• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
17 Қараша, 2011

Жеңісті, жемісті жиырма жыл

448 рет
көрсетілді

Биыл Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлап жатқан мемлекет жалғыз біз емеспіз. ТМД елдерінің бәрі мәз-мәйрам мереке үс­тін­де. Кеңес Одағы ыдырағанда тоқтап, тоқ­та­­мағаны тұралап істен шыққан ел шаруа­шы­лығын нарыққа айналдырып, өтпелі ке­зеңнен аман-есен өтіп, дербес мемлекет құру оңайға соқпаса да, бұлардың қай-қайсысы болсын қиямет қиындықтарды жеңе отырып, өсіп нығайып келеді. Әсіресе, тәуелсіз Қа­зақстанның даму қарқыны айрықша. Қаракөз қазақ, жан жағыңа бажайлап қарашы! Жиырма жыл бұрын Қазақстаннанмын десең, аңырып, тосылып қалатын шет ел жұртынан енді тәуелсіз, азат Қазақстанның қарышты қадамына назарын салмайтыны табылмайды деп кесіп айтуға болады. Эко­номикалық, әлеуметтік һәм демократиялық дамудың барша саласында Қазақстан Рес­пуб­ликасы, шүкіршілік, мына жиырма жылдың ішінде жиырма ғасырға татырлық өсу, өркендеу жолынан өтті. Соның бір айтарлықтай жемісі – Тәуел­сіз­дік жылдары ұзына тарихымызда тұңғыш рет қазақ халқының демографиялық көрсет­кіш­тері күрт жақсарды. Соңғы жиырма жыл ішінде атамекеніне 300 мың отбасы – 1 миллионнан астам шетелдегі туысқандарымыз оралып, шаңырақ көтеріп, ырыс-берекемізді тасыта түсті. Бір кезде өз елімізде азшы­лық­та қалсақ, енді көпшілікке айналып, ұлан-байтақ Отанымыздың түкпір-түкпірін түгел жайлай бастадық. Еліміздің солтүстік бөлегінде қазақ қо­ны­сының жиілеуі көп ретте Арқаның төсінде үл­кен жаңа шаһардың пайда болуына тіке бай­ланысты ма деп ойлаймын. Жиырма­сын­да жиырма ғасыр жаңарған, ойы да бойы да өскен елдің тамаша табысы – елорда – Астана. Мәскеу бір жылда салынбаған дейтін сөз бар ұлы халықта. Ал біздің Астанамыз, керісінше, бір жыл, тіпті бір күндей болмаған он, он бес жылда бой көтерді. Мұндай жасында тіл-ауыз байлайтын болашақ ару да бүйтіп сыланып шыға келмейді. Дүние жүзінің ең сұлу шаһары қатарына еркін қосылған Ас­та­наны шетелден келген небір білікті мейман таңырқай, тамсана ертегі қалаға балайды. Тәуелсіздіктің жиырма жылында мемлекеттік іргемізді мықтап бекітіп алдық. Біреулер Қазақ елінің шекарасы бұрын сызыл­ма­ған деп жатады. Бұл тұжырымның дұрыс та, бұрыс та жағы бар. Орыс картографтары сонау ұлы Петр патшаның заманынан бері Қа­зақ жерін картаға түсірумен келеді. Сол кар­таларға көз жүгіртсеңіз, шекарамыз бүгін­гі­ден әлдеқайда далиып жатқанын байқайсың. Міне, бұл жерлер сызылса да, мойындал­ма­ды. Түрлі-түсті басқыншылықтың салдары­нан ту-талақай таланған, жырымдалған қо­ны­сымыз қаншама. Жиырма жылдың жиырма ғасырға теңелетін себебі, Қазақстан Респуб­ликасының қазіргі шекарасы барша дүние, бер жағы Ресей мен Қытай, арғы жағы АҚШ, күллі жаһан мойындаған, Біріккен Ұлттар Ұйымында заңдастырылған жер. Шекара демекші, ол енді – құлыптаулы. Атамекенімізді бүгінгі заманғы талапқа сай қуатты Қарулы күштеріміз күндіз-түні міз бақпай күзетуде. Соңғы жылдары Конституция күнінде өткізіліп жүрген әскери парад­тар­ды самарқау бақылай алмайсың. Ойың шартарапқа самғайды. Тәуелсіз Қазақ елі сарбаздарының шеруін жерімізді бұдан үш ғасыр бұрын жоңғардан азат еткен Абылай хан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөген­бай батырлар көрсе не дер еді деп ойлайсың. Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе демекші, парадта сұңғақ бойларына әскери сәнді көк киімі жарасқан, көруге көз керек қазақ аруларының қару асынған сапын көргенде қиялың шалқып, сонау біздің дәуірімізге дейінгі 530-ыншы жылдан бір-ақ шығады. Сол жылы массагет қыздарының Сырдария айма­ғында Кир екіншінің ешкімнен жеңіліп көр­меген басқыншы әскеріне қарсы қан майдан­ның ең шешуші сәтінде Томирис ханым бұй­ры­ғымен ойран салғаны, парсы патшасының басын алғаны, кейінгі қазақ қыздарының ел шетіне жау тигенде шаштарын төбесіне түйіп, жауынгерлік жанқияр ерлік көрсет­кендері есіңе оралады. Қазақ елі деген бейбітшіл, мінезге бай халық. Ауасы таза, суы таза, көгалы таза кең бай­тақ даласына тартқан. Бар ісінің алтын ар­қауы, адастырмас темірқазығы «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» дейтін өнегелі қағида. Қазақтың бөтен елдің жеріне сұқтанбайтыны, өзге жұрт­қа қастық ойламайтыны, достыққа бейілділігі – бар биік қасиет болмысы мына дербес мемлекет кезінде айрықша жарқы­рап көрінуде. Қайсыбір мемлекет көршісімен дүрдараз. Өзге біреуі іштей алау-далау. Лаң­кестік дейтін пәле ұлы Ресейдің өзінің берекесін кетіруде. Қазақ елі, тіл-аузымыз тасқа, бұндай дерттің бәрінен дін аман. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің жиырма жылы ішінде жаһан жұртының ал­дын­да үлкен беделге ие болып үлгерді. Рес­пуб­ликамыздың Президенті Нұрсұлтан На­зар­баевтың халықаралық аренадағы абы­ройы қандай. Енді әлемнің алпауыт держава­ларына дейін барша ел Қазақстан Респуб­ли­касы саясатымен санасып, әрдайым қолдау білдіріп келеді. Мұны мақтаныш етуіміз әбден орынды. Қазақстан Республикасы бұдан жиырма жыл бұрын әлемде бірінші болып дүние жүзіндегі ең бір қуатты Семей ядролық полигонын жапты. Бұл полигон арсеналы сол уақытта Ұлыбри­тания, Франция, Қытай үшеуін қосып ал­ғандағы ядролық әлеуетінен асып түсетін. Енді Қазақ елі ядролық қарусыз әлем атты қозғалыстың дем берушісіне, лидеріне айналып отыр. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын, яғни 1994 жылы наурыз айында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу университетінде сөйлеген сөзінде тұңғыш рет Еуразия одағын құру жобасын ұсынды. Бүгінгі Кеден одағы – сол жобаның іске асуының бастамасы. Енді күн тәртібіне бірыңғай эко­но­микалық кеңістік құру мәселесі қойылып отыр. Бұған мұрындық болушының бірі – Қазақстан... Еуразия одағы әсте Кеңес Ода­ғын жаң­ғыр­туды көздемейді. Оған итермелеудің қандай ныша­ны­на болсын қарсы тұруға тиістіміз. Тіпті келешекте Еуразия ода­ғы сонау Лиссабоннан Влади­вос­токқа дейін қанат жайғанда да ұлттық мүддені көздің қарашы­ғын­дай сақтау, тәуелсіздігіміздің символы – Көк байрағымыздың мәңгі желбіреп тұруын қамтамасыз ету ата-баба аруағы алдындағы, болашақ қазақ ұрпағы алдындағы антымыз, ең қасиетті борышымыз саналуға тиіс. Жуықта ежелден әр санын құр жібермей ынта қойып оқитын қадірлі «Литературная газетаның» ТМД елдері тәуелсіздігінің жиыр­ма жылдығына арнаған «Біз бір ағаш­тың жапырағымыз» атты қос беттік мате­риалы­мен танысып шықтым. Онда Әзер­бай­жан, Армян, Беларусь, Қазақстан, Қырғыз­стан, Молдова, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан елдерінің ұлттық һәм орыс жа­зушылары өз халықтарының тәуелсіздік кезеңінде қол жеткен табыстарын тілге тиек етеді. ТМД – Еуразиялық одақ үйі екендігін, біртұтас мәдени-тарихи ареал ғасырлар бойы қалыптасқанын атап көрсетеді. ТМД елдерінің рухани аралас-құраластығын кү­шей­те түсуге шақырады. Экономикалық бір­ың­ғай кеңістікпен қатар рухани һәм мәдени кеңістік жасау керектігін еске салады. Бұған жетудің жол-жобасы қандай? Түй­і­ні күрделі мәселе кең зерделеп тал­дау­ды, парасатты ізденіс, ыждағаттылықты талап етеді. «Литературная газета» сияқты бергі жағы ТМД елдері, арғысы әлем жұртына беделді мінберде әр пікіріңді салмақтап, дәлелді сөйлеуге не жетсін. Осы тұрғыдан маған Белоруссияда қырық жылдан аса тұ­ратын орыс ақыны Тамара Краснова-Гуса­чен­коның мақаласы ұнады. Жерін жерлеп, суын сулап отырған елін көкке көтереді. Ең­бекқор, төзімді де ізгілікті, талантты белорус халқын жақсы білетінін, сүйетінін жазады. Бүгінгі ахуалын мақтаныш ете суреттейді. Газет бетінде сөйлеген басқа да ақын, жазушылар өз елдері туралы жылы-жылы сөз айтудан аянып қалмаған. Тек бір ғана ав­тордың пікірі өзгелердікінен өзгеше өрнек­теліпті. Әңгіме Астана қаласында шығатын «Нива» журналының бас редакторы, қазақ­стандық ақын Владимир Гундаревтің мақа­ла­сы туралы болып отыр. Республикамыздың соңғы жылдарғы та­быс­тарына желе-жорта шолу жасай келе, В.Гундарев мақаласында одан әрі Қазақ­стан­дағы орыс тілі жағдайының оңбай бара жат­қан­дығы жайынан асанқайғы соғуға арнаған. Жерлесіміздің Қазақ елі хақында жылы лебізге сараңдығын былай қойғанда, Қазақ­стан­да орыс тілі құрып бара жатыр деп қаба­ғынан қар жауып байбалам салғанын, мы­налардың оңдыратын түрі жоқ деп әлдекімге шағынғандай болғанын бас шайқамай оқи алмайсың. Ол тіпті республикамыздағы жүз­ден аса ұлт өкілдері мәмілеге келген, құп­та­ған мемлекеттік тіл саласындағы саясаты­мыз­дың дұрыстығына әжептәуір шәк келтіреді. Ол айтқан      тұжырымның қайшылығы аяқ алып жүргісіз. Қазақ тілінің өрісі бүгін­дері там-тұмдап болса да кеңейе бастағаны, Гундаревтің ойынша, орыс тілінің респуб­ликамызда құлдырай бастауына әкеп соққан. Орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі рөлінен қазірдің өзінде-ақ айырыла бастады дейді. Орыс тілінің ұлтаралық қатынас тілі қызметі алдағы он жылда қазақ тілі үлесіне тимегі орынды. Бірақ бұл өзгерістер орыс тілін өгейсіту есебінен жүргізілмесін деп безектейді. Сонда деймін-ау, мемлекет иесі қазақ халқының тілі өзіне тиісті заңды орнын алса, мұның қалайша орыс тіліне зардабы тимек?! Тіпті, ол еш ыңғайсызданбастан мен, мем­лекеттік қызметте істейтін жас қазақ­тардың орыс тілін мүлде білмейтінін, ары кеткенде орысшадан оншақты ғана сөз білетінін көріп жүрмін, дей келіп, «В общем, русский язык в Казахстане переживает далеко не лучшие времена» деп ой қорытады. Аталмыш автор республикадағы оно­мас­ти­­калық комиссияның мүшесі көрінеді. Орыс және басқа