Биыл ақпанның 9-ы мен 25-і аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында әр төрт жыл сайын ұйымдастырылатын Қысқы Олимпия ойындары өтетіні баршаға белгілі. Қысқы спортта корей елінің аты аталса, ойымызға бірден бұл елдің шорт-трекшілері түседі. Өйткені дәл қазіргі уақытта Оңтүстік Корея шорт-тректен көшбасшы ел саналады.
Оңтүстік Кореяны бұлай айтуымыздың себебі, кореялықтар 30 жылдан бері әлемдік додада өзге елдің спортшыларына жүлде бермей жүр. Бүгінге дейін бұл ел Қысқы Олимпиадада 26 алтын медаль алса, соның 21-ін шорт-тректен жеңіп алған. Мұнан бөлек 12 күміс және 9 қола жүлдесі тағы бар. Ал әлем чемпионатында 90 алтын, 71 күміс және 62 қола медаль алған. Бұл – тек Қысқы Олимпия ойындары мен әлем чемпионатындағы алған медаль саны. Біз бұл тізімге Азия ойындары мен Универсиаданың медальдарын қосқан жоқпыз.
Оңтүстік Корея 1948 жылы Санкт-Морицте өткен Қысқы Олимпиадаға тұңғыш рет қатысты. Бірақ бұл елдің спортшылары жүлдегерлер қатарына ілігемін дегенше арада 44 жыл уақыт өтіп кетті. 1992 жылы Францияның Альбервиле қаласында ұйымдастырылған ҚОО-да оңтүстіккореялық конькиші Ким Юн Ман 1000 метр қашықтықта күміс медаль иегері атанды. Бұл Корея үшін тарихи күн болатын. Одан кейінгі Олимпия ойындарына шорт-трек спорты қосылып, Оңтүстік Кореяға медаль «жауа бастады». 1992 жылы Корея шорт-тректен екі алтын және бір қола медальды иеленіп, алғаш рет Ақ Олимпиаданың жүлдегерлері қатарына қосылып, сол уақыттан бері үздіктер сапынан түскен емес.
Оңтүстік Кореяға жоғарыда айтқан медальдардың үштен бір бөлігін әлемге Ан Хен Су деген есіммен танымал болған спортшы әперген. 2006 жылы Турин Олимпиадасына қатысып, үш алтын (1000, 1500 метр және эстафета), сонымен қатар 500 метр қашықтықта қола жүлдені иемденді. Әлем чемпионаттарында алған жүлде бойынша да Ан Хен Судың бағы жанып тұр. Оңтүстіккореялық шорт-трекші 18 мәрте әлем чемпионы, сегіз мәрте күміс және төрт мәрте қола жүлдегер атанды. Мұнан бөлек Азия ойындарында бес алтын, бір күміс және Универсиадада үш алтын, бір қола медаль жеңіп алған. Егер Ан 2011 жылы Ресей құрамасына ауыспағанда, Корея құрамасына бұдан да көп жүлде әперер еді.
Туриндегі Олимпиададан кейін Ан жаттығу барысында тізесін қатты жарақаттап алып, төрт рет ота жасатты. Жарақатын емдеп, 2009 жылы Ванкувер Олимпиадасына жолдама беруші жарыста 9-орынға ие болып, ұлттық құрама сапынан шығып қалған. Ал 2010 жылғы елішілік іріктеуде жетінші орын алып, бұл жолы әлем чемпионатынан тыс қалды.
Спортшы жаттығатын команда таба алмай, әбден әуре-сарсаңға түсіп жүргенде Анға Ресей атынан сынға түсуге ұсыныс болады. Ан ойлануға уәде бергенімен, Оңтүстік Кореяның Олимпиада құрамасына ену үшін соңғы мүмкіндікті пайдаланып көруді ойлап, елішілік іріктеу турниріне қатысуға бел буады. Дегенмен ол іріктеуде тек бесінші орын алып, тағы да құрамадан шет қалды. Үш жыл бойы Корея құрамасына іліге алмай жүрген шорт-трекшінің Сочиде өтетін Олимпиадаға қатысуға кепілдік беріп, қаржылай қолдау көрсететінін және болашақта жаттықтырушының орнын ұсынып отырған Ресей құрамасының ұсынысын қабылдаудан басқа амалы қалмайды. Анның бұл шешімге келудегі басты мақсаты – тағы да Олимпиада ойындарында жеңіске жету еді. «Спортшы үшін қай елдің атынан жеңіске жеткенің аса маңызды емес, маңыздысы – нәтиже», деді ол.
