелла да сенікі! Радио да сенікі! Вальс те сенікі! Бәрі сенікі! Не бар, менде? Бар қызық өзіңде. Ертелі-кеш ойыңдағыңды істе де, жүре бер өзің! Латиф үйге құр сүлдері кірді... Сол түні ол көз ілмеді. Бір кезде диванда сілесі қатып, мызғып кетіпті. Кенет селк етіп шошып оянды. Атып тұрып коридорға шықты. Ешкім жоқ. Тың тыңдады. Есігін тартып көріп еді, ашық тұр. Дереу төргі бөлмеге барды. Әйел де жоқ, бала да жоқ. Түсінді. Әйелінің ескі әдеті. Иіні түсіп, томсырайып тұрды да қалды. Не істесін, айт-айтпа, үйдегі жайы осы. Латиф тұнжырай түйіліп, «мейлі» деп қолын бір-ақ сілтеді. Ваннаға кіріп, қырынып, тез-тез жуынды. Сүртініп боп, пианиноға отырды. Саусақтары клавишқа тиген бойда: Май туса, гүлдер шешек атса жазда, Тоғайда – бұлбұл, көлде – аққу, қаз да. Сайраса, біз жастар да нақ солардай, Бақытқа бөленеміз сауық назға, – деп осы сөздерді ап-анық әндетті. Екінші рет ойнаған жоқ. Пианиноның үстіндегі нота дәптерін алды да, бірінші бетін ашып, түрегеп тұрып, мөлдірете жазды. Дәптерді пианиноның қақпағына қойды да оған алыстан көз салды. Ноталар маржандай тізіліп, анық көрінді. Сонан соң кухняға шығып кетті. Шай үстінде вальстің қайырмасын іштей әндетті. Латиф үйге сияр емес. «Сәбеңе телефон соғуым керек». Ол телефонға келді. – Алло, сәлеметсіз бе? Бұл Сәбеңнің үйі ме екен? – Тыңдап тұрмын, Хамиди жолдас. – О, қалай таныдыңыз, Сәбе? – Бізде Хамиди біреу-ақ! – Рахмет Сәбе, құдай көңіліңізді көтерсін! – Ал, құлағым сенде. – Сәбе, мен сіздің пьесаңызға музыка жаза бастадым. – Хо-ош. – Сіздің өлеңіңіз екі шумақ. Ал, менде қ...қ... айырма бар. – Қайырманың буын санын айта ғой. – Ж...ж...азыңыз, алғашқы жолы – он буынды. Екіншісі де солай. Екеуінің әуезі бір. Үшінші жолы келтелеу – сегіз буынды. Төртінші, бесінші жолы одан да қысқа – екі буынды. Қайырма осы, Сәбе. Өте көтеріңкі, әсерлі, жарқын болуға тиіс. Сәтті қайырманы композиторлар «изюминка» дейді, Сәбе. – Жолдас Хамиди, мынауыңыз – поэзияда жоқ өлшем. Ақ өлең секілді ме, қалай өзі? – Ж...о...о. . оқ, Сәбе, бастапқы екі жолды егіз ұйқас етіңіз. Үшінші, төртінші, бесінші жол өз бетінше еркін кете берсін. – Дұрыс, Хамиди жолдас. Түсіндім. Өзім телефон соғам. – Рахмет, Сәбе. Латиф трубканы орнына қойды да киінуге ың­ғай­ланды. Портфелін алып, шыға бергенде көзі түсе кетті, күндегі ілініп тұратын жерінде кілт жоқ. Әрі іздеді, бері іздеді. Табылмады. О, құдая тоба... Мысы құрыды. Амалсыз бөгелді. Солай аң-таң боп жарты сағаттай дағдарды. Бір кезде телефон шылдырлады. Ассистенті Мәлік Жаппасбаев екен. Латиф оны сабырмен тыңдады да: – Мен Сәбит Мұқановтың телефонын күтіп отырмын. Түстен кейін барам. Егер кешіксем, репетицияны өзің жүргізе бер, – деді. Латиф үй ішінде сенделіп, не істерін білмеді. Телефон тағы шылдырлады. Көтерді. – Жолдас Хамиди. – Ә, Сәбе! – Жазып ала ғой. – Қ...қ...қа...