• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
22 Қараша, 2011

Ирина КИМ: «Қазақ тілі арқылы алаш жұртының жүрегіндегі алтын қақпаның кілтін таптым»

389 рет
көрсетілді

Ирина Кимнің Жамбыл облыстық теледидарынан қазақ тілінде хабар жүргізе бастағанына біраз жылдың жүзі болды. Көрермендер бұған шын көңілімен қуанып, «әне, көрдіңдер ме, корейдің қаршадай қызы қазақ тілінде сайрап тұр!» деп мәз болса, енді біреулер оны қазақтың қараторы қызы екен деп қалады. Иә, Иринаның әкесі де, анасы да корей ұлтының өкілдері. Бұл туралы Иринаның өзі «қоспасы жоқ» деп қалжыңдап қояды. Біз жақында  Ирина қарындасымызбен жүзбе-жүз отырып, кеңінен сұхбаттасып қайтқан едік. – Ирина, алдымен өзің туралы, ата-анаң жайлы айтып берсең? – Мен Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының Бұқарбай батыр ауылында 1987 жылы дүниеге келдім. Әкем де, анам да қазақ тілін біледі. Ес білгелі қазақ балаларымен бірге ойнап өстім. – Корейлердің Қызылорда облы­сына қоныстану тарихы туралы көп адамдар біле бермейді, сол жағын да қысқаша айта кетсең. – 1937 жылы корейлерді Қиыр Шы­ғыстан Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекс­тан сияқты тағы басқа одақтас елдерге күштеп қоныстандырыпты. Сол кезде атам мен апам 9 жастағы бала екен. Корейлердің  негізгі азығы – күріш екені белгілі. Ал Қызылорда облысының көп­теген аудан­дары күріш егуге қолайлы. Сон­дықтан болар, оларды әйтеуір бір жерге орналастыру керек болғанда осы жағы да ескерілген болуы керек. Атақты күріш өсіруші Ыбырай Жақаев атамыз сияқты корейден шыққан Ким Ман Сан деген күріш өсірудің рекордшысы да болған. Атам Дух Ван мен апам Цой Ча Ок екеуі Бұқарбай батыр ауылында (ол кезде Калинин деп аталған екен) үйленіп, отау құрады. Олардан Людмила, Светлана және Владимир атты 2 қыз бен 1 ұл дүниеге келеді.  Үшеуі де орыс мектебінде оқиды. Кейін осы білім ұясына қазақтар да бала­ларын оқуға бере бастапты. – Өзің қай жылы мектепке бардың? – 1994 жылы бардым және жақсы оқыдым. Біздің Қызылорда облысында тұ­ратын өзге ұлт өкілдерінің бәрі де қазақша таза сөйлейді. Бұл табиғи нәрсе сияқты қалыптасып кеткен. Ал мен Тараз қаласына келіп, осындағы мемлекеттік педагоги­калық институтқа оқуға түстім. Қазақша сөйлеп жүргенімді көрген студенттер мен оқытушыларым қатты таң­ғалды. Ал біздің жақта өзге ұлт өкілде­рінің қазақ тілінде сөйлескенін қалыпты жағдай деп біледі. Міне, осыдан-ақ қазақ тілі жағдайының, оған деген көзқарас деңгейінің қай өңірде қандай екенін біле беруге болады. – Демек, Тараз қаласындағы қазақ тілінің қолданылу аясы мен даму дең­гейі Қызылорда облысына қара­ғанда әлі де төмендеу демексің ғой? – Бұл өңірге келгелі бері менің бай­қағаным, мұнда тұратын өзге ұлт өкіл­дерінің барлығы да қазақша түсінеді немесе аздап біледі. Сәл күш салса қазақ тілінде таза сөйлеп кетуге де мүмкін­діктері бар. Бірақ, өкінішке қарай, өйт­пей­ді. Неге? Себебі, қажеттілік жоқ екенін