• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
19 Қараша, 2011

Азат ПЕРУАШЕВ: «Тәуелсіздік – біздің ең қасиетті, ең қымбат жеңісіміз»

565 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік – кез келген халықтың маң­дай­ына жазылмаған, тағдыр-талайына бұй­ыр­­маған ғажап сый. Адамзат тарихының өзі – тайпалардың, ұлттар мен ұлыстардың, ха­лық­тардың дербес мемлекет, еркін ел құру жолындағы жан алып, жан беріскен күрестер тарихы. Жылнамаға түскен соңғы екі мың жылдың ішінде осы азаттық күресінен үстем шыққандардан гөрі, жеңіліс тапқандар мың­дап саналады. Біздің маңдайымызға жазыл­ған, тағдыр-талайымызға бұйырған бағы­мыз­ға қарай үстем шыққан­дар­дың ұлы көшінде Қазақстан да бар. Біздің ұрпақ – бақытты ұрпақ. Себебі, біз дәл осын­дай, жауапты да жақ­сы­лыққа толы дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Жа­сы­­ра­ты­ны жоқ, кейде ұлт­тық кеудемсоқтыққа, әлеу­мет­тік тоғышарлыққа салы­нып Тәу­­елсіздікті «көктен түсті, жерден өнді» деп жата­тын­дар да бар. Әйтсе де, біз өткен шақтың сабақ­та­рын жадымыздан шығар­мауға тиі­с­піз. Ол шақтың шежіресі бізге ел болудың бейнеті мен қиындығын ғана жайып салмайды. Саяси көреген­дікті, барды баға­лауды, жоқты іздеуді үйре­те­ді. Ескі сүрлеудің мүм­кін­діктері мен жаңа көкжиек­тің кеңістігін ашып береді. Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасы тәуел­сіз­дігінің 15 жылдығына арналған салтанатты жиналыста: «Біз ешқашанда қол жетпейтін армандарға ұмтылған жоқпыз. Біз, бәлкім, кей тұстарда келіспесек те халықтың әл-ауқаты мен еліміздің өркендеуі жолындағы ұлы мақсатта біріге отырып, өз болашағымызды бірлесе жоспарлап, оны белсенді түрде құра алдық», деген еді. Елбасы бұл уақытты «ғасырға бергісіз он бес жыл» деп бағалаған. Тәуелсіздіктің жиырма жылдық тарихы оңай жазылған жоқ. Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы әлем үшін «Қазақстан» ұғымы Еуразияның меңіреу түкпіріндегі, артта қалған қоғам сипатында ғана болғаны ақиқат. Шығандағы еуропалық түгілі кешегі бауырлас республикалар өкілдерінің өзі бү­гінгі экономикасы қарышты дамыған, ор­нық­ты да мығым Қазақстанды тіпті қиялында елестете алмағаны анық. Елестеткісі де келмеген болар.  Олар түгілі Қазақстанның бола­шағына күдікпен, үреймен қарағандар біздің өз арамызда да аз болған жоқ. 1989 жылы КСРО-дағы экономикалық дағдарыс ресми түрде жария болғаны белгілі. 1989-1991 жылдардағы энергетика көздеріне деген бағаның тоқтаусыз төмендеуі, жосық­сыз тауар дефициті, сыртқы саясаттағы сол­қылдақтық, бүкіл елді жайлаған әлеуметтік апатия ақыры тәуелсіздік шеруіне ұласты. Кеңес Одағы тарағаннан кейін, оның орасан аумағында сансыз тұрақсыздық нүктелері пайда болады. Әлеуметтік, ұлтаралық шие­леністердің соңы алапат апаттарға соқты­рады. Оның бір ұшы Орталық Азияда, соның ішінде Қазақстанда жатыр. Сол уақыттағы гео­саяси болжам осындай еді. Шындығында, АҚШ-тың сыртқы саясаттағы беделді идеологтарының бірі, халықаралық саясаттың гуруы атанған Збигнев Казимеж Бжезинский өзінің «Ұлы шахмат тақтасы: Американың үстемдігі және оның геостратегиялық императивтері» кітабында Еуразияны, соның ішінде, Орталық Азияны ұлы мемлекеттер үшін «ең үлкен геосаяси сыйлық» деп атаған болатын. Өз тәуел­сіздіктерін ала салысымен, іле-шала Орталық Азиядағы жас мемлекеттер, әсіресе, Қазақ­стан