шет тілдерден келген терминдерді қазақшалауды міндетіне алған комиссия тек қазақ тілінде сөйлейді екен. Құ­жаттары да қазақша жазылады. Комиссия мү­шелері мемлекеттік тілден Гундаревтің ха­барсыз екенін біле тұра сөйтеді деп на­лиды. «Иногда мне снисходительно объяснят в двух-трех словах, о чем идет речь» деп ренжиді. Алпысты орталаған жасымның саналы бөлегін Қазақстанда өткізіп келемін, аздап қазақ тілінен де саңылауым болуы керек қой деген ойды ол кәперіне де алмайды. Қысқасы, Гундарев қазақ тілінің мемлекеттік тілге айналуы республикада орыс тілін игеруге бөгесін болып отыр дейді. Тіпті екі тілді де бірдей игеру оның ойынша мүмкін емес сияқты. Қалайша қайран қалмассың... Әрине, бұлай ой­лайтындар, мықтап қа­те­леседі. Қазақ тілі­нің мемлекеттік тілге айна­луы ұлттың орыс тілін игеруіне бөгет бола алмайды. Былай деп те айтар едік. Егер қазақ халқының тілі Ата Заңымызда жазылған та­лаптың үдесінен шығатындай күн туса, біз, қазақ, бұл межеге ұлы орыс тілін, Пушкин, Толстой, Достоевский, Шолохов әдебиетін үйрене отырып жетеміз. Біреу-міреулердің қоқан-лоққысынан сескенгендіктен емес. Орыс тілін меңгеру біз, алаш баласы үшін қашанда ауадай қажет нәрсе. Ұлы Абай: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста зор» деген. Рас, Қазақ елінде экономика мен мәдениет, ғылым-білім жарығы Абай өмір сүрген заманнан бері өлшеусіз молайды. Сонда да ұлы ақын, кемеңгер хакім ғақлиясы көз ұшындағы уақытта маңызын жоймайды. Бұдан былай да бұлжымас ұлттық боры­шымыз саналады. Неге дейтін емес. Дүние жүзінде 2000-нан аса тіл болса, соның екі-үшеуінде ғана адамзаттың мәде­ни, ғылыми жетістіктері мың миллиондаған басылымдарда жинақталған. Мұндай алтын қор, айталық, орыс кітапханаларынан молы­нан табылса, бізде ондай байлық белгілі тарихи себептермен әлі жеткілікті жасала қой­ған жоқ. Уақытында оған да қол жеткізерміз... Қазіргі міндет – сол уақыттың жақын­дауын тездетуде. Өзімізге белгілі, біз әлемдік тарихты бұрын өзге елдерде жазылған кітаптар бой­ын­ша бағалап келдік. Енді, мына тәуелсіздік заманында біреудің шайнап берген асын қылғыта беруден сақтануға тиістіміз. Мәселе, ежелгі намысқойлығымызда ғана емес. Ресей либерализмі бүгіндер «Николай Палкин» мен «Николай Кровавый» аталған патшаларды сүттен ақ, судан таза етіп көр­сетуге тырысуда. Столыпиндей жер алғыш, жан алғышқа ескерткіш тұрғызайын деп жатыр. Бұл – Ресейдің ішкі ісі. Оған араласу әбестік болар еді. Бірақ «әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа» деген мәтел босқа айтыл­маған ғой... Халық даналығынан ұғатыны­мыз, ұлт пен ұлттың мүддесі үйлесе бермейді. Тарихи тағдырлары әрқилы қалыптас­қандықтан. Біз – тәуелсіз елміз. Бұрындар бөтен ел бұрмалаған тарихымызды қалпына келтіруге тиістіміз. Бір шаңырақтың астында тұрған үш ғасырға жуық уақыттың ішінде Ресей императорларының қазаққа пайдасы тигені де болды, зиян жасағандары да аз болған жоқ. Соны бар ақиқатында көрсете білуіміз керек. Николай ІІ патша Қазақстанды төрт губернияға бөлшектеп, мемлекеттілігіміздің жұрнағын қалдырмай жойып жіберді. Екатерина ІІ патша 1782 жылы қазақ жүздеріне мешіт салуға 20 мың рубль