біледі. Мысалы, мен Қазақстанда тұрып жатқан­нан кейін қазақ тілінде сөйлеуім керек екенін түсінемін. Бұл анадан шыр етіп дүниеге келген сәбидің іңгәсіндей табиғи, үйреншікті нәрсеге айналуы керек. – Мысалы... – Мысалы, сонау 1937 жылы менің атам мен апам қазақтардың ортасына бір ауыз қазақша, бір ауыз орысша тіл білмесе де көшіп келіп, қоныстануға мәжбүр болған тарихи кезеңді алайық. Бұл басқа ұлт өкілдеріне де қатысты мәселе болды. Міне, солардың ешқайсысын қазақ хал­қы кеудесінен кері итерген жоқ. «Қор­жын тамының» бір бөл­месін соларға босатып беріп, бір үзім наны болса, оны да бөлісіп жеді. Бұл тарихи шындық. Біз осы тарихи шындықты Қазақ­стандағы өзге ұлт өкіл­деріне аз насихат­таймыз. Қазаққа, оның тіліне, салт-дәстүріне деген құрмет, міне, осыдан бастау алуы керек. Әйтпесе, өзге ұлт өкілдерінің жетпісінші, сексенінші, тоқсаныншы жылдары туған ұр­пақтары өздерінің «аспаннан түспе­генін» біліп, ата-бабалары қазақ­тар­дың арқа­сында зор­лық-зомбылық пен аштықтан аман қал­ғанын жан-жүрегімен сезінсе, мемлекеттік тілде сөйлеу мәсе­лесіне түсіністікпен қараған болар еді. Сондық­тан заман ағы­мы­мен, тағдыр жа­з­мы­шымен Қазақ­станға қоныс аударған басқа ұлт өкілдерінің ұрпақтары қа­зақ тілінде сөйлемеуі немесе қазақ ұлтының мәдениетін, салт-дәстүрін білуге құштар­лық танытпауы ұят деп ойлаймын. – Өзің жағрафия маманы екенсің, қалай тілші болып жүрсің? – Тілші болуымды қазақ тілін жақсы білетінімнің ықпалы деп түсінемін. Себебі, теледидарға қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілі керек болып, мені жұмысқа шақырды. Бұл ұсыныс өзіме де қатты ұнады. Ә дегенде «Рауан» деп аталатын таңертеңгілік ақпараттық-сазды бағдар­ла­маны жүргіздім. Бірақ бір жарым са­ғат­тық тікелей эфирге шығу ал­ғаш­қыда өте қиын болды. Тікелей хабар болған соң әртүрлі адамдар телефон шалады. Оларға табан астында сауатты, мәде­ниетті, дәл және ұтқыр жауап беруің керек. Осыған орай есімде қалған бір қызық оқиғаны айтып берсем деймін. Бірде көрермен­дердің біреуі телефон шалып, «Қазақтың қыздары құрып қалды ма, неге корейдің қызын жүргізуші ғып алдыңдар. «Қыз сыны» байқауынан жүл­де алған қаншама қазақтың сұлу қыз­дары жұмыссыз жүр» депті. Депті дейтінім, тікелей эфирде екі жүргізуші алма-кезек сөйлеп тұрамыз, сондай қарбалас сәтте мен өзіме қарата айтылған әлгіндей ауыр сөзді естімей қалыппын да: «Рахмет, хабарласқаны­ңызға» деп жіберіппін. Ал көрермен сауалына ыңғайсызданып қал­ған қасым­дағы жүргі­зуші қазақ жігіті Руслан есесін жібермей: «Өзге ұлт өкіл­дерінің қазақша сөйлеп жат­қанына қуан­байсыз ба қайта» деді. Мен болсам әріптесім неге бұлай айтты деп ойланып тұрмын. Бағдарлама аяқталған соң ол: «Ирина, сенің эфирге шыққаныңды жақ­тырмаған көрерменге «рахмет, хабарлас­қаныңызға» деп тұрға­ның қалай» деп күлді. Мәселенің не жайында екенін сонда ғана барып түсіндім. Бірақ теле­ар­наның сол кездегі басшысы Қалыбек Атжан  жиналыста: «Рахмет, Ирина, өзіңді өзің ұстай білдің, эмоцияңды сездірген жоқ­сың» деп риза болды. Қайдан білсін, көрерменнің сөзін естімей қалға­нымды, әйтпесе мен де бір қа­зақтай жауабын беретін едім. Қалжың ғой... – Бұл бағдарламаның мақсаты не еді? – Ақпараттық-сазды бағдарлама ғой. Таң рауандап ата бастаған мезгілде жүр­гізілетін болған соң «Рауан» деп аталады. Осы бір жарым сағаттық таңғы бағдар­лама мен үшін үлкен мектеп болды. Сөйлеу мәдениетін үйрендім. Сөз байлы­ғым да молая түсті. Осы тәжірибем әсер етті ме, кейін «Тіл-дария» хабарын жүр­гізуді тап­сырды. Оның мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге атсалы­сып, кейбір өзекті мәселелерді қозғап, талқылау, тіл саясатын кеңінен насихаттау. Оған өзім сияқты қазақ тілінде сөй­лейтін өзге ұлт өкілдерін көбірек шақы­руға тырыстым. Мысалы, қаладағы қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдері сау­сақпен санарлықтай. Оларды шақыра-ша­қыра өзіміз де, кө­рермендер де мезі болғанын жасыр­ма­уымыз керек. Сон­дықтан аудандардағы өзге ұлт өкілдерін іздей бастадым. – Қызылорда облысынан қазақша оқып, қазақша сөйлеп келдің. Енді орысша сөйлейтін қазақтар мен түрлі ұлт өкілдері шоғырланған Тараз қаласына келіп, тіліңді «бұзып» алған жоқсың ба? – Жо-о-оқ. – Мұны сұрап отырған себебім, ор­та­ға қарап адам да өзгереді ғой дегенім ғой... – Орысшатыс ортаға түстім екен деп қазақ тілін ұмыта алмаймын. Өйткені, мен үш тілді: корей, қазақ және орыс тілдерін жетік мең­гергенмін. Ортама қарап соларға қажетті тілде сөйлей алатын мәдениетке де жеттім. – Қазақ тіліне байланысты сөздік қорың байи түсті ме, әлде бір орында тұрып қалды ма? – Әрине, байи түсті деп ойлаймын. Институтта төрт жыл қазақша оқыдым. Адам өзінің тіл байлығын үнемі жетілдіріп отыруы керек. Бұл тұрғыда өзге ұлт өкілдері ғана емес, қазақтардың өздері де тіл байлықтарын күнделікті оқу, жазу, тыңдау, іздену арқылы байытып отырғаны абзал. Кемеңгер Мұхтар Әуезовтің өзі: «Менің білгенім бір тоғыз, білмегенім мың тоғыз» деген екен. Тілдік қорым­ның баюы­на қазақ тілінде жүргізетін бағдарла­малардың да әсері көп болды. Оның үстіне қазақша оқып, қазақша ізденіп, қазақша сөйлеу өз алдына, көрермендер сауалына шешендікпен нақты жауап беру қажет. Дегенмен, Қызылорда мен Жамбыл облыс­тарын салыстырып қарасам, Қызыл­орда облы­сында тек қана қазақтар тұрған­дық­тан ба, ол жақтағы қазақ тілінің қаймағы бұзыл­маған сияқты көрінеді. Салыстырып айтсам, мысалы, Оңтүстік Қазақстан облы­сындағы қазақтардың тілінде – өзбек, ал Жамбыл облысы қазақтарының тіліне – қырғыз ағайындардың әсері  барын, яки тілдері араласып кеткенін байқадым. – Қандай кітаптарды оқисың? – Қазір «Абай жолын» оқып жатыр­мын. Жартысына келдім. Абайдың өлең­дерін, қара сөздерін оқыдым. – Үйіңде жеке кітапханаң бар ма? Мұхтар Әуезовтен басқа қандай қазақ ақын-жазушыларын оқыдың? – Ахмет Байтұрсынов, Сәбит Мұ­қанов, Бейімбет Майлин... – Өңкей бұрынғы өткен