Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Парламент Сенатының биылғы жылдағы алғашқы отырысы өтті. Жиынды ашқан Сенат Төрағасы сенаторларды Елбасының төртінші өнеркәсіптік революция қарсаңындағы елімізді одан әрі дамыту туралы Жолдауын заңнамалық қамтамасыз ету бойынша жоғары жауапкершілікпен белсенді жұмыс жүргізуге шақырды.
Төраға Сенат бюросы Елбасы Жолдауындағы міндеттерді тиянақты орындауға байланысты бірқатар маңызды іс-шаралар белгіленген Жоғарғы палатаның арнайы жоспары бекітілгенінен хабардар етті. Сондай-ақ Қ.Тоқаев Президент Н.Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына ресми сапарының қорытындыларына сенаторлардың назарын аудара келіп, «Елбасының Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына төрағалық етіп, Кеңес атынан мәлімдеме жасауы, Ақ үйде АҚШ Президентімен келіссөздер барысында ел экономикасын дамыту мен өңірдегі қауіпсіздікті нығайту тұрғысынан аса маңызды нақты келісімдерге қол жеткізуі, Қазақстанның дүниежүзілік деңгейдегі жоғары беделін одан әрі нығайта түскені сөзсіз», деді. Сонымен қатар Төраға сенаторлардың алдағы уақытта парламенттік дипломатия әлеуетін кеңінен пайдалана отырып, Елбасының халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы тың бастамаларын ілгерілетуге лайықты үлес қосатынына сенім білдірді.
Жалпы отырыс барысында депутаттар Қазақстан Президентінің ұсынымын қарай келіп, қызметінен кетуіне байланысты Рахымбек Мамырбаевты, Өмірсерік Қожабаевты, Дүйсен Тұмабековті және қайтыс болуына байланысты Қалидола Шаухаровты Жоғарғы сот судьясы қызметінен босатты. Сондай-ақ күн тәртібіне сай, жиында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы үкіметаралық келісім ратификацияланды. Осы мәселеге қатысты сөз алған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек 2017 жылғы 3 сәуірде Баку қаласында жасалған құжат Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы халықаралық автомобиль қатынасында жолаушылар мен жүк тасымалын, олардың аумақтары арқылы транзитті, сондай-ақ үшінші елдерге тасымалдарын реттеуді қамтамасыз ететіндігін айтты. «Екі мемлекет арасында тасымалданатын негізгі жүк қара және түсті металдардан жасалған бұйымдар, өсімдіктен және мал өнімдерінен жасалған өнімдер, қағаз және қағаздан жасалған бұйымдар болып табылады», деді ол.
Ал аталған заң жобасы жөнінде қосымша баяндама жасаған Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі Манап Көбенов Келісім ережелерінде жолдар мен көпірлерді қоспағанда кейбір нысандарды пайдалану барысында бірқатар жеңілдіктер қарастырылғанын айтты. Оның түсіндіруінше, тасымалды жүзеге асырушылар қатысушы мемлекеттердің аумақтарында (транзитті қоса алғанда) рұқсаттар құрамы негізінде автокөлік құралдары атқаратын халықаралық тасымал жолдарын пайдалануға және күтіп-ұстауға байланысты салықтар мен алымдардан босатылады.
Осы күнгі отырыста Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндаған «1996 жылғы 9 желтоқсанда Нью-Делиде жасалған Қазақстан мен Үндістан арасындағы Қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға және Хаттамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы үкіметаралық хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланып, қабылданды. «Заң жобасында ұсынылып отырған өзгерістерде екі елдің экономикалық мүдделері ескеріліп, салық салу мәселелерін нақтылау немесе қайта қарау көзделіп отыр. Одан басқа, уағдаласушы мемлекеттердің резиденттігін айқындауды реттейтін баптардың ережелері де өзгеретін болады», деді Б.Сұлтанов.
Ал Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Дәурен Әділбековтің айтуынша, құжатта көрсетілген «Ақпарат алмасу», «Салықтарды жинауға көмек» баптарының жекелеген ережелері Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының үлгі конвенциясына сәйкес келтірілген. Сол сияқты «Жеңілдіктерді шектеу» бабына салықтан жалтару дерегі анықталғанда және Конвенцияның ережелерін асыра қолданғанда ішкі заңнаманы қолдануға мүмкіндік беретін ереже енгізілген.
Отырыс барысында депутаттық сауалын жария еткен сенатор Ольга Перепечина Мемлекет басшысының Жолдауындағы бизнес ахуалды жақсарту және агроөнеркәсіп кешенін дамыту, оның ішінде өңделген өнімдердің экспортын арттыру жөніндегі аймақтық деңгейде пәрменді іс-қимыл қабылдау туралы алға қойылған міндеттерге Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың назарын аударды. Сенатор шағын және орта бизнес пен тұрғындардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында үкіметтік деңгейде ауқымды шаралар қабылдануы тиіс екендігін ескертті. Сондай-ақ сенатор Дулат Құсдәулетов өз сауалында азаматтардың өмірі мен денсаулығына, білім алуына, қауіпсіздігі мен еңбекке, қолайлы өмір сүру жағдайына, ұсынылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасына байланысты құқықтарын қорғау жөніндегі мәселені көтерді. Депутат Ерболат Мұқаев апаттық деп танылған үйлерде тұрып жатқан азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында, тұрғын үй құрылысын «Нұрлы жер» бағдарламасының бір бағыты ретінде енгізіп, тиісінше қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуді қарастыруды сөз етті. Сенатор Сергей Ершов қарыз беретін онлайн-компаниялардың заң талаптарын сақтауына қатысты тексеру жүргізу қажет десе, депутат Әлімжан Құртаев барлық аймақтар үшін газ, электр энергиясына бірыңғай тариф енгізу мүмкіндігін қарастыру жөнінде пікір білдірді. Сондай-ақ Үкімет басшысының атына екі сауал жолдаған Сәрсенбай Еңсегенов Ресеймен шекаралық аймақта орналасқан Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарайтын Азғыр өңіріндегі шекарадан өту мәселесін шешудің жолдарын қарастыруды сұрады. Сонымен қатар «Балқұдық» шекара заставасының жерін қоршауға қаражат бөлу қажеттігін айтты. Ал Мұхтар Жұмағазиев болса, Балқаш көлі жағасында орналасқан бұрынғы «Дарьял-У» радиолокациялық стансасы аумағында жинақталған өте зиянды қалдықтарды жоюға шара қолдану туралы депутаттық сауалын жариялады.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»