Ан Хен Су Ресей құрамасына ауысқан соң сол елдің азаматтығын алып, аты-жөнін Виктор Ан деп өзгертеді. Ресейге келген соң Анның екінші тынысы ашылып, енді әлемге Виктор Ан ретінде таныла бастады. Ол Ресей құрамасында жүріп үш рет Олимпиаданың алтынын және бір қола медалін иеленді. Сондай-ақ әлем чемпионатында екі алтын, екі күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Ал Еуропа чемпионатында сегіз рет топ жарып, үш күміс медальға қол жеткізді.
Ан корей азаматтығынан бас тартып, Ресей азаматтығын алған соң: «Корей федерациясында жағымпаздық пен тамыр-таныстықтың арқасында ғана ұлттық құрамаға іліге аласың. Менің елден кетуімнің басты себептерінің бірі осы», деп мәлімдеді.
Анның Сочидегі таңғаларлық жетістігі мен Оңтүстік Кореяның шорт-трек спортынан медальсыз қалғаны елде үлкен дау тудырып, ол тіпті ел президенті Пак Кын Хеге дейін жетеді. Президент Ан секілді дарынды спортшының неге шетелге кетіп қалғанын анықтауды тапсырады. Даудың соңы 2010 жылы Ванкувер Олимпиадасына Ан Хен Судың орнына барған Ли Чжон Су мен Квак Юн Гидің үш жылға спорттан шеттетілуімен аяқталды. Кейінірек халықтың өтініші бойынша мерзімдері алты айға дейін қысқарды. Ли Чжон Су осы оқиғадан кейін конькимен жүгіру бойынша бағын сынап көруге ниеттенген, бірақ қазығынан ұзап кете алмай, шорт-трекке қайта оралды. Қазір екі спортшы да өз елдерінде өтетін Олимпия ойындарына қатысуға үміткер спортшылардың тізімінде жүр.
Виктор Ан Сочи Олимпиадасында чемпион атанған соң, әлеуметтік желі арқылы алдағы жоспары туралы айтып, әлі де Ресей үшін медальға таласатынын жеткізді. «Мен қазір спорттан кете алмаймын. Олимпиададан кейін Ресейде шорт-трекпен айналысатын жас спортшылардың саны күрт артты. Мен әлі спортты дамытуды жалғастыруым керек. Бұл менің соңғы Олимпиадам емес және Ресей үшін әлі талай бәсекеде топ жаратыныма, медальға қол жеткізетініме сенімдімін!», деді спортшы.
Алты дүркін Олимпиада чемпионы Виктор Ан жасы 32-ге келсе де Оңтүстік Кореяда өтетін Қысқы Олимпия ойындарына қатысып, жүлделер санын еселегісі келеді. «Егер Ресей Олимпиадаға бойкот жарияламаса, мен бейтарап тудың астында қатысуға дайынмын. Мен бұл Олимпиадаға төрт жыл дайындалдым, сондықтан оңай берілгім келмейді», дейді ол.
Виктор Анның жетістіктері естіген жанды таң қалдырмай қоймайды. Ан секілді әлемнің үздік шорт-трекшісін тәрбиелеген Кореяда жыл сайын мыңдаған бала спорттың осы түрімен айналысады. Мақсат – қалыптасқан үрдісті үзіп алмау. Оңтүстік Кореяда аудан чемпионатына қатысушылардың саны Қазақстан чемпионаты қатысушыларының санынан көп. Осы күндері шорт-тректен Қазақстан чемпионатына 56 спортшы қатысып жатыр. Біздің спортшылар мұзда сырғанауды енді үйреніп жатқанда, кореялықтар қарсыласты басып озу мен тактикалық шеберлікті ақылмен пайдалану керектігін игереді.
Шорт-трек Оңтүстік Кореяда өте танымал болғандықтан, қаржының негізгі бөлігі осы спорт түріне бөлінеді. Сондықтан бұл елде құрама сапына ілігу үшін бәсеке өте тартысты өтеді. Осыдан кейін кореялық өрендер жүлде алып, көзге түспегенде қайтсін! Ан сияқты спортшылардың жетістігі мен ерлігін көріп өскен оғландар соған қарап бой түзейтіні анық. «Шорт-трекшілер патшалығындағы» әрбір бала Ан сияқты алдына қара салмайтын жүйрік болғысы келеді. Өйткені ол шорт-трек патшасы ғой!
Әли БИТӨРЕ, «Егемен Қазақстан»