жазу­шы­лардың кітаптарын атадың. Бұл осы­лардың аты-жөндерін айтсам, білімді көрінемін деген ойдан туған «қулық» емес пе? – Жоқ, бұрынғы авторлардың кітап­тарын оқитын себебім, олардың шығар­маларында қазақтың көнерген сөздері көп. Менікі сол сөздердің мағынасын білсем дегендік. Әйтпесе, Әбдіжәміл атаның «Қан мен тері», Мұқағали Мақатаевтың өлеңдер жинағы да бар кітапханамда. – Қазақ тілін білу, үйрену үшін ең бірінші адамға не керек? Жұрт отба­сы­нан, балабақшадан бастау керек деседі. – Балабақшадан, отбасынан бастау керек деген сөз құлаққа қонады. Менің ең алғашқы үйренген қазақша сөздерім «нан», «қант», «су», «ойнайық» және «кет­ші әрі»... (күлді) болды. Айтпақшы, жақында мен бір отбасына бардым, құрбым тұрмыс құратын болып, күйеу жігіттің үйіне ертіп барды. Мысалы, сол үйдің ұл-қыздары ата-анасын қазақ тілінде «әке» және «ана» деп атайды екен. Әдетте, қазақ та, корей де «папа» мен «мамаға» құлағымыз үйреніп кеткен ғой. Бірақ маған әлгі үйдің ұл-қыздарының «әке», «ана» дегендері қатты ұнады. – Қазақстан халқы Ассамблея­сы­ның Жамбыл облысы филиалы ая­сында ат­қа­рылып жатқан мәдени, рухани іс-шара­ларға атсалысып тұратын шығарсың? – Әрине, біздің елде, мысалы, өзге ұлт өкілдері өте көп тұрады. Сондықтан Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясының құры­луын өте құптарлық іс деп білемін. Өзіңіз ойлаңызшы, 130-дан астам ұлт өкілдеріне мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саяса­тында атқарылып жатқан қыруар игілікті істерді түсіндіріп, ортақ үйіміздегі тату­лықты, экономикалық табыстарды сана­сына жеткізетін осы ұйым емес пе?! Мысалы, мен Ассамблеяның облыстық филиалымен студент кезімнен бастап жұ­мыс істеп келемін. «Дөңгелек үстел­дері­не» қатыстым, концерттеріне бардым. Содан байқағаным, біздің облыста, әсіре­се дүң­ген, ұйғыр, орыс ұлттық мәдени орта­лықтары белсенді жұмыс істейді. Менің ойымша, осы және басқа да ұлттық мәдени орталықтардың басшылары мен мүшелері қазақ тіліне қатысты мәселені шешіп, талқылауға келгенде тыс қалмай, бір атаның баласындай бірігуі қажет деп білемін. Өйткені, мемлекеттік тілге қа­тыс­ты мәселені неге қазақтар ғана талқылауы керек? Басқалар неге өбекте­мейді? Содан кейін айтайын дегенім, бүгінде қазақ тілін дамытуға байланысты түрлі форумдар, фестивальдар өткізіліп тұрады. Бұл өте құптарлық іс-шара. Бірақ осы іс-шара­ларды жүзеге асырғанда жасанды­лыққа ұрынбау керек деп ойлаймын. Өйткені, сол іс-шаралардың кейбіреулері жоғары жаққа «өтті» деген ақпарат беру үшін ғана өткізілетін сияқты көрінеді. Қазақ тілін білетін, бірақ сол білгенін насихаттамайтын, ары қарай дамытпай­тын замандастарым да бар­шылық. Олар сахна төрінде ғана қазақ тілінде сөйле­генімен, былай шыға бере, яғни қоғам­дық орындарда орыс тілінде сөйлей бастайды. Елбасының өзі: «Қазақ тілі Қазақстан халқын біріктіретін фактор», деген жоқ па! Әңгімелескен Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.