• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 17 Қаңтар, 2018

Раритеттерді көріп, риза болды

426 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Пре­зи­дентінің Архивінде Мем­ле­кет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жыл­д­ың қаңтар айындағы АҚШ-қа сапарына және Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуіне орай­лас­тырылған «Қазақстан және АҚШ: жасампаздық жолындағы ынтымақтастық» және «Қазақстан халықаралық аренада» тарихи-құжаттық көрмелерінің тұсау­ке­сері болып өтті. 

Екі оқиға да биыл­­ғы жыл­ғы Қазақстанның сырт­қы саясатындағы маңыз­ды оқи­­ға­лардың бірі болып табыла­ды.

Осыдан 25 жыл бұрын бас­талған Қазақ­стан мен АҚШ ара­сындағы саяси-эконо­­микалық байланыстар туралы Прези­дент Архивінің директоры Борис Жапаров жан-жақты шолу жасады. Борис Әлікенұлы келтірген мәліметтерді тізбелеп, қайыра бір еске алсақ, 1992 жылдың 18-20 мамыры аралығында Қазақстан Президенті АҚШ-қа өзінің алғашқы ресми сапарын жасады. Сапар барысында Н.Ә.Назарбаевтың Дж.Бушпен, Мемлекеттік хатшы Дж.Бейкер­мен, бірқатар министр­лер, сенаторлар және кәсіп­­кер­­лермен кездесуі өтеді. 1992 жыл­дың 3 ақпанында Ал­маты қаласында АҚШ-тың, ал 19 қарашада Вашингтонда Қазақ­­станның елшілігі ашыла­ды. Осы уақыттан басталған Қазақ­стан мен АҚШ арасындағы сая­си-экономикалық қарым-қаты­настарды айқындайтын маңыз­ды құжаттар, Елбасының қазіргі күнге дейінгі АҚШ-қа ресми сапарлары барысындағы құжаттар мен фотосуреттер көрмеден молынан орын алған. «Мемлекет басшысы өзінің бір сұхбатында «Америка Құрама Штаттары – алғашқылардың бірі болып Қазақстанның Тәуел­сіздігін мойындаған және біздің республикамыздың «жетіс­тік­терінің тарихында» маңызды орны бар мемлекет» деп атап өткен еді. 1991 жылдың 25 жел­тоқ­санында АҚШ Қазақстан Рес­пуб­ликасының егемендігін мойындап, 26 желтоқсанда АҚШ Президенті Дж.Буш Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атына Қазақстанның Тәуелсіздігін мойындау туралы хатын жолдады. Осы хаттың түп­нұс­қасы біздің Архивтің қорында сақ­тау­лы, ал оның көшірмесі аталған көрмеде көпшілік назарына ұсынылды», – деді Б.Жапаров.

Дипломатиялық өкілдер қа­тыс­қан жиында Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабының маңызы туралы да әңгі­ме өрбіді. Себебі дәл осы ең­­бекте тәуелсіздіктің алғашқы жыл­­дарындағы екі мемлекет ара­сында енді басталған қарым-қа­ты­нас тарихы егжей-тегжейлі тар­қа­тылады. Мемлекет басшысы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кіта­бында: «Қазақстанның көп­векторлы сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі – Америка Құрама Штаттарымен екіжақты қарым-қатынас. 1992 жылдың мамыр айында мен Сауда байланыстары туралы келісімге, Қаржы салымдарын ынталандыру және өзара қорғау туралы келісімшартқа және екі елдің үкіметтері арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған АҚШ-қа алғашқы ресми сапарымды жасадым. Біз АҚШ президенті үлкен Джордж Бушпен көптеген саяси мәсе­лелерге байланысты ортақ пікір­ге келдік және осындай қа­рым-қатынас екеуара достық бай­ланыстарға ұласты. Сол жылы АҚШ президенті Қазақстанды Тәуелсіздігінің бір жылдығымен құттықтап, маған мынадай сөздер жолдады: «Өткен жылдарда Қазақстан халықаралық мойындалу тұрғысында және саяси-экономикалық реформаларды жүзеге асыруда үлкен прогрес­ке қол жеткізді. Сіз осынау қиын кезеңдегі жетістіктеріңізбен мақтана аласыз». 1994 жылдың ақпанында біз Американың жаңа басшысы Билл Клинтонмен Вашинг­тонда кездесіп, Демокра­тиялық әріптестік туралы хар­тияға қол қойдық. Жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасында Қазақстан алғашқы болып Құрама Штаттар тарапынан теңқұқылы әріптес ретінде мойындалды» деп Қазақ­станның халықаралық қатынас­тардағы көп­векторлы саясатын атап өтеді (Н. Назарбаев. Тәуел­сіздік дәуірі. 2017. 93-94 бб.).

Бүгінгі күні тарихқа айналса да, кешегі күнді қаз-қалпында көз алдымызға әкелген Қазақ­стан мен АҚШ арасындағы дипло­матия­­лық қарым-қатынасты деректі хроно­ло­­гиямен баяндаған «Қазақстан және АҚШ: жасампаздық жолын­дағы ынты­мақ­тас­тық» көр­ме­сіндегі ресми құжаттар мен фото­­суреттерді шетелдік меймандар да, қазақ­стандық зиялылар да қызыға тамашалады.

«Қазақстан халықаралық аренада» көрмесінде Қазақстанның 1992 жылы БҰҰ-ның толық құ­қыққа ие мүшесі ретінде кіруі және одан арғы осы халықара­лық ұйым құрамындағы қыз­ме­ті­н­ің тарихи кезеңдері көр­сетіл­ген. Көрмеге жоғары мем­ле­кет­­тік органдардың, ха­лықара­лық және қоғамдық ұйым­дар­дың құжаттары, соны­мен қа­тар Қазақ­станның дипло­матия­лық қыз­метінің ардагері, Қазақстанның БҰҰ-дағы тұң­ғыш тұрақты өкілі Ақмарал Арыстан­бекованың материалдары қойылған.

Көрме экспозициясындағы құжат­тар­дың көпшілігі Қазақ­стан­ның Ұлттық архив қорының түпнұсқа раритеттері болып табылады. Көрмеге қатысушылар алдында АҚШ-тың Алматы қаласындағы бас консулы Марк Муди, БҰҰ жанындағы Қазақ­стан Республикасының бірінші тұрақты өкілі Властимил Самек, Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік Бюросының директоры Криста Пиккат, Қазақстан Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Л.Қаратаевалар да сөз алып, екі ел арасындағы сенімді саяси серіктестік туралы өз па­йымын білдірді.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