әзір. – Қайырма былай: Бақыт нұрға, а-ха, оранса жер аспан, Біздің жыр да, а-ха, бар жырға ұласқан. Махаббатты жырлаймыз біз, Жастар! Жастар! А-ха-ха-ха! А-ха-ха-ха-ай! – Сәбе, та-ма-ша! – Дұрыс, Хамиди жолдас! Латиф пианино қақпағына нота дәптерін қойып, отыра қалды да вальсті басынан аяғына дейін толқыта ойнады. Өстіп, аласұра ойнап отырғанда телефон тағы да шылдырлады. Алабұрта қызынып, ұшып түрегелген Латиф трубканы көтере бере: – Иә! – деді, – а, Мақа! Бір қызық іс... Мақа! Ә... ә...ән. В... вальс... Келесіз бе? – Мен қазір жетем, – деді Майшекин. – Келіңіз Мақа! Күләшқа айтыңыз. Түстен кейін сағат үштің шамасында үйге Мақсұтбек Майшекин, Қалибек Қуанышбаев, Кү­ләш Байсейітова үшеуі сау ете қалды. Латиф жаны қалмай амандасып: – Төрлетіңіздер, отырыңыздар, – деп, бәйек боп, орындықты, креслоны нұсқады. Латифтің жүрегі діріл қағады. Бәрі үнсіз. Жүзі алаулаған Латиф әрқайсысына көзінің астымен ұрлана қарап, қымсына қысылып, пианиноға отырды. Латиф сәл еңкейіп, сол қолын клавишке тигізді. Іле-шала оң қолы да клавишты басты. Латиф: – Май туса, гүлдер шешек атса жазда – деп аң­қылдаған ашық үнмен тербеле берді. Ешкім қайта­лап сұрамаса да, Латиф әнді қайта-қайта айтты. Күләш мөлдіреп ойға батқан. Қалибектің екі көзі терезеде. Өзінше тамылжып қапты. Майшекин насыбайын атты. Көңілі көншігені. Ән айтылып бітті. Ешкім тіс жарып, тіл қатпады. Латиф үшін бұл бір ең азапты сәт еді. Күләш сол тұрған бойы көзінен нұр төгіліп: – Мен қосылып көрейін, – деді. Латиф үнсіз бас изеді. Вальс толқыды. Күләш нотаға қарап жайлап қана: Май туса, гүлдер шешек атса жазда, Тоғайда – бұлбұл, көлде – аққу, қаз да, – деп балбыратты. Бәрі тым-тырыс. Үйге: – Бәре-кел-ді-і! – деп Шахмет Құсайынов кеп кірді. Бәрімен қол алысып, сәлемдесті, – әнді мен де тыңдадым. Дәлізіміз бір. Және Күлекеңнің үні! Латиф ұшып тұрып, Шахметті өз орындығына отырғызды. – Күләштің әні! – деді жылы лебізді Қалибек, – Сайран қыз... – Пьесада бұл әнді Күләшпен қосылып Жүсіпбек айтады, – деді Латиф – Жоламан деген жігітіміз... – Апырай, ұлы адамдар бойын жасырған тұлпардай арамызда елеусіз жүре береді екен-ау өзі, ә? Көрші отырып осы уақытқа дейін білсемші, Латекеңнің не жазып жүргенін. Паһ! Паһ! Керемет вальс! Қазақта вальс бар ма еді, бұрын? Жоқ қой! – деп Шахмет те қауқылдап, қалжың аралас сүйінішін білдірді. Латиф басын изеп: – Рахмет! Рахмет! – дей берді. Күләш күндей күлімдеп: – Қазақ вальсі! –деді. Бәрінің жүрегінде «Қазақ вальсі! Қазақ вальсі!» деген сөз...   * * * Бір аптаның ішінде Латиф «Екі той» пьесасына тағы бір лирикалық ән және хор жазды. «Қазақ вальсін» радионың симфониялық оркестріне түсірді. Іле оркестр дирижері Карпов әншілермен репетиция бастады. Пьеса эфирге қабылданатын күн. Соңғы репетиция. Оған Мақсұтбек Майшекин, Қалибек Қуаныш­баев қатысты. Осы репетицияда Латиф Хамиди Сәбит Мұқановпен жүздесті. Мұқанов Күләш пен Жүсіпбек орындаған дуэтке толғана сөйлеп: – Мынау ән – вальс қой. Та-ма-ша! Мен сөзін асығыстау жазыппын. Кей жерін қайта қарап, кейін жөндеп берем. Мысалы, мына бір жолы – «Сайраса, біз жастар да»... келің­кіре­мей тұр. Дұрыс тіркес емес. Әзірше өте берсін. Мен де ойланайын. Сен – талантты композиторсың, Хамиди жолдас! – деді Латифтің қолын қысып. Сәбиттің тебіренгені сонша, бұдан артық сөз таба алмады. Пьеса радиодан берілді. Бір-ақ рет берілді. Бұл – 1940 жылдың қазан айы. * * * «Екі той» радиопьесасындағы Күләш шырқаған вальс қазақ даласына ескен желдей тарады. Ал, көп ұзамай гитлерлік Германиямен соғыс басталып кетті. Клубтарда, алаңдарда, перрондарда жастар Хамиди вальсіне билеп, майданға аттанып жатты. * * * 1945 жыл. 9-май. Бүкіл Кеңес халқы гитлерлік Германияны өз ордасында тас-талқанын шығарып, тізе бүктірген Ұлы Жеңісті тойлап, радиода салтанатты марштар жер солқылдатты. Сол күні Қазақстан астанасы Алматыда дүбірі зор әскери парадтың соңы халықтың шат-шадыман мерекесіне ұласты. Жұрт әндетіп, билеп кетті. Үкімет үйінің алдындағы кең алаң, Абай атындағы опера және балет театрының фоесі, вокзал перроны, парктердегі би алаңдары «Қазақ вальсімен» толқыды. Сол күннің шаттығына бөккен Латиф Хамиди кіші бесін кезінде Ахмет Жұбанов пен Евгений Брусиловскийді «Алатау» ресторанына шақырды. Онда олар біраз отырды. Масайраған көңілді жандардың «Қазақ вальсіне» билегенін көрді. Латифтің екі езуі екі құлағында. Қуанышында шек жоқ. Брусиловский қыза сөйлеп: – Латиф Абдулхаевич, тамаққа тойдық. Енді кофені «Есік» ресторанынан ішейік, – деді. Бұлар сол желіккен көңілмен «Есік» ресторанына келді. Мұнда таныстар көп екен, бір жас келіншек Латифпен «Қазақ вальсін» биледі. Анау-мынауға қозғала қоймайтын Жұбанов та кәдімгідей желпініп: – Латеке, енді «Алматы» ресторанына барып саумалдатайық. Қаланың саумалы – шампан ғой. Сонымен сергиік, – деп «Алматы» ресторанына қарай тартты. Келді. Ресторанда орын жоқ. Есіктің алды иінтірескен адам. Іште би... танго... фокстрот... вальс... «Қазақ вальсі!». Бас сұғу мүмкін емес. Амалсыз тосылды... * * * 1957 жыл. Май айының он бесінші жұлдызы. Күләш бұл күні де ерте тұрды. Терезені айқара ашып, жаз таңының жұпар ауасын жұтты. Сөйтті де тап кешегідей: Май туса, гүлдер шешек атса жазда, Тоғайда – бұлбұл, көлде – аққу, қаз да! – деп жарты дауыспен сызылта әндетті. Жайсаң май туғалы осылай. Бір бақытты күндердің лебі желпінтіп барады, мүлде. «Қытайға баратын сапарың оң болсын! Сәтті болсын! Алла жар болсын!» Жұрттан еститіні осы сөз. Бәрі тілекші. Бәрінің көңілі ақ. Бәрі ең қимас жақыны. Тіпті, алыс-алыс жерлердегі ағайын, дос-жаран, гастрольдерде жүріп танысқан жолдастар да «жол болсын» айтып, соңғы күндері телефонда маза жоқ. Бір күні Күләш әдеттегіше оркестрдің репети­циясына келді. Келсе Шамғон өз орнында жоқ екен. «Жоғарғы жақ шақырып кетті», десті. Күләш кабинетте отырып күтті. Ұлы сәске кезінде Шамғон да оралды. Шамғон Күләшті көрген сәтте сасқалақтай сәлемдесіп, үстелінің үстіндегі қағаздарды аударыс­тырып, бір түсініксіз беймаза күйге түсті. Күләш аң-таң. Сөзді Күләш бастады. – Жол жүруімізге де шамалы күндер қалды-ау, Шамғонжан. – Апай... – Иә, жаным. – Жоғарғы жақ... – Иә? Шамғонның ақсары жүзі дуылдай қызарып, іштей күмілжігендей боп: «Күләш апай... Сіз Қы­тайға бармайтын болдыңыз!» – деді, үні дір-дір етіп. Аққудың көгілдіріндей мөлдіреп отырған Күләш енді Шамғонға таңдана сүзіле қарады. Шамғон көзі жасқа толып, терезе жаққа бұрылды. Екеуі әп-сәтте қаусады. Күләш сарсаң оймен теңселіп, үйге зорға жетті. Бар жайды: «Қытайға бармайтын болдым» деген жалғыз ауыз зілді сөзбен зорға айтты. Қанабек қанын ішіне тарта қарайып, сөзден тиылды. Күләштің төңірегі араның ұясындай ызыңдап ала жөнелді... Сол күннің ертеңінде Шамғон Күләштің жеті әнін Бибігүл Төлегеновамен әзірлей бастады. Он күннің ішінде Бибігүл жеті әннің бәрін үйреніп үлгерді. Күләштің орнында Бибігүл! Оркестр ұжымы Қытайға кетісімен Қанабек екін­ші онкүндіктің мәселелерімен Москваға жол тартты. Дәл осы кезде Москвада Татарстанның онкүндігі басталып кеткен-ді. Күләш сыртқа шығудан қалған. Күндегі әдетімен радиодан берілген концертке са­рыла құлақ түрді. Татардың әйгілі композиторы Назиб Жигановтың «Алтыншаш» операсынан үзін­ділер берілген. Бұл бір таңғажайып операға қатты қызықты. Көңіл-хошы болмай отырса да Москваға телефон шалып: «Қанеке, бір есебін тап та мені Москваға шақыртып алдыр. Алматыда тынысым тарылып барады. Өзің ретте бәрін. Сорлы әкем апам екеуімізді шырылдатып, тастап кеткенде дүние дәл осылай сап-сары боп, одан кейін бірте-бірте қарауы­тып, көзіміз түк көрмей қалып еді. Күні кеше Алдабегімізден айырылғанда да тұңғиық қапасқа батып ем осылай. Құтқар, Қанеке! – деді бірдеңенің шалы­ғы соққандай елеурей сөйлеп. Телефонда Қанабек те қырылдаған үні дір-дір етіп: «Гүлбаһрамым! Күләшім! Күлекем! Бұлбұл құсым! Келесің... келесің!» – дегеннен басқа ешнәрсе айта алмады, өксік қысқан жандай солықтап. Қанабек екі күннен кейін Күләшті «Домодедова» аэропортында күтіп алды. Ертеңінде Қанабек пен Күләш Үлкен театрда «Алтыншаш» операсын көрді. Үшінші июнь күні Қанабек екінші онкүндікке байланысты діттеп келген шаруаларының бәрін бітіріп, Алматыға қайтты. Күләш бесінші июнь күні Татарстан өнер шеберлерінің қорытынды концертіне қатысты. Концерттен соң банкет болды. Банкеттің қызған бір тұсында Күләш татар достарының қолпашымен ешқандай аспаптың сүйемелінсіз «Қазақ вальсін» шырқады. Қызулы жұрт тұтас көтеріліп, вальс ырғағына ырғала берді... Күләш «Пекин» қонақ үйіне кештетіп келді де, кезекші келіншекке ілтипатпен иіліп: «Таңертең жақсылап тұрып шай берсеңіз. Сіздің шайыңызға үйреніп қалыппын. Есікті қақпай-ақ қойыңыз, өзім оянам. Жақсы ма? Солай етіңіз. Алматыға ұшам», – деді де, өз бөлмесіне бұрылды. Ал... ертеңінде: «Күләш Байсейітова қайтыс болды», деген суық хабар жетті Алматыға. Бұлбұл әні үзілді. * * * Алматыда дауасыз жұрттың гу-гуі басылмай қойды. Күләштің оқыс қазасынан гөрі Қанабекке, басқа да жақын жуығына, Құрманбек пен Мұхтар, Ғабит, Қаныш пен Марғұлан, Жұбанов пен Хамиди, Брусиловский сияқты достарына беттері шімірікпейтін өңшең бір бәтдұға қаражүректердің өсек-аяңы өте ауыр тиді. Бұл бәтуасыз лақапқа жаны күйген Қанабек арада жылдар өткенде өзінің орыс тілінде шыққан «На всю жизнь» атты кітабында: «В восемь часов открыли дверь номера. Кровать оказалась пустой. Дежурная подбежала к ванной. Куляш сидела, прислонившись к ней. Она даже не упала, сидела, как живая. В таком положении и уснула вечним сном. Не выдержало сердце. С ним ничего не случилось, когда она в течение жизни переживала волнующие радостные события, счастливые минуты и огорчения, а тут так неожиданно и нелепо оно остановилось», деп жазды, қағазға көз жасы тырс-тырс тамып. Қалай шыдасын, Күләштің нәп-нәзік жүрегі! Күншілдік пен пендешілікті көтеретін жүрек пе еді ол? Ән үшін жаралған жүрек еді ғой! Сол бір ауыр күндерде Қанабек Брусиловский мен Хамидиді үйіне шақырып, дастарқан жайып, Күләшті еске алған. Сөйтіп отырғанда Москва радиосынан бір музыкалы хабар берілді. Хабардың орта кезінде Вена Неелуе есімді эстон әншісі: «Қазақ халқының ұлы әншісі Күләш Байсейітовадан кейін «Қазақ вальсін» Москва эфирінен орын­дағаныма өте қуаныштымын», деді. Бәрі Күләштің үніндей тап-таза колоротуралы софраноны сүттей ұйып тыңдады. Әп-сәтте езіле қаусаған Қанабек пен Латифқа жалтақ-жалтақ қараған Брусиловский: «Не выдержало сердце поэта позора мелочных обид», – деп күрсініп салды. * * * 1973 жыл. Август айы. Қырым. Қара теңіз жағасы. Шағаласы шаңқылдап, толқындары билеген көк айдын. Латиф сағымдай бұлдырап алыста қалған жас дәуренін аңсап, жағада жалғыз өзі келе жатты. Бір кезде оған осы жерде танысқан вьетнамдық композитор Лан Туан жолыға кетті. – Бұл сіздің вальсіңіз бе еді? – деп кеше Латифтің өзі сыйлаған нотаны көрсеткен Лан Туан. – Иә, осы вальстің авторы болған соң, сыйладым ғой, сізге. – Бұл вальске бүкіл Вьетнам жастары билейді. Біз бұл әнді «Совет жастарының фестиваль вальсі» деуші едік. Енді, міне, өзіңізбен бірге жүрмін. Бақыттымын! – деп, Лан Туан Латиф Хамидиге шығыс әдебімен басын иіп, ізет білдірді. Жаздың жібек самалы желпіді. Теңіз шулап, шағалалар шаңқылдап, көк айдын керіле толқыды. Латифтың жүрегі лүп-лүп етіп, көк теңіз үстінде үйірілген ақ толқында «Қазақ вальсімен» тербеле толықсыған Күләштің үлпілдеген ақ жібек орамалын көрді. Қайда барса да, қайда жүрсе де «Қазақ вальсі» осылайша алдынан шығады. Бұлбұл әуезді сұлу Күләш тап осылай көз алдында жайнайды да тұрады!