Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белгілі антрополог, ҰҒА академигі Оразақ Смағұлов пен қызы Айнагүл Смағұлова бірлесіп жазған «Қазақ халқының шығу тегі» атты туындының тұсаукесер рәсімі өтті.
Аталмыш кітапқа қазақ этносына қатысты оның бет-бейнесі, қан жүйесі, тіс құрылысы, сезімі, тері бедерлері мен қаңқа сүйектеріне ұзақ жыл жүргізілген кешенді салыстырмалы зерттеудің нәтижесі топтастырылған. Соның нәтижесінде Еуразияның апайтөс жазирасында өмір сүріп келе жатқан қазақ халқының бұзылмай-сызылмай, бүлінбей-жарылмай сақталған қырық ғасырлық тарихы бары анықталып отыр.
Мәдени шараны ұйымдастырушылар тарапынан сөз алған Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов төрт мың жылдық тарих қоры жинақталған мұндай құнды кітапты жарыққа шығару ісіне университет мұрындық болып отырғанын айтып, жасы тоқсанға тартса да ғылым жолында жанкештілік танытып, еңбек етіп келе жатқан академиктің ісі кейінгі жастарға үлгі дегенге тоқталды.
Расында антропологиямен айналысу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені бұл ғылым мен коммунистік идеология арасында қайшылық көп болды. Сондықтан да болар 1977 жылы Оразақ Смағұловтың маңдай терін төгіп жазған «Этническая геногеография Казахстана» атты еңбегі кітап болып шыққаннан кейін қайтадан жинап алынып, өртелді.
Жоғарыдағыдай қиын сәттерді басынан өткізген академик өзінің ғылым жолында жанкештілік танытуына Қаныш Сәтбаевтың «Оразақ қарағым, әрбір жан иесінің биологиялық ата-анасы болатын секілді, әр халықтың биологиялық ата-анасы бар. Сен қазақтың биотегін дәлелде» деген бір ауыз сөзі қуат бергенін тебіреніспен еске алды.
Тұсаукесер рәсімінде академик Сейіт Қасқабасов, биолог-ғалым Рахметқажы Берсінбай кітаптың құндылығы аса жоғары екеніне тоқталды.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»