Әсілі, жаратылыстың әр құбылысы қайырлы. Аязға домбыққан беті-қолымызды аһылап-ұһлеп уқалап жатқанда әрине Құдайдың бұл күніне кейбіріміздің тіліміз де тиіп кетіп жатады. Өйткені қалада көлік қыздырған, далада мал ықтатқан ел көп.
Бірақ байқайсыз ба, ауа райы 40 градусқа дейін төмендеген осы күндері далада тұрсаңыз тынысыңыз ашылып, жан дүниеңізде бір сергектік пайда болады. Тіпті әлдебір шаруамен көбірек жүріп қалып тоңғанның өзінде жылы жерге кірсеңіз, қатты суықтан қып-қызыл болып кеткен саусақтарыңыз сәлден соң ыси, дуылдай жөнеледі. Бала кезімізде осы бір ыссы ағынды қызық көруші едік. Себебі қызылшұнақ аяздарға қарамастан, сырғанақ тебетін едік. Кейде қатты аязға қатып қалған қолдарымыз икемге келмей, жыламсыраған сәттерде әжелеріміз тыйып тастайтын, аяздың денсаулыққа пайдалы екенін айтатын. Үлкендердің ақылымен шашымызды ысқылап, домбыққан саусақтарды икемге келтіріп алатынбыз. Сол сақылдаған суықтарда елсіз түзде адасып қалғандар болмаса, ешкім үсімейтін де, үскірікке де ұрынбайтын.
Расында, аяз – өте пайдалы құбылыс. Құрғақ, қатты аяздарда адам баласы ауырмайды. Қайта иммунитеті беки түседі. Яғни әжелеріміз балаларының шыныққанын қош көрген екен. Қазір ше? Әр үйде әлпештеген бала бар. Әрине қатты аязға байланысты сабақтар тоқтады. Соған орай қолы босап, аулаларда асыр салған тентектерді тағы көріп жүргеніміз жоқ. Бұл әлпештің әлдиге ұласып кеткенінің көрінісі ме? Жылы пештің жанында жата берген жан марғау болмай ма? Бір уақ балалардың әр құбылысқа бейім болғанын да ойлау керек болар, бәлкім...
Дәрігерлердің айтуынша, мұндай аяздарда ауадағы вирустар мен бактериялар тіршілік етуін тоқтатады. Сондықтан тұмау, түшкіру сияқты жұқпалы инфекцияларға алаңдаудың қажеті жоқ. Мамандар аязды ауаның оттегіге бай болатынын айтады. Сол себепті қатты суықта ауа тазарып, таза ауада қыдырыстаған жан жадырап қалады екен. Өйткені аяз ең алдымен қан айналымын жақсартады. Аязда бет-әлпетіміздің неліктен қып-қызыл болатыны енді түсінікті шығар.
Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасының бас неонатологы, медицина ғылымдарының докторы Қарлығаш Жұбанышева аязда ағзаны қорғайтын, яғни инфекциямен күресетін лейкоцит, нейтрофил, вирусқа қарсы иммунитетті көтеретін интерферон іспетті жасушалардың жұмысы белсендірек болатынын жеткізді. Тәжірибе бойынша қыстыгүні дүниеге келген адамдар тіпті сирек ауыратын көрінеді. Сондықтан аяз жүрек-қантамыр жүйесінің қызметін күшейтеді, гемоглабин деңгейінің көтерілуін қамтамасыз етеді, дейді дәрігерлер.
«Қазгидрометтің» хабарлауынша, қысқы шілдедегі қатты аяз тағы бір аптаға созылмақ. Яғни осы аралықта аязды ауамен тыныс алып, қыс маусымының қызықтарын сезінгеннің өзі бір ғанибет. Балалар да бұл құбылысқа бейімделе түседі. Әлбетте құндақтаулы нәрестелерді аязға шығарудың қажеті жоқ екенін әркім білер. Біз ойын жасындағы балалар туралы айтып тұрмыз.
Кеңестік әйгілі фильмдегі әнебір ән құлаққа келеді: «У природы нет плохой погоды...».
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»