ақша бөлсе, бір ғасыр өткен соң қазақ империяның тең құқықты азаматы болудан қалды. Николай ІІ миссионерлік саясат жүргізіп, тіл, дін, ділімізді құртуға, қазақ халқын шоқындыруға, орыстандыруға барын салды. Шоқынды, шала қазақтардың пайда бола бастағаны сол кез. Ал, Ленин керісінше, қазаққа автономия беруі, мемлекеттігімізді қалпына келтіруі үс­тіне, жерімізді түгел дерлік жинап қайтарып берді. Орыс либералдары Ленинді қарғап-сілеумен келеді. Өз ұлттық тұрғымыздан осы фактілерге қалай қарауымыз керек? Біз жаһан тарихын да өз еліміздің тарихына байланыста зерделеуге тиістіміз. Бұл айтылғанның әдебиет пен сын майда­нына да тікелей қатысы бар. Мәскеудегі Максим Горький атындағы Әлем әдебиеті институты секілді бізде де сондай институт құрылуға тиісті. (Әзербайжан да сол ел президентінің жарлығы бойынша қазір «Мировая литература в 150 томах» (2008-2013) атты бағдарлама ойдағыдай жүзеге асып, жаңа аудармаларға айрықша көңіл бөлумен қатар, ескі тәржімалар қайта қаралып, қатаң редакция жолымен сұрыпталуда). Ал мұндай институт құрылса, біз әлем әдебиеті тарихын өз ұлттық мұнарамыздан бағалауға, ұлттық құндылықтарды таразылаудың жаңа критерийіне ие болуға мүмкіндік алар едік. Дүние жүзі әдебиеті институтын құрудың екі жолы бар. Біріншісі, бірден жаңадан ашу. Екіншісі, бірте-бірте даярлық жасап барып құру. Айталық, бүгінгі М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жанынан американ, қытай, түрік бөлімдерін ашу оншама қиындыққа түсе қоймас еді. Жиырма жылда жиырма ғасырлық қадам жасасақ та, әлі де үлгермей жатқан істеріміз жетерлік. Тіпті бұрынғы кей табысымыздан айырылып қалған жәйт те кездеседі. Кітап шығару ісінің мүлдем сын көтермейтінін айтып талайдан бері үкімет құлағын шулатумен келеміз. Ең басты кемшілік – кітап бұқа­ра­лық ақпарат құралы болудан қалды. Тира­жы там-тұм. Ары кеткенде – 2000. Республика халқының саны 17 миллионнан асып жы­ғылады. Алдағы төрт жылда 20 миллионға жетеміз деп отырмыз. Соншама жұртқа екі мың таралымды көзге тамызатын дәрі етсең де жетпейтіні хақ. Бір шөкім тиражды басы­лым кітаптану ғылымының тілінде қолжазба саналады. Яғни, БАҚ-тан өзгеше, топтық ақпарат (ТАҚ) құралына жатады. Тасқа ба­сыл­са да Гутенберг әлемінің дүниесі саналмайды. Жетпіс жыл бойы «Кеңес Одағы – әлем­дегі ең демократияшыл ел» деп қақсадық. Енді бақ­сақ өтірік, жалған сөзге алданған екенбіз. Ауру қалса да әдет қалмайды демекші, енді қазір тиражы мысқалдай, жоқтың қасы басылымды баспа кітабы санап жүрміз. Мұның аты – көз­бояушылық қой. Өзімізді өзіміз алдарқатудан арылатын уақыт жетті емес пе?! Аз тиражды кітаптың әлегі де аз емес. Он­сыз да жүгі ауыр бюджетке қосымша салмақ салады. Осыдан жиырма жыл бұрын кітап мемлекеттен бір тиын ақша алмайтыны үстіне, жылына 12-15 миллион рубль пайда келтіретін еді. Барды жоқ қылуды не деуші едік? Тығырықтан шығудың, тиражды барынша көбейтіп, ақшалай пайда көрудің, бюджеттің мойнын босатудың жолы қандай? Оның кітаптану тарихында сыннан өткен бір ғана тәсілі бар: қағазға кететін шығынды барынша азайту керек. Біз қазіргі уақытта қағазды шетелдерден удай қымбат бағаға сатып аламыз. Қағазды