Еуразиядағы осы бір үлкен ойынның шырмауына ілігіп үлгерген болатын. Іс жүзінде қоғамның үйреншікті форма­ция­дан мүлде бейтаныс формацияға шұғыл ауы­суы адамдардың ой-санасына да, дүниета­нымына да алапат әсерін тигізді. Бұрынғы коммунистік догмалардың орнын басқан азаматтық қоғамның парадигмаларын бойға сіңіру оңай болған жоқ. Онымен қоса, бұ­рынғы саяси жүйенің тұтастай күйреуі, плюрализм мен сөз бостандығы, көппартиялық қағидасы әу баста қарапайым адамдарды қойып, биліктің өзін әрі-сәрі күйге түсіргені айқын. Үшіншіден, жоспарлы экономикадан нарыққа өту, жеке меншік құқының енгізілуі әдеттегі шаруашылық басқару ісінің астын үстіне шығарған болатын. Сарапшылардың болжамы ақиқаттан алыс кеткен жоқ. Кеңестік кеңістіктегі ешбір мемлекет сол дүрбелең жылдардағы ұлтаралық шиеленіс пен азаматтық соғыстан, әлеуметтік қақтығыстардан тыс қалмады. Олардың кейбірі ыдырап тынса, енді бірі қанға бөкті. Өз­гесінің даму, өркендеу жолы ондаған жыл­дар­ға кейінге шегерілді. Сарапшылар Қазақ­станға келгенде ғана қателесті. Біз ғана мұ­ның бәрін тек газеттен оқып, теледидардан көрдік. 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Конс­титуциялық Заң қабылданды. 1992 жылғы 3 наурызда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйы­мының мүшелігіне өтті. Еркін елдің дербес өмірі осылай басталған еді. 1991-1993 жылдар Қазақстан үшін ең ауыр да күрделі кезең болғаны анық. Егемендігін жаңа алған, экономикасы мен өнеркәсібі басы бүтін орталыққа байлаулы қалған, әлемдік рынокқа шығар жолы тұйық, көп­ұлтты, көпдінді  мемлекеттің мұндай қы­сым­ға шыдас беруі де оңай шаруа емес еді. Және ол кезде мұндай шаруаны шешудің дайын рецепті де жоқ болатын. Саяси, экономикалық, әлеу­меттік транформация үнемі пышақтың жүзінде жүргізілді десе болады. Сол жыл­дардағы қиыншылықты бетперде етіп, жас мемлекеттің іргесін шайқалтқысы келгендер елдің ішінде де, сыртында да мол болғаны ақиқат. 90-жылдары тәуелсіздік алған өзге мемлекеттердегідей, Қазақстанда да мәдени, интеллектуал­дық ой мен ғұрып шын мә­нін­дегі тектоникалық өзге­рістерге ұшырады. Ғасыр­лар бойы жаншылған, тепкі көрген халықтың ұлттық санасы оянды. Отарлық езгіден шыққан қазақ халқы үшін осы тұста ұлттық-мәдени түлеу ауадай қажет болатын. Бұл, өз кезегінде, жаңа рухани құн­дылық­тарды қалыптастыру, жаңа сападағы білім жүйе­сін жасау, адам капиталын дамы­ту арқылы ғана іске асы­рылатын еді. Тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдары мемлекет осы рухани мұқ­таж­дық­тың өтелуіне көп күш пен қаржы жұмсады. Ұлты­мыз­дың жоғалуға ай­налған тілі мен діні, ділі қайта оралды. Сол бір аумалы-төкпелі кезеңде Қазақ­стан­дағы өзге ұлт өкілдерінің арасында да сақ­тық пен өз болашағына деген үрейдің бол­ғаны анық. Коммунистік мұрадан қалған ұлт сая­саты жаңа заман талаптарына мүлде ке­реғар еді. Бірақ біз осы жиырма жыл ішінде 140 ұлт пен 40-тан астам конфессияның өкіл­дерін мемлекет құру ісіне жұмылдырып, топтас­тыра алдық, толыққанды қазақстандық ұлтты қалыптастырдық. Әлемдік қоғамдастықтың, көрші ірі дер­жа­валардың Қазақстанға ерекше назар аударуы­ның тағы бір шетін себебі бар бо­латын. Кеңес Одағы тарағаннан кейін Қазақ­стан әлемдегі ядролық қаруға ие мемлекет­тердің төрттігіне еніп шыға келді. Бұл, әрине, әлемдегі жетекші мемлекеттерді алаңдатпай қойған жоқ. Осы тұста Қазақстан Президенті Н. Назарбаев адамзат тарихындағы ең ұлы гуманистік қадамдардың бірін жасады. 