• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қаңтар, 2018

Азғыр аймағының тұрғындары қолдауға зәру

1226 рет
көрсетілді

Атырау облысының Құрман­ғазы ауданына қарайтын Азғыр өңірі Ресей Федерациясымен шекаралас жерде орналасқан. Бұл өңірде үш ауылдық округтің құ­рамына кіретін 9 елді мекен бар. Олар облыс орталығынан 600,  аудан орталығынан 300 шақы­рым қашықтықта. Авто­мобиль немесе темір жол жоқ, қатынас қиын. Азғыр өңірі сусыз, табиға­ты қатал. Мұнда Кеңес Одағы жылдарында 17 рет жерасты ядролық сы­нағы өткізілген.

Осы жердің тұрғындары үшін ең өзекті мәселесінің бірі – Қазақ­стан мен Ресей Федерациясы арасындағы шекарадан өту болып отыр. Бұл аймақ Ресейдің Астра­хань облысының Қарабайлы қала­сы­нан бар-жоғы 60 шақырым жерде. Бұрынғы кезде ауданға барып-келу, сауда-саттық, басқа да шаруаларға байланысты қарым-қатынас Қарабайлы қаласымен тығыз болған.

Бірақ, бүгінгі күнгі қалып­тас­қан жағдай ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігін қиындатып тұр. Өйткені Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Үкіметі мен Ресей  Фе­де­ра­циясының Үкіметі арасын­дағы Келісім шекара маңын­да­ғы тұр­ғын­дардың еркін ара­ла­суын шектеп, қолдан қиындық туғызуда.

Келісім бойынша Азғыр өңі­рінде шекараны кесіп өту орны ретінде «Балқұдық-Қара­байлы» және «Жалғызапан-Басқұншақ» ықшамдалған өткізу пункттері белгі­­ленген. Тұрғындар осы пункт­­тер арқылы Ресей Феде­ра­ция­­сы­­ның көрші ауданына тек 3 тәу­­лікке дейінгі мерзімге бара алад­ы және әр адамға 35 килодан ар­тық жүк алып өтуге рұқсат бе­ріл­­мейді. Сонымен қатар шекарадан өткен соң Қазақстанға немесе Ресей­дің басқа өңірлеріне бара алмайды.

Бұл шалғайдағы ауыл адамдарына үлкен қиындықтар туғызып отыр. Азғыр өңірінде жеті мыңнан астам адам тұрады. Елуге жуық кәсіпкер, 106 шаруа қожалығы және асыл тұқымды қой өсіретін «Сүйіндік» ЖШС жұмыс жасайды. Барлығын қосқанда 91568 қой, 15254 сиыр, 10465 жылқы және 875 түйе өсірілуде. Тұрғындарға 27 дүкен және 2 базар қызмет көрсетеді.

Шекаралық тәртіптің шек­теу­лері кәсіпкерліктің дамуына, шаруа қожалықтарының жұ­мысына да кері әсерін тигізуде. Жеке тұрғын үй құрылысын, кәсіп­­керлік объектілерін салуға қа­жет­­ті құрылыс материалдарын қа­­сын­да тұрған 60 шақырым жерден ала алмай, тұрғындар алыстан тасу­ға мәжбүр. Осындай шектеу­лер Еуразиялық экономикалық одақтың негізгі қағидаттарына қайшы екені көрініп тұр.

Аталған мәселе туралы мен 2012 жылғы 5 қазанда Қазақстан Республикасының Премьер-Ми­нистріне депутаттық сауал жол­дап, Азғыр өңіріндегі «Бал­құдық-Қарабайлы» шекараны кесіп өту орнын шекарадан өт­кізу пунктіне өзгерту туралы ұсы­ныс бергенмін. Өйткені бұл өткі­зу­лердің құқықтық норма­ларының айырмасы үлкен.

Аталған ұсыныс Үкімет тарапынан қолдау тауып, Қазақ­стан мен Ресей арасындағы үкімет­аралық комиссияның отырысында қаралды. Екі мемлекеттің тиісті орталық органдарына тапсырма да берілді. Сол ұсынысқа орай еліміздің Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитетінің төрағасы және орынбасары екі рет Азғыр өңірінде де болды. Дегенмен мәселе нақты шешімін таппай тұр.

Осыған байланысты мен Үкімет басшысы Бақытжан Са­ғын­таевтың атына тағы да де­пу­таттық сауал жолдап, 2012 жыл­дан бері екі ел арасын­да­ғы қарым-қатынастың жаңа с­апа­­дағы деңгейге шыққанын ескер­­тіп, Еуразиялық экономи­калық одақтың капитал, тауар айна­лымының еркіндігі қағи­дат­тарын басшылыққа ала отырып, Азғыр өңіріндегі шекарадан өту мәселесін шешу жолдарын қарастыруды қайталап өтіндім. Осы мәселе оң шешілсе полигоннан азап шеккен Азғыр айма­ғы тұрғындарының экономика­лық дамуына үлкен септігін тигізер еді. 

Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ,

Сенат депутаты