«Бауырын жазып көсіле алмай, өксікпен кеткен өнер тарланы...». Қазақстанның халық әртісі Әнуар Боранбаев жайында кезінде театр сыншысы Әшірбек Сығай осылай деген екен. Иә, талантты актер тағдыр сынына түсіп, мұң тұманынан сейілмей өтсе де, артына өшпестей із қалдырып кетті.
Ол сахнадағы отызжылдық өмірінде алпыстан астам ірілі-ұсақты образды сомдаған. Тек театрда ғана емес, актер Әнуар Боранбаевтың кино әлемінде де өзіндік қолтаңбасы бар. Жұрт оны «Гауһартас» арқылы кеңірек таныды. Кәдімгі бәрімізге кеңінен таныс «Гауһартас» – қазақ кино өнерінің алтын қорына жазылған бірегей фильм. Сондағы басты рөл Тастанды сомдаған актер – Әнуар Боранбаев. Бұл кино бұрын теледидардан түспейтін еді. Салтанат, Тастан, Қайыркен сияқты кейіпкерлерінің түрін, сөзін, әсіресе әнін жатқа білетін едік... Нағыз таланттар сомдаған керемет көркем туынды. Иә, ондағы әрбір актердің шынайы шеберлігі қазақтың кино өнерін биік белеске бір көтерген еді. Шындығында, «Гауһартас» киносы танымалдылығы жағынан күллі Кеңес Одағы бойынша «Қыз Жібек» фильмінен кейінгі екінші орында болыпты.
Әнуар Боранбаев – Торғай топырағынан шыққан өнер иелерінің ішіндегі шоқтығы биік жұлдызы. Еліне ерен еңбек сіңірген актер 1999 жылы 51 жасында бақилық болды. Қырықтан асқан нағыз ер шағында бір аяқтан айырылып, мүгедектік халге түссе де, ол өмірінің соңына дейін өнер жолынан таймады, соңғы демі қалғанша өнер деп өтті.
Ол ұзақ жылдар бойы Қазақ академиялық драма театрының актері болған. Ә.Боранбаевтың актерлік шеберлігінің қалыптасуына М.Әуезов пьесалары бойынша қойылған спектакльдерде ойнаған рөлдері ерекше ықпал етті. Боранбаев кинофильмдерге түсіп, ірі экрандық бейнелерді де сомдады. Ә.Боранбаев Қ.Мұқашевтың «Дала дастанындағы» – Iлияс, М.Әуезовтiң «Қаракөзiндегi» – Сырым, «Айман-Шолпандағы» – Арыстан, «Қарақыпшақ Қобыландыдағы» – Бiрсiмбай, «Еңлiк-Кебектегi» – Кембай, Ә.Нұрпейiсовтiң – «Қан мен терiндегi» Еламан, Ш.Айтматовтың – «Ана – Жер-анасындағы» – Майсалбек, «Ақ кемесiндегі» – Момын шал, бұдан басқа кесек-кесек туындылардағы кесекті рөлдерде өзін таныта білді.
Қазақстанның халық әртісі Ә.Боранбаевтың атында қазіргі күні туған жері Қостанай облысы, Амангелді ауданында орта мектеп, Арқалық қаласында кинотеатр бар. Мектеп 2000 жылы ашылған болатын. Ол мектептің аудан орталығында ашылуына актердің ағайындары, бауырлары Боранбаевтар әулеті зор үлес қосқанын ел біледі. Актердің биылғы 70 жылдық мерейтойының аталып өтуіне де Боранбаевтар әулеті қолдау білдіріп, демеушілік жасап отыр. Оның бір мысалы – жақында осы мектептің жиырмаға жуық оқушысы бас қала Астанаға келіп, елорданы аралап, ЭКСПО қалашығынан бастап, әсем қаланың басқа да мәдени, ойын-сауық орталықтарын көріп, қыдыруға мүмкіндік алды. Біз оқушылармен арнайы ұйымдастырылған кездесуде жүздестік. Кездесуде актер Ә.Боранбаевтың жары Ақбөпе апай, оның жалғыз қызы мен күйеу баласы да болды. Әнуар Боранбаевтың замандас аға-інілері, дәмдес, аралас-құралас болған, көзкөрген аға-інілері – академик Сайлау Байзақов, жазушы Қайсар Әлім, Таңатхан Боранбаев, тағы басқалар сөз сөйлеп, оқушыларға актер өмірінен тағылымды естеліктер айтып берді. Ал Ә.Боранбаев атындағы мектептің меңгерушісі Салих Махат өз кезегінде халық әртісі Ә.Боранбаевтың есімін, өнер тағылымын ұлағаттап, кейінгі ұрпаққа жеткізіп отыру ұстаздар қауымының парызы екендігін, бұл ретте мұндай игілікті шаралардың тәрбиелік мән-маңызы молдығын айтып, қолдау білдіргендерге мектеп әкімшілігі атынан алғысын жеткізді.
Динара БІТІК, «Егемен Қазақстан»