Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапарын, соның ішінде Вашингтонда өткен келіссөздер мен кездесулердің қорытындысын, жалпы мән-маңызын сарапшылар қауымы да жоғары бағалап жатыр.
Біз бүгін солардың бірқатарының, атап айтқанда «Мұра» қорының Дуглас пен Сара Эллисон атындағы сыртқы саясат орталығы мен Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы сарапшыларының пікірлерін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
Дэниел РУНДЕ, Стратегиялық және халықаралық зерттеу орталығының жобалар жөніндегі директоры
– Президент Назарбаевтың АҚШ-қа сапарының маңызы зор. Сапардың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы байланыс одан әрі жетіле түседі.
Қазақстанды жеке ел ретінде емес, үлкен нарық ретінде қараған жөн. Өйткені ел арқылы Орталық Азиямен сауда-экономикалық байланыс жасауға мүмкіндік бар. Сондықтан, Қазақстанмен әріптестікті нығайту АҚШ үшін маңызды. Кеше Президент Назарбаев осы бағытта маңызды кездесулер өткізді.
АҚШ тарапы Қазақстанмен тауар айналымын әртараптандырып, инвестиция көлемін ұлғайту керек деп есептеймін. Қазақстан билігі де бұған маңыз беріп отырғаны белгілі. Бұдан бөлек, Қазақстанда білімді қоғам қалыптасты. Тіпті, әлемде ең білімді, денсаулығы мықты, бай елдердің қатарында деп айтар едім.
Қазақстанмен саяси және қауіпсіздік жөніндегі байланыстың да маңызы ерекше. Елдеріңіз Қытай және Ресеймен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Осы тұрғыдан алғанда да АҚШ Қазақстанмен әріптестік орнатуға мүдделі. Бірнеше жыл бұрын сіздер Әлемдік сауда ұйымы қатарына ендіңіздер. Бұл ел экономикасына өте тиімді болғаны анық.
Екі елдің арасындағы байланысты нығайту үшін халықтың, бизнес өкілдерінің өзара қарым-қатынасы жолға қойылуы қажет.
Қазақстанда бизнеске жасалып жатқан қолайлы жағдайды ескерсек, кәсіп істеймін дегендерге энергетика, қазба жұмыстары, ауыл шаруашылығы, ғылым мен технология, білім салаларында мүмкіндік мол.
Президент Назарбаевтың сапары осы әріптестіктерді нығайтуға жасалған қадам.
Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері таңғаларлық деңгейдегі экономикалық жетістікке қол жеткізді. Еуразияның қақ ортасында орналасуы Қазақстанға мол мүмкіншілік беріп, «Бір белдеу, бір жол» жобасының негізгі түйіскен тұсына айналдырды.
Люк КОФФИ, «Мұра» қоры Дуглас пен Сара Эллисон атындағы сыртқы саясат орталығының директоры
– Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақ үйде Дональд Трамппен өткізген кездесуін жоғары бағалаймын. Мұндай жоғарғы деңгейлі келіссөздер Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланыстың жаңа белеске көтерілгенін көрсетеді. Қазақстан ‒ АҚШ-тың Орталық Азиядағы маңызды әріптесі. Екі елге ортақ сын-қатерлер жетерлік, бірақ ортақ мүмкіндіктеріміз одан да көп. Бұл сапар Қазақстан мен АҚШ-тың жаңа кезеңге шыққан, ұзаққа созылатын қарым-қатынасының алғашқы қадамы.
Екі ел әріптестігінің өрісі кең. Осы сапарда жалпы сомасы 7 миллиард долларды құрайтын жиырмадан астам келісімге қол қойылды. Бұл ‒ өте керемет жаңалық. Әсіресе, энергетика саласына қызығушылық ерекше. Келіссөздер Қазақстанның мұнайы мен газын жаңа нарыққа шығарып, ел экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, АҚШ-тың Еуропадағы одақтастары энергетиканың жаңа көзіне қол жеткізеді.
Қазақстан мен АҚШ қауіпсіздік мәселесінде де әріптестік орнатады. Әсіресе, ИЛИМ (ДАИШ) секілді террористік ұйымдармен күресте бірлесе әрекет етіп келеді. Сондай-ақ Ауғанстандағы жағдайдың оң шешімін табуға мүмкіндік мол. АҚШ-тағы әріптестерім қазіргі таңда Ауғанстанның тарихи, мәдени, географикалық тұрғыда Орталық Азияға тән екенін байқады. Елдің Орталық Азиямен экономикалық байланысы да тереңге кеткен. Осы орайда, өңірдегі көшбасшы мемлекет ретінде Қазақстан Ауғанстандағы экономикалық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қалыптастыруға қол ұшын созады.
АҚШ үшін Қазақстанның көрші мемлекеттермен, өңірдегі елдермен достық қарым қатынаста болғаны тиімді. Жалпы Қазақстан кейінгі кездері көптеген дипломатиялық бастамалар көтеріп жүргені белгілі. Мысал ретінде Сирия жөніндегі Астана процесін айтуға болады. Келіссөздер біз күткеніміздей табысты болды.
Барак Обама террористермен соғыстың аяқталғаны жөнінде шешім қабылдаған соң, Орталық Азиямен байланысымыз баяулай бастады. Меніңше, Президент Трамп мүлде басқа саясат ұстанады. Мемлекеттік хатшы Рекс Тиллерсон өңірдегі жағдаймен жақсы таныс. Қорғаныс министрі Джеймс Мэттис те әскерде жүрген кезінен аймақтағы мәселелерді жан жақты біледі. Сондықтан, бізге ұзақ мерзімдік әріптес керек. Бұл тұрғыда Қазақстанның бәсі жоғары.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан» ‒ ВАШИНГТОННАН