1991 жылғы 29 тамызда Президенттің арнайы Жарлығымен дүниедегі ең үлкен ядролық сынақ алаңы – Семей полигоны жабылды. Артынша, 1993 жылы Нұрсұлтан Назарбаев ядролық держа­валардың үкіметтеріне ядролық, химиялық, биологиялық сынақтарға мораторийді 2005 жылға дейін ұзарту туралы үндеу тастады. Осылайша жас, тәуелсіз мемлекет әлемдегі бейбітшілік пен ізгі ниеттің үлгісіне айналды. Алайда, өз дамуының жаңа белесіне көтеріл­­ген Қазақстан үшін жаңа саяси, заң­намалық, экономикалық алғышарттар қажет еді. Мемлекеттік шекараны бекітіп, егемен елдің қарулы күштерін жасақтау, ұлттық эко­номиканың іргетасын нықтап, ұлттық валю­таны енгізу, ұлттық бизнесті аяғынан тұрғызу бірінші кезектегі мемлекеттік шаруалар еді. 1993 жылғы 15 қарашада Тәуелсіз Қазақ­станның ұлттық валютасы айналымға енгізілді. Бұл, шын мәнінде, біздің мемлекеттің дербес ел ретіндегі зор жеңістерінің бірі еді. Дәл осы 1991-1993 жылдары Қазақстанда жүргізілген жекешелендіру кезінде алғашқы жекеменшік иелері пайда болды. Бұл өз кезегінде жеке шаруашылықпен, жеке іспен айна­лысқысы келетін мыңдаған азаматтары­мыз­дың қолын ұзартты. Жалпы, өткен ғасырдың соңғы он жылдығында Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамыту бағытында жасал­ған жеңілдіктер тәуелсіз елдің орта табының қалыптасуына өлшеусіз ықпал етті. Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанның нарық экономикасының негізін қалаушы, ұйытқысы деп атауға тиіспіз әрі ол  заңды да. 1993 жылы 28 қыркүйекте қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы туралы түрлі әңгіме айтылады. Тіпті, бұл Конституцияны эталонға балайтын кертартпа, сыңаржақ пікірлер де бар. Шындығында, 1993 жылы қабылданған Ата Заң өтпелі кезең­нің басты заңдық құжаты еді және ол өз миссиясын толықтай орындады да. Уақыт өте келе 1993 жылы қабылданған Конституциядағы олқылықтарды бітіспес қар­­сыластардың өзі мойындады. Қазіргі заман көкжиегінен қарасаңыз, аталған консти­ту­циялық құжатта көбіне социалистік қағи­далардың қамтылғаны көзге ұрады. На­рық­тық экономиканың өзегі саналатын жекеменшік пен жерге қатысты мәселелер мүлде қа­рас­тырылмаған. Биліктің үш тармағы ара­сындағы міндет бөлінісі айқындалмаған. Сот пен құқықтық органдардың өкілеттігі үстірт. Аталған заң шын мәнінде, жаңа заманның талаптарына жауап бере алмайтын еді. 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституция Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы жаңа белестерге жол ашты. Биылғы жылы біз Ата Заңымыздың 16 жылдығын жоғары дең­гей­де атап өттік. Өз дәуірінің талаптарына толық­қан­ды жауап беретін, Қазақстанның тұрақты, ор­нықты дамуына кең мүмкіндік ашқан 95-тің Конс­титуциясы әлі де өміршең екендігіне сөз жоқ. 1995-2000 жылдардағы саясаттағы, эконо­микадағы орасан өзгерістер қоғамдық ой мен адамдардың санасына да төңкеріс алып келді деуге әбден болады. Аз ғана уақыттың ішінде қоғамда жаңа өмір сүру стилі, жаңа құнды­лықтар мен игіліктер, жаңа мәдени-рухани сипат пайда болды. Халқының 99 пайызы сауатты, сауаттылық деңгейі жағынан әлем­дегі он мемлекеттің бел ортасында тұрған қазақстандықтар үшін жаңа заманға, жаңа қалыпқа бейімделу қиынға соқпағаны анық. Біз бұрынғыдай «Кремльдің