өз елімізде өндірсек, жағдай өзгерер еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Талдықорғанда қағаз өндіретін фабрика тұрғызылады деп естіп қуанып қалған едік, бірақ аяғы сиырқұйымшақтанып кетті. Орманымызды отамай-ақ қағаз шығару­дың ежелден келе жатқан тәсілін қолдануға болады. Кәдуілгі ақ қағаз үстіміздегі мың­жыл­дықтың VІІІ-інші ғасырында Самар­қант шаһарында өндірілген болатын. Ол ормансыз, шөл-шөлейт жерде тұр ғой. Бізде не көп – сабан көп. Астықтың, күріштің. Қы­тайда бұл заттардан қағаз өндіретін кәсіпорындар біздің заманымыздың екінші ғасырында-ақ пайда болған. Қытай - қағазды ойлап тапқан ел. Сол көршіміздің техноло­гиясына жаттығып үйреніп, 19 ғасыр өткен соң да бір қағаз жасайтын фабрика сала алмайтындай бізге не көрініпті. Бұл – бір. Екіншіден, Баспа комитетін агенттік болса да жеке отау етіп қайта құрсақ дейміз. Өзге министрліктердің қолтығында тұншы­ғып біткен бұл буынның тендер дейтінді өткізетінін естиміз. Өзге бір ісін, жаңалығын ести алмадық... Жиырма жылдықтың жиырма ғасырға тепе-тең және бір ісі – «Мәдени мұра» атты бағ­дарлама ойдағыдай іске асуда. М.О.Әуе­зов атындағы Әдебиет және өнер институты он томдық «Қазақ әдебиеті тарихын» дүние­ге келтірді. Заманымыздың заңғар жазушы­сы Мұхтар Әуезовтің 50 томдық академия­лық толық жинағын жарыққа шығарды. 100 том­дық «Бабалар сөзі» аяқталып келеді. Басқа да тындырылған іс аз емес. Республика мұра­жай­ларының экспонаттары жарқырап молыға түсті. Осы қатарға енді кітап мұра­жайы іліксе дейсің. Алматыдағы кітап мұ­ра­жайы үйін кезінде екі-үш есе кеңейтудің жо­ба-сметасы жасалып еді. Бірақ тиісті көңіл бөлінбе­ген­діктен сол баяғы жартас, сол жартас қал­пын­да. Мұражай қызметкерлері жыл­дан жылға лақылдап түсіп жататын кітап өнімдерін сақтайтын орын таба алмай қиналуда. Мен былай деп те айтар едім. Мәдени мұ­раның көкесі – кітап. Гомердің «Илиада» мен «Одиссея» атты поэмалары біздің зама­нымызға дейінгі 12-8 ғасырлар мөлшерінде жазылған. Содан бері жер бетінен талай мемлекет, қала, тұтас халықтар ғайып болды. Ал, Гомер туындыларының бір үтірінің мұрты қисайған жоқ. Оның сыры айтпаса да айқын: эпос-жыр алдымен қолжазба кітапта, сонсоң баспа кітабында сақталды. Бұдан туатын қорытынды: екі ғасырдан аса тарихы бар кітабымыздың біреуінің де шетінемеуін қадағалауымыз шарт. Кітап тіпті көпшілік кітапханаларда да дұрыстап сақталмайтынын көріп жүрміз. Қолдан қолға ауысқанда тозады, жыртылады. Ал, кітап мұражайы мен кітап палатасының қоймаларында ондай кінәрат ұшыраспайды.   *  *  * Жиырма ғасырдың қызметін жиырма жылда атқарудың тағылымы да бағалы. Көркем сөз зергері Ғабит Мүсірепов: «Егінге кезінде жаумаған жаңбыр да зиян, кезінде түспеген күн де зиян», деп отырушы еді. Жиырма жылдықтың тағылымы – дер кезінде істелмеген істің зиянға шығатынын түсіндік. Уақыт екпінін, уақыт ырғағын сезінуіміз еселеп күшейді. Бұрынғы қазақы мимырт жүрісімізді, шабандау аяқ алы­сымызды ширатып, қапы кетіп қателескен жерімізді түзетіп, кеткен ұпайымызды толтырып та алғандаймыз. Иншалла, осы бетімізден Аллатағала айырмасын. Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ.