• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Білім 07 Ақпан, 2018

Ашық сабақ: Критерийлі бағалау білім сапасын арттырады

4863 рет
көрсетілді

Бүгінгі білім беруде оқу­шыны білімділік, іскер­лік, шығармашылық әдістерге бау­лудың жолдарын іздестіре оты­рып, мұғалім-шәкірт бір­лестігін ай­қындауға жет­кі­­зетін жаңа пе­дагогикалық тех­­­­­нологиялардың бі­рі – кри­терийлі бағалау.

Бұл оқу дәлел­дері жоспарлы және жү­йелі жинақталатын және оқу сапасы туралы қорытынды қа­былдау үшін қолданылатын кез кел­ген қызметті сипаттайды. Аталған ұғым екі аспектіні, оқу­ды бағалау және оқу үшін баға­лауды көздейді. Бағалаудың түр­лі нысандары оқуды жақсарту әлеу­­е­ті тұрғысынан сипатталып, ба­ғытталады. Оқушылар ара­сында түсіністік және ұжым­дық қарым-қатынас орнатып, сенімсіздікті жойып, мүм­кін­діктерін арттыруға жол ашады.­

Критерийлер оқытудың мін­деттерін жүзеге асыратын өл­шем­дер, атап айтқанда, оқу­шы­лар жұмыс барысында орындайтын іс-әрекеттер тізбесі. Жаңа жүйенің негізгі мақсаты – білім сапасын арттыру. Қазіргі заманғы білім сапасы білім алушының келешектегі түрлі мәселесін шешуге қажетті құзыреттіліктерін қалыптастыратын білім беру нәтижесіне байланысты. Бұл білімнің мақсаты мен мазмұнына сәйкес келетін, оқушылардың оқу-танымдық біліктілігін қа­лыптастыруға себепші болатын, анықталған, білім процесінің барлық қатысушыларына алдын ала белгілі критерийлер­мен оқушылардың оқу жетіс­тіктерін салыстыруға негізделген үдеріс. Бағалау кезінде оқушы үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты жиын­тығымен өлшенеді.

Оқушылардың пән бойын­ша үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы және жиынтық бағалау. Аталған жүйе Филиппин, Сингапур, Жапония, Франция, Финляндия сынды дамыған елдерде пайдаланылады. Мұны енгізудегі мақсат – оқыту сапа­сын жоғарылату, мектеп бі­тірушілер білімін халықаралық стан­дартқа сәйкестендіру. Кри­терийлі бағалау міндеттері оқу­шылардың сабақтың әр бөлігінде дайындық деңгейін анықтауға, бағдарламаға сәйкес оқу мақ­саттарын орындау қабілеті мен даму жетістігін бақылауға, білім алу барысындағы қате­ліктері мен олқылықтарын айқын­дауға, түрлі жұмыс барысында алған бағасының әділ­дігіне көз жет­кізуге, оқу­ бағдарламасының тиім­­­ділі­гін саралауға, сабақ үде­рісі мен білімнің меңгерілуі тура­лы оқушы мен мұғалім және ата-ана арасындағы кері байланысты қамтамасыз етуге негізделген. Бағалаудың бас­ты қызметі ынталандыруға, бел­сенділікке, түзетуге, дамыт­у­­ға құрылса, ұстанымдары нақ­тылық, әділдік, жүйелікті көз­дейді. Қалыптастырушы және жиынтық бағалау барлық пәндер бойынша қолданылады.

Тілдесу арқылы қарым-қатынас жасау дағдыларына жататын оқы­лым, жазылым, айтылым және тыңдалым бастауыш сыныптардағы барлық пәндер үшін маңызды. Сондықтан оқушыларға осы 4 дағдыны барынша жетілдіруге мүмкіндік берудің маңызы зор. Тәжірибелік маңызына тоқталсақ, тек оқу­шы жұмысы бағаланады, орын­­далған жұмыс алдын ала бел­гілі үлгімен салыстыры­лады, оқушы өз жұмысын баға­лау­ға мүмкіндік беретін нақты ба­ғалау алгоритмін біледі және ата-анасына ақпарат бере алады.

Критерийлі бағалаудың мұ­ғалімдер үшін маңызы сапалы нәтижеге әкелетін іс-әрекетін саралап және болашаққа жоспарлай алатын мәліметтер алуға, сабақ беру сапасын арттыруға, оқушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оқытудың әр тұл­ғаға арналған ауқымын жос­парлауға, бағалаудың әртүрлі әдістерін пайдалануға, оқу бағ­дарламасын қолжетімді ету үшін ұсыныстар енгізуге байланыс­ты өрбиді. Ал оқушылар үшін танымдық қабілеті мен ойлау деңгейін арттыратын оқытудың әртүрлі әдістерін пайдалануға, табысқа жетелейтін бағалау кри­терийлерін түсінуге, өзін және өзгелерді бағалау арқылы кері байланысқа түсуге, сыни ойлауы­на, еркін ой айтуына, өзінің бі­лімін көрсетуге септеседі. Ата-ана­лар үшін баласының білім сапасының дәлелдемелерімен танысуға, оқуындағы табысты бақылауға және оқуына қолдау көрсету үшін бағыт алуына мүм­кіндік береді.

Критерийлі бағалау жүйесін қол­дану арқылы біз оқушының тұл­ғалық бағытын белсенді позицияға бағыттауға, тұлғаны өзіндік жауапкершілікке, тұ­ғырлы нәтижеге жеткізуге, бі­лім алушылардың дайындық дең­гейі мен өсу динамикасын кез келген кезеңде анықтауға, әр­түрлі жұмыстардан алған ба­ғаларды дифференциалдауға қол жеткіземіз. Сонымен бірге құ­рылымдық бағалау мен нақ­тылы бағалаулар арқылы оқу­шының еңбегін анықтауды, оқушының бағалау жүйесіне толық қанағаттануын қалаймыз. Мұның барлығы мектепте оқы­ту сапасын жоғарылатуда, мектеп бітірушілердің білімін халықаралық стандартқа сәй­кестендіруде тиімді.

Оқушылардың оқу жетіс­тіктерін бағалауда бірқатар дағдылар қолданылады. Атап айтқанда, білу, түсіну, қол­дану, сын тұрғысынан ойлау, талдау, синтез, бағалау, зерт­теу дағдылары, рефлексия, ком­муникативті, тілдік, же­ке жұ­мыс және топта жұмыс іс­теу, мәліметті іздеу дағдылары, тәжі­рибелік, шығармашылық дағ­ды­лары.

Дескриптор аталатын жетіс­тік деңгейінің сипаттамасына келсек, бұл білу мен түсінуден, қолданудан, сыни ойлау мен зерттеуден және коммуникация мен рефлексиядан тұрады. Білу мен түсіну – жекелеген сыныптар мен пәндер көлемінде оқу бағдарламасының мақсатына сәйкес келетін ақпараттар және сипаттамаларды білу және жаң­ғырту, алынған ақпаратты талдау, қайта жаңғырту, болжау жасау арқылы түсінгендігін көрсете білу. Қолдану – бұрын алған ақпараттар мен білімдерін жаңа немесе таныс емес жағдайларда және контекстерде пайдалану.

Яғни оны практикалық, диаграммалық жұмыстарда, кескін картамен жұмыс істеуде, есеп шығаруда, жобаларда, мәселені шешуде және жаңа нәтижелер ойлап табуда қолдану керек. Сыни ойлау және зерттеу – ақпараттарды талдау, синтездеу, бағалау арқылы пікір қалыптастыру, болжамдарды дұрыс ақпараттар жинақтау және деректерді пайдалану арқылы зерттеп, өз бетімен қо­рытынды жасауды білдіреді. Ком­муникация және рефлексия дегеніміз – субъектінің өзіне және өзінің санасына назар аударуды білдіреді. Пьер Тейяр де Шарденнің айтуынша, рефлексия адамдарды хайуандардан айыратын нәрсе, соның арқасында адам белгісіз бір нәрсені біліп қоймай, сонымен қатар сол «білімін білуді» түсіндіреді. Жалпы, критерийлі баға­лау технологиясы оқушы бо­йын­дағы үрейленуді басады және мұғалімді «төрешілік» қыз­метінен босатып, оқушының өзін өзі бағалау, өз іс-әрекетіне баға беру, жауапкершілік қа­білетінің дамуына ықпал ете­ді.

Критерийлі бағалау жүйе­сі бұрынғы бағалауға қа­раған­да, қалыптастырушы және жиын­тық бағалауымен ерекше­ле­неді. Бүгінгі заман талабы жан-­жақты дамыған, өзін­дік «ме­ні» қалыптасқан тұл­ға тәр­бие­­леу екені белгілі. Оқу­шы тұл­ға болып қалыптасуы үшін оның бойында түрлі проб­леманы анық­тауға, өзіндік тұ­жырым жасай білуге, өзіндік бағалауға, сыни ақпараттарды өз бетімен та­буға, талдауға, ло­гикалық опе­­рацияларды қол­дана отырып дәлелдеуге, жалпы алғанда, жеке адамның құзы­реттіліктері қалыптасуы қажет. Мұғалім мек­тептегі сабақтар топ­тамасын жос­парлауда бағ­дарламаның жеті модулін са­баққа ықпалдастыруды назарға алу керек. Сонымен бірге әдіс-тәсілдерді тиімді пайдаланарда оқушылардың жас ерек­шелігін міндетті түрде ескеру қа­жет. Оқушылардың сабаққа қы­зығушылығын арттыруы мен өсуіне үлес қосатын сергіту сәт­терін де пайдалану ойластырылады. Сол себепті критерийлі ба­ғалау технологиясы оқушы мүм­кіндігін арттыруға жол ашады.

Ақзира СӘРСЕКЕНОВА, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің аға оқытушысы

ШЫМКЕНТ