ожауына», «ор­талықтың нұсқауына» алаңдамайтын бол­дық. Біз кешегі «кеңестік шинельден» шық­қан, қара­бай­ыр, жасық ұлттан аяғынан тік тұрған, саяси еркі мен таңдауы бар, болашағы жарқын мемлекеттің азаматтарына айналдық. Ал, Тәуелсіздіктің құр­дастары, жасы жиыр­маға толған ұрпақ бодандықтың не екенін білмей жетілді. Әлемдік қаржы ұйымдары тарапынан Қазақстанның экономикасы «нарықтық эко­но­мика» деп танылған соң, елдегі инвес­тициялық ахуал да мейлінше жақсарды. Шыны керек, Қазақстанның қазба байлы­ғының қаншалықты мол екенін Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана сезіндік. Мұнайдың нақ­тыланған қоры 35 млрд. тонна, газ қоры 3 трлн.-нан астам текше метрді құрайды. Жы­лына 90 млн. тоннадан астам көмір өнді­реміз. Уран қоры жөнінен әлемде үшінші орын­дамыз және т.т. Осының арқасында Қа­зақстан дүние жүзіндегі алып қаржы-өнді­рістік топтардың көзқұртына айналды. Бүгін­гі таңда Орталық Азия аймағына құйылған инвестицияның 80 пайызы біздің елдің үлесіне тиесілі. Әрине, жетістіктерге оңайшылықпен қол жеткізілмейді. Бір ғана мысал. Белгілі қоғам қайраткері, Қазақстанның бұрынғы Сыртқы істер министрі, Біріккен Ұлттар Ұйымы төр­аға­сының орынбасары Қасым-Жомарт То­қаев­тың «Отандық дипломатияның он бес жылы» мақаласында: «Президент Н.Назарбаев халық­ара­лық іскер орталарға Қазақ­станның мол мүмкіндіктерін түсіндіру ісіне батыл кірісті. Тіпті, бастапқы кезде шетелдерге сапарлары барысында Елбасы қолына таяқ алып, Қазақ­станның қай жерде тұрғанын картадан өзі көрсеткен кездері де жиі болатын» деп еске алады. Міне, бізге бүгінгі тоқшылық пен құт-береке осындай жанкештіліктің арқасында келгенін көпшілігіміз біле бермейміз. Біз Батыс пен Шығыстың бар жақсысын сүзгіден өткізе отырып, өзіндік жолды – қазақ­стандық жолды таңдадық және аз ғана жылдың ішінде осы жолда аяғымыздан нық тұрдық. Өткен жиырма жыл біздің таңдаудан қателес­пегенімізді дәлелдеп отыр. Әлем тарихында мұндай мемлекеттер ілуде біреу болса керек. Біреудің басқан ізін айна-қатесіз салу мүмкін емес. Үлкен саясатта, әсіресе, мемлекет құру ісінде мұндай клоншылдыққа үйір болу еш елді ұшпаққа шығармаған. Осыдан жиырма жыл бұрын мызғымастай көрінген қайсыбір заңдылықтар мен принциптер бү­гінгі таңда керексіз боп қалған жайы бар. Бүкіл әлем біздің қарсыластарымыз қайта­лау­дан жалықпайтын либералдық демократия­ның бүгінгі күні бар ауруға болмайтынын түсінді. Өз мемлекетінің құрылысын, құры­лы­мын, демократиялық қағидалар мен ережелерді жүз жылдап енгізген Батыстың өзінде қазір бұл жүйенің олқылықтары көп екені ашық айтыла бастады. Нұрсұлтан Назарбаевтың «алдымен – экономика, сосын – саясат» қағидасы Қазақ­станның жиырма жылдық дамуы мен өркен­деуінің нағыз кепіліне айналды. Қазақстан жайлы жазылған сансыз кітаптар мен зерттеу еңбектерде, сараптамаларда халықаралық, отандық мамандар тәуелсіз елдің даму тарихын үш кезеңге бөліп қарастырып жүр. Бірінші кезең – 1991-1995 жылдар. Жо­ғарыда айтқандай, бұл кезең Қазақстан үшін ең ауыр да күрделі кезең болды. Соған қара­май, біз барлық атрибуттары мен алғы-шарттары бар жаңа геосаяи жоба – жас мемлекеттің іргесін қаладық. Екінші кезеңге сарапшылар 1995-2000 жыл­дарды жатқызады. Бұл жылдары сая­саттағы, экономикадағы құрылымдық, заңна­ма­лық, өзгерістер  егемен мемлекеттің қалып­тасуы мен дамуына жаңа мүмкіндіктер жасап берді. Егер, 1991-1995 жылдар ел үшін күрделі ке­зең болса, 1995-2000 жылдарды мемлекет да­му­ын­дағы шешуші кезең деп атауымызға болады. 2000 жылдан бастап Қазақстанның жа­ңару, жаңғыру, дәуірлеу кезеңі басталды деп айтуға толық негіз бар. Саяси тұрақтылық, үдемелі экономикалық даму және қоғамдық келісім еліміздің өркендеу жолындағы үшта­ғаны болды. Бізді әлем таныды, біз әлемді таныдық. Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі, Орталық Азиядағы мойны озық мемлекетке айналды. Жаңа онжылдықтағы ең ауыр сын жаһандық қаржы дағдарысы болғаны белгілі. Бәрі де салыстырудан туады. Өткен ғасырдың 90-жылдарының аяғындағы қаржы дағдарысы «Азияның төрт жолбарысы» атанған Оңтүстік Корея, Сингапур, Гонконг, Тайвань елдерін есеңгіретіп кетсе, 2008 жылғы жаһандық дағ­дарыс бүкіл әлемді шарпыды. Бұл дағда­рыстан әлем елдері әлі есін жия алған жоқ. Тіпті, экономикалық кепілдемесі мығым саналған Еуроодақтың өзі қаржы күйзелісінен құтыла алмай отыр. Қаржы мамандары «PIGS» атандырған еуропалық төрт мемлекет – Португалия, Италия, Грекия мен Испания қазіргі кезде халықаралық қаржы ұйымдары­ның көмегіне ғана сүйеніп, үнемдеп өмір сүруге мәжбүр болып отыр. Ал, Шығыс Еуропа мемле­кеттерінің жағдайын сөз етпесе де болады. Қазақстан жаһандық қаржы дағдарысы­ның алдын алу шараларын сауатты да сәтті жүр­гізгенінің арқасында жоғарыда біз атаған мемлекеттерге, ТМД елдеріне қарағанда, бұл сыннан сүрінбей өтті деуімізге болады. Қа­зақ­станның қаржы дағдарысы кезіндегі іс-қимы­лын халықаралық сарапшылар да жо­ғары ба­ға­лап отыр. «Меніңше, Қазақстан Үкіметінің жа­һандық қаржы дағдарысын еңсеруге қатысты іс-қимылы нақты әрі тиімді болды. Төлем жүйесінің күйреуіне жол бермей, дағдарыстан зардап шеккен қаржы ұйымдарына мемлекеттік көмек беруі, ақша­лай-несиелік, фискалдық жеңілдіктер жасау арқылы экономиканы демеуі дағдарыстың салмағын жеңілдетті», дейді Еуропа Қайта құру және даму банкінің экс-президенті Жан Лемьер. Ең бастысы, Қазақстанда жаппай жұмыс орындарының қысқартылуына, жалақының кесілуіне, өндіріс орындарының жабылуына жол берілген жоқ. Біз жаһандық қаржы дағ­дарысынан өзімізге сабақ алып, ысылып, пісіп шықтық. Қайта сол кезеңде Қазақстан өзінің экономикалық әлеуетін арттыруға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды бағдарламалар қабылдады. «Қазақстан Рес­пуб­ликасының 2010-2014 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық даму бағдарла­масы», «2020 жылға арналған бизнестің жол картасы» бекітілді. Бәсекеге қабілетті 50 ел­дің қатарына кірудің саяси, экономикалық, әлеуметтік алғышарттары жасалды. Қазақстанда тәуелсіздік жылдары заңды айналымнан шығарып әкетілген капитал мен мүлікке екі мәрте амнистия жарияланғаны белгілі. Халықаралық тәжірибеде бар осы іс-шара бюджеттің қазынасын едәуір толтырды. Көлеңкелі экономикадағы салықтан жалтару, табысты жасырып қалу тәрізді қылмыстарды азайтып, олардың алдын алуға жол ашты. Сонымен қоса, бизнесті жойдасыз, жөнсіз тексеруді тыю мақсатында жарияланған мораторий де экономиканың үдемелі дамуына серпін берді. Күні кеше қылмыстық кодекске, басқа заңнамалық актілерге экономикалық қылмыстарға қатысты саясатты мейлінше ізгілендіруге бағытталған өзгерістер енгізілді. Мұндағы ең үлкен жеңілдіктер экономика саласына тікелей қатысты болды. Мемлекет тарапынан қабылданған бұл шешімдер елдегі экономиканың, бизнестің еркін дамуына алғышарт болып отыр. Әрине, мұның бәрі жеке мемлекеттің, би­лік­тің немесе жекелеген кәсіпорын, кәсіпкер­лердің қолынан келетін шаруа емес екені анық. Мұндай жетістікке біз мемлекеттің, билік пен бизнес өкілдерінің, қоғамның тізе қосып жұмыс істеуі арқасында қол жеткіздік. Осы ретте, уақытында өзім басқарған Қазақ­станның «Атамекен» Ұлттық экономикалық палатасының да осындай үлкенді-кішілі игі істерге бастамашы болғанын, Қазақстан эко­номикасының дамуына, шағын және орта биз­нестің өркендеуіне қарапайым үлес қос­қанын мақтанышпен айта аламын. Соңғы он жылдықтағы Қазақстанның эко­номикалық өсімі орта есеппен 9-10 пайызды көрсетіп келеді. 2011 жылғы қаңтар-шілде айларындағы көрсеткіш бойынша ішкі жалпы өнім көлемі 10 108,6 миллиард теңгені құ­ра­са, өнеркәсіптік өнім көлемі 8 943 миллиард теңге болды. 2011 жылғы маусым айындағы дерек бойынша еліміздегі орта есептік айлық жалақы 88 296 теңгеге жеткен. Жұмыс­сыздардың саны 5,3 пайызға дейін төмендеді. Соңғы жиырма жылдың ішінде Қазақ­станда жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі 700 доллардан 10 000 долларға жетті. Бұл көрсеткіш бойынша біз Орталық Азия мен ТМД-ны да, Шығыс Еуропа елдерін де басып оздық. 2000-2010 жылдар Қазақстанның сыртқы саясаттағы жұлдызды жылдары болды десек, артық айтпаймыз. Осы уақыт ішінде Қазақ­стан Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еура­зиялық экономикалық қоғамдастық, Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес құрудың бастамашысы болып қана қоймай, осы ұйымдарға басшылық етті. Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы еліміз тарихына алтын әріптермен жазылып қалды. Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекет­терінің басын қосқан Кеден одағы біз үшін мүмкіндіктердің көзін ашты. Біз аз ғана уақыттың ішінде Кеден одағының Қазақстан үшін қаншалықты пайдалы екенін сезініп үлгердік. Қазақстан Кеден одағы арқылы көр­шілес мемлекеттерге ғана жол салып қойған жоқ, Еуропадағы, Азиядағы орасан зор ры­нокқа есік ашты. Кеден одағы елдері ара­сындағы алыс-беріс, тауар айналымы бір жылдың ішінде-ақ еселеп өсті. Қазірдің өзінде, 1000-нан астам Ресей компаниялары өз істерін Қазақстанға көшіріп отыр. Осының өзі Қазақстандағы бизнес-климаттың қанша­лықты жайлы да тартымды екенін көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіз Қазақ­стан­ның жиырма жылдағы бар жетістігі – біздің жарқын болашағымыздың темірқазығы. Қазақ халқы бақуатты да бақытты өмір сүруге, қуануға, армандауға болатын елде тұруға қақылы әрі лайықты. Бұл үшін біздің туған елімізде барлық жағдай жасалған. Қарны тоқ, көйлегі көк адам өз төңірегіндегі өзгерістерді, жақсылықтарды байқай бермеуі мүмкін. Жасыратын несі бар, кейде осы мінезді біз өзіміздің бойымыздан да көріп қаламыз. Сондықтан, жоғарыда айтқандай, Тәуелсіздікті «көктен түсті, жерден өнді» деп желпінетін ағайынға да түсіністікпен қарауға тура келеді. Мұның бәрі де біздің туған Отанымыздағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың, береке мен бірліктің арқасы. Әйтсе де, Тәуелсіздікті мәңгілікке берілген сыйға балап, арқаны кеңге салу да өсер елдің әдеті болмаса керек. Өткен шақтың сабақтарын жадымыздан шығармау керек дегенде айтпағымыз осы еді.