• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
22 Қараша, 2011

Чемпион басқарма бастығының меншігі ме?

446 рет
көрсетілді

Ертегідегі Толағайдың тірі бейнесі Илья Ильин өзін-өзі дә­лелдеді. Жаһанда әзірге өзіне тең келер спортшы жоғына жұрт­тың көзін жеткізді. Әлем біріншілігін ұтып, биік сатыға көте­рі­ліп, Әнұран ойнағанда батыр жігіт неге жылады? Әркім әр саққа жүгіртеді. Біз былай ойлаймыз. Бейжің Олимпиадасынан кейін чемпионның біршама бо­саң­сығаны анық. Еркелік те бол­ған шығар. Қазақтың мара­па­ты мен қошеметінің өзі адам өлтірерліктей екені тағы бар. Осы тұста Ильин шетқақпай көр­ді. Мәселесі жоғары орын­дар­да қаралып, ұлттық құрама­ның сапынан шығарып тастау қаупі де болды. Кеше ғана құ­шағына қысып, арқасынан қа­ғып, бар жақсы сөзін арнап жүр­гендер бір күнде жонын тос­ты. Оны айтасыз, қаскөйлер пы­шақтап та кетті. Ильяның спорттық өміріне нүкте қой­ған­дар да көп болды. Сол кезде көк жәшіктен батыр баланың сөзін естігенбіз. – Мен енді не істейін? Елден кетейін бе? Бірақ мен туған жерімді тастап кете алмаймын ғой. Мен өз елімнің патриоты емеспін бе? Қалай кетем? Жас жігіттің жанайқайы еді бұл. Осылай деп ышқынған жігіт бапкерін ауыстырып, жаттығуға тыңғылықты кірісті. Нәтижесі бел­гілі. Үш дүркін әлем чем­пио­ны атанды. Сол кезде осыған дейін көкіректе шемен болып қат­қан шер көзден ыстық жас боп ағылды. Енді бір кездері арқасын берген пенделер бүгінде чемпион­ның айналасына қайта жинала бастады. Жолатпайды. Жекеменшігі сияқты тап бір. Иеленіп ал­ған. Мәселенің мән-жайын анық­тап айтайық. Бүгінде чемпион туған жері Қызылордада тұрмайды. Париждегі жеңісінен кейін Ильин елге келді. Қарапайым қарашаның ба­тыр балаға деген құрметі алабөтен. Төбелеріне көтеріп жатыр. Әкімдік тарапынан сый-сияпат та жасалды. Күнде қолға түспейтін жеңімпазбен сұхбаттасып қалуды әрбір журналист өзіне міндет санаса керек. Біз де сөйттік. Нартай Бекежанов атындағы театрда әң­гімеге тартудың реті келмеді. Сонан соң бапкерімен келісіп, әкім­дікте сөйлесетін болып шештік. Әкімдіктен шаруаларын бітірген чемпионды сұхбатқа шақырғалы тұрғанда Садық Мұстафаев киліге кетті. Садық Мұстафаев – об­лыс­тық спорт және туризм бас­қар­масының бастығы. «Сұхбат алмайсың», дейді өктем үн­мен. «Не үшін?» дейміз біз. «Ме­нен неге рұқсат сұра­май­сыңдар? Мен осы жерде қой бағып жүр­мін бе, не?» Бас­қар­ма бастығының жауабы осы бол­ды. Одан арғы әңгімеге ба­ла­ғат сөздер ара­ласып кетті. Сонан соң Илья­ның бапкерінен уәдесін сұра­ған­быз. Ол: «Біз үшін жаза­сың ба?» деп қарап тұр. Әсілі, бас­қарма бас­тығынан аса алмаса керек. Сонымен сұхбат болмады. Ал енді дейміз ғой, кеше Ильин теперіш көріп жатқанда осы Мұстафаев қайда еді? Неге қазіргідей жанынан шыр айналып шықпай, қорғаштап жүрмеді? Бүгін келіп иелік ететіндей ол кім? Журналистің жолына бөгет болатын құқық­ты оған кім берді? Осындай сұрақтар сананы шимайлайды. Жауабын өзіңіз де біліп отырған шығарсыз. «Чемпион мемлекеттің қа­рауында болуы керек», деген қағиданы ұстанатындардың қа­та­рынанбыз. Ел намысын әлемдік деңгейде қорғап жүр­ген жігіттерге ерекше қамқор­лық керек-ақ. Бірақ журналистпен жолықтырмау деген не сұмдық? Азғантай билікке малданғандардың ісі шығар. Дегенмен, «көп асқанға бір тосқанның» болатынын да естен шығармау керек. Ержан БАЙТІЛЕС. Қызылорда.