• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Өнер 01 Ақпан, 2018

ХІІ ғасырдың шырағданы табылды

940 рет
көрсетілді

Отырар ауданындағы киелі орындардың бірі – Арыстанбаб, Қоғам елді мекені мен Отырартөбе қала­шығы арасындағы тас жолдың бойында орналасқан Сопы Данышпан атты төбешік. Жергі­лікті тұрғындар осылай атайды. Онда көзге көрініп тұрған байырғы ғимарат қалдықтары байқалмайды.

2017 жылы Қожа Ах­мет Ясауи атындағы ха­лық­ара­лық қазақ-түрік уни­вер­ситеті Түркия тарапынан бөлінген қаражатпен «Отырардағы Сопы Да­нышпан төбесі» атты ғы­лыми-зерттеу жо­басы бо­йын­ша тамыз айында мұнда археологиялық қазба жұ­мыстары жүргізілді.

Сопы Данышпан кім? Ол тарихи деректердегі Отырарға жіберілген Қожа Ахмет Ясауидің алдыңғы қатарлы шәкірті Суфи Мұ­хаммед Данишменд Зар­нуқи болуы мүмкін. Сафи ад-дин Орын Қойлақының «Насаб-нама» атты шежі­ресінде: «...Суфи Мухаммад Данышманд Зарнуқи келді. Қожа Ахмад Йасауиның хизматларында 40 йыл хилуат қылды. Анда кедін шайх Ахмад Йасауи Суфи Мухаммад Данышмандга ижа­зат берді: «Барғыл Отырарда суфра туткил», – деп айтады. Суфи Мухам­мад Данышманд Отырарда 40 йыл суфра тутди», – делін­ген.

Сопы Данышпан Қожа Ахмет Ясауидің айтқан­дарын жинақтап қағазға түсіріп, «Көңілдің айнасы» (Мират-ул қулуб) атты рисала қалдырды. Осы еңбектің бір нұсқасы Швецияның Упсала қаласындағы университет кітап­ханасының ескі жазбалар қорын­да сақ­таулы тұрғанын ғалым Досай Кенжетай жазады.

Университеттің Архео­логия ғылыми-зерттеу орта­лығының ғылыми қызмет­керлері бір ай көле­мінде төбешіктің солтүстік-батыс бөлігін қазып, аталған бө­лік­­тен шамамен ХІІ-ХІІІ ға­сырларда тіршілік бол­ғанын анық­тады. 1,7 метр тереңдіктен ошақ­тарға, от жақ­қан бірнеше орындарға тап болды. Қазба барысында табылған керамика әртүрлі үлгіде. Сыр­лы және сырсыз ыдыс аяқпен қатар су құбыр бөліктері, күйдірген кірпіштер, мыс теңгелер (олардың ішінде қытайлық ортасы ойық тиын) кезікті.

Бәрінен бұрын үш заттың байырғы орнында табылуы қызық болды. Екі үлкен, биіктігі 80 см асатын, бүйірлерінің диаметрі 60 см құмыралар бір-біріне жақын жатыр. Олар ауыздары бір бағытта шы­ғысқа қаратылып құлап жатқан күйде табылды. Осы алып құмыралар ортасында қоладан құйыл­ған, тот басып көк түске айналған шы­рағ­дан орна­ласқан. Шырағдан да тік тұрмай батысқа қа­рай құ­лаған қал­пында жатты. Шы­рағ­дан­ның жануардың тұяғы іспетті жасалған аяқ­тары бар төменгі тұғыры және діңгегі – ортаңғы бө­лігі бір-бі­рімен ажырамай жатыр екен. Ал шырағданның үс­тіңгі бөлігі – шы­рақ қоятыны үлкен құмы­раның іші­нен шықты. Ісмер ұста­ның қолы­нан шыққан шырағдан мен үлкен құмыралардың ХІІ ғасыр мен ХІІІ ға­сырдың басы аралығына жататы­нын анықтадық. Мұн­дай қола шырағдандар бай адамдардың мүл­кі болған. Қола ол кезде қазына іспетті болып келген. Тиын­­дар қола мен мыс­тан жасалған. Осындай қола шы­­рағ­дандарды тең­геханаға апар­ған жағ­дайда ол кездің өл­шемімен жүз­деген ақ­ша жасап беретін болған.

Аталған бұ­­йым­­дар­дың ор­на­ласуына қа­рап біз ба­­йыр­ғы за­манда, яғ­ни ХІІІ ға­сырдың басында та­был­ған заттың үшеуі де тегіс жерде тік тұрған деп санай­мыз. Бір кездері жерас­ты дүм­пулері салдарынан үлкен құмыралар және жарты метрдей биіктігі бар шы­рағдан бір-біріне қарсы құлаған деп топшылауға негіз бар. Құлап бара жатып шырағ­данның үстіңгі бөлігі құмыра ауызы арқылы оның ішіне еніп кеткен деп жорамалдап отырмыз.

Қоладан құйыл­ған осын­дай шырағданның күні бүгінге дейін Оты­рар­да жә­не Қа­зақстан аума­ғында бүтіндей, барлық элемент­терімен тұтас та­был­мағанын ескерсек, бұл керемет олжа. Үл­­кен құмыраның бірін­де түрлі сызбалар да байқалады. Бұл құмыралар киелі жерге жасалған сыйлықтар болуы да мүмкін. Өкінішке қа­рай, қазба барысында Сопы Данышпан тө­бешігіндегі қазба­ларымызды таяу­дағы каналдан асып екі мәрте су басуы зерттеуімізді ойда­ғыдай жүргізуге кері әсерін тигізді. Аз ғана уақытта жүргі­зілген зерттеуіміздің барысында өте қызықты археологиялық дүниелер берген Сопы Данышпан төбешігінің қазылмаған бө­лігінде қандай құнды жәдігерлер жатыр екен десеңізші?

Мұхтар ҚОЖА,

 Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Археология ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері