Елбасы биылғы Жолдауында «Жаңа жұмыс орнын салыстырмалы түрде тезірек иеленуге, соның ішінде еліміздің басқа да елді мекендерінен жұмыс табуға мүмкіндігі болуға тиіс» деді. Осы орайда Астана мен Алматыны айтпағанда, қазіргі күні облыс орталықтары мен еліміздің өзге де үлкенді-кішілі қалаларында қонақүй мен мейрамхана бизнесін дамыту ісі ерекше мәнге ие.
Бүгінде аталған сала мамандары еуростандарттарға сай іс-қимыл таныта алмаса, іскерлігімізге сын. Өйткені шетелдерден келетін қонақтар мен туристер елдік дамудың деңгейіне бірінші кезекте қонақүйлер мен мейрамханалардағы қызмет көрсету сапасына қарап, өлшем жасауы әбден мүмкін. Яғни мұндағы басты қағида біреу ғана – көрсетілетін қызмет түрлерін әлемдік талаптар нормаларынан кем түсірмеу.
Осы орайда Ақтөбе аймағында ерекше бір жобаның тұсауы кесілді. Облыс орталығындағы ірі кәсіпорындардың жанынан арнайы оқыту орталықтары ашылып, жұмыс істей бастады. Оған жұмыспен қамту орталықтарында жұмыссыз ретінде тіркелгендер қабылданады. Оқу мерзімі – екі ай. Аспаз, даяшы және әкімгер мамандығын алып шыққандарға мемлекеттік үлгідегі сертификаттар тапсырылады.
Үкімет тарапынан оқыту орталықтары үшін тиісті қаржылық қолдау көрсетіліп отырғанын да айта кеткен жөн. Соған сай әр оқушы үшін 24 мың теңге көлемінде төлем төлеу шаралары белгіленген. Бұл қаражат оқытушының еңбекақысы мен өзге де материалдық шығындарды өтеуге жұмсалады.
Біз таяуда облыс орталығында қызметін бастаған жаңа құрылымдардың бірі «Дамыту» оқыту орталығында болып, қызметімен танысқан едік. Бұл орталық «Ақтөбе облысының қонақүйлер мен мейрамханалар бизнесі» қоғамдық бірлестігі жанынан құрылыпты. Ол «Зере» мейрамханасы базасында орналасқан. Жаңа мамандыққа қайта әзірлеу кезінде курс тыңдаушыларына ай сайын 17 мың теңге көлемінде шәкіртақы төлеу тәртібі орнығыпты.
Бұл жерде тәжірибелік сабақтарды жүргізу үшін арнайы кабинеттер ұйымдастырылған. Орталықта жоғарыда айтылған мамандар даярланады. Бұл ретте кәсіпқой бас аспаз бен мейрамхана әкімгері курс тыңдаушыларына тақырыптарды толық түсіндіріп айтып береді. Бұдан әрі тәжірибелік сабақтар жалғасады. Дамыту орталығына қабылданғандар тек бас аспаз бен бас әкімгердің тәлімімен шектелмей, «Ақтөбе облысының қонақүйлер мен мейрамханалар бизнесі» қауымдастығы мүшелері мен Ақтөбе қаласындағы дәмхана және мейрамхана иелерінің дәрістерін қоса тыңдайды.
Оқыту орталығында аспаз ісі мен басқару менеджментіне бағыттаудың кешенді іс-жоспары бекітілген. Оған облыстық кәсіпкерлер палатасы мен жұмыспен қамту орталықтарының мамандары тартылған. Бұл жөнінде «Зере» мейрамханасының директоры, облыстағы қонақүйлер мен мейрамханалар бизнесі қауымдастығының төрайымы Бану Тілегенова айтып берді. Ол бүгінде мейрамхана мен қонақүй бизнесі саласында жаңа тұрпаттағы кадрларға сұраныс жыл сайын өсіп келе жатқанына тоқталып өтті. Сондықтан арнайы оқыту орталығын ашу жөнінде ұйғарымға келіпті.
Мұндағы мақсат – аталған бизнес саласына қажетті кадр әзірлеу. Әрі курсты бітіргеннен кейін олардың жұмыссыз қалмауына баса мән беру, дейді Б.Тілегенова. «Дамыту» орталығында оқуын аяқтаған 20 әкімгер мен 30 аспаздың 80 пайызы санаулы күндердің ішінде жұмысқа орналасып та үлгерген.
Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Дәмелі Құнанованың айтуынша, ақтөбеліктердің бұл жобасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауына ие болыпты. Жобаның ерекшелігі, жұмыс берушілер өздеріне қажетті кадрларды өздері әзірлейді. Яғни курсты аяқтаған соң жұмыссыз қаламын деген қауіп тумайды.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ
Суретте: тәжірибелік